Төрт тілек. К.Ушинский

Сабақтың тақырыбы:   Төрт тілек.   К.Ушинский

Сабақтың   мақсаты: а) білімдік: жылдың төрт мезгілі туралы білім беру

арқылы Митяның тілегі барлық  балалардың     тілегі

екенін, табиғаттың  жылдың  қай мезгілінде болса да  сұлу

да  мейірімді екенін  түсіндіру;

ә) тәрбиелік: айналаға көз жіберте отырып, жанашырлық

сезімдірін ояту, экологиялық тәрбие беру;

б) дамытушылық: дүниетанымын кеңейту, оқушыларды

айналадағы құбылыстарға  ғылыми көзқараспен қарауға

дағдыландыру, сөздік қорын молайту, шығармашылық

қабілеттерін дамыту.

Типі: жаңа білім беру сабағы

                         Әдісі: сұрақ-жауап, болжау, әңгімелеу әдістері

              Көрнекілігі: жыл мезгілдеріне байланысты слайдтар

 

 Сабақ барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.

  • Балалар, қазір бізде әдебиеттік оқу сабағы, сабаққа дайынбыз ба?

 

            ІІ. Үй тапсырмасын сұрау.

  • Үйге қандай тапсырма берілді?
  • С. Сейфуллин кім болған  екен?
  • «Қызыл шұнақ» тіркесінің мағынасын айтып жіберейікші.
  • Өлеңде не туралы айтылған?
  • Қысқы ауа райы туралы не айтар едіңдер?
  • Неліктен екенін айта алсыңдар ма?

Өлеңді оқушыларға жатқа айтқызамын. (мәнерлеп жақсы оқыған оқушыларға қосымша сұрақ  қойып бағалаймын)

  • Осы өлеңде айтылған қыс мезгіліне тән белгілер біздің жерімізде жиі болып тұра ма?
  • Біз Қазақстанның  қай  өңірінде  тұрамыз?
  • Ал осы өлеңде айтылғандай үскірік суық, ұшан-теңіз  қалың қар, бет қарыған аяз,  зәрлі деммен ысқырған қылшылдаған қызыл шұнақ аяз еліміздің қай өңірлеріне тән құбылыстар деп ойлайсыңдар?
  • Оны қайдан біліп отырсыңдар?
  • Дұрыс айтасыңдар, біз күнде теледидардан ауа райы туралы синоптиктердің мәліметін тыңдайды екенбіз.

           ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

  • Сонымен , балалар, қазір бізде қай мезгіл?
  • Қыс мезгілі кімдерге ұнайды?
  • Жарайсыңдар, балалар, бала кезімде қыс мезгілі маған да ұнайтын.
  • Қыс мезгілі бізге неліктен ұнайды, себебін кім айтады?
  • Дұрыс, қыс мезгілі өзінің осындай қызықтарына толы екен.
  • Онда қане қыс мезгілі ұнайды деп бәріміз қол соғып қояйықшы.
  • Балалар, біздің бүгінгі сабағымыз жыл мезгілдеріне байланысты болады екен.
  • Бір жылда неше мезгіл бар?
  • Ендеше, алдымен мына слайдқа қарап, жыл мезгілдерінің ауысуы туралы ғылыми түсінік алайық.

  Жыл  күн, апта, айдан құралады.  Бір жылда төрт жыл мезгілі бар. Олардың ауысып  келуі  Жердің  Күнді айналуына  байланысты болады. Жер   Күнді  365  не 366 күнде  толық бір айналып  шығады. Сол 365 күн Жыл деп аталады Ғылым бойынша  алғашқы үш жыл 365 күннен, ал  төртінші жыл 366 күн болып есептеледі. Ол  кібісе жыл  деп аталады.  Кібісе жылдың саны төртке қалдықсыз бөлінеді. Келе жатқан жаңа 2012жыл кібісе жыл болып саналады.  Бұл жылы ақпан айында 29 күн бар екен.

  • Жыл туралы мәліметті түсініп алсақ, бүгінгі сабағымызға оралайық.

 

     К.Ушинский туралы мәлімет беремін.

К.Д. Ушинский – атақты орыс педагогы, балаларға  арнап  шығармалар жазған, бала жанына жақын болған кісі. Ол әдебиетпен, театрмен қызыға айналысты, халықтың  сауатын  ашуды армандады. Оқытудың сынып-сабақ жүйесін енгізді. Ол кісі балаларға арнап «Балалар дүниесі», «Мектепке шақыру», «Бүркіт пен мысық», «Бөтен тауық» атты балаларға арналған әңгімелер және «»Екі соқа», «Түлкі мен ешкі», « Жел мен күн» атты ертегілер  жазған.

 

Мәтінмен жұмыс

Бүгін біз ол кісінің «Төрт тілек» атты әңгімесімен танысамыз.

— Балалар, тілек дегенді қалай түсінесіңдер, сендердің қандай тілектерің бар?

Балаларға өз тілектерін айтқызамын.

  • Жақсы , балалар, тілектерің өте тамаша екен. Тілектерің орындала берсін.

Мәтіннің бірінші  бөлігін өзім  оқып беремін, сұрақтар қоямын.

