3D-МОДЕЛЬДЕУДІ ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 ЕркебұланТолқынов, 
Алматы облысы Іле ауданы Н.Тілендиев ауылы
№26 орта мектебі физика және информатика пәнінің бірінші санатты мұғалімі. 
Аудандық «Үздік информатик», «Алтын диск», «Мұқағали» байқауларының бас жүлдегері. Алматы облысы әкімінің жастар сыйлығының иегері. 
Аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері.

Баяндама тақырыбы: «3D-МОДЕЛЬДЕУДІ ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ«

 

Толқынов Е.Ә.

№26 орта мектеп, Алматы облысы Іле ауданы

 

Қазіргі әлемнің ғылыми бейнесінің негізгі сипаттамасы қоғамдағы және табиғаттағы ақпараттық процестер мен факторлардың фундаментальды ролін мойындау болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде халықтар арасындағы бірлікті нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, тіл мәдениетін орнықтыру мәселелеріне тоқталып: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – Қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру. Шынайы отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейді» – делінген. [2, 32б.]

Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көптеп көмектеседі, сол арқылы ол жалпы азаматтық әлемге аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын әрі түсінікті ете алады. Сондықтан, әрбір ұрпақ өз дәуірі мен өткеннің талаптары, объективті факторлары негізінде жас ұрпақты өмірге даярлап, оны жинақталған бай тәжірибе арқылы тәрбиелей отырып, өзінің ата-бабаларының рухани мұрасын игере түсуі керек.

«Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған Отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сол себепті олардың әрқайсысы Қазақстанды ата-жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм – Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім пен білікті, ақыл-парасатын ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнау болмақ. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек.

Өткен ғасырда әлемнің ғылыми бейнесі ертеректе екі негізгі ұғым төңірегінде құрылғаны белгілі: зат және энергия. Сөйтіп, ғылыми көзқарасты қалыптастыруда негізгі рольді осы ұғымдарды сипаттайтын ғылымдар атқарады: физика, математика және химия. Мысалы, заттар мен энергияның сақталу заңы тек физика мен химияның ғана заңы емес, әмбебап принципке айналды: «жоқтан ешнәрсе пайда болмайды».

Информатика – компьютердің көмегімен ақпаратты іздеу, сақтау, жинақтау және тарату мен өлшеудің әдіс-тәсілдері мен заңдылықтарын қарастыратын математикалық ғылым. Қазіргі уақытта ақпараттар ағымын адамзат көп жағдайларда компьютердің көмегімен қабылдайды. Компьютер ақпаратты автоматты түрде өңдеуді жүзеге асырады. Сондықтан компьютерде программалау информатика пәнінің іргелі әрі негізгі ядросы болып саналады. Информатиканың тақырыптары оның әр түрлі салада қолданылатындығымен анықталады. Қоғамдық өмірдің көптеген салаларында қолданылатын әр түрлі ақпараттық технологиялардың жалпы сипаттамаларымен қатар әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған байланысты оның кибернетикамен байланысы мен айырмашылықтары туралы сұрақ туады. Сол себепті киберниетиканың тақырыбын дәлірек анықтап, оның мазмұнын айқындау қажет. Қазіргі кезде информатиканың ықпалына сүйенетін салалар өте көп. [2, 11б.]

Жаңа заман қашан да жаңа талаптарды жүктейді. Заман көшімен бірге келе жатқан ғылымның қай саласы болмасын әлдеқандай өзгерісті бастан өткізуі мүмкін. Оқытуға енгізілгеніне дәл отыз жыл болған информатика пәнінде де көптеген өзгерістер бар. Мектеп информатикасы информатика ғылымының бір саласы ретінде мектептегі оқу процесінде пайдаланылатын компьютерді программалық, техникалық және оқу-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етуді зерттейтін сала ретінде анықталады. Есептеуіш машинадан дербес компьютерге дейінгі аралықта информатиканы оқыту жаңа міндеттерді атқарумен өлшенуде. Сондай жаңа міндеттердің бірі – үшөлшемді, яғни 3D технологияны оқып-үйрену болып табылады.

«3D» түсінігі ағылшын тілінен «3 Dimensions», яғни «үш өлшем» деген ұғымды береді. 3D-модельдеу – бұл кез келген нысанның үшөлшемді үлгісін құру процесі. Негізгі міндеті – нысанның визуалді көлемді кескінін әзірлеу болып табылады. Үшөлшемді графиканың көмегімен қандай бір заттың көшірме нұсқасын айнытпай салуға болады және табиғатта болмаған нысанның кескінін жасауға да мүмкіндік бар.

Осындай міндеттерді жүзеге асыру барысында оқушыларға информатика пәнін  оқытуда 3D-модельдеу тақырыбы берілген. Бұл оқушылардың көркемдік ойлау қабілеттерін дамытуға және геометрия, сызу, технология сияқты пәндерді терең меңгеруіне себеп бола алады. Берілген 3D-модельдеу тақырыбы бағыты дамытушылық болғандықтан оқушыларға шығармашылық еркіндік берген маңызды деп түсіну қажет. Бұл тұрғыда оқушылардың танымдық белсенділігін, шығармашылық және ойлау қабілетін дамытуға, информатикаға қызығушылығын арттыруға және ең бастысы – осы ғылым негізімен тікелей байланысты мамандықтарды таңдауына негіз бола алады.

