Жүгірудің пайдасы

Жүгірудің пайдасы

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп дана халқымыз тектен-текке айтпаған. Адам – өз өмірінің суретшісі, денсаулығының сақшысы. Кейде жалқаулығымыздың кесірінен денсаулығымызға немқұрайлы қарап, соңынан бармақ тістеп өкініп жататыныз бар. Денсаулық – теңдесіз байлық. Оны ешқандай дүниемен алмастыруға болмайды. Сондықтан денсаулығымызды күту – біздің ең бірінші міндетіміз. Спортпен айналысып, шынығатын болсақ, денсаулығымызға келтірер пайдамыз еселене түспек.

Жүгіру – денсаулық үшін аса пайдалы спорт түрі. Ол ерекше шығынды қажет етпейді, десе де денсаулығымызды нығайтуға зор септігін тигізеді. Олай болса, жүгірудің пайдасына тоқталып өтейік:

  1. Жүгіру барысында буындардың барлығы қозғалысқа түсіп, шынығады. Демек, жүгіру – сау буындардың кепілі.

2. Жүгіру кезінде адам ағзасы тазарады. Термен бірге барлық зиянды заттар сыртқа шығады.

3. Жүгіру жүрек қан тамырлар жүйесіне өте пайдалы. Қан айналымы жақсарады. Бұл кезде ағза оттегімен қамтамасыз етіледі.

4. Жүгіру иммундық жүйе мен орталық жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді.

5. Жүгіру депрессиямен күресуге көмектеседі. Жүгіруден кейін, кейде жүгіру барысында ағзада бақыт гармоны бөлінеді. Жүгіру стресстен арылтады. Құстардың құйқылжыған әнін тыңдап, бақта жүгіресіз бе немесе өрліктің лебін жұта отырып, өзен жағасында жүгіресіз бе, таңдау еркі – өзіңізде. Жүгіру кезінде миыңыз демалады, бұл — әсіресе, қалада тұратын адамдар үшін өте пайдалы.

  1. Жүгіру ерік күші, шыдамдылық, өзін өзі бағындыра алу сияқты жақсы қасиеттерді бойға дарытып, адамның өзіне деген сенімділігін арттыра түседі.
  2. Жүгіру — дене мүсініңізді сақтап, артық салмақтан арылу үшін таптырмас көмекші. Дұрыс тамақтанумен үйлестіре білсеңіз – денсаулық үшін пайдасы орасан болмақ.
  3. Төмен қан қысымын қоспағанда, жүгірудің қарсы көрсетілімдері жоқ.

Егер сіз денсаулығыңыздың мықты, дене мүсініңіздің сымбатты болғанын қалайтын адамдар қатарынан болсаңыз, жүгіруді бүгіннен бастап қолға алыңыз. Деніміз сау, жақындарымыз аман болсын, ағайын!