«Шынықсаң шымыр боласың» спорттық сайыс

Тақырыбы: «Шынықсаң шымыр боласың» спорттық сайыс

Мақсаты:

  1. Оқушылар мен ұстаздардың денсаулығын, белсенділігін нығайту, ептіліктерін, шапшаңдықтарын, батылдықтарын, күштіліктерін байқау.
  2. Спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
  3. Салауатты өмір салтын насихаттау.

 

Түрі: Эстафеталық жарыс

Өтілетін орны: Спорт зал

Қажетті құралдары: Үлкен, кіші доптар, кедергілер, қалақтар, шығыршықтар, кіші сөмкелер.

Өтілу барысы:

  1. I. Ұйымдастыру бөлімі

1-жүргізуші:

Шынықсаң шымыр боласың,

Сауығып айдай толасың.

Спортты серік ете біл,

Жақсы азамат боласың.

Жеңімпаз болу оңай ма,

Арман болған талайға

Болмасаң да ұқсап бақ,

Жарысқа түсіп қалайда.

Әуенмен спортшыларымызды қарсы алу.

  1. II. Негізгі бөлім

2-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар мен оқушылар, жанкүйерлер бүгінгі «Оқыса білім бұлағы, білімді елдің ұланы» атты бастауыш сыныптар апталығына орай ұйымдастырылған салауатты өмір салтын насихаттау бағыты бойынша «Шынықсаң шымыр боласың» спорттық сайысымызға хош келдіңіздер! Көңілді жарысқа 1-2 сынып оқушылары мен сынып жетекшілеріміз қатысады.

 

1-жүргізуші:

Жарысқа қатысатындарды шақырамыз,

Әр таңды бақытпенен атырамыз.

Өнерді ой көгінде бақылаңыз,

Сайысқа қатысуға енді ортаға,

Жылдам да шапшаң,

Спортшыларымызды ортаға шақырамыз.

(әр топ сап түзеп, орындарына  келіп тұрады)

  1. «Жалын» тобы, 1 «а» сыныбы
  2. «Шымыр» тобы, 1 «б» сыныбы
  3. «Ептілер» тобы, 2 «а» сыныбы
  4. «Қыран» тобы, 2 «б» сыныбы

2-жүргізуші:

Ал, құрметті халайық!

Жарысты енді көріңдер.

Әділ қазы алқасы,

Әділ баға беріңдер!

Сайысты бастамас бұрын, сайысымызға әділ баға беретін әділқазылар алқасымен таныстырайық.

  1. Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі: Оразалина С.И.
  2. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі: Сайнов Н.Б.

 

1-жүргізуші:

Таза ауа, спорт болсын дәріміз,

Еңбек етіп келгенінше әліміз.

«Алға» — деген бір – ақ мақсат ұстанып,

Сайысқа аттанайық бәріміз!

Спорттық сайысымыз 5 балдық жүйемен бағаланады.

Әр топ төмендегі турлар бойынша сайысқа түседі :

  1. «Өз тобыңды таныстыр»
  2. «Теннис»
  3. «Кенгуру»
  4. «Фут-зал»
  5. «Арба»
  6. «Қаңбақ»
  7. «Навигатор»

Әр кезеңнен кейін әділқазылар өз бағаларын береді.

2-жүргізуші:

Құрметті сайыскерлер! Сіздерге сәт сапар!

Сайысымызды бастаймыз.

Өнер қуып топ өтер дейміз,

Бір басына өнері жетер дейміз.

Сайысқа келген топтар кезектесіп,

Таныстырып өздерін кетер дейміз.

1-жүргізуші:

1-тур: «Өз тобыңды таныстыр»

Олай болса,  ортаға «Жалын», «Шымыр», «Ептілер», «Қыран» топтарын ортаға шақырамыз.

«Жалын» тобы

Топтың ұраны: Жалындаймыз, жанамыз,

Біз спортшы боламыз!

«Шымыр» тобы

Топтың ұраны: Біз шымыр, сергек денеміз,

Спорт сүйер өренбіз!

«Ептілер»тобы

Топтың ұраны: Біз әрқашанда мықтымыз,

Бәрін жеңіп шығамыз.

«Қыран» тобы

Топтың ұраны: Біз биіктен самғаймыз,

Қарсыластан қалмаймыз.

2-жүргізуші:

Әділ-қазыларға сөз береміз!

Ойнайық, ойнайық та ойлайық!

Қатардан артта қалып қоймайық,

Белсенді болайық ортада,

Уақытты тектен-тек жоймайық!

Олай болса, екінші турымызға өтеміз.

2-тур: «Теннис»

Ойынның шарты: Топ мүшелері кезектесе кедергі арасымен бадминтон қалағы арқылы кіші допты жерге түсірмей алып жүру.

3-тур: «Кенгуру»

Ойынның шарты: Топ мүшелері үлкен резеңке доптың үстіне отырып  кедергі арасымен айнала секіре өтіп, белгіленген  жердегі кіші доптарды сөмкеге салып ала кері айналып қайту.

4-тур: «Фут-зал»

Ойынның шарты: Топ  мүшесінен ұлы  мен қызы кедергі арасымен допты теуіп алып жүріп, белгіленген жердегі шеңбер ішінде тұрған мұғаліміне  допты беру, кейін қайтара алу  арқылы кері айнала өтіп шығу.

5-тур: «Арба»

Ойынның шарты:  Топ мүшелері шеңбермен допты кедергілерден алып жүру. Нәтижесі допты дұрыс бағыттау.

 

 

6-тур: «Қаңбақ»

Ойынның шарты: Топ мүшесінен мұғалімі белгіленген жерді шығыршықты айналдыра өте оқушылары шығыршық арасынан допты жерге соға өткізу арқылы айналып өту.

7-тур: «Навигатор»

Ойынның шарты: Топ мүшесінен  ұлы мен қызы жұптасып бір-біріне арқа сүйеп допты түсірмей кедергі арасымен алып жүру; Мұғалімі шығыршықпен кедергілерден айнала секіре өтіп шығу.

 

III. Қорытынды бөлім

1-жүргізуші:

Жарыс заңы ежелден-

Жеңімпазды анықтау.

Жеңімпаз болу шарты сол-

Еңбектену, жалықпау.

Біреу озса сайыста,

Біреу артта қалады.

Жеңілгендер ренжімей,

Тараса бізге жарады, —

демекші, сайысымыздың жеңімпаздарын анықтайтын да уақыт келіп жетті. Ендеше, барша турдың қорытынды бағасын есептеп шығарып, марапаттау сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Жеңімпаздарды марапаттау.

(Әділқазылардың ұпайларын тыңдау)

І орын – «Қыран» тобы, 2 «б» сыныбы

ІІ орын – «Ептілер» тобы, 2 «а» сыныбы

ІІІ орын – «Шымыр» тобы, 1 «б» сыныбы

ІІІ орын – « Жалын» тобы, 1 «а» сыныбы

 

2-жүргізуші:

Құрметті ұстазымыз!

Бір тілек айтарымыз,

Берекелі заман болсын,

Шәкірттеріміз аман болсын!

Жиырма бірінші ғасырда,

Ашық аспан  астында,

Денсаулықтарыңыз мықты болсын!

Жанұяларыңыз қуанышқа толсын!

Бүгінгі «Шынықсаң шымыр боласың» жарысын,

Осымен аяқтаймыз!

Қатысқандарыңызға көп-көп рахмет!

Жақсылықта, амандықта жүздескенше!!! Сау болыңыздар!