Ұстаз — ұлағатты есім
Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған дихан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Мұғалім-зор тұлға. Мен өз ұстаздарым: Оразалина Сара, Майхиева Наташа, Құспанова Гүлбаршын, Сахаев Русланды ( Абай орта мектебінің мұғалімдері ) күннің құдіретті сәулесіне теңеймін. Мұғалім – әділ де турашыл, жоғары мәдениетті, салмақты, әдепті, кішіпейіл, мәңгілік нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.
Суретші болсақ, ең әсем бейнені ұстазға арнаймыз, сәулетші болсақ, ең көрікті ғимаратты ұстаздарға саламыз, жүрек күйін тербетер сазгер болсақ, асыл әнді ұстазға шырқаймыз, сезімді бойлайтын ақын болсақ, нұрлы жылдардың әр тармағын аяулы ұстаздарымызға арнаймыз.
Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Ұстаз — таудан сарқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншыдай ұстаздық ғасырдан-ғасырға жалғаса береді.
Сіздерге мың алғыс,құрметті менің аяулы ұстаздарым!
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы –деген ақындар бағасынан артық ештеңе қосуға болмас.
Ұстаз — тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Әлемдегі ең қажет мамандықтың иелерінің бірі-менің аяулы анам- Клара Қабдолова. Әрі анам,әрі ұстаз болған анам үшін мен әрқашан мақтанамын.
Олжабек Тұмақ Қуанышұлы