Лексикадан өткенді қайталау

55

Сабақтың  тақырыбы:  Лексикадан өткенді қайталау

Сабақтың мақсаты:

а) Білімділік: Бұрынғы өткен сабақтан алған мәліметтерді тереңдету, ойда  қалғандарды нақтылау, меңгерген білімдерді ұмытып қалуға жол бермеу, білімді жетілдірудегі негізгі заңдылықтарды есте берік қалдыру, білімдегі олқылықтарды жою.

ә) Дамытушылық: Сөз байлығын дамыту, сөздік қорын байыту, күрделендіру, ойлау қабілеттерін дамыту.

б) Тәрбиелік: Білімге құштарлыққа тәрбиелеу, тіл құдіретін сезіне білуге, сөз мағынасын келістіре отырып құбылтып, оларды мейлінше дұрыс қолданып, дәл түсінуге тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, қайталау, тіл дамыту.

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

Сабақтың типі: Білімді қорыту және жүйелеу.

Сабақтың көрнекілігі: плакат, кеспе қағаздар, перфокарта.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі:

а) Оқушылардың түгендеу

ә) Оқу құралдарын тексеру

б)  Сабақ жабдықтарын орналастыру

  • Оқушылар, біз бүгін сабағымызда лексика тарауын қайталай отырып, тіл ұстарту жұмысымен айналысамыз.

Бүгінгі сабағымыз сайыс түрінде өтеді. Сынып оқушыларын екі топқа бөлеміз.

Бірінші “Мирас” тобы, ал екінші “Мұрагер” тобы отырады.

Сабақ “Аптаның жеті күні” деген атпен сайыс түрінде өтеді

І. Дүйсенбі күні: ”Бастапқы сөз”

Біздің бастапқы сөзіміз лексика тарауын қайталап, пысықтауға арналмақ.

  1. Лексика ғылымы нені зерттейді?
  2. Омоним дегеніміз не?
  3. Синоним дегеніміз не?
  4. Антоним дегеніміз не?
  5. Мақал-мәтел дегеніміз не?
  6. Табу дегеніміз не?
  7. Эвфемизм, дисфемизм нендей сөздер?
  8. Тұрақты тіркес туралы не білесің?
  9. Кірме сөздерге қандай сөздер жатады?
  10. Термин дегеніміз не?
  11. Көнерген сөздерге қандай сөздер жатады?
  12. Сөздік қор дегеніміз не?

ІІ. Сейсенбі күні: “Жұлдызды сәт”

1-жұлдыз: Айтулы ерлер бар екен,

Жүйріктері баптаулы.

Найзалары саптаулы,

Дұшпанға атар жебесі.

Қорамсақпен қаптаулы.

Мына үзіндіден көнерген сөзді тауып, көнерген сөздің қай түріне жататынын айт.

  2- жұлдыз:  Төмендегі тұрақты сөздер тіркесінің мағыналарын анықтап көр:

Тамырына балта шабу, төбе шашы тік тұру, қой аузынан шөп алмас

3- жұлдыз:    Көл дария, көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Диханшылық көп болса,

Қатерсіз-дағы ел болып. Үзіндіден антоним сөздерді тап.

4- жұлдыз:    Дастархан  жайып құрметтеп,

Төкті түрлі жемісті

Жез самаурын қайнаулы,

Союға бағлан байлаулы.

Үзіндіден кірме сөзді тап.

ІІІ. Сәрсенбі күні: “Кім жылдам?”

  • Қазір сендердің алдарыңа бірнеше тапсырма беріледі. Қай топ бірінші болып қол көтерсе сол топ жауап береді.
  1.  Барын жоқ деп құрынған,

Жұлдызды жатқа санасақ,

Қисап етіп қарасақ.

“Мың асқанға бір тосқан”

Бар емес пе еді бұрыннан. Үзіндіден мәтелді тап.

  1. Қазақ тіліне енген төмендегі сөздердің орыс тіліндегі баламасын ата.

Самаурын, жәшік, кәрзеңке, кереует, бәтеңке, сөмке, тәрелке, стақан, шәйнек.

  1. Жарлыны көрсе мысқылдап,

Кекесін сөзбен ысқылап.

«Аузы қисық болса да,

Бай баласы сөйлесін!»-  Үзіндіден мақалды тап.

  1. Менің ағам аңға шыққан кезінде ұлымаға жолығыпты. Айнұрды жеңешесі «Еркем» дейді екен, неге өз атымен атамайды екен деп ойландым. Сөйлемдерден табу сөзді тап.
  2. IV. Бейсенбі күні: “Өзіндік жұмыс”

Сонымен, балалар, мен “Мұрагер” тобына: «Мақал‐мәтел» атты тақырып беремін, ал,  “Мирас” тобына: “Тұрақты тіркес” атты тақырыпты беремін. Егерде сіздер мақал‐мәтелдерді немесе тұрақты тіркестердің барлық қасиетін айтып, мысалдар келтірсеңіз жемімпаз атанасыздар.

  1. V. Жұма күні: “Топ басшылар сайысы”

Бұл сайыс барысында топ басшылары шығармашылықпен айналысады. “Мұрагер” тобының топ басшысына: «Досы көпті жау алмайды…»,  “Мирас” тобының топ басшысына: “Білімдіге дүние жарық” деген мақалдар беріліп, осы бойынша тіл дамыту жұмысы жүргізіледі. Жұмыстың негізгі мақсаты осы берілген мақал‐мәтелдер бойынша ой толғау жазу. Оның ішінде табу, эвфемизм, десфемизм, антоним, синоним, омоним болуы керек.

  1. VI. Сенбі күні: “Қонақ кәде”

Қазақта қонақ кәде деген жоралғы бар. Онда келген қонаққа сый ретінде  ауылдың алты ауызы айтылып, келген қонақтар тарапынан қонақ кәде жасалады.

Естеріңде болса, мен өткен сабақтарда ішінде термин, диалект, кәсіби сөздер кездесетін жұмбақтар жазып алып келуді тапсырғанмын. Екі топ бір-біріне қонаққа барып, сол бойынша дайындаған 5 жұмбақтарыңызды жасырып, қонақ кәде жасайсыздар.

VII. Қорытынды. Жексенбі күні: “Демалу”

Балалар, біз бүгінгі сабағымызда жалпы лексика тарауы бойынша өткен материалды меңгердік деп есептеймін. Лексика-сөз байлығын зерттейтін ғылым. Тіліміз сөзге неғұрлым бай болса, соғұрлым жатық та әдемі сөйлей аламыз. Ол үшін көркем шығармаларды көп оқып, мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін, синонимдерді орынды жерде пайдалана білуіміз керек. Енді сабағымызды қорыта келе, екі топтың ұпай сандарын есептеп, жеңіске жеткен топты анықтаймыз. Оқушыларды бағалаймын.

VII. Үйге тапсырма: Қайталау. Лексика тарауы бойынша он тест құрап келу.

  1. Бағалау. Сабаққа белсенді қатысқан оқушылардың білімін бағалау.