АНА ТІЛІМ: Бала тәрбиесіндегі орны

АНА ТІЛІМ: Бала тәрбиесіндегі орны

Ана тілің алпыс тілмен тең.

Мақал

Халқымыз өз тілін ана тілім дейді. Яғни, ананың ақ сүті мен әнтек әлдиінен дарыған рухани болмыс. Баланы тәрбиелеуде, оған рухани қуат беруде ананың орны ардақты да аяулы ғой. Тек ана мен әже ғана балаға бесік жырын тербетіп, ақ әлдиін, жұмсақ сөзін арнайды. Әйел адам күніне 20 000 сөз сөйлейді деп жатамыз. Алайда бұл құбылыстың шынайы қызметі қайда жатқанын білеміз бе? Өйткені бұл – ананың балдырған сәбимен сөйлесуге арналған сөздік қоры. Баламен көп сөйлескенде, оған жанында жүріп көп сөз айтқанда ғана баланың тілі ерте шығады, тез жетіледі. Өмірде де аңғарған боларсыз, сәбиінің тілі кейін кешігіп шыққан жанұяда әйел адамның сөзге тым шорқақ не көп сөйлемейтін жан екенін байқайсыз.

Балаға көп ақпарат беру керек, сондықтан туғанынан бастап баламен жиі тіл қатысып, сыр бөлісіп тұрған жөн. Бесік жырын көп айтып, мәнерлі өлең айтыңыз, ертегі оқыңыз. Тіліміздің асыл маржанын теріп беріңіз. «Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле» деген нақылдың түп тереңі де, айтар ойы да осы.

«Қазақтың қасиеті сөзінде» дейді атам қазақ. Тілінің хас табиғатына тұщынып, қас қаймағын қанып сімірген баланың қуаты өзгеше, дарыны кемелденген келеді. Ұлттық үлгі-өнеге мен халықтық тілім-ілімді ішіп өскен бала талантты, дарынды болады. Ұлттық психология, ұлттық педагогикамен тәрбиеленген баланың ғана барлық рухани арналары ашылмақ. Мұны ғылым да дәлелдеп берген. Сондықтан жапондар мен қытайлар 10 жасына дейін өзге тілде мүлдем оқытпайды.

«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» дейді дана халқымыз. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер» дейді, яғни сұлтандай сыйла, еркелет, бес жасына дейін барлық нәрмен сусындат, ұлттық құндылығыңды сіңір дейді. Сондықтан, аналар, өз балаңызды өз ана тілінде баулиық, түйсігін тербетейік.

Халық көкірегіндегі күмбірлеген кемел тіл көл-көсір өнер болып өрілген: қара өлең болып есілген, шешен болып ширыққан, жырау болып күңіренген, жыр болып толғанған, ән болып төгілген… Қазақ өнерінің бастауы – тіл, қызыл тіл. Қазақ өнерінің алды да, бастауы да – тілі. Тіл – ұлттық ғана емес, бүкіл әлемнің ең биік құндылығы.

Сан ғасырлық сүрлеу тарихы мен сындарлы жолы бар туған тіліміз бүгінгі заманның үлкен жемісі, өткеннен өзеуреп жеткен өкіл қазынамыз. Бұл – ұлы Абай мен мәрт Мұқтардың, бағлан Абылай мен батыр Қабанбайдың, ақиық Мұқағали мен бард Бұқардың тілі. Түптеп келгенде, бұл тіл – әл-Фараби мен Асанның Қайғының тілі. Ұлы тұлғасы бар тіл де ұлы болмақ. Ұлы халқы, текті ұлты бар тіл қашан да ұлы. Себебі тек тіні бар ұлт қашан да болмысы болып табылатын құндылықтарын қызғыштай қорғайды. Құндақтап құндылығын келешекке табыстайды. Бұл «мәңгілік» деген ұлы дала заңдарының бірі.

Слямбеков Қымбат