«Астанам» Т.Жексенбай 1 сынып

Сабақтың тақырыбы: «Астанам» Т.Жексенбай             1 сынып

Сабақтың мақсаты:

  1. Астана туралы мағлұмат беру.Өлеңнің мазмұнын түсіндіру, электрондық оқулық арқылы өтілген тарауды пысықтау.Оқушыларды мәнерлеп сөйлеуге, шығармашылық жұмыстарға бағыттау.
  2. Қазақстан Республикасы туралы ойларын бекіту. Сөздік қорлары мен ойлау қабілеттерін дамыту. Эстетикалық қызығушылықтарын арттыру. Байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
  3. Қазақстан Республикасын сүюге, Отанының патриоты бола білуге тәрбиелеу.

Түрі:  жаңа сабақты меңгерту

Әдісі: Көрнекілік, түсіндіру, шығармашылық, сұрақ-жауап.

Көрнекі-құралдар: Электронды оқулық, проектор, интерактивті тақта.

Пәнаралық байланыс:  бейнелеу өнері, дүниетану

Сабақтың барысы :

І Ұйымдастыру кезеңі:

  1. Оқушылардың сабаққа әзірлігі
  2. Оқу-құралдарының толықтығы
  3. Оқушылардың сабаққа қатынасуы

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:

«Отан» М. Хакімжанова – жатқа сұрау

ІІІ. Өткен сабақты бекіту:

-Балалар, қазір мен сендерге мәтін оқимын. Ал сендер сол мәтінді тыңдап отырып сурет салып бересіңдер.

-Мен Қазақстан Республикасында тұрамын. Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласы. Қазақстан Республикасының жер көлемі өте үлкен. Табиғаты әсем. Өсімдіктерге, жануарларға бай, өзен-көлдер көп. Аспанымыз ашық.Елімізде көп қабатты үйлер мен әдемі мекемелер көп салынуда. Астанада Бәйтерек бар. Біздің еліміздің өз шекарасы бар. Біздің президентіміз –Н.Ә.Назарбаев.

Оқушылар тақтаға сурет салып болған соң, салған суреттерін талдап, қорытындылайды.

 

  • Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыста қандай мерекелер болады?
  • Алдымызда қандай мереке келе жатыр?
  • 16 желтоқсан қандай мереке?
  • Тәуелсіздік дегеніміз  еліміздің өз шекерасы , өз жері , өзіміздің рәмізіміз, өз астанамыз бар деген сөз екен. Қане барлығымыз тақтаға қарайық.

Слайд бойынша Астана қаласына шолу жасау.

 

ІҮ. Жаңа сабақ:

-Суреттен не көрдіңдер?

— Астана қаласы туралы не білесіңдер?

— Астана қаласына барып көргендерің барма ?

 

-Ендеше бүгін «Астанам» өлеңін өтеміз. Астана қаласы өте әсем қала. Астанада Бәйтерек, Президент сарайы, көп қабатты әсем үйлер, әдемі фонтандар бар.

-Сендер қандай қалаларды білесіңдер?

-Оларды неліктен біздің Астанамыз деп айтпаймыз?

 

-Астананың басқа қалалардан ерекшелігі: онда барлық мекеме орталығы, үкімет үйлері, Елбасы отырып басқаратын Ақорда осы Астана қаласында. Қарағанды жай қала болса, Астана — бас қала. Қарағанды облыс орталығы болса, Астана- Республика ортылығы. Астана қаласының бұрынғы аты-Ақмола деп аталған. Ақмола қаласы 1997 жылы астана болып жарияланды. Ал 1998 жылы мамырда Ақмола Астана қаласы болып өзгертілді.

Оқулықпен жұмыс:

«Астанам» өлеңін мәнерлеп оқу.

Оқушыларға дауыстап, іштей, тізбектей оқыту.

Дәптермен жұмыс:

Бәріміз тақтаға қарайық.

Кейбір сөздері қалып қойған өлең жазылған.

Отанымның  ____________,

___________________ өрінде.

_________ ұстаған Астанам-

Әсем _____________, бас қалам.

Керекті сөздер:   төрінде, Сарыарқаның, Ту, қалам.

-Ендеше барлығымыз әдемі , таза, қатесіз осы шумақтың соңғы екі жолын көшіріп алайық.

 

Ү Бекіту

-Бүгін не туралы өттік?

-Сұрақ-жауап арқылы бекіту

  1. Біз қай мемлекетте тұрамыз?
  2. Астана қаласы бұрын қалай аталды?
  3. Президентіміз кім?
  4. Отан, туған жер туралы қандай мақал –мәтел білесіңдер?
  5. Алфавитті жатқа айт.
  6. Астана сөзін жазып бер.
  7. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата
  8. Әліппе оқулығының алғашқы бетінде кімнің сөзі жазылған және не деп жазылған?
  9. Қазақстан Республикасының Әнұраны қалай шырқалады?
  10. Дауысты дыбыстарды ата.
  11. Дауыссыз дыбыстар қалай айтылады?
  12. Әнұранның сөзін жазғандар кімдер?

 

Әр сұраққа жауап алған сайын сұрақтың  артындағы жасырылған әріптерден сөз құралады.

М Е Р Е К Е Ң І З Б Е Н

Бүгінгі сабақтың қорытындысы ретінде мерекелік лебіздерімізді жақсы құттықтау тілектермен аяқтайық?

 

ҮІ. Үйге тапсырма беру.

«Астанам» Т.Жексенбай жаттау. Астана туралы 5 жол өлең құрастыру.

ҮІІ. Мадақтау. Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды мадақтап өту.

 

Исабекова Құралай Бақытқызы

Қарағанды облысы

Қарқаралы қаласы

№44 орта мектептің

бастауыш сынып мұғалімі