Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!

 

Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!

Барысы:

        Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар және оқушылар!

22- қыркүйек Тіл меркесіне орай, 11- сыныпта өтетін «Жасай бер, ана тілім-

қазақ тілі!» атты кешімізге қош келдіңіздер!

Бүгінгі оқушы- мемлекеттің болашағы, ертеңгі күннің азаматы. Ал, оның бақытқа жетер даңғыл жолы- туған Отанын, туған тілін сүюден басталады. Сондықтан да, бүгінгі кешіміздің мақсаты- ұлтшыл емес, ұлттық сана- сезімі мол, Отанын, ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу.

Дүбірлетсін өңірді,

Дүрілдетсін дүлдүлі.

Қазақ деген елімнің

Құтты болсын, бұл күні!- дей отырып, кешімізді ашу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалсын.

Әнұран орындалады.

Ана тілін білмеуің, ананың арын төкендей,

Тілді бұзып сөйлеуің, өзіңді өзің сөккендей.

Тілде олқылық бой алса, тым алысқа бармассың,

Ана тілің жойылса, халық болып қалмассың.

Міне, сондықтан да біздер, бүгінгі жастар, ана тілін біліп, құрметтеп, қастерлеуді өзімізге басты міндет етіп қоюымыз керек. Болашақта егеменді ел болып, халық болып қалу- қалмауымыз бізге, мына өсіп келе жатқан жас ұрпақ сіздерге тікелей байланысты. Олай болса, бүгінгі кешімізде шама- шарқымызша туған тіліміз жайлы ой толғайық.

Бүгінгі кешіміз екі бөлімнен тұрады:

  • бөлімі «Тіл және біз» атты дөңгелек үстел басындағы ой бөліс;
  • бөлімі «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты әдеби- сазды қойылым.

Кешіміздің 1- бөліміне кезек берейік.

Мұғалім: Қайырлы күн, қымбатты қонақтар!

Қуан далам, қуанатын күн бүгін,

Серпіп таста мұңды көңіл түндігін.

Тіл туралы заңым енді күшіне,

Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.

Қуан халқым, күшіне енді тіл заңы,

«Сүйінші» деп ақындарың жырлады.

Ел елдігі сыналады тілімен

Сол арқылы жайқалады гүл бағы,- дегендей, «Тіл және біз» атты дөңгелек үстел басындағы ой бөліске қош келдіңіздер!

Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені

Мен қазақтың баласы!- деп ақын Қ. Аманжолов ағамыз айтқандай өзімізді таныстырып өтейін. Бүгін бізде қонақта- №7 Сарысу орта мектебінің ана тілінің бір топ жанашырлары және тізгінші, мен- Бұхарова Анаркүл Оразқызы.

Тізгінші: Иә, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы үшін бүгінгі күн ұмытылмайтын күн. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, көптен күткен арманымыздың орындалуы- біз үшін үлкен қуаныш. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі «Тіл туралы» заңның қабылданғанына аттай 13 жыл болды. Дегенмен осы заңның орындалысында оргы толмас олқылықтар кездесіп жүргені баршамызға аян. Ол қандай олқылықтар? Бұған жауапты ана тілінің бүгінгі жанашырлары қалай қайтарар екен деген оймен алғашқы сұрақты Назым Жолдасбекқызына қоймақпын.

Сұрақ: Ана тілің- қазақ тілінің бүгінгі тағдырына қалай қарайсыз?

Назым: Өте орынды сұрақ.

Тіл байлығы сарқылмайтын қазына,

Айтылатын өкпе наз бен базына.

Өз тіліңді шұбарлатып сөйле деп

Жазылған жоқ Конституция заңында- демекші, елімізде «Тілге құрмет- ұлтқа құрмет» деген қағида салтанат құруы тиіс. Қаншама жылдар бойы жүргізіліп келген ұлтсыздандыру саясатының нәтижесінде қазіргі күні ұлтымыздың шамамен 40-45 пайызы, жоғары билік басындағы өз қандастарымыздың шамамен 50-60 пайызы өз жанұясында, көшеде, қызмет орындарында, шетелге шыққан ресми сапарларында бір- бірімен тек орыс тілінде сөйлеседі. Қазақ тілінің шын мәнінде тәуелсіздік алмағандығын осыдан- ақ аңғаруға болады. Тіл- ұлттың ең ұлы анасы. Тіл кетсе ұлттан мүлде айырыламыз. Осы бағытпен жүре берсек аз жылдан кейін қарын мүддесінен өзге неміз қалады.

