Бейінді оқытуды тиімді ұйымдастыру арқылы – нәтижеге бағытталған білім беру.

Бейінді оқытуды тиімді ұйымдастыру арқылы – нәтижеге бағытталған білім беру.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізгі ережелеріне сәйкес 2006 – 2007 оқу жылынан бастап еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің жоғары сатысына бағдарлы оқыту енгізілді.

Ауыл мектептерінің жоғары сыныптарында бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар, сондықтан мектептегі білім беру мен тәрбие үдерісіне әсер ететін нақты жағдайларды ескермей, ұтымды бағдарлы оқыту моделін жүзеге асыру мүмкін емес.

Республикада 12 жылдық білім беру моделіне өту жоспарланып отырғанда, ауыл мектептеріндегі бағдарлы оқыту мақсаттары ауылдық жерлердің экономикалық және әлеуметтік дамуының әлеуметтік міндеттеріне қатысты нақтылануы тиіс.

Білім сапасы — білім алушылардың мемлекеттік стандарттың деңгейін төменнен жоғары қарай меңгеруімен анықталады.

Бағдарлы оқыту – жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сатысында даярлы оқытуға, оқушының әлеуметіне және мектептің жоғары сатысының орта және жоғарғы кәсіптік білім беру мекемелерімен сабақтастығына бағытталған арнайы  дайындық жүйесі.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үшін білім беретін мекеме, ең әуелі, бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың нақты жағдай үшін неғұрлым тиімді үлгісін таңдап алуы қажет.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үлгілері деп, нақты жағдайларда бағдарлы оқыту түрлерін жүзеге асыру тәсілдерін айтады.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үлгілерінің мүмкін нұсқалары ретінде мыналарды атауға болады:

  • Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың мектепішілік үлгісі;
  • Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың тораптық үлгісі;
  • Ресурстық орталық негізінде ұйымдастыру;
  • Әлеуметтік серіктестік негізінде ұйымдастыру.

Ұйымдастыру үлгілерінің түрліше болуы бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың типтері мен формаларын үйлестірудің алуан түрлі болуынан туындайды.

Мектепішілік бағдарлау үлгісі деп, бағдарлы оқытуды білім беретін бір ғана мекеменің күшімен ұйымдастыруды айтады. Бұл жағдайда жалпы білім беретін мекеме бір бағдарлы немесе көп бағдарлы болуы мүмкін.

Бірбағдарлы  білім беретін мекеме таңдалып алынған бір ғана бағдарды, мысалы, жаратылыстану – математикалық немесе қоғамдық – гуманитарлық  бағдарды жүзеге асырады. Әр бағдардың ішінде білім салалары бойынша бір немесе бірнеше мамандану бағыттары болуы мүмкін, мысалы, жаратылыстаны – математикалық бағдарда: химия – биологиялық, биология – географиялық, физика – математикалық және т.б.

Көп бағдарлы білім беретін мекеме оқытудың бірнеше бағдарын, мысалы, жаратылыстану – математикалық немесе қоғамдық – гуманитарлық  бағдарды жүзеге асырады.

Мектептің бағдарлау үлгісін таңдау кезінде мыналар ескерілуі қажет:

  • Оқушылар мен ата — аналарының тарапынан жеке пәндер бойынша жоғары деңгейде білім алуға әлеуметтік сұраныстың болуы;
  • Таңдалып алынған бағдар бойынша жоғары оқу орындарына білімін жалғастыруға талпынысы;
  • Мектеп бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесінің шешілуі;
  • Жоғары сынып оқушыларының жеке қызығушылықтары, қабілеті мен бейімділігі;
  • Сынып оқушыларының көпшілігінің таңдалып алынатын мамандану пәндері бойынша нақты дайындық дәрежесі;
  • Бағдарлы оқытуды жүзеге асыратын жетік пән мұғалімдерінің болуы;
  • Мектептің материалдық – техникалық базасы

Бағдарлы оқытуды ұйымдастыру үлгілерінің қай-қайсысының да артықшылығымен қатар кемшіліктері де болатынын ескерген жөн. Енді осыларға жеке-жеке тоқталайық.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың бірбағдарлы түрінің артықшылығы мыналар:

—     Мектептегі педагогикалық ұжымның  бір бағдар шеңберіндегі мақсатты жұмысы;

  • Берілген бағдар бойынша материалдық – техникалық қорларды шоғырландыру;
  • Мектеп бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Ал, кемшіліктері ретінде мыналарды атауға болады:

  • Оқушылардың қызығушылықтарының үйлеспеуі олардың мектеп бітіргеннен кейін нақты оқу орнынан түсуге бағдарларының әр түрлі болуы;
  • Біркомплектілі мектептерге бағдарлы оқытуды енгізу бойынша ұйымдастырушылық шешімдердің болмауы;
  • Оқушылардың қабілеті мен қызығушылығын ескермей, оларды біржақты дайындау, білім алушыларды бір бағдар ішінде теңдестіру.

Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың көпбағдарлы түрінің артықшылығы мыналарды жатқызуға болады:

—     Оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктері, олардың қызығушылығы мен мен сұраныстары ескеріледі;

  • Тұлғаның дамуының жеке траекториясы құрылады;
  • Оқушының оқыту бағдарын таңдауда қателескен жағдайда бір сыныптан екінші сыныпқа өтуге мүмкіндігі болады.

Ал, кемшіліктеріне келетін болсақ, олар төмендегідей:

  • Оқушының оқыту бағдарын таңдауда қателескен жағдайда бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі мүмкін;
  • Оқушылардың жаңа интеллектуалдық ортаға көшуіне байланысты алаңдаушылығы мен үрейі артады;
  • Қаржыландыруда түрлі қиындықтар кездеседі.

Сонымен қатар бағдарлы оқытуды ұйымдастыру жұмыстары: оқушы, ата-ана, психолог, сынып жетекшісі мен курс жетекшісінің бірлескен жұмыстары арқылы да іске асырылады.

 

 

 

 

 

 

Бағдарлы оқыту — оқушының орнықты мүддесі мен қабілеті, бейімділігі негізіне бағытталған білім жүйесі.  1-11 сынып аралығында  бағдаралды және бағдарлы оқыту төмендегідей  педагогикалық — психологиялық саты ретінде түзіледі.

Бағдарлы  және   бағдаралды сыныптарда  білім сапасын  арттыру құрылымы бастауыш  саты 1 — 4 сыныптарда  баланың оқуға деген  ерекше қабілеті мен құлшынысын дамыту арқылы іске асырылады.

1 — сынып — оқушылардың психологиялық  іс – әрекетін қалыптастыру арқылы қай пәнге бейім екенін анықтау;

2 — сынып — пәнге байланысты  саралау;

3 — сынып — пәнге деген қызығушылық  белсенділігін арттыру;

4- сынып — логикалық әрекетін жетілдіру арқылы оқушының алға қойған мақсатын анықтау.

Негізгі саты 5 — 9 сыныптарда  жеке тұлғаның жан – жақты білім алуын қалыптастырып, өзін – өзі айқындау қабілетін  жетілдіру арқылы іске асырылады.

5– сынып — оқушылардың пәнге   деген  қызығушылығы   бойынша   саралау   және   даралап   оқыту.

6– сынып — бағдаралды   оқытуға   бейімделу   мақсатында   әдістемелік   көмек   беру.

7– сынып — нақты   бағыт   алуға    жетелеу,   сенімділік    қабілетін   қалыптастыру.

8-сынып — болашақ   мамандығына  сай   таңдап   отырған   пәнін   тереңдетіп   оқыту.

9- сынып — оқушы   таңдап   отырған нақты   пәндер  негізінде  бағдаралды  білім,  білік   қалыптастыру.

Бағдарлы саты 10-11 сыныптарда  қоғамдық өмірге төселген, жоғары мәдениетті, саналы  таңдаумен бағдарлы білімді игерген жеке тұлғаны қалыптастыру.

10 – сынып —  мамандыққа сай шығармашылық  ізденіс  қабілетін дамыту  жұмыстарын жүйелеу.

11 —  сынып — алған бейімдерін өз деңгейінде көрсету.

Осыған байланысты оқушыларға бағдарлы білім беруде №241 орта мектепте қандай алғы шарттар жасалуда. Оқушылар 10 – сыныптан бастап таңдаған бағыттары бойынша жаратылыстану – математикалық немесе қоғамдық – гуманитарлық бағытта оқиды.

Мектептің барлық оқу жоспары, оқу жоспарының вариативті бөліміндегі таңдау сабақтар оқушылардың қызығушылықтары мен мүмкіндіктерін, бейімділіктерін ескере отырып, бейіндік оқытуға негізделген. Бағыттарына сәйкес тереңдетіліп оқытылатын пәндердің бағдарламаларын мектептің тәжірибелі ұстаздары құрастырған.

9 – сынып оқушыларына жыл бойы болашақтағы мамандықтарын дұрыс таңдауларына байланысты жоғары сынып оқушыларының қатысуымен жаратылыстану – математикалық немесе қоғамдық – гуманитарлық бағытта кештер, оқу орындарының мамандарымен кездесулер, арнайы сауалнамалар алынып,  кәсіби бағдар беру жұмыстары кең түрде жүргізіліп отырады. 10 – сыныпта сол таңдаған бағыттары бойынша пәндері тереңдетіліп оқытылып, бағдарлы білім алады.

Оқушыладың қызығушылықтары мен бейімділіктері ескеріліп, бағыттар бойынша таңдау курстары жүргізіледі.

Бағдарлы оқытуды тиімді ұйымдастыру, баланың бейімін анықтау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бағдарлы оқытуды ұйымдастыруды бастауыш сатыдан – ақ бастау өз нәтижесін бермек.   1 — 9 сыныптарда бейіналды даярлық жұмыстарын типтік оқу жоспарының вариативті бөлімінен ұйымдастыруға болады.

