Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі

7 – сынып    Қазақ әдебиеті

 

Сабақтың тақырыбы: Қасым Аманжолов «Өзім туралы» өлеңі

 

Сабақтың мақсаты: Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы жайлы білімдерін қалыптастыру, ақынның өзіндік мұратын таныту,өлеңнің идеясы мен тақырыбын ашу

 

Дамытушылық: оқушылардың ой — өрістерін,сөйлеу мәдениетін, әдеби тіл байлығын дамыту, сто технологиялары арқылы өз бетімен жұмысқа, шығармашылыққа дағдыландыру.

 

Тәрбиелік: Отанды сүюге,қастерлеуге,  қайсарлыққа, табандылыққа тәрбиелеу.

 

Сабақтың жүрісі:      І. Ұйымдастыру

ІІ.Үй тапсырмасы

 

Ғабит Мүсірепов кім? Әңгіме неге «Ананың анасы» деп аталған? Әңгімедегі кейіпкерлерді атап беріңіз? «Боранды түнде» әңгімесіндегі кейіпкерлерді атап, мінездеме беріңдер.

ІІІ. Жаңа сабақ

 

«Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр»

Т.Ахтанов

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

Күніне жүз ойланып, мың толғанам,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп, — деп өз өмірін өлеңмен өрген қазақтың өр талантты ақыны, қиын да күрделі заманда туып, адалдық пен ақындықты тұмар етіп, батыл ойлы, шыншыл да сырлы, дауылды поэзиясымен ХХІ ғасыр ұрпақтарының жүрегінде терең із қалдырған Қасым Аманжоловтың өмірі мен өлеңіне тоқталамыз.

Қ.Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда Қарағанды облысы Қарақаралы ауданында Қызыл ауылында туған. Әкесі сол жерде қайтыс болады. Әке-шешеден ерте айырылған Қасым жоқшылық,жетімдікті сәби кезінен басынан өткеріп,қой-қозы бағады,тезек тереді,кісі есігінде телміреді.Болашақ ақынның қажырлы, қайратты,тік мінезді,найзағайдай өткір тілді болып өсуіне әсер етті.Алғашында ауыл молдасынан білім алады,кейін ағасының көмегімен Семейдегі интернатқа ауысып, онда үш жыл тәрбиеленеді. Одан кейін Семейдегі мал дәрігерлік техникумын оқып бітіреді.Оралдағы пединститутты, Ленинградтағы орман шаруашылығы институтарына түскенмен, денсаулығының сыр беруіне байланысты оқуын жалғастыра алмай, газеттерде редакторлық, кейін театрда қызмет жасаған.Ақын 1941-46 жылдар арасында майданға ілігіп, «қанды қырған, қып-қызыл өрттің ішінде» болды. Әртістік, әншілік өнерге бейім ақын домбыра, күйсандық, мандолина сияқты аспаптарды жақсы ойнап, өзінің бірқатар өлеңдеріне ән де шығарған, сазгер болған. Бар мұрасын жинақтап бастырғанда, 3 том ғана кітап болған.

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің отын жағып асырармын,

Өзімді,әйелімді ,жас баламды,- деген сөздерінен өмірдің көлеңкелі жақтарын көп көріп,өз заманында тиісті бағасын ала алмағанын, сөйте тұра өлеңді өмірінің өзегі еткен, туған елін ардақтаған ұлтжанды ақын екенін аңғару қиын емес.Өмірінің соңғы жылдары жазылған «Өзім туралы» өлеңі (кей жерлерде аяқталмай қалған делінеді) ақынның өзі туралы толғанысы, сезімі, ақындық мақсаты айтылады.

 

ІҮ. Жаңа сабақты бекіту.

 

  1. Өлеңді мәнерлеп оқу (не айтылғанын сұрау)
  2. Ассоциация әдісі бойынша өлең шумақтарындағы негізгі ойларды топтап жазып, мазмұнын ашу
Негізгі мәселелерШумақтарТармақтар
Өзі жайлы
Өмір мен өлім туралы
Ақындық, оның мақсаты
Болашаққа өсиет
Туған ел, туған жер туралы

Қазақта « қара өлеңге дес бермеген Қасым ақын» жырларымен де, азаматтық ,адамдық іс-әрекетімен де өзінен кейінгі толқын інілеріне үлгі бола білген, қазақтың біртуар азаматтарына ұстаз бола алған

Ү. Салыстыру.

Абай мен Қасым ойындағы ұқсастық туралы пікір айту. Қандай адам өлмейді ?

Қасым «Өзім туралы» өлеңінде

Барым да, бақытым да осы өлеңім,

Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.

Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,

Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін.

Абай «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес » (өлеңінен үзінді)

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап- күлмес…

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

 

ҮІ Өлеңді сатылай кешенді талдау

1.Тақырыбы: Өз өмірі жайында айта отырып, болашаққа сенім арту, туған жерді, елді қадірлеу.

2.Жанры :   Поэзия,өлең

  1. Идеясы: Туған елін, жерін ардақтаған ұлтжанды азаматтарды ұмытпау.
  2. Шумағы: 25 шумақ
  3. Тармағы: 100 тармақ
  4. Буыны: 11 – 12 буынды
  5. Ұйқасы: а а б а түріндегі қара өлең ұйқасы
  6. Әдеби теориялық ұғымдар:

Метафора:   Жүрегімнің досы,кең мекен,қысқа өмір,балшық өлең,алтын от.

Кейіптеу:  Өлеңнің отын жағып асырармын,бір атаның ғасырымын,аспандағы асылымын.

9.Кейіпкерлері: Лирикалық кейіпкер ақынның өзі. Ақын бейнесін талдау

Ақ көңіл, досқа адал, ақын, жауынгер, сазгер, кеңпейіл, мырза, көпшіл

  1. Сөздік қоржыны (дәптермен жұмыс)

Жасық — жігерсіз, былжыр, тартымсыз, әлсіз, уытсыз

Көрік – ұста дүкенінде көмірді үрлеп,темірді қыздыру үшін теріден жасалған үрлеуші

Тымырсық – сыр ашпайтын,сөйлемейтін

Торқа – ең қымбат жібек мата

11.Тәрбиелік мәні: Қасым өмірді сүйген ақын.Майданда от кешкен, тұрмыс тауқыметін тартып, дертті болған ақын еш мойымайды, күйзелмейді.Сөзі тозған жоқ, өлеңі ескірген жоқ, уақытпен үндесе алмай жатқан жоқ. Қасым сол баяғы Қасым күйінде қала береді. Қасымды өртке тиген дауылдай өлеңдерімен бірге арамызда жүр деп сезінеміз,үлгі аламыз.

Қорытынды сөз: «Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр,» — деп, Тахауи Ахтанов  ағамыз  айтқандай, Қасым өлеңдерімен бірге келешек ұрпақтың көңілінде жүр.

ҮІІ.  Үйге тапсырма

Қ. Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңінен үзінді жаттау, поэтикалық тіліне талдау жасау.

ҮІІІ.   Бағалау

Дайындаған:    Бөкенбаева Ханзия Әметқызы

                               Бейнеу ауданы

                              Сыңғырлау мектебі