ЛЕКСИКА ТАРАУЫН ҚАЙТАЛАУ

ЛЕКСИКА ТАРАУЫН ҚАЙТАЛАУ

Сабақтың мақсаты: а) білімділік — нақты мысалдар келтіре отырып лексика тарауынан өткенді қайталау арқылы оқушы білімін сарапқа салу; ә) тәрбиелік — жергілікті ақын Қашаған Күржіманұлының шығармаларымен жұмыс жүргізе отырып, тәрбиелі тағылымдарынан үлгі алдыру; б) дамытушылық — оқушының шығармашылық ойлау қабілетін дамыту.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап талдау, тіл дамыту, жинақтау.

Сабақтың түрі: сайыс сабақ.

Сабақтың көрнекілігі: күнтізбе, түрлі кеспелер (карточкалар). кадоскоп.

Сабақтың барысы.

а)Ұйымдастыру: сынып тазалығын тексеріп, оқушыларды түгендеу; ә) сабақ жабдықтарын орналастыру.

—  Оқушылар, біз бүгін сабағымызда лексика тарауын қайталай отырып тіл ұстарту жұмысымен айналысамыз. Бүгінгі сабағымыз сайыс түрінде өтеді.

Сынып оқушыларын «Мұрагер», «Мирас» деген екі топқа бөлемін. Топ басшыларын сайлап аламыз.

—  Бүгінгі тіл ұстарту сабағымыздың мақсаты — жергілікті жыршы, ақын атамыз Қашаған Күржіманұлының шығармаларына лексикалық тұрғыдан талдау жасау. Сабақ «Аптаның жеті күні» деген атпен сайысы түрінде өтеді.

Ендеше сабағымызлы бастаймыз. Әр «күнгі» жинаған ұпайымызды мына күнтізбеге салып, қорытынды ұпайды есептеп, жеңіске жеткен топты анықтаймыз.

І. Дүйсенбі күні: «Бастапқы сөз». — Балалар, Қашаған аталарыңның «Бастапқы сөз» деген өлеңі бар екен.

Құлақ салсаң жақсылар,

Атам бір қайтты дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды.

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік,

Сөйтіп басым қаңғырды.

Алты жаста еліктім,

Жеті жаста желіктім,

Сегіз жасқа келгенде

Бала болдым көрікті.

Тоғыз жасқа келгенде

Қадір білер ағалар:

— Шырағым, жүр — деп ерітті,

Балалықты тастадым, — деп өзіне ақындық өнердің қалай қонғандығы туралы айтады. Ал біздің бастапқы сөзіміз лексика тарауын қайталап, пысықтауға арналмақ.

  1. Лексика ғылымы нені зерттейді?
  2. Омоним нендей сөздер?
  3. Синоним нендей сөздер?
  4. Антоним нендей сөздер?
  5. Диалект сөз дегеніміз не?
  6. Мақал-мәтел дегеніміз не?
  7. Табу дегеніміз не?
  8. Эвфемизм, дисфемизм нендей сөздер?
  9. Тұрақты тіркес туралы не білесіңдер?
  10. Кірме сөздерге нендей сөздер жатады?
  11. Кәсіби сөз туралы не білесіңдер?
  12. Сейсенбі күні: «Домбыра-дастан». – Қашаған аталарыңның үш дастаны бар.

Олар: «Адайтегі», «Атамекен», «Топан». Сендердің алдарыңда домбыра кескініндегі бірнеше кеспелер тұр. Сол кеспелердің артына ақынның дастандарынан үзінді беріліп, сол бойынша тапсырмалар бар. Кімде-кім сол тапсырмаларды мүлтіксіз орындаса, домбыра кескінін өзіне естелікке алады.

1 -домбыра:       Айтулы ерлер бар екен,

Жүйріктері баптаулы,

Найзалары саптаулы,

Дұшпанға атар жебесі,

Қорамсақпен қаптаулы. («Атамекен» дастаны). Үзіндіден көнерген сөзді тауып, көнерген сөздің қай түріне жататынын айт.

2-домбыра:           Әлгі бозторғайды қағып жеп,

Құтырып бүркіт желденді.

Еділге қарай енгенді.

Ұлы Еділдің бойында

Жүзіп жүрген нән балық,

Салған екен соған шеңгелді. («Топан» дастанынан). Үзіндіден диалект

сөзді тауып, әдеби тілдегі баламасын атап, синонимдік қатар кұра.

3-домбыра:           Бір шәй ішім мұрсат болмады,

Нән балық та құтырып

Суға сыймай сандалды. («Топан»)

Үзіндіден тұрақты тіркесті тауып, синонимдік баламасын ата

4-домбыра:           Мырзалары мардымсып,

Қабылан етіп, кұс салған,

Лашын, сұңқар ұстаған.

Томағасын әдіптеп,

Мақпалменен тыстаған.

Үзіндіден кәсіби сөзді тап. Қандай кәсіпке байланысты?

III. Сәрсенбі күні. «Кім жылдам?» — Қазір сендердің алдарыңа кадоскоппен бірнеше тапсырма беріледі. Кімде-кім қолдарындағы қалақшаны бірінші боп көтерсе, сол жауап береді.

  1. Атам бір қайттьі дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды,

Басыма қайғы салдырды.

Анам корді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік.

Үзіндіден эвфемизмді тап.

  1. Жаңа талап жас жігіт
    Омыраулап тойды бастадың,
    Қашаған бар деп саспадың,

Тұр ғой деп жүйрік қашпадың.

Үзіндіден ауыс мағынада қолданьшып тұрған сөзді тауып, тура мағынасында мысалдар келтір.

  1. Жарлыны көрсе мысқылдап,

Кекесін сөзбен ысқылдап,

     «Аузы қисық болса да,

     Бай баласы сөйлесін!»

Орынсыз сөйтіп күш қылад.

Үзіндіден мақалды тап.

  1. Барын жоқ деп құрынған,
    Жұлдызды жатқа санасақ,
    Қисап етіп қарасақ
    «Мың тасқанға бір тосқан»
    Бар емес пе еді бұрыннан.

Үзіндіден мәтелді тап.

ІV. Бейсенбі күні: «Өзіндік жұмыс». Оқушыларға кеспе таратылып, сол бойынша жауап алынады. 1-кеспе.  Көл дария, көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Диханшылық кеп болса,

Кетерсіз-дағы ел болып.

Үзіндіден антоним сөздерді тап.

 

2-кеспе. Дастархан жайып құрметтеп,

Төкті түрлі жемісті.

Жез самаурын қайнаулы,

Союға бағлан байлаулы.

Үзіндіден кірме сөзді тап.

3-кеспе. Қорасында мал толы,

Үйінде ішер тағам жоқ,

Тағам жоқтан жаман жоқ.

Көре тұрып ішпеген

Рахатсыз біткен мал

Ұйқыда көрген түс деген.

Асты сызылған сөзге омоним болатын сөз ойлап жаз.

4-кеспе. Ол ерліктің күштісі —

Сол заманның тұсында

Алты медаль, наград

Патшадан ұлы шен алған

Үзіндіден басқа тілден енген сөзді көрсет.

  1. Жұма күні: «Топ басшылар сайысы».

Бұл сайыс барысында топ басшылары шығармашылықпен жұмыс атқарады. Екі топқа «Қашаған — айтыс ақыны», «Қашаған — жүйрік жырау» деген тақырыптар беріліп, осы бойынша тіл дамыту жұмысы жүргізіледі. Жұмысты қара сөзбен жазу, өлеңмен өрнектеу оқушылардың өз еркінде.

  1. Сенбі күні: «Қонақ кәде».

Қазақта қонақ кәде деген жоралғы бар. Онда келген қонаққа сый ретінде ауылдың алты ауызы айтылып, келген қонақтар тарапынан қонақ кәде жасалады. Қашаған атамыздың «Қонақ кәде» деген өлеңі бар. Онда шаршы топқа келген Қашаған:

Жиналып отыр бұл жерге

Бөйгіден келген керлерім.

Аямадым сендерден

Маңдайдың аққан терлерін.

Ұйқы — жанның тынышы,

Сөз — құлақтың құрышы.

Қанша айтқанмен таусылмас

Терме жырдың бұрышы, — деп жиналған көпшілікке жырдан қонақ кәде жасайды.

Естеріңде болса өткен сабақта мен сендерге Қашаған аталарыңның «Бұл дүниеде не жетім?» деген өлеңін жаттауға бергенмін. Екі топ бір-біріне қонаққа барып, сол өлең бойынша дайындаған сұрақтарыңмен қонақ кәде жасайсыңдар. Олар сендерге жауап береді.

  1. Үзіңдіден синоним сөздерді тауып, синонимдік қатарын көбейт.

Бұл дүниеде не жетім?

Кім қажетсіз болса, сол жетім.

Хакімі әділ болмаса,

Бұқара байтақ ел жетім.

(Бұқара, ел, жұрт, халық.)

  1. Үзіндіден антоним сөздерді тап.

Қырға шықса белім деп,

Ойға түссе тізем деп,

Келін менен балаға

Қонақ болған уақытта

Кемпір менен шал жетім.

  1. Жас, ер сөздеріне омонимдік қатар құра.

От басында жыласа,

Жас төгіп сәби бір жетім,

Ақырында тәрік етуге жарамас,

Ерлердің еткен құрметін.

 

  1. Үзіндіден көнерген сөздерді көрсет.

Бақыты тайган би жетім,

Қатынсыз қалган үй жетім.

Сатып алган құл жетім,

Құлдықта жүрген ел жетім.

  1. Жексенбі күні: «Демалу». — Балалар, біз бүгінгі сабағымызда жалпы лексика тарауы бойынша өткен материалдарды меңгердік деп есептеймін. Лексика — сөз байығын зерттейтін ғылым. Тіліміз сөзге неғұрлым бай болса, соғұрлым жатық та әдемі сөйлей аламыз. Ол үшін көркем шығармаларды көп оқып, мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін, синонимдерді орынды жерде пайдалана білуіміз керек. Бүгінгі сабақ барысында Қашаған аталарыңның бір топ шығармаларымен таныстыңдар. Енді сабағымызды қорыта келе, екі топтың ұпай сандарын есептеп, жеңіске жеткен топты анықтаймыз. Оқушыларды бағалаймыз.

   Үйге тапсырма: Қашағанның «Бұл көмірдің мысалы» деген өлеңін жаттап, лексикалық тұрғыдан талдау жасау.