 

 

 

 

Жоғарыда көрсетілген бейіналды жұмыстарына арналған сағаттарды қазіргі қолданыстағы типтік оқу жоспарының мектептік және оқушы компонентіндегі сағаттарды жүйелі пайдаланып, оқушыға екі бағытта да мағлұмат бере отырып, мектептің жоғары сатысына өту кезінде өз бейімін адаспай таңдай алатындай дәрежеге жеткізуіміз үшін қолдануымызға болады. Бұл өз тәжірибемізде іске асырылып жатқан бейіналды даярлық жұмыстарының бір көрінісі.

Бейіналды даярлық жұмыстарын екі кезеңде ұйымдастыруға болады.

І кезең: Жасөспірімдерді мамандықтар әлемімен және әр мамандықтың адамға қояр талаптарымен таныстыру.

ІІ кезең: Бейіндік бағдарды анықтау, мұндағы басты мақсат түрлі қызмет саласындағы тұлғаның қызығушылығы мен қажеттілігін, бейімін анықтау

 

 

 

Бағдарлы білім беруде ұстаз тұлғасының рөлі ерекше.  Тәжірибелі ұстаздарымыз оқушыларға жүйеленіп, өңделген материалды дайын күйінде ұсынбайды, баланы өз бетімен ізденуге, өзіне қажет білімді іздестіруге керекті қасиеттермен қаруландырып отырады.

Мектепке өз пәнін дәріптей білетін, тәжірибелі және шығармашылықпен жұмыс істейтін жас мамандар жинақталған. Ұстаздарымыздың негізгі жұмыстарының бірі дарынды оқушыларды анықтап, олардың белгілі бір пән бойынша қабілеттілігін дәл тауып, бағыт-бағдар беріп, жұмыстарын белгілі бір ғылыми жолға қою болып табылады. Осы ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында оқушыларымыз бейімделген пәндерден аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми конференциялардың жүлдегерлері болуда.

Бағдарлы білім берудің нәтижесі мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытын бітірген оқушыларымыз Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің және Қазақ қыздар Ұлттық университетінің филология факультетіне, сонымен қатар жаратылытану – математикалық бағытын бітірген оқушылар аталған университеттердің мұнай – газ салалары бойынша жоғары оқу орындарында өз білімдерін жалғастыруда. Бағдарлы білім беру оқушылардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға, өмірлік көзқарастарын дұрыс қалыптастыруға, өзін – өзі дамытуға, өзін – өзі бағалауға мүмкіндік береді.

Олай болса, бағдарлы оқыту сатысының мұғалімі қандай болу керек:

  1. Оқыту мен тәрбиелеу процесін жаңаша ұйымдастыра алатын, педагогикалық технологияны, оқытудың интерактивті әдіс-тәсілдерін, даралық, деңгейлік тәсілдерін меңгере алатын;
  2. Оқушылардың өмірлік дағдыларын қалыптастыра алатын;
  3. Білім сапасын бағалаудың жаңа формаларын мониторинг, аралық бағалау тәсілдерін, ақпараттық – коммуникативтік технологияны игере алатын;
  4. Білім мен тәрбиені үндестіру, тәрбие мазмұнында әлемдік және ұлттық рухани құндылықтарды бере алатын болу керек.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қажетті болатын жағдайларды ұсыныс ретінде айтқым келеді:

  1. Жеке тұлғаның сұраныстары мен мүмкіндіктеріне және нәтижеге бағдарлданған білім беру жүйесін қалыптастыру;
  2. Білі мен тәрбие беру стандарттарының, бағдарламаларының, оқулықтары мен оқу – әдістемелік кешендерінің көпнұсқалы, жаңа сапалы мазмұнын жасау және қолданысқа ендіру;
  3. Оқу – әдістемелік кешендер, оқушы ізденісіне қажетті хрестоматиялар, сөздіктер, зертханалар, интернет т б оқушының өзіндік жұмысы мен ізденістерінің жетекші құралына айналуына жағдай жасау;
  4. Жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната отырып, ғалымдармен бірлесе Ғылыми кеңес құрылып, бағдарлы оқытудағы оқушылардың болашақтағы мамандық таңдауына бірлесе үндестік қалыптастыру.

Нәтижесінде  сапалы мұғалім, сапалы білім, сапалы оқушы, сапалы мектеп қалыптасады.

Қорыта айтқанда, бағдарлы оқытуды енгізуге байланысты мектеп құрылымында, білім беру мазмұнында, оқу процесін ұйымдастыру деңгейлерінде жүзеге асырылатын барлық өзгерістер оқушының жеке тұлғасын олардың талап – тілектері мен танымдық мүмкіндіктеріне сәйкес жан – жақты дамыту үшін жағдай жасауға бағытталуы тиіс.