Тізгінші: Рахмет жауабыңызға! Дағыстандық ақын Расул Гамзатов «Ана тілім менің! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тілегім- сенсің. Мен сені мақтан етемін»,- деген екен. Олай болса, Назгүл Сәденқызы, бүгінгі ана тіліңіздің тағдырына ризасыз ба?

Назгүл:Ана тілі- біздің туған анамыз,

Анамыздай сыйлап бағып- қағамыз,

Ана тілін бағаласақ қалай біз

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Ана тілін кім аялай білмесе

Анасынан безген ұл деп қараңыз,- дегендей, мен үшін қазақ тілі- менің мәртебем. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, басқа ұлт қайда барады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме халық. Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін біліп, еркін сөйлесу- әр халықтың міндеті болуға тиіс. Ол үшін әр қазақтың жүрегі елім деп, туған тілім деп соғуы керек. Сонда ғана, біз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан ойып орын аламыз.

Тізгінші: Рахмет жауабыңызға! Қазақстан Республикасының 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі. Қазақстан территориясында тұратын әрбір азамат ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі тиіс»,- делінген.

Осы заңның орындалысына Айзат Қайратұлы, өз көзқарасыңызды білдірсеңіз.

Айзат: Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,

Ана тілін білмеу- қандай заңдылық?

Өсер болсаң байтақ далаң тұрғанда,

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.

Қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын берген- Республика Парламенті. Ендеше, алдымен Парламент қазақ тілінде сөйлеуі керек, сонан кейін Президент аппараты, үкімет мүшелері. Бұл қағида қатаң сақталуы керек. Балық басынан шірімеуі керек. Тіл үйренгісі келген адамға барлық жағдай бар. Оқулық та, сөздік те, әдістемелік құрал да- бәрі жеткілікті. Жоғы- ықылас пен ынта. Ал ондайларға қатты жаза қолдану керек. Себебі, орыстар немесе өзге ұлт өкілдері біздің қисығымызды түзеп бермейтіні белгілі. Ендеше қышыған жерімізді өзіміз қасуымыз керек. Ұлттық намысы, ары, қаны бар қазақ өзінше үлес қосса, иншалла, шаруамыз ілгері басар.

Тізгінші: Жауабыңызға рахмет! Қазақ елі тәуелсіз ел болды дегенімізбен шын мәнінде нағыз тәуелсіздікке қол жеткізе алмай отырмыз. Бұған себеп- орыс тілінің ықпалының әлі де күшті екендігінде. Мәселен, газет дүңгіршігіне келсеңіз, орыс басылымдарының көптігіне таңдай қақпай тұра алмайсыз. Ал солардың ішінде қазақ басылымдары «арпа ішінде бір бидай» секілді көзге әрең шалынады. Міне, осындай жағдайларға Назым Жолдасбекқызы, көзқарасыңызды білдірсеңіз.

Назым: Мен өз басым бұған қатты нали отырып, нағыз қазақ елі болуымыз үшін мынадай міндеттердің орындалуы қажет деп санаймын.

  • орыс газеттері мен орыс кітаптарын Қазақстанға келтірмеу. Бұған қарсы келетіндерге айтарым: қазақ газеттері мен кітаптары Мәскеуде сатыла ма екен? Егер сатылса, онда мен бұл ойымнан қайтамын;
  • телеарналардың бәрін қазақ тіліне, яғни мемлекеттік тілге көшіру. Бұған қарсы келетіндерге айтарым: Мәскеуде қазақ тілінде хабар тарататын телеарналар болса, онда мен бұл ойымнан қайтамын;
  • Қазақстандағы орыс мектептерін ретіне қарай әр қалада бір- екеуін қалдырып, басқаларын жабу. Егер Ресейде қазақ мектептері біздегідей жетіп артылып жатса, онда бұл ойымнан да қайтамын;
  • міндет- билік басында отырған мемлекеттік тілден мақұрым қазақ азаматтарын қызметінен аластатып, орнына қазақ тілін жетік білетін адамдарды алу. Сөйтіп қазақ тіліне қажеттілік тудыру;
  • міндет- қоғамдық орындарда, жұмыс орындарында мемлекеттік тілде сөйлемейтіндерге үлкен мөлшерде айыппұл салу. Менің бұл ұсыныстарыма намысы бар адам болса, түсінер де үн қосар деп ойлаймын.

