Ит, мысық, тышқан (ертегі)

Ит, мысық, тышқан (ертегі)

Ерте, ерте, ертеде, баяғы бір заманда мысық пен ит айрылмас дос болыпты. Екеуі де қожасымен бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрыпты. Қожасы да екеуін бөліп-жармай, ерекше мейіріммен қарайды екен. Ынтымаққа толы күндер легі жалғаса береді. Бір күні мысық пен итті иесі орманнан ағаш жинап келуге жібереді. Жаңбыр толассыз жауып тұрса да, екеуі иесінің бұйрығына мойынсұнып, қолшатырларын алып, орманға бет алады. Орманға жеткен соң, көңілді әңгімелерін айта жүріп, тез арада қапшықтарын отынға толтырып, кері үйге қайтады. Жолда пана таппай, бүрсеңдеп тұрған тышқанды көреді.

 Мысық пен ит тышқанға аяушылық танытып:

  • Жүр, біздің қолшатырдың астына кір, біз сені үйіңе дейін жеткізіп салайық, — дейді екеуі. Сонда тышқан мұңайып:
  • Мені ием үйден қуып шыққан, барар жер , басар тауым да жоқ,— деп жылап жібереді.
  • Олай болса, біздің үйге жүр,- дейді тышқан ойланбастан, — біздің иеміз жақсы адам, сені үйге кіргізеді. Әрі бізбен дос боласың.
  • Алақай! Рас па? Қарным тоятын болды!— деп тышқан қуанғанынан секіре жөнеледі.

Бағанадан бері үнсіз тұрған ит бұған қарсылық білдіреді:

  • Жоқ, біз бұл тышқанды танымаймыз. Қалай сенім артып үйге кіргіземіз? Иемізге зиян келтіріп жүрсе ше?
  • Түріне қарашы, өзі сондай сүйкімді, кіп-кішкентай, қандай зиян келтіруі мүмкін? – деп мысық иттің қарсыласқанына қарамастан, тышқанды үйге ертіп барады. Ит бұған бұртиып, ренжіп қалады. Үй иесі тышқанды үйге қатысты ережелермен таныстырып, өздерімен бірге тұруына рұқсат береді.

Күндер өтіп, айларға ұласады. Үйде бұрынғыдай мамыражай тірлік  жалғасын табады. Ит те досына деген өкпе-ренішін ұмыта бастаған.

Тышқан басында мысыққа риза болып, пана тапқанына қуанып жүргенімен, өзін осы үйдегі бөтен тұрғындай сезінеді. Шындығында, тышқан мысық пен иттің достығын қызғанатын еді. Оның үнемі жасырып, көзден таса ұстап жүретін сиқырлы айнасы болатын. Ол айнаға нені бұйырсаң, соны көрсетеді. Тышқан айнасының көмегімен ит пен мысықты араздастыруды көздейді.

Бір күні үйде қаптағы ұн азайып қалады. Қап тесілген. Үй иесі мысық, тышқан, итті жинап, қапты кім тескенін сұрайды. Мысық пен ит таңғала бір-біріне қарайды. Сонда тышқан суырыла алға шығып:

  • Міне, менде өткен уақытта не болғанын көрсететін сиқырлы айна бар. Мұнда не болып жатқанын көріңіздер, — деп айнаны барлығына қаратады. Айна иттің қапты тесіп, ұнды жеп жатқан бейнесін көрсетеді.

Өзін айнадан көрген ит таңдана:

  • Мүмкін емес, бұл бір сиқыр!- деп шырылдайды.

Үй иесі:

  • Барлығын мына айна көрсетіп тұр. Пана беріп, қамқорлық көрсеткенімді ұмытқан екенсің! Жақсылығыма қайтарған жауабың ұрлық па?! Қане, шық далаға! Бұдан былай далада өмір сүретін боласың !-деп далаға қуып шығады.

Мысық та:

  • Бұл жасағаның шынымен опасыздық екен! Қалай дәтің барды?! Енді үйде саған орын жоқ! – деп итті табалайды. Ит өзіне сенбеген досына қатты ренжіп, оны жек көріп кетеді.
  • Ең жақын досым сен едің. Бүгіннен бастап ең басты дұшпаныма айналдың! – деп бәріне серт береді.

Тек тышқан ғана сиқырлы айнасына іштей рахмет айтып, арам пиғылын жүзеге асырғанын мақтан тұтып тұрады. Бұл залымдығын ешкім көріп-білмесін деп, айнаны сындырып тастайды.

Сонымен ит далада, мысық пен тышқан үйде тіршілігін жалғастыра береді.

Бір күні мысық қапты тесіп жатқан тышқанның үстінен түседі де, тышқанға барлық шындықты мойындатады.  Өзінің итті табалағанына қатты өкініп, иттен кешірім сұрағанымен, ит өзінің кегін ұмытпай, мысықты қуып жібереді. Мысық тышқаннан кегін алмақ болады. Қорыққан тышқан керегені тесіп, ішіне кіріп кетеді.

Сол күннен бастап  ит мысықты, мысық тышқанды жек көреді екен.