Шіркін қазақтың ою – өрнектері- ай!

 

Шіркін қазақтың ою – өрнектері- ай!

Қазақта ең көп тарған тұрмыста көп қолданылатын өнердің бірі – ою – өрнек өнері. Әрбір ою- өрнектің мазмұнында терең мағына жатыр. Ою – өрнекке қарап отырып, ата – бабамыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дүниетанымын, танымдық қабілеттерін, әлеуметтік – экономикалық жағдайын білуге болады. Академик Әлкей Марғұлан айтқандай « Қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» ,— деген. Расында да қазақта өрнек түрлерінің көптігі соншалықты күнделікті тұрмысқа етіне сіңісіп кеткендей. Ғалымдардың пайымдауынша қазақ ұлттық ою-өрнегінің 230-дай түрі ғана анықталған деп топшалайды. Жалпы ою-өрнектерді мотивтеріне қарай өсімдік тектес ою-өрнек, зооморфтық ою-өрнек, геометриялық ою-өрнек , космогониялық ою-өрнек деп бөледі.

Ерте заманда жазу-сызу болмағанда ата-бабамыз өз ойын табиғаттың әсем көріністерін тасқа, сүйекке, ағашқа ойып қашап түсіріп отырған. Бұдан біз сүйекке бедерлеп ою салу өнері ағашты әрлеп қашау өнері көне заманнан келе жатқан өнер екендігін білуге болады. Заман ағымына қарай шебер ата- әжелеріміздің қолөнер бұйымдарын бейнелеуде стильдік ерешеліктері өзгеріп, енді ою- таңбалар киізге, алашаға, кілемге т.б заттарға салынатын болған. Осындай қолөнер бұйымдарына салынған таңбалар арқылы халық белгілі бір ұғым түсініктерді аңғарып біліп отырған. Мысалы қазақ халқының ерте кезден бергі әдет- ғұрып салты бойынша бөтен жерге алыс ауылға күйеуге ұзатылған қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберуі тиіс екен. Сәлемдемеде жас келіншек өзінің күйеуге шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт болған. Осы салт бойынша тұрмысқа шыққан бір қыздың үйіне жіберген сәлемдемесінде бойы сорайған ұзын және өте жіңішке әрі арық адам бейнесі кестеленіп салынған және оның жанында тұрған адам дөп- дөңгелек адам тұрпаты бейнеленсе, қызыдың ата- анасы жат — жұртқа ұзатылған баласының «отырса опақ, тұрса сопақ» болған мүшкіл халін түсінген. Ал басқа бір ретте күйеуге ұзатылған қыздан «құсмұрын» бейнесі салынған сәлемдеме келсе ата-анасы одан баласының барған жерінде құстай ерікті, басы бостандықта, жағдайы жақсы екен деп қабылдаған. Сондықтан ұзатылған қыздан сәлемдемеге құстұмсық жүзік келсе немесе құстұмсық ою-өрнекті тұскиіз, басқұр сияқты заттар келсе ауыл- аймағы қуанып той жасап атап өтуді әдет еткен.

Ою- өрнек белгілерінің тұрмыста кеңінен қолданылатындығына тағы бір мысал қазақтың бұрынғы салты бойынша жаңа туған нәрестеге құтты болсын айтуға барғанда, оған апаратын «бала жинағы» деп аталатын бұйымдарға малдың, аңның бейнелері салынатын болған. Себебі бала бұйымдарда бейнеленген нұсқаларды көре отырып, айналадағы дүниені танысын, қоршаған ортасын көре берсін деп ырымдайды.

Қазіргі таңда қазақ шеберлеріміз күн белгісі ретінде сыңар дөңгелекті молшылықтың белгісі ретінде қошқар мүйізді ,құстұмсықты ,құсқанат ,арқар мүйіз ,сыңар мүйіз ,марал мүйіз ,қырық мүйіз сияқты өрнекті кеңінен қолданады. Ал осы өрнектер текемет, басқұрт, тұскиіз, алаша, сырмақ, қоржын, киім- кешек сияқты қолөнер бұйымдарын  нақышына келтіріп ойып салынған өрнектер, өзіндік сұлу кескінімен, тұр сипатымен жасалу стилінде әсемдік сипат алып таң қалдыратыны ғажап емес.

Ою-өрнек өнері қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре. Ал шежіресіз халық, халықсыз қоғам болу мүмкін емес. Сол сияқты ерте заманда ата-бабамыз қалыптастырған ою-өрнегі ғасырдан- ғасырға үзбей жалғасып әр дәуірде , әр қоғамда, әр түрлі сипат алып, күні бүгінге дейін жетті. Енді осы ұмыт болып бара жатқан ою-өрнектерді сәулет архитектурасы және өндіріс саласында пайдаланып, қана қоймай кеңінен қолдану қайтадан жаңғырту өркениеттің ісі.