Тізгінші: Көп рахмет! Қазақтың біртуар сөз зергері Ғ. Мүсірепов: «Қазақ тілі- бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу, бейнелері ерте туған тіл»,- деген екен. Дегенмен, соңғы кезде осы қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру туралы ұсыныс, пікірлер жиі айтылып жүр. Есенбек Әблашұлы, бұған қалай қарайсыз? Қаншалықты тиімді?

Есенбек: Туған тілім- тірлігімнің айғағы,

                 Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім мен де бірге өшемін.

Латын әліпбиіне көшу дегеніміз- қазақ тілін құрту деген сөз. Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақ әліпбиін өзгертуге болмайды»,- деген сөзі бар. Егер латынға көшсек, осы кезге дейін жинаған асыл мұраларымыз бен байлығымыздан айырылып, жеткен биігімізден кері кетеміз. Латынға көшу- бүкіл халқымызды қайта оқыту деген сөз. Одан әрі ХХ ғасырдың басындағыдай сауатсыздықты жою күресі басталмақ. Онда бүгінгі күндегі мұқалған тілімізді қалпына келтіру жұмыстары жайына қалмақ. «Сау басына сақина тілеп алу» деген осы болар. Меніңше, кириллица әліпбиінің біздің тілімізге еш зияны тиіп тұрған жоқ.

Тізгінші: Рахмет! Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, әлемнің 43 елінде қазіргі уақытта 5 млн.- нан астам қазақ өмір сүруде. Оның 80%- ы Өзбекстан, Қытай, Ресей азаматтары екен. Осыған байланысты, Раушан Жұмажанқызы, шетелде тұратын өз қандастарымыздың тілдік ахуалы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Раушан: Қазақ халқының 30%- ға жуығы, яғни 5 миллиондай қазақ шетелде дейміз. Шынайы жағдайды айтар болсақ, шетелдегі қазақтардың жағдайы өте күрделі. Мәселен, Ресейде қазір бірде бір қазақ мектебі жоқ. Онда қазақша білетін азаматтар өте аз, ал олардың балаларының көбісі орыс тілді. Мысалы, Өзбекстандағы қазақтар шоғырланған жерлердегі қазақ мектептерінің саны екі есе қысқарды. Қытайда да осындай жағдай қалыптасқан. Жалпы, бұл- қазақтар үшін үлкен мәселе. Қазіргі уақытта шекарамыз ресми түрде белгіленді. Енді қысқа мерзімде шетелдегі қазақтарды қайтарып алмасақ, біз оларды жоғалтып аламыз. Әрине, олар келуі үшін жағдай жасауымыз керек. Кең байтақ жерімізде саны аз халық мекендейтінін ескергенде, қазақтар үшін ең бірінші мәселе- тіл және қазақ халқының санын көбейту болып табылмақ.

Тізгінші: Рахмет жауабыңызға! Ұлт мүддесі жолындағы ортақ мақсатымыз орындала берсін,- дей отырып, 1- бөлімді «Бөбегіме өсиет» өлеңіммен аяқтаймын.

Ендігі кезекті «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты әдеби- сазды қойылымға берейік.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, оқушылар!

2- бөлім «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты мерекелік кешімізді ашық деп жариялаймыз!

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

«Қазақпын» деп досқа айтам ұғысатын,

Мақтан етсін атақты туыс атын.

«Қазақпын» деп жауға айтам қасақана

Біліп қойсын болса ойы жұғысатын.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» алғашқы заңы 1989 жылы

22- қыркүйекте қабылданды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7- бабында «Қазақ тілі- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі»,- деп жазылған.

Тіл- атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл- еліміздің іргетасы, ұлттың қуаты.

Тіл- халық тарихы, тіл- мәдениет, тіл- әдебиет. Тіл- біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.

Ендеше, бүгінгі ұрпақ, яғни ертеңгі күннің келері тіл туралы ой толғайды.

  • оқушы: Бейбіт елде болмаса да қатал күн,

               Бейқам жүріп шала қазақ атандың.

