Америкалық селекционер Лютер Бербанктің еңбегі.

Америкалық селекционер Лютер Бербанктің еңбегі.

Кактус өсімдігі бізде тек оранжереяларда әсемдік және үй өсімдігі ретінде ғана өсіріліп келеді. Алайда, кейінгі жылдары бұл өсімдікке халықтың қызығушылығының артқаны сондай, бұған арналып толып жатқан кітаптар шықты. Кактус өсіретін мекемелерге әуесқойлардан күніне ондаған хаттар келіп түсіп жатады. Халықты соншалықты қызықтыратын мұның қандай қасиеті бар? – дейсіз ғой. Мұның адам қызығатын қасиеті көп.

Бәрі ретімен …

Кактустың бірінші қасиеті – пішінінің құбылмалылығы және түрінің көптігі. Біз көріп жүрген оранжереяларда өсетін кактустардың өзінен-ақ мың құбылған түрлері мен формаларын кездестіруге болады.

Ұшы – қиыры жоқ түстік Американың бұл сахарасының қай түпкіріне барсаңыз да денесін тік көтеріп, маңғаздана өсіп тұрған өсімдікті көруге болады. Бұл – цереус деген кактус. Биіктігі жиырма метрге жететін бұл кактустың жерді жарып шыққан етжеңді бөлігі орта шеніне барып, қайтадан жуандап кетеді.

Америкалық селекционер Лютер Бербанк бес жылдан аса уақытын жер жүзінен кактустың көптеген түрлерін жинап, оның биологиясын зерттеп, будандастырудың әдісін ойлап табуға жіберді. Бірақ, ғалымды жұмыстың ең қиыны алда күтіп тұр еді. Бұл жөнінде ғалым кейін былай деп естелік жазды: « Бес жылдан аса уақыт бойы кактустың гүлдеу кезін зерттеу мен үшін күні – түні бірдей азап болды.  Әлденеше рет енді кактуспен жұмыс істемеспін деп шын жүрегіммен бекіндім. Сол кездегі өз жағдайымды еске түсіріп отырып, сол жұмыстарды қайталап шық десе, ешуақытта келісім бермес едім ».

Ғалым он мыңнан аса кактус өсімдігімен күні – түні жұмыс істеді. Толып жатқан қиындықтар ғалымның жолын кес – кестей берді. Мысалға, кактустың тозаңдануы күннің ең ыстық кезінде жүреді және бұл кезде гүлі

15 минут қана ашық тұрады. Ал, аптап ыстықта әр гүлдің ашылуын аңдып тұрып, мыңдаған гүлді қолдан тозаңдандыру керек. Бұл ғалымның қанша уақытын алып, жүйкесін жұқартқандығы өзінен — өзі түсінікті.

Ақырында, ол тікенексіз кактустың өте құнды буданын алды.

Кактустың мал азығындық сапасына келсек, ол өте жұғымды. Шөл, шөлейт жерде бұл қуатты кактуспен тамақтанған ірі қара, шошқа және үй құстары ешуақытта су іздемейді, тез салмақ қосады. Себебі суы да, жемі де сол кактустың ішінде. Бір қызығы, бұл жануарлардың еті де айрықша дәмді болады. Бербанк қарусыздандырған Опунция кактусы басқа туыстарына қарағанда, өте ыстық кезде отырғызғанды жақсы көреді. Мамыр мен қыркүйек айларының арасындағы ыстық және құрғақ кезде олар жақсы көбейе алады.

Өсімдіктің денесінің қай жері болсын: мейлі ол сабағының бір түйірі, гүлі, тіпті жетілмеген жемісінің өзі жаңа жерге отырғызылғанда өсіп кете береді. Бербанк тіпті оның еденде, асханадағы пештің үстінде де өсіп тұра бергенін байқаған.

Опунцияның бір түйірін салқындау кезде отырғызу керек болса, оны аздап кептіріп алса болды өсе береді. Ал отырғызатын өсімдікті қалай болса солай: қырынан да, жатқызып та, тігінен де, көлденеңінен де отырғыза беруге болады.

Бұл кезде топырақтың тереңдік тәртібін сақтаудың түкке қжеті жоқ. Кактустан жиналатын жасыл массаның жартысына жуығы – оның жемісі.

Ашық қызыл түсті өте әдемі жемісінің дәмі инжирдің дәміне ұқсайды. Оны жастай да, консервілеп те жейді, джем және варенье жасайды.

Алынатын пигменті құнды бояу заты ретінде кондитер және балмұздақ өндірісінде пайдаланылады.

Опунцияның денесінде тіршілік ететін өте кішкентай кошенин құрты да іске жарайды. Оларды кептіріп қойса, ашық қызыл түсті, өте құнды – кармин деген бояу зат алуға табылмайтын шикізат көрінеді

Міне, тентек кактустың сыры осындай екен.