  • Миитяға қыс мезгілі неліктен ұнады деп ойлайсыңдар?
  • Ол қандай тілек айтты? (тауып оқыту)
  • Ал сендерге қыс мезгілі ұнай ма?
  • Онда қыс мезгілі ұнайды деп белгі соғып қояйық.

Мәтінді әрі қарай  бір оқушыға оқытамын, сұрақтар қоямын.

— Митяға    көктем несімен ұнады?

— Ол қандай тілек айтты? ( тауып оқыту)

  • Ал сендерге көктем мезгілі ұнай ма?

— Онда бізге де көктем мезгілі ұнайды деп белгі соғып қояйық.

Мәтіннің келесі бөлігін  барлық оқушыларға  оқытамын, сұрақтар қоямын.

  • Жаз мезгілінің қандай қызықтары Митяны баурап алды?
  • Ол қандай тілек айтты? (тауып оқыту)
  • Ал сендерге жаз  мезгілі ұнай ма?
  • Онда бізге де көктем мезгілі ұнайды деп белгі соғып қояйық.
  • Енді ,балалар, қай мезгіл келеді?
  • Қане, балалар, Митяға күз мезгілінде   не ұнауы  мүмкін екенін болжап көрейікші. Дәптерімізге күзгі  табиғат  тамашалары  туралы жазайық.

Оқушылардың болжамдарын оқытамын. Оқулықты ашып мәтіннің  төртінші бөлігін өзім оқып беремін, сұрақ қоямын.

  • Ал балалар сендердің болжамдарың мен Митяның күз мезгілінен ұнатқаны сәйкес келді ме?
  • Митя қандай тілек айтты?
  • Ал сендерге күз мезгілі ұнай ма?
  • Ендеше белгі соғып қояйық.

Мәтіннің соңғы бөлігін  бір оқушыға оқытамын.

  • Қане, балалар, біздің тілегімізді де қарап көрейік.
  • Бізге де жыл мезгілдерінің барлығы ұнайды. Ендеше бұл Митя сияқты балалардың барлығының да тілегі — тыныштық, алаңсыз, бейбіт өмір екенін  біледі екенбіз.
  • Сонымен табиғатта қолайсыз жыл мезгілі бола ма екен?

 

Шығармашылық жұмыс

  • Жоқ, әрине, олай болса қазір 1- ден 4-ке дейін саналайық, дәптерімізді ашып, бірінші ретпен саналған оқушылар сендер қыс мезгілін, екінші реттегілер көктем мезгілін, үшінші реттегілер жаз мезгілін, төртінші реттегілер  күз мезгілін сипаттау мәтінін құрастырап жазайық.

Кейбір оқушыларға  өзі ұнатқан мезгілдің суретін салу.

Мәтін құрастыруға  5-6 минут уақыт беремін. Оқушылардың жұмыстарын  оқытамын,бағалаймын. Оқушыларға қазақтың маусымдық  тойлары туралы айтып  өтемін.

        

     Қосымша мәлімет беру.

  • Балалар, естеріңде болса, өткен сабақтарымызда қазақтың маусымдық тойлары туралы айтып едік, жыл мезгілдеріне байланысты қазақта қандай тойлар тойланатын болған?

Қазақ халқының маусымдық  тойлары туралы әңгімелеу.

     Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелген сәтте, яғни, 22 наурызда тойланады. Наурыз мерекесінде көпшілік бұлақтардың көзін ашып, тал егіп, игілікті жұмыстар атқарады. Бұл кезде мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңара бастайды. Сондықтан да наурыз тойын «тепетеңдік», «игілік», «жаңару», мейрамы деп атайды.

Қымызмұрындық – жаз тойы болып, мамыр айынан бастап маусым айына созылатын үлкен той. Осы кезде мал отығып, биелер желіге байланып, қымыз жиналып, ағайын – жекжаттар бірін – бірі қымызға шақырады. Құран оқып, мал сойылып, түрлі ойын – сауықтар, жарыстар ұйымдастырылады. Осы кезде түрлі той- томалақтар да өткізіледі.

Мизам (Сабан той) Күз айында диқандар мен бағбандардың құрметіне арналған той. Бұл тойда  түрлі жарыстар мен ойын – сауықтар өткізілді.

Соғым басы – қыс тойы болып алғаш рет қар жауып аяз түскен сәтте басталады. Осы кезде ауыл адамдары соғымға сақтаған малдарын сойып, бірін – бірі қонаққа шақырады. қыстың ұзақ түнінде ақындар мен жыршылар терме, қисса, ертегі айтып, жұртты қызыққа батырады екен.

 

ІV. Сабақты қорытындылау.

     —   Міне, балалар, көрдіңдер ме, жыл мезгілдерін ерте заманнан-ақ халқымыз құрмет тұтқан екен.

  • Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?
  • Ендеше қазір бәріміз ойын ойнайық.

        Ойын. «Бәрін білгім келеді».

Әр бөлім бойынша ұяшықтарды таңдай отырып, сұрақтарға жауап беру арқылы сабақты қорытындылаймын.

Сабаққа жақсы қатысқан оқушыларды мадақтап, бағалау.

  1. Үйге тапсырма

Мәтінді оқып, түсінік айту.

Қосымша тапсырма: мақал-мәтел кітапшамызға жыл мезгілдері туралы 5 мақал жазып  келу, өздеріне ерекше ұнайтын жыл мезгілінің суретін салып келу.