Арғы тегін анық білмей атаңның,

Ар- намыссыз шала қазақ атандың.

Қасиетін қастерлемей сақалдың,

Қас надандай шала қазақ атандың.

Мағынасын түсіне алмай мақалдың,

Масқара боп шала қазақ атандың.

Құса болып құстың талай, қақалдың,

Бәрібір де шала қазақ атандың.

Өз баласы болам қалай Отанның,

Өз үйімде шала қазақ атандым.

Ұят болар «Шала қазақ» атанба,

Жүрген жоқсың алыс елде, жапанда.

Осы менің саған айтар ақылым,

Осы менің саған берер батам да.

Әкең қазақ, шешең қазақ, қарағым,

Сен ұлысың мынау дархан даланың.

Әр халықта ұлттық намыс деген бар,

Оны биік қасиет деп санағын.

  • оқушы: Е, адамдар, тыңда мені, құлақ түр,

               Ана тілім- Қазақ тілі- бір-ақ тіл!

Арғы тегім кедей- кепшік болса да,

Кедейліктің белгісі емес бірақ бұл!

Ана тілім- аялайтын бір гүлім,

Ана тілім- саялайтын тірлігім.

Ана тілім- әнші құсым, бұлбұлым,

Сайрап кетсе сарқылмайтын жыр бүгін!

     Жүргізуші: Тілім менің- тірегім, тінім менің,

                     Тілсіз қандай болады, күнім менің?

Өз халқыма жетеді өз мәнінде,

Өз тілімде оқылса жырым менің.

Тілім менің- асылым, арым менің,

Арым кетсе не пайда барым менің?

Бас кескендер тілімді кесе алмаған,

Тілден бұрын бітеді жалын демім.

Тіл туралы шағын көріністерден үзінді көрсетіледі.

  • оқушы: Сол тіліммен дүниені аттадым,

               Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.

Жатты онда уыз сүті ананың

Жатты онда аманаты атаның.

Сол тіліммен махаббатқа тіл қаттым,

Сол тіліммен талай гүлді жылаттым.

Сол тіліммен сәбилерді сөйлеттім,

Сол тіліммен көз жастарын құрғаттым.

Сол тіліммен аспан көрдім, жер көрдім,

Сол тіліммен көгершінге жем бердім.

Сол тіліммен дүниеге мен келдім,

Сол тіліммен дүниеден кетемін.

С. Мәуленов.

4- оқушы: «Төрт ана»

Тамырыңды тамырсыздық індетінен қалқала.

Әр адамда өз анасынан басқа да

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада

Болу керек құдіретті төрт ана.

Туған жері- түп қазығы, айбыны,

Туған тілі- сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт- санасы тірегі,

Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

Және туған тарихы, еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Төрт анаға әнін жалғай алмаған,

Пенделердің басы қайда қалмаған,

Төрт анасын қорғамаған халықтың

Ешқашанда бақ- жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана- тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес- күрестердің ұлысы.

Ән: «Үш бақытым».

Жүргізуші:

Тілім менің- қазынам, қасиетім,

Қасиетім бар әлем бас иетін.

Тілі жоқтың түгі жоқ, түбірі жоқ,

Бола көрме Ана тіл қасіретім.

Тілім менің- қуатым, күшім менің,

Күшім кетсе, не болар ісім менің?

Бас кескендер тілімді кесе алмаған,

Тілден бұрын бітеді жалын демім,- деп ақын жырлағандай, тіл туралы мақал- мәтелдер мен даналардан қалған сөздерге құлақ түрейік.

Слайдтармен жұмыс.

Жүргізуші: «Өнер алды- қызыл» дейді халық. Десек те сол тілдің талай- талай қызығы мен алуан түрлі сыры бар екенін көпшілігі біле бермейді. Пайымдап қарап, тереңірек талдасақ біздің ана тіліміздің  сөздік қоры өте бай, мағынаға мол, оралымды тіл екенін көреміз. Бұған дәлел ретінде Мақалбай атайдың сұрақтарына мақал- мәтелмен жауап беріп, сөзге шешенді анықтайық.

Слайдтармен жұмыс.

Жүргізуші: Бүгінгі «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты кешімізді осымен аяқтай отырып, қорытынды сөзді қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіс бірлестігінің жетекшісі Таджиева Саида апайға береміз.