 

Негізгі әрекетМіндеттері
Модельдеунысанның үшөлшемді математиклық үлгісін құру
Текстурлеупроцедуралық және растрлық текстурлеуді нысан үлгісіне бекіту (нысанның айқындылығы, анықтылығы, шағылуы, т.б.)
Жарық беружарық бастауын қою және баптау
Анимация (кей жағдайларда)нысанға жанбітірімді қолдану
Динамикалық симулациянысан бөлшектерінің өзара автоматты орнығуы, жұмсақ немесе қатты зат болуы 
Рендерингнысанның физикалық үлгісінің жобасын тұрғызу
Композитингкескінді толық аяқтау

1-кесте. 3D-модельдеуде орындалатын негізгі іс-әрекеттер.

 

Патриоттық тәрбие – қоғамдық дамудың әрқилы кезеңдерін бастан өткізіп келе жатқан тарихи құбылыс. Ол қазақ халқымен бірге жасалып жатқан сезім болып табылады. Отаншылдық сезім – адамда уақыт өте пайда болатын жеке тұлғаның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, әлеуметтік құбылыс. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі ең алдымен отбасы мен мектептегі білім мен тәрбиеге байланысты болса, екіншіден балаға жақын ұлттық құндылықтарды тану және білуі арқылы қалыптасады. Яғни, патриоттық тәрбиені мектеп бағдарламасы арқылы жүзеге асырудың маңызы зор. Оның себебі, мектептегі кезең – бала дамуының ұйытқысы, іргетасы болып, оқу әрекеті қалыптасуының өте қолайлы кезең.

3D-модельдеуді оқытуда оқушыларға патриоттық тәрбие беру негізі оның мазмұнымен өлшенеді. Бұл дегеніміз – оқушылар 3D-модельдеу жұмыстарын жүргізу барысындағы тапсырмалар ұлттық құндылықтардың үшөлшемді кескінін арнайы программаның көмегімен орындауы болып табылады. Ұлттық ою-өрнектердің үшөлшемді үлгісін салу кезінде оқушы бойында өз ұлтының бай мұрасына деген қызығушылық оянады. Сол арқылы оны танып-білуге деген құлшынысы артады.

1-сурет. Қошқар мүйіз оюын кескіндеудің бастапқы кезеңі.

 

3D-модельдеуде тек ұлттық ою-өрнектер ғана емес, сонымен бірге қазақтың ұлтық тұрмыстық заттары, батырлар қаруы, тіпті аңыз-ертегілер кейіпкерлерін кескіндеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар бойына ұлтжандылық рухын оятуға болады. Мысалы, батырдың бес қаруының бірі семсер қылыштың 3D-үлгісін кескіндеу барысында аталған қарудың жасалу жолдарына, технологиясына және және оны ұлттық нақыштармен безендіруде оған ерекше мән беретін болады. Себебі, ол ата-бабасының мұрасы. Ұланғайыр кең байтақ қазақ даласын қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғап қалды деген мақтаныш балаға ерекше әсер қалдырады. Өткен тарихты білуге деген ынтасы оны алға жетелей түсетін болады.

Қазіргі таңда компьютерлік технологияның заманауи жетістіктерін қолдану барлық салаларда кеңінен қамтылған. Балабақшадағы оқыту-үйрету жұмыстарынан бастап, күрделі зертханалық зерттеулер жүргізуде де компьютер және оның автоматты құралдарының көмегімен іске асырылуда. Балаларға патриоттық тәрбие беруде де компьютерлік технологиялардың, оның ішінде 3D-модельдеудің тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Қазақ халқының ертегілер желісімен түсіріліп жатқан 3D-модельдеу негізінде 3D-анимация да кеңінен қолданысқа енгізіліп жатыр. 3D-анимация, біріншіден уақыт жағынан өте тиімді болса, екіншіден қандай бір образды немесе оқиғаны жеткізуде дәлме-дәл нұсқа әзірленеді.

Жалпы алғанда, 3D-модельдеуді оқыту арқылы балаларға патриоттық тәрбие берудің қажеттілігі заман талабынан туындап отырған мәселе. Ақпараттық технологиялардың жетістігі ұлттық білім беру саласында өз пайдасын осылай тигізуде деп нық сеніммен айтуға болады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде». Алматы, 1993.
  2. Халықова К.З. «Информатиканы оқыту әдістемесі» — Алматы: «Білім», 2000.
  3. Меженин А.В. «Технологии 3D-моделирования для создания образовательных ресурсов». Учебное пособие. – СПб., 2008.

(4. 1-суреттегі скриншот Google SketchUp программасы интерфейсінің көмегімен әзірленді.)