Берекелі отбасы

Пән мұғаламі: Оразалы Ақмарал Әсенқызы

Бейнеу гимназиясының І санатты бастауыш сынып мұғалімі

Тәрбие сағатының тақырыбы: Берекелі отбасы

Тәрбие сағатының мақсаты: ата- ана мен бала арасындағы ізгі қарым – қатынастың орнауына ықпал ету. Отбасы құндылықтарын сақтауға үйрету. Ата – ана мен бала арасындағы сенімді сыйластықты, бір- біріне деген сезімді нығайту, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата- ана тәрбиесі, өнегесі және баланың бас ұстазы ата – ана екенін түсіндіру.

Тәрбие сағаттың көрнекілігі: нақыл сөздер, шарлар, слайдтар.

Әдісі: пікірлесу, сұрақ-жауап, тренингтер, ситуациялық сұрақтар.

Түрі: сайыс.

Барысы:

  • Құрметті ата- аналар, ұстаздар! 3 «А» сыныбының өткізгелі отырған «Берекелі отбасы» атты ашық тәрбие сағатына қош келіпсіздер! Қазақ қоғамында отбасы – өмірдің тұтқасы, оттың маңайына жан балқытар жылуы. Қазақтың ошағы дөңгелек үйдің ішінде болады да, бүкіл жайдарлық жағылған отқа үйіріледі. Отбасының амандығы, ошақтағы оттың маздап тұруы – үмітінің өшпес алауы. Үй ішінің қызықққа, қуанышқа толы болуы да соған байланысты.Оттың басы, ошақтың қасы- ырыстың ұйытқысы. Сондықтан қазақ отының басын тіршілігінің тұтқасы санап аялайды. Қазіргі қоғамда ата – ана баласынан не күтеді? Ата – ананың бақыты неде? Баласы ата – анасын қалай бақытты етпек?

Міне, осы тұрғыда сөз қозғалатын «Берекелі отбасы» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер! Сайысқа қатысуға келген отбасыларымен таныстырайын.

1-отбасы: Халықбергеновтар отбасы

2-отбасы: Асановтар отбасы

3-отбасы: Төлеубаевтар отбасы

Сайысымызды бастамас бұрын әділ-қазылар мүшелерімен таныстырып өтейін.

  1. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары- Марал Кітабайқызы
  2. Ғылыми әдіскер – Камила Мұхаммединқызы
  3. Бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі – Сара Бақтыбайқызы.

Сайыс мынадай бөлімдерден тұрады:

  1. Отбасын таныстыру
  2. Ситуациялық сұрақтар
  3. Ситуациялық жағдаяттар «Қонақ күту әдебі»
  4. Маржан сөздер сайысы (бала тәрбиесі туралы мақал-мәтел, нақыл сөздер айту)
  5. «Кім зерек?»
  6. Отбасы дәстүрі

7«Сегіз қырлы, бір сырлы » (Өз өнерлерін көрсету)

Сайыкерлеріміз дайын болғанша балалар, мына сұрақтарға жауап берейікші.

  • Отбасы деген сөзді қалай түсінесің?
  • Отбасына кімдер жатады?

 

1-бөлім. Таныстыру. Отбасы мүшелері өздерін таныстырады.

Балалар өз отбасы туралы әңгімелейді.

  • Сенің отбасың қандай?
  • Сенің отбасыңда неше адам бар? Олар кімдер?
  • Отбасыңда сені қалай еркелетіп айтады?
  • Сен отбасыңдағы адамдарды қалай атайсың?

 

2-бөлім. Ситуациялық сұрақтар.

  1. Бала тәрбиесіне қатысты қазаққа тән қандай қасиеттерді дұрыс деп санайсыз?
  2. Бала үшін ата – ананың қайсысының беделі күшті деп ұғасыз?
  3. Бала тәрбиесі үшін отбасы жауапкершілігі басым ба, әлде мектептің жуапкершілігі басым ба?
  4. Баланы еркін тәрбиелеген дұрыс па, әлде қатаң тәрбиелеген дұрыс па?
  • «Кім епті?» ойынын ойнап аздап сергіп алайық. Әкесі қызының шашын жинап, ал ұлының галстугін тағып беру керек.

Балалардың шығармашылығына назар аударайық.

  • Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі –бала. Баланың жан-жақты тәрбиелі болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол.
  • Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек.
  • «Отан отбасынан басталады» дейді қазақ халқымыз. Елдің, ұлттың, жалпы адамзаттың болашағы, даму деңгейі осы отбасынан басталады.

 

3-бөлім. Ситуациялық жағдаяттар. Қонақ күту әдебін көрсетеді.

1-жағдаятқа ену.

  1. Нағашыларына қонаққа келеді.
  2. Құдалар қонаққа келеді.
  3. Құрдастары қонаққа келеді.

2-жағдаятқа ену.

Ортаға оқушыларды шақырамыз. Оқушылар ата- аналарына барып өздерінің басынан өткен жағдайларын баяндап айтады.

1-оқушы: — Анашым, мен бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы, үйге берілген тапсырманы орындамап едім, апай сұраса, «ауырып жатыр» деп айта салыңызшы.

2-оқушы: — Анашым, мен бүгін емтиханнан «2» алдым.

3-оқушы: — Әке, мен бүгін мектепте жарысқа қатысып, мақтау қағазын алдым.

Ата – аналар осы жағдайларды сол сәтте қалай қабылдайтындықтарын(қуаныштарын, реніштерін нақыл сөздерді қолданып ) көрсетеді.

 

Бейнетаспадан отбасы туралы «Әке мен бала» көрінісін тамашалау. Балалардың ойын тыңдау.

  • Егер балам қатыгез, қайырымсыз, өзімшіл болып өспесін десеңіз, бала тәрбиесінде мына қателіктерге жол бермеңіз. Слайд.

1-қателік: «Егер сен мен қалағандай болмасаң, мен сені жақсы көрмеймін»

2-қателік: «Не істесең оны істе, маған бәрібір»

3-қателік: Аса қаталдық. «Мен не айтсам соны орындауың керек, өйткені мен үйдің басшымын»

4-қателік: Балаларды тым еркелету

5-қателік: «Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ»

6-қателік: Балаңызды тым көп ақшамен қамтамасыз ету.

7-қателік: Баланың ісіне көңіл-күйіңізге қарап баға беру, яғни көңіл-күйіңіз нашар болса, оның қуанышына ортақтаспау, әңгімесіне құлақ аспау.

-Міне, құрметті ата – аналар, бала тәрбиесінде осы қателіктергежол бермесеңіз ғана, балаңыздың саналы азамат болып өсіп, сізді бақытқа кенелтері сөзсіз.

 

4-бөлім. Маржан сөздер сайысы. (Бала тәрбиесі туралы мақал-мәтел, нақыл сөздер айту)

  • Өз балаларымызды қаншалықты білетіндігімізді байқау үшін сайысымыздың «Кім зерек?» бөліміне көшелік. Ата-аналар дөңгелене тұрады. Мұғалім сұрақ қойып допты береді. Ата- ана жылдам жауап беріп, келесі ата-анаға береді.
  1. Балаңыздың туған күні қашан?
  2. Балаңыздың парталас көршісі кім?
  3. Балаңыз бірінші сыныпқа қашан барды?
  4. Балаңыздың сүйікті асы не?
  5. Балаңыздың аяқ киім өлшемі қандай?
  6. Балаңыз сізді ренжіикенде ең алдымен аузыңызға қандай сөз түседі?

 

Бейнетаспадан «Отбасы құндылығы» көрінісін тамашалау.

  • Балалар, қазір ойын ойнайық. Ойынның аты «Кім жылдам?» деп аталады. Ойынның шарты: берілген сұраққа тез жауап беру.
  1. Отбасының әдет – ғұрпы туралы түсініктеме беру
  2. Отбасының бүкіл міндеті кімдерге негізделген?
  3. «Үлкенге көмек» дегенді қалай түсінесің?
  4. Конституцияда отбасына қамқорлық туралы не айтылған?
  5. Отбасының ұйтқысы кім?

-Өте жақсы. Ал, енді 6-бөлімге кезек келді. Отбасы дәстүрі. Әр отбасы өз жанұясындағы дәстүрін баяндайды.

Слайд. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.

-Кішкентайынан көп жапа шеккен бала өскенде кінәмшіл болады.

— Кішкентайынан мазаққа ілінген бал өскенде ұялшақ болады.

Кішкентайынан қатыгездікті көр көрген бала өскенде дау-дамайдың ортасында жүреді.

 

7-бөлім. «Сегіз қырлы, бір сырлы» бөлімі. Өз өнерлерін көрсету.

Отбасы туралы қызықты оқиғалардан көрініс қою.

Бейнетаспадан «Сіз білесіз бе?» отбасы туралы қызықты деректер көрсету.

Қипақтайды қит етсе анаң, әкең,

Қайтсем ғана осыны адам етем,

Басқалардың осындайбалалары,

Тап осындай жаңғалақ шала ма екен.

Ойым емес, оллаһи, біздікінің….

Енжарлығы елде жоқ алабөтен

Туа салып тұлпардың жалын тартқан.

Қырғиларға қызығып қарап өтем.

 

Қорытынды.

  • Ата – ана мен баланың арасындағы қарым – қатынас қандай болу керек?
  • Баланың отбасындағы міндеттері қандай болу керек?
  • Отбасы дегеніміз өте жақын адамдар. Отбасында бәрі бір – бірін жақсы көреді және қамқор болады.

Ата – ананы тыңдайық,

Айтқанынан шықпайық.

Ал, достарды қолдайық,

Қиын шақта қорғайық.

Отбасымыз аман, деніміз сау болсын!

 

Ата – аналарға арналған тапсырма Сөйлемді аяқтау.

  1. Егер баланы үнемі сынап отырса… (оқуға құлқы болмайды).
  2. Балаға үнемі күлсе….(бұйығы болып өседі).
  3. Баланы қолдап отырса……(өз қадірі үшін оқиды).
  4. Бала кекшілдікте өссе…(ол қатыгез болып өседі).
  5. Бала төзімділікте өссе……(адал болып өседі).

Бейнекөрініс «Бала тәрбиесі»

  • Құрметті ата- аналар, балалар!
  • Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,

Өнерімен қуантады түбінде.

Бала нені білсе жастан, ұядан-

Өл – өлгенше соны таныр қиядан.

Өнер – білім берем десең басынан,

Бер оқуға балаларды жасынан.

Ата – анадан өсіп ұрпақ тараған

Жақсы – жаман болса бала солардан,- деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, ата – ананың бақыты баланың дұрыс адам болып өсуіне байланысты. Ал балалардың өздеріңізге бақыт сыйлайтын тұлға болып қалыптасуы ата – аналар , сіздерге байланысты. Әрбір отбасына күннің шуағындай шаттық, жылылығындай мейірімділік, қуаныш, береке, бақыт тілей отырып, келесі орындалатын би сіздерге арналады. Би «Бала тілегі»

 

Сабағымызды қорытындылай келе қай топ көп ұпай жинағанын білу үшін сөз кезегін қазылар алқасына береміз. Қатысушыларды марапаттау. Назарларыңызға рахмет!