Салтын білмеген халқың да білмейді

 

Салтын білмеген халқың да білмейді

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге баса, қатал қараған. Мұның бірі – тіл. Ойды әдіптемей, мақал – мәтелді араластырмай , ақыл – нақылды қоспай, күлтелемей сөйлейтін қазақ кемде-кем. Екіншісі, әдет- ғұрып . Бүгінгі жұрттың, әсіресе қазіргі жастардың бұдан жүген ұстап жүргендері аз емес кейбірі ата- салттың әлібі мен биін де білмейді. Ондай салт сананың қазіргі жұрты жатыр да өзі жоқ. Бұл жолы екіншісінің құлағын көбірек шулатайық.

Мойын тастау. Қыз жақ отау көтеріп ұзатса оған арнайы сойылған малдың мойнын күйеуге беретін салт бар. Бұл- асықты жілік, төске мүлдем ұқсамайды. Қазақта мойынды бала-шаға, малшы жейді. Бұл арада күйеуге мойын мұжытуды «Сен енді бала-шағасың, саған ендігі сыбаға осы» деп көбінесе жеңгелері, балдыздары  қалжыңдайды. Қазақта жездемен ойнау өте етек алған. Сол күні күйеу мойынды таза  мұжи алмаса да қарқылдап күліп мазақтайды. Егер мойынды мұнтаздай ғып мұжи алса, тесіктен күлдіруішке тигізбей сүйекті лақтыра алса, «келіншегіннің бетіндегі мөр мәңгі тозбайды екен, мойынды тап- таза мұжи алдың, сүйекті сілтей алуыңа қарағанда, атқан оғың кетпес» деп қалжынның отына жеңгелерінің май құйып көңіл ашқаны. Бұл жолы сүйекті шаңырақтан шығара алмаса күйеу жігіт жеңгелеріне айып төлейді. Түп-түзу шықса балдыздары арқаға қағып қошеметтейді. Қазақта «Сүйекті таза мұжісең келіншегің сұлу болады» деп жастарды тазалыққа, ұқыптылыққа баулитын тәрбие бар. «Мойын тастау» да осының бір түрі. Бұл тәрбие, бәлкім, осы кәдеден шыққан.

Қыз кәде. Үйлену тойындағы дәстүрлі ғұрыптардың ең негізгісі қызды шығарып салғандағы қызкәде ойыны. Үйлену тойының осы ойыннан басталатын себебі, кезінде қыз алуға келген жігітке толып жатқан дәстүрлі ырымдарын жасап, содан кейін шығарып салатын болған. Қазіргі кезде қызкәде дәстүрі ұмытылып бара жатыр. Себебі көпшілік жағдайда қызын күйеу жігіт  үйінен келіп алу емес, кездескен жерінде алып кете беретін әдетке бой ұра бастады. Мұны өмірдің өзінен, яғни бүгінгі таңдағы тіршілік ағымынан туған дәстүр дей аламыз. Олай дейтініміз, қыздардың көпшілігі туған жерден, болмаса үйден шалғай оқуда жүріп тұрмысқа шығады, яғни оқу бітіріп жолдамамен барып қызмет істеген жерінде шаңырақ құрады.

Бұл дәстүрдің қай жерде, қалай атқаралатындығы жөнінде өткен ғасырлардағы зерттеулерде анықталып көрсетілмегендіктен көне көздердің айтуымен және бүгінгі жеткен түрімен салыстыра алынды. Қазіргі қызкәде Қазақстанның әр облысында әр түрлі өткізіледі. Ал негізгі мағынасы біреу болғанымен ойынды жеткізу жүйелерінде көптеген айырмашылықтар бар. Мәселен Оңтүстік өңірде ұзатылғалы отырған қызды үйден кілемге отырғызып көтеріп алып шығып дәл аттанар сағатында ойынды бастайды. Ал шығыс Қазақстан өңірінде ойынды қызды аттандырудан бір күн бұрын өткізеді. Ойынның бұлай болуының да өзіндік мәні бар. Себебі бұл ойынды қыздың кетер уақытында бастаса, онда күйеу баланы қайын жұртының алдына бас игізу үшін уақыт аз болады да    оны «мұқата» алмаған қызға ел-жұрты разы болмайды. Жоқ дегенде бір күн бұрын бастаса, онда женгелері       «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» деп кәде ісіне мықтап кіріседі. Ертеде бұл дәстүр қызды алуға келген жігіт тобына және жігіттің өзіне қойылатын қайын жұртының талап – тілегі ретінде қаралады екен. Мысалы: беташар барысында қызға қандай талап  — тілектер қойса, қызкәде кезінде күйеуге де сондай талап қойып, қайын жұртына бас игізеді. Әрине бұл дәстүр жігітті «қыз алған» деген сыңайдағы бас игізу, кемсіту тұрғысында емес, керісінше күйеудің бас игені атадан балаға ұласып келе жатқан халықтың өмір талабына туған және талай-талай кезеңдерден бізге жеткен шаңырақ құрудың қағидасын мойындауы болып табылады. Бұл ойында білегін сыбанып белін буған жеңгелер мен өңешін созған жігіттердің  ортасында той көйлегін киген қыз тұрады. Ертеректе әзіл сөз, айтыс өлеңмен жеңсең – қызды алып жүре бер, болмаса толдық түрде кәдесін бер деп мысқылдайтын. Ал қазіргі кезде бұл ойынның барысы балдыздары, құдашалары күйеу бала мен қосшы баланы сынау үшін аяқ киімдерін тығып сыйлық сұрайды. Осылайша ойын жалғаса береді. Бұл ойынды еркіне шегі болмайтын көрінеді, сондықтан үлкендердің айтуымен әрең дегенде тоқтатып қызды шығарып салып отырған.

Сыбаға асу . Құдалар келіп орналасқан соң «Есіңе алсаң ескіден сақта» сүрі еттен сыбаға асады. Бұған тойға сойылған малдың еті қосылады. Мұнда құдалардың сыбағасы жамбас міндетті түрде болады. Қазақта бас, жамбас, кәрі жілік, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің арнаулы иелері болады Бұны ауыстырса не бірінің етін біріне кетірсе дұрыс мүшелей алмаса айып төлейді. Мұны қазіргі өзіміздегі қазақ көп тектемегенімен ағылшын сықылды шетелдіктердің қазақты зерттейтіндері біледі.

Қытайдағы қазақ ғалымы Ниғмет Мыңжани Америкаға барып қазақ тілі туралы лекция оқығанда қазақ тілі факультетінің бір студенті (ағылшын) «қазақ қойдың асық жілігін неге құрметтейді, оны кімге тартады?» деп сұрағанда  Ниғмет Мыңжани бір жарым сағат жауап берген екен Бұған қарағанда ескі сүріні асудың өзіндік сыры бар. Соғымнан құдаға сыбаға сақтау – қазақта бұлжымайтын заң.

Асар. – қазақ халқының өміріндегі еңбек үрдісіне байланысты туған. Бұл ізгілікті дәстүр бойынша белгілі – бір шаруаны үлкен –кіші демей, барлық ауыл адамдары болып бірігіп тындырады екен. Көптің күшімен атқарылатын мұндай іс- әрекетті «асар» деп атаған. Сірә    «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз содан шықса керек. Айталық, ауылды жерлерде жас шаңырақ иелеріне үй салу да көбіне жақын жуық, көрші көлем қолқабысымен жүзеге асырылған . Яғни арнайы заттай шығынсыз – ақ  баспана тұрғызылған Бар болғаны үй иесі тамақ жағын ғана өзі көтеріп алған. «Торқалы той, топырақты өлім» аталған шақтардада ағайындардың бірлесіп кететін дәстүрі бар. Асарға шақырылған адамдар міндетті түрде келетін болған. Егерде бір рет асар жасағанда шаруа бітпей қалса, екінші рет өткізген. Осынау бір ізгілікті қайырымы мол дәстүр ел ішінде әлі де кездеседі. Мұндай жақсы салтқа жан- жақты қолдау жасау бүгінгі заманында аса қажет.

Талақ – Жалпы қазақ халқында ажырасу дәстүрі болмаған. Егерде шаңырақта ажырасытындай жағдай болса ері бүкіл ауыл адамдарының алдында басына қара тас көтеріп «талақ» тастадым деп ант берген. Яғни мұндай жағдайда күйеуі «талақ» деген сөзді бүкіл жұрт көзінше үш рет дауыстап қайталауы керек . Талақ болған әйел белгілі бір мерзімге дейін күйеуінің райынан  қайтуын күтуге құқылы. «Әйел талақ етілді, олардың күтетін мерзімі де орындалды егер осыдан кейін ерлі- зайыптылар ойланып шарт бойынша бірге өмір  сүруге келісіп жарасып жатса,онда оның қайта қосылуына кедергі жасамаңдар» делінген құран кәрімде Егер талақтан кейін ажырасқан ерлі- зайыптылар бірін-бірі кешіріп қайта қосылуға шешім қабылдайтын болса онда олардың некелері қайта қйылады. Айта кететін бір жағдай бұрын талақ ғұрпы ел арасында сирек кездесетін. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қағиданы мықтап ұстанған қазақ жалпы «талақ» деген сөзге үрке қарайтын болған. Бүгінде ажырасу мәселесі сот арқылы шешіледі.

Жылу жинау – Әлдебір бақытсыз жағдайға ұшырап малынан немесе үй мүлкінен айырылып қалған адамға туған – туыстары көрші қолаңдары қолдарынан келгенше ауыздарынан жырып көмек көрсетеді. Мұны «жылу» деп атайды. Басына іс түсіп тақырға отырып қалған жанға қауымдасып жылу жинап беру нағыз адамгершіліктің көрінісі іспеттес.