Менің құқық әлемімде

65

Тақырыбы:  Менің  құқық  әлемімде

Мақсаты:  — Оқушылардың құқықтық білімдерін тереңдету, Заң алдындағы жауапкершілікті арттыру, ұйымшылдық пен тәртіптіліктің  тиімді жолдарын таба білуге баулу, саяси сауаттылыққа баулу;

  • Оқушыларды өз құқықтарын қорғай білуге үйрету;
  • Оқушылар бойында демократиялық көзқарас қалыптастыру;
  • Құқықтық нормативтік актілерді орындай, құрметтей білуге үйрету, адамгершілікке, -елжандылыққа, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу;
  • Оқушылардың ойлау, тыңдау, өз ойларын еркін жеткізе алу мәдениетін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шындау.

Көрнекілігі: ҚР Конституциясы кітапшасы, Бала құқықтары туралы Конвенция, Бала құқығын қорғау туралы тұжырымдама, халыққа құқықтық көмек «Бала құқығы» жадынамасы, слайдтар, оқушылардың бала құқығы тақырыбына байланысты салған суреттері.

Барысы:   І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар дөңгеленіп тұрып, барлығы келесі шумақты хормен айтады:

      Мейірімді жүрекпен,

Ақпейілді тілекпен,

Амандасып алайық,

Бір жадырап қалайық!

Ой қозғау.

  • Балалар, бүгін біз сендермен бірге өз құқықтарымыз туралы не білетінімізді байқап көреміз. Ол үшін мына әр топқа мынадай тапсырмалар берейін.

1-топ. Құқық дегенді қалай түсінесіңдер? Толықтай мысалдар келтір.

2-топ. Қандай құқықтарым бар деп ойлайсыңдар? Өз құқықтарыңды қалай пайдаланып жүрсіңдер? Құқықтарыңа шектеу жасалып жатқан кездер болып тұра ма? Мысал келтір.

3-топ.  Бақытты бала қандай болады? Сен өзіңді бақыттымын деп санайсың ба? Неліктен?

4-топ. Өздеріңнің жақсы өмір сүрулерің үшін қандай жағдайлар болуы қажет деп ойлайсыңдар? Мысалдар келтір.

 

3-топтың жауабынан кейін бала құқықтары туралы мағлұмат беріледі , содан кейін 4-топтың жауабы тыңдалады.

«Қол соғыңыздар, егер де …» ойыны

— сіздер бүгін жақсы көңіл-күймен және жаңа білім алуға келсеңіздер;

— кімді адам құқығы, оның ішінде баланың құқықтары ойландырады;

— кім адам құқықтарын және бала құқықтарын сақтап және құрметтей отырып жұмыс істеуге дайын.

 

Бала құқығы туралы Конвенцияға түсінік беру

БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясы – әрқайсысы белгілі бір құқықты сипаттайтын  54 баптан тұратын бала құқықтары туралы құжат. Конвенция бала ретінде 18 жасқа толмаған тұлғаны санайды, егер ел заңдары бойынша кәмелетке толу жасы осыдан кіші бекітілмесе.

Конвенцияға кіретін құқықтардың бәрі барлық балаға бірдей тарайды. Конвенцияға қол қойғаннан кейін балаларды кемсітуден қорғауға және олардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесу үшін белсенді шаралар қолдану міндетін мемлекет өзіне алады. «Конвенция» сөзі бізге латын тіліннен келген, ол «шарт, келісім» дегенді білдіреді. Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы 1989 жылы 20 қарашада қабылданды және жалпы адам құқықтары декларация негізінде жасалды. Конвенцияны бекіткен елдер оның кепілі болып табылады. Бала құықтары туралы Конвенция – бұл барлық дүниежүзіндегі мемлекеттер кепіл болатын, жалғыз ғана халықаралық келісім. Конвенцияға кепіл болмаған елдер тек қана  АҚШ және Сомали.

 

«Біліп жүрейік!»

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні

20 қараша – дүниежүзілік балалар күні

10 желтоқсан – адам құқығы күні

10 желтоқсан 1948 жылы – адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясын БҰҰ қабылдады

1959 жылы – әлемде бала құқығының халықаралық күнін мерекелеу Декларацияны жариялаудан басталды

1979 жылы – халықаралық балалар жылы өтті

20 қараша 1989 ж — БҰҰ-да Бала құқықтары туралы Конвенция қабылданды

1994 жылы – Қазақстан Республикасы Бала құқықтары туралы Конвенцияны бекітті.

 

Бала құқықтары туралы халықаралық Конвенциядан

1-бап.Бұл Конвенцияның шарты бойынша 18 жасқа толмаған әрбір адам бала болып есептеледі…

2-бап. Әрбір бала зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғалуға құқылы.

4-бап. Жынысына, ұлтына, тiліне, шығу тегiне, тұрмыс  жағдайына, денсаулығына, тұрғылықты жерiне, дiнге көзқарасына қарамастан  барлық бала тең құқыққа ие.

8-бап. Әрбір бала  өз денсаулық сақтауға құқылы.

9-бап. Бала өмірге келе салысымен тіркеуге алынады және өзіне есім мен азаматтық алуға құқылы.

 

11-бап. Әрбір баланың ой – пікір, ар —  ождан және дінге көзқарас еркіндігіне құқығы бар. Бала өз ойын еркін айтуға құқылы.

 

15-бап. Әрбiр баланың тегін бiлiм алуға құқығы бар .

 

16-бап. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

 

19-бап. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.

 

21-бап. Әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.

  • Міне, балалар, бала құқығын қорғау Конвенциясында осындай баптар сендердің бақытты және тең құқылы өмір сүрулеріңнің кепілі болады екен. Енді 4-топтың жауабын тыңдайық.

Балалар жауап беріп жатқан кезде слайдтан балалардың ойларына сәйкес суреттер көрсетіледі. (үй, өз бөлмесі, сәнді киімдер, азық-түлік, қамқорлық, оқу-білім, велосипед, компьютер, таза ауа, таза су, медициналық қызмет түрлері,   тәттілер )

  • Міне, балалар, менің ойымша да осы нәрселер бар болса, біз жақсы өмір сүре аламыз деп ойлаймын.  Енді мынадай сұраққа ойланып көрейік. Балалар, бізде осы нәрселердің барлығы бірдей болу мүмкіндігі бар ма? Қалай ойлайсыңдар?
  • Олай болса, қазір алдарыңда тұрған хатқалталарды ашып ішіндегі суреттерге мұқият қараңдар. Сосын ішінен өз ойларыңша онсыз да өмір сүруге болады деп санайтын 4 карточканы бөлек алып қойыңдар. (уақыт беріледі)

Оқушылардың жауаптары тыңдалып, жауап дәлелденеді, өзара келісе отырып, 8 карточка қалдырылады.

  • Әрі қарай жұмысымызды жалғастырайық. Қазір осы суреттердің ішінен өз өмірімізге өте маңызды емес саналатын тағы да 4 карточканы бөліп алайық.

(уақыт беріліп, жауап тыңдалады, бұл жолы балалар қиыншылықтарға кез болады, себебі, осы 12 карточканың ішінде маңызды емес 5-еуі ғана.)

Оқушылардан әртүрлі жауаптар тыңдалғаннан кейін адам өмірі үшін өте қажетті жағдайлар тиянақталып, сабақ қорытындыланады.  (азық-түлік, мед.қызметтер, таза ауа, таза су, үй, оқу-білім алу, қамқорлық)

  • Балалар, біз бақытты балалар екенбіз, осы айтылғанның бәрі біздің елімізде қолдау тапқан, ата-аналарымыз аман, еліміз тыныш. Ал осының бәрі біздің еліміздің Ата Заңы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сендер сияқты балдырған балаларды қорғауғ а арналған Заң, Конвенциялар бар екен. Қане, кімдер еліміздің қамқорлығына арнап өз алғыстарын білдіргісі келеді?

1-оқушы: Ешкім де мін таға алмас елдігіме!

Дауласып жармаспайды белдігіме.

Бойында Ата Заңның өріліп тұр

Даламның кеңдігі де, теңдігі де!

Өмірден әділдік пен бақ табатын,

Құқығым қорғалды деп шаттанатын,

Өзіңдей жас өркендер келеді өсіп

«Бұл біздің – Ата Заң» деп мақтанатын!

 

  • 2-оқушы: Жерінде – бабасының,
  • Елінде – атасының,
  • Көңілінде — әжесінің,
  • Қолында – анасының,
  • Жолында – ағасының,
  • Төсінде – даласының,
  • Тапқан өз жарасымын,
  • Мен – қазақ баласымын.
  • Е. Өтетілеуұлы.