Ойынның жеке тұлғаның қалыптасуындағы орны

Еліміз егеменді ел болғалы бері келелі де ауқымды өзгерістер жүруде. Саяси, экономикалық, қаржылық т.б салалардағы секілді білім беру саласы да мұндай өзгерістердан тыс қалған жоқ. Себебі, мемлекетті нығайту, көркейту үшін өмірге жаңаша көзқарастағы, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Сондықтан қандай халықтың даму стратегиясын алып қараса,онда өскелең жас ұрпақты елін сүйетін отаншыл, саналы, тәрбиелі етіп шығару – оның басты бағдарларының бірі. Қазіргі жас  — ертеңгі халық тағдырын шешетін азамат. Осыдан білім беру мекемелерінің алдындағы күрделі міндет тұр. Ол – оқушыны саналы ойлайтын, ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп щығару.

Негізі бастауыш сыныпта қаланатын білімнің сапасы білік пен іскерлік дағдыларының деңгейі оқушының бағаға емес, білімге қызығушылығына, оны игеруге, білімнің қажеттілігін түсінуіне байланысты болмақ. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісіне жаңашылдықпен қарап, заман талабына сай төл технологияларды нәтижелі пайдалана білсек, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына қол жеткіземіз.

Бала оқуды тілден бастайды. «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ»-деп елбасы айтқандай сан ғасырлық тарихы бар туған тіліміздің қыр-сырын үйретуді бастауыш сыныптан бастаған жөн. Адам өз ойын тіл арқылы жеткізеді. Тіл маңызы мемлекетімізде де ерекше көңіл аударылып, бүгінгі күнніің өзекті мәселесі болып тұр. Тіл ана сүтімен бала бойына дариды. Ал оны дамыту, жетілдіру мектеп еншісінде. Баланың тілі қалыптаспай ойын айта алмайды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіннің тілін, ойын дамытуда өз сабақтарымда түрлі ойындар пайдаланамын. Ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады. Ойын – адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Қазақ халқының ұлы ақыны А.Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» -деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. «Балалықтың қанына – ойын азық»-деп халық бекер айтпаған. Ойын ата-бабаларымыздың заманынан бері мазмұн жағынан толысып, дамып, дәстүрлі жалғасып, үнемі жетіліп келеді. Сондықтан белгілі бір ережені меңгертетін жаттығулар орындағанда баланы ойландыратын түрлі ойын түрлерін пайдаланамын. Пайдаланылған ойындар баланың ойлау қабілетін дамытып, дұрыс байланыстыра сөйлей білуге және білім алуға деген құмарлығын арттыратындай болғанындығын негізге аламын. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға сөзжұмбақ, ребус, ұйқасын тап, дидактикалық ойындар, қазақтың ұлттық ойындары, рөлдік ойындар, анаграмма ойындарының әсері мол. Мысалы, «Ұйқасын тап» ойынында балалардың білсем деген ынтасы артып, қызығып, белсенділігі танылады.

Бата алмас түлкі

Үсті тікен ………(кірпі)

Тұмсығымен шымшып

Құрт тереді……(шымшық)

Өзінше ноян

Қорқақ кім?(қоян)

Сабақта қазақтың ұлттық ойындарында пайдаланамын. «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды табуға арналған ойын. Ойынға барлық сынып толық қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына ақсүйек тығылып жатады. Кім дұрыс шығарса, ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. Бұл ойында оқушының құлшынысы байқалады.

Қазіргі білім саласының алдына қойылған талаптар – оқушыларға білімді тереңдетіп беру. Мұны кейінгі жылдары шыққан оқулықтардан да көруімізге болады. Мұндай жағдайда оқытушының алдында үлкен мәселе: оқушыны қалай шаршатпай, енжарлыққа салдырмай терең білім беруге болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда оқыту үрдісінде ойын әдісін  қолдану – бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы.

Ребустар шешудің баланың ой ұшқырлығын дамытуға әсері мол. 2013 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан қазақ тілі оқулығында ребустар шешуге үлкен көңіл бөлініп, әр тақырыпқа ребустар берілген. Ребустар шешу арқылы оқушының ойы, сөдік қоры толысып, шағын әңгімелер құрастыруға дағдыланады.

Баланы тез ойлануға, тапқырлыққа жетелейтін жұмбақтарды әр сабақ сайын жүйелі пайдаланамын. Сабақта жұмбақты балаларға жатқа айтқызу олардың тілін жаттықтырады. Ал жұмбақ баланы шапшаң ойлай білуге, шапшаң сөйлеуге үйретеді.

Оқу еңбегінің қаруы – ой. Баланың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаев былай деген: «Ойлау – жанның өте бір қиын терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан мұғалім баланың ойлауын сақтықпен басқыштап іс істеуі керек.»

Бала ойын жетілдіру жолдары:

  1. Баланың жанында ашық суреттер көп болуы керек. Адам суреттер бойынша ойлайды.
  2. Бала заттарды, көріністерді топ-топқа бөлуі керек. Мысалы, дыбыстарды, әріптерді, өсімдіктерді, жануарларды топқа бөлу.
  3. Бала көріністердің, олардың араларындағы байламды қайсысы қайсысына себеп екенін біліп үйренуі керек.

Сабақтарымда қолданылатын ойын түрлерін өткізуде осыны негізге аламын. Ойын барысында оқушылардың танымдық қажеттіліктерін арттыруды алдыма мақсат етіп қоямын.

Қорыта келгенде, ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы, тәрбиелеудегі басты құрал. Ойын жеке тұлғаны жан-жақты дамуына, қиындықты жеңуге, төзімді болуға  баулиды.

Ойынның жеке тұлғаның қалыптасуындағы орны төмендегідей болады.

 

 

Және шығармашылықпен жұмыс істеу оңайға соғады. Баланың пәнге деген қызығушылығы артады. Білім оқушы санасында көзбен көрген ойындар арқылы дәлелденіп, дағды арқылы қалыптасады. Ойын – бала ынтасын арттыруға әсері мол бола бермек.