Синоним
Сабақтың тақырыбы: Синоним
Сабақтың мақсаты: а) білімділік: синоним тақырыбы бойынша
оқушылардың алған теориялық білімдерін бекіту.
ә) дамытушылық: оқушылардың суретпен,
мәтінмен жұмыс істеуге, сабаққа деген
қызығушылықтарын, ізденушілік белсенділіктерін
арттыру.
б) тәрбиелік: мысал мен мәтін арқылы оқушыларды
қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: бекіту сабағы
Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, сатылай кешенді талдау, әңгімелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта Activ Board 78, Activote құрылғылары,
слайдтар, мамандық иелеріне арналған суреттер, тест,
графикалық диктант
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
а) Оқушылармен амандасып, түгендеу.
ә) «Тілек айту» тренинг.
б) Сабақтың мақсатымен таныстыру.
Бүгінгі сабағымыздың мақсаты Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы арқылы саты-саты бойынша құрастырылған тапсырмаларды орындау арқылы біз синоним тақырыбын бекітеміз.
ІІ. Тақырыпты бекіту.
Сатылай кешенді талдауға жасалынған «Синоним» сызбасы арқылы тапсырмаларды орындау.
Сатымыздың бірінші тапсырмасы төмендегідей:
Берілген синонимдерге синонимдік қатар жазу қажет.
Сұлу, … , … , …, … . (әдемі, әсем, көркем, әрлі, ажарлы, шырайлы, келбетті, көрікті, реңді, өңді, т.б.)
Қуану, … , … , … . (шаттану, масаттану, масайрау, мәздену, мазаттану, т.б.).
Бірінші сатының тапсырмасын орындап шықтық, ендеше келесі саты тапсырмасын орындайық (әр саты бойынша қорытынды жасап тұру).
2-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Қазақ тілі сабағында қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің сабақтастығын көрсету мақсатында «Мемлекеттік рәміздер» мәтіні алынып отыр. Оқушылар мәтіннен асты сызылған сөздерді оқып, синоним айтулары тиіс.
Мемлекеттік рәміздер
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата.
Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Тудан қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған.
Тәуелсіз – егеменді; ту – байрақ; қыран – қырағы, көреген, жіті; заман – кезең, уақыт, дәуір; ғұмыр – өмір.
Екінші саты тапсырмасын ойдағыдай орындадық. Үшінші сатыда жұппен орындайтын тапсырма.
3-тапсырма. Оқулықпен жұмыс. Оқулықтың 21-бетінде берілген 1.3.-жаттығуды орындау.
Қысқа жіп, шолақ жең, келте шаш;
Үнемі басқару, ылғи кешігу.
Бұл тапсырманы оқушылар тест түрінде орындап, жұп-жұбымен тексеріп, бір-біріне баға қояды.
Бір-біріміздің тапсырмаларымызды орындап шықтық, олай болса келесі саты тапсырмасына көшейік.
4-тапсырма. Оқушыларға сұрақ қоя отырып, жауаптарына синонимдік қатар айтқызу (мамандықпен байланыс).
- Суретте кім бейнеленген? (Иә, дұрыс айтасыңдар – дәрігер. Дәрігер сөзіне
қандай синоним сөздерді білесіңдер? Ақ халатты абзал жан, емші, емдеуші, дарушы, дарымшы).
- Дәрігер кімді емдейді? (ауру, сырқат, науқас, кесел, дімкәс, дертті адамды).
- Ал, мына суретте кім бейнеленген? (Иә, дұрыс айтасыңдар – мұғалім.
Мұғалім сөзіне қандай синоним сөздер бар? (Ұстаз, педагог, оқытушы).
- Мұғалім кімді оқытады? (оқушыны). Ал, ендеше, балалар, сендер бүгінгі
оқушы, ертеңгі кәсіби маман иелерісіңдер.
Сатылы тапсырмаларды орындау арқылы, біз сатының келесі бір тапсырмасына да жеттік.
5-тапсырма. Графикалық диктант. Синоним сөздердің екі сыңарын табу.
адам
байлық
әлем
әуелі
мықты
күшті жаһан алдымен қазына пенде
Яғни, графикалық диктантты шешу арқылы оқушыларды тәуелсіз еліміздің болашағы жастар қолында, білімді, жан-жақты оқушыға ғана аңсаған армандарына, білім көгіне жете алатындығын айту қажет.
Тәуелсіздігіміздің ашық аспанында жетер биіктерің де, алар асуларың да аз еместігіне сенімім мол. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады» деген, яғни жастарға сенім артқан.
Сатымыздың соңғы тапсырмасына да жеттік. Алдарыңда жатқан тест құрылғыларын қолдарыңа алып, интерактивті тақтадағы тест сұрақтарын мұқият оқып, дұрыс жауап беріңдер.
6-тапсырма. Тест жұмысы.
- Синоним дегеніміз –
А) Айтылуы мен жазылуы бірдей сөздер
В) Қарама-қарсы сөздер
С) Жазылуы әр түрлі, мағыналары бір-біріне жуық сөздер
- «Даңқ» сөзінің синонимін тап.
А) Мықты
В) Атақ
С) Дәулет
- «Қадірлі, құрметті, қадірменді» синонимдік қатары қай сөз табына
жатады?
А) Сын есім
В) Зат есім
С) Үстеу
- «Адам» сөзінің синонимін тап.
А) Шәкірт
В) Дос
С) Кісі
- Синонимдік қатардың дұрысын тап.
А) Күлу, сықылықтау, жылау
В) Зат, мүлік, нәрсе, бұйым
С) Көне, жаңа, ескі
ІІІ. Сабақты қорытындылау
Бүгінгі сабағымызда синоним тақырыбын бекіту арқылы Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясын пайдалана отырып, саты-саты бойынша тапсырмаларды орындап шықтық.
Сабақта тапсырмаларды орындаған, сұрақтарға жауап берген белсенді оқушыларға баға қою.
ІҮ. Үй тапсырмасы
- Оқушылардың мамаңдықтары бойынша синоним сөздерді қатыстыра отырып шағын мәтін құрастыру.