«Бәрінің бастауы- махаббат»

413

Мақсаты: өзіндік жүйелі дамуына әсер ету, эстетикалық көзқарастарын дамыту. Шын адал достыққа баулу. «Махаббат» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Адам бойындағы махаббат сезімін құрмет тұтуға баулу.

Көрнекілігі: Сахнаның төріне немесе жоғары жағына  жүрек тістеп ұшып бара жатқан екі кептердің суретін ойып қыстыру, әр түрлі ленталар, шарлармен безендіру.

Қатысушылар: жоғарғы сынып оқушылары

Барысы:

Психолог:

«Адамды бақыттылыққа үйрету мүмкін емес, бірақ бақытты болатындай етіп тәрбиелеуге болады». Ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің үш өрісі бар. Біріншісі- қоршаған орта, отбасы, көрші-қолаң, ауыл-аймақ. Екіншісі- мектеп, білім ордасы. Үшіншісі- мектептің тәрбие жүйесі. Бала – кең әлемге ең таза, ең пәк асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы қоршаған ортаға байланысты болмақ. Шынайы өмірде жағымды, жағымсыз құбылыстар, әрекеттер кездеседі.Соларды ажырата білу арқылы өмірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп жақсы өмір сүріп, адамдарға, айналамызға қуаныш, бақыт сыйлай білейік, өйткені өмір қамшының сабындай қысқа . Сондықтан қысқа күнде бөлінбей «Сіз бен біз» дескен абзал.

Өзін-өзі тану бағдарламасының негізін қалаушы Сара Алпысқызы өз сөзінде «Мен шын көңілден Махаббат дегеніміз қасиетті құбылыс деп санаймын. Оның әрбір көрінісі – жұбайлық, ата-аналық, балалар махаббаты, қоршаған әлемге деген құштарлық бізді одан әрі ізгілікке бастап, жетілдіре түседі. Бәрі де махаббаттан басталады….» деген. Осы сөзде тіршіліктің түйіні жатқандай, өйткені ол –қанат бітірер нұрлы сезім.

«Махаббат шуағы»

Бәрінің бастауы – махаббат,

Жаныңа нұр сепкен шапағат.

Еңбектің рахатын сездірген,

Гүлдерге құлпыртып түр берген,

Сәбидің шырағын жандырған,

Бұлағы — мейірін қандырған,

Шуағы жылытқан жүректі,

Жаңғыртып айтамын қайталап,

Бәрінің бастауы-махаббат!

Адамгершілік құндылықтың бірі махаббат әлеміне қош келдіңіздер.

             (Көңілді  музыка ойнап тұрады. Сахнаға қария мен жас жігіт шығады)

Қария: Мынау үлкен ғаламда адамзат баласының жүрек қылын шертетін, тәтті қиял-ғажайыптарға бөлейтін ұлы сезім бар. Ол сезім махаббат деп аталады.

Жас жігіт: Ұлы сезім дейсіз, ата. Мен сол сезімді неге сезінбеймін? Жүрегім менің неге ол сезімнің ләззатына бөленбейді? Айтыңызшы. Әлде ол сезім көптің уысына түсе бермейтін, әркімнің дегеніне көнбейтін, сусыз ми далада шөлдейтін, алыстан мұнарлатып маған кел дейтін сезім бе?

Қария: Ей, қарағым, бұл сезімнің дәмін татпаған , рахатына бөленбеген, қызығына қанықпаған, шыжығына күймеген жан жоқ шығар жер бетінде. Сен де бір күні сол сезімнің шырмауына арбаларсың.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

Ән: «Сағыныш »  Орындайтын  Нұрқан мен Мэлсбек

Жас жігіт: Махаббат қандай сезім едің, сен үшін әлем жерді кезіп едім. Қария, қанша жерге жол тартып, қанша елге сапар шексем де сіз айтып тамсандырған тәтті сезімді кезіктіре алмадым.

Қария: Қарағым, алты қырдан ассаң дағы, жеті қырды кезсең дағы  махаббат сезімін таба қоймассың. Ол әлдебір күш сияқты. Кенеттен, ойламаған жерден жүрегіңе ғашықтың ыстық тамшысы еніп, сол тамшыдан махаббат деп аталатын тәтті сезімнің ұлпасы түзеледі. Оның орны тек жүректе. Жүректен жүрекке өтетін сезім ғой бұл.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

« Шашу»  биі

Жас жігіт: Қария, айтыңызшы махаббаттың құрылымы қандай? Ол қандай сипатта болады? Сол сезімге ұқсас қандай сезімдер бар? Осыны тарқатып түсіндіріп беріңізші.

Қария: Махаббат — ол сүйіспеншілік. Сүйіспеншілік әр нәрсеге бағытталуы мүмкін. Мәселен, ананың шыр етіп өмірге келген сәбиіне деген махаббаты. Сол баланың анасына деген махаббаты. Айналадағы тылсым дүние табиғатқа деген махаббат. Оттқа түсіп жан беретін, өз Отанына деген махаббат.Өмірінің серігі болатын, ыстығына күйіп, суығына көнетін, арқа сүйер сүйгеніңе деген махаббат. Көрдің бе, балам, бір ғана махаббат сезімі қанша дүниені байланыстырып тұр.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

Ән:   « Мектептегі махаббат  »  — Алиев Берік

Жас жігіт: Қария, сіз де  ғашықтық отына күйіп, махаббат жалынан күш алып, мынау бір әсем дүниенің ішінде өзіңізді бақытты еткен махаббат сезімі қандай болып еді?

 

Айтыңызшы асыл сөзбен тамсандырып,

Махаббат сезімімен ән салдырып.

Көкірегімде оянсын бір жылылық,

Жүрегімде сезімім тұрсын күліп.

Қария: Ғашық көңіл –мәңгі жасыл, айдын көл.

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,

Ал, қалғаны-жай күндер.

Албыраған сендей жастық шағымда

Ғашық болдым бұлдыраған сағымға.

Қуаладым сол сағымның артынан,

Көрінердей бақытым да алдымнан.

Иә, мен сол бақытымды тапқан едім. Мәңгілік есімнен кетпейтін, сол бір асыл жан маған өмір бойы өзінің таза мөлдір, асыл махаббатын сыйлап кетті.Мен онымен бақытты жанұя құрдым. Біздің бір-бірімізге деген махаббатымыз жанұяға береке мен бірлік, адам өмірінің жалғасы болар ұрпақ әкелуге себеп болды. Иә, оның жүрегіндегі адал махаббат маған осы күнге дейін күш-жігер беріп, бақыт нәрін сеуіп келді.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

Ән: «Әгугай»- /Ақзия мен Ғасыр/

Қария:  Махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік бәрі бір-біріне байланысқан асау аттың шабысындай ешкімге дес бермейтіндей адам бойындағы баға жетпес құнды дүние. Оны ешқандай ақшаға, ешқандай алтынға сатып алуға болмайды. Қазіргі заманның жастарының махаббатты аяққа таптағанына ішім ашиды. Осындай ұлы сезімді аяламаған жастарға не дерсін?! Қадіріне жетіңдер махаббаттың. Оның киесіне қалмаңдар, шырақтарым!

Жас жігіт: Егер менің жүрегімде ғашықтық сезімі болса, қария, сізге, уәде берем: ол сезімді аялап өтемін.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

Психолог:

Құрметті ұстаздар, өзін-өзі тану пәнінде «ойланайық, пікірлесейік» деп аталатын бөлімі бар екенін білесіздер. Олай болса сіздерді сұраққа пікір беруге шақырамын:

  1. Құрметті ұстаздар, махаббаттың 25-ке тарта түрі бар екен.
  • Ананың махаббаты ( сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын )
  • Әке махаббаты (жауға қарсы кеткен ұлын мойнына бұрша салып, соқыр көзінен жас парлап күткен әкенің махаббаты )
  • Бауырға махаббат ( басына іс түскенде «Әйел жолда, бала белде, бауыр белде, бауырды қайдаң табасың?» дегізген бауырмалдық махаббат)
  • Отанға деген махаббат ( туған жерден, атажұрттан алыстап бара жатып бір уыс топырақты түйіп әкеттірген махаббат)
  • Достық махаббат
  • Өмірге махаббат
  • Табиғатқа деген махаббат т.б.

Осы махаббаттың қайсысы сіздің бойыңызда бар?

  1. Махаббат адамның лауазымына, байлығына, жасына байланысты өзгеруі мүмкін бе?
  2. Махаббат әрқашанда жақсылық әкеле ме?
  3. Адам өз махаббатынан зиян шеге ме?
  4. Махаббат қай уақытта жағымсыз қасиетке айналады?
  5. Адамға махаббат қаншалықты қажет?
  6. Махаббат сезімдеріне адал ғашықтарды есімізге түