Қайырымдылық

Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде бір хан болыпты.  Есімі Нарын  екен. Бірақ халық оның сараңдығына қарап есімін Сараң деп атап кеткен екен. Халқы аштықтан қырылып, ішерге тамақ, киерге киім таппапты. Әбден ыза болған халық бір түнде ұрланып, айшылық алыс жерге көшіп кетіпті. Хан сарайында уәзірлерінен басқа ешкім қалмапты.

Ертесіне мұны көрген уәзірлерінің бірі ханға жүгіріп келіп, ауылда ешкімнің қалмағандығын жеткізіпті. Мұны естіп жынданған хан,  уәзірлерін жинап алып, ауылдың барлық адамын тауып әкеліп бір -бірлеп басын алатынын айтыпты. Уәзірлері тау, тасты кезіп, өзен,көлді тексеріп, жер жүзін шарлап кетіпті. Уәзірлерінің ішінде Тарғын деген қайырымды жігіт болыпты. Жолдан арып-ашып, тозып жүдеп келе жатқандарға қамқор болыпты, ауырғандарын тау, тастағы емдік шөптермен емдепті. Бір күні уәзірлердің ішіндегі бір зұлым, әрқашан да елге жамандық ойлап жүретін бір жігіт ауырып қалыпты. Ішкені ішіне жұқпай, жегені желім, ішкені ірің болыпты. Мұны көрген Тарғын дереу емдей бастапты. Аурудан азап шеккен әлгі жігіт  күннен күнге жақсарып жазыла бастапты. Әбден жазылғаннан соң, Тарғынға риза болып, «бір тілегіңді айт» депті. Тарғын «ханның жарлығын орындамай, кері қайтайық, халықты босатайық, өз күндерін өздері көрсін» деген тілек айтады. Әбден залымдық жасап үйреніп қалған жігіт бұл тілекті қабыл алмайды. Амал жоқ, Тарғын халыққа әйтеуір бір пайдам тиер деген үмітпен, арттарынан ере береді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Халық жоқ. Енді не істейміз кері қайтатын жол жоқ деп уәзірлер іздеп келе жатады. Бір күні көптен іздеген ауыл халқын да табады. Қару жарақ асынған уәзірлер халықты тайлы, тұяғына дейін қалдырмай алдына салып айдап әкете жөнеледі.

Шұбырған халық, жылаған бала, аяқтарын әзер алып жүрген кәрі-құртаң кемпір, шал. Уәзірлердің алдына салып айдап келе жатқан халық емес, бір отар қой сияқты. Шаршап – шалдығып бір бұлақ басына тоқтап, аяқ суытады. Уәзірлер өздерімен бірге әкеле жатқан ат арбадағы су-суандарын ішіп отырады. Қара халықтың ішетін тағамы жоқ, бұлақ басындағы суды іше бастайды. Бұлақ басында тал өсіп тұрды. Сол талдың жанына халық келе бастағанда талдан айран сияқты бір ақ қоймалжың аға бастайды. Халық тойынып, бір жасап қалады. Бір қызығы Тарғыннан басқа уәзірлер тақаса, жаңағы талдан аққан ақ қоймалжың айран кілт тоқтайды. Бұған ашуланған жаңағы жендет уәзір талды шауып тастаңдар деп бұйырады. Шауып тастауға балтаны алып сермей бергенде балта ұшып келіп, зәлім уәзірдің көзіне келіп сарт ете қалады. Уәзірдің екі көзі көрмей қалады.Көзссіз қалған уәзір бажылдап,  жанындағы уәзірлерге  айғайлай бастайды.

Әбден ызасы өткен уәзірлер тыңдасын ба оны, сақ –сақ күліп, айналып кетеді. Алыстан мұны бақылап тұрған Тарғын көзі көрмей қалған уәзірді талдың жанына апарып, астындағы құнарлы топырағынан алады да, уәзірдің көзіне жағады. Уәзірдің көзі біртіндеп аздап көре бастайды. Тарғын уәзірге айтады «сіз талға еңкейіп, талдан кешірім сұраңыз, сонда көзіңіз ашылады, көреді» дейді. Уәзір айтқанын орындап, талдан кешірім сұрайды. Уәзірдің көзі толық ашылып жақсы көре бастайды. Таң қалған уәзір Тарғынның тағы бір қайырымдылығын, адамгершілігін көріп, тағы да тілегіңді айт дейді. Тарғын алдында айтқанын қайталап, халықты еркіне жіберуін сұрайды. Бұл жолы Тарғынның тілегі қабыл болып, халық құлдықтан босайды. Қуаныштарында шек жоқ, жүре алмай жүргендер жүгіріп, бала-шаға мәз,мейрам болып жосыла жөнеледі. Сый қылсаң сыпыра қыл, дегендей Тарғын уәзірден өтініп, жүре алмайтындарды кері қарай арбамен апарып тастауын сұрайды. Уәзір рұқсат беріп, Тарғынның жанына бірнеше уәзірді қосып жібереді. Тарғын қайтадан бұлақ басына келсе, уәзір жанындағыларға бұлақ басын жинатып, судың арнасын дұрыстап қойыпты. Енді хан алдында жауап беру керек. Ханға келіп жаңағы оқиғаны айтып берсе, хан сол бұлақты көргісі келіп, тез жеткізуін бұйырады. Бәрі бұлақ басына келсе бұрынғы бұрынғы ма, құстар ән салып, талдың бұтағы жайылып, көздің жауын алатын сан алуан гүлдерге толып кетіпті. Бұған таң тамаша болған хан Тарғынды шақырып алып, талдың қасына жақындауын өтінеді. Тал иіліп сәлем бергендей, Тарғынға ақ сүтін береді. Хан жақындап еді, жиырылып алады. Сонда хан ойланады «еее бұның сыры адамның көңілінде екен ғой, жақсылық, қайырымдылық ойлаған адамға бұл тал иіліп сүтін береді екен, ал мен болсам, халықты бездіріп, аш қалдырдым, енді мен де бұдан бұлай ой, пікірімді өзгертейін, халыққа жақсылық, қайырымдылық жасайын» деп бұрынғы алдына салып айдап жүрген қара халықты тойындырып, әрқайсысының алдына мал салып беріпті, үй салып беріпті.

Тарғын болса, үйлі-баранды,  хан оны бас уәзір етіп сайлаған. Бұлақ басындағы тал мәуелі бәйтерек болып, алма, алмұрт өседі. Жан  -жағындағы талдарда самсап әртүрлі жемістерге толып иіліп тұр. Халық содан бері Тарғынды құтқарушы, қайырымды жан деп танып, қасына пана іздеп көрші хандықтан да ағылып адамдар келіп жатады. Хан сарайы гүлденіп, бұрынғы кішкентай ғана ауыл бұл күнде әсем шаһарға айналған. Қайырымдылықтың арқасында қаншама халық өз бағын тапты. Жүйелі сөз иесін табар дегендей, жақсылық, қайырымдылық әрбір адам бойынан табылса, нұр үстіне нұр. Міне менің де ертегім осымен тәмәм.

загрузка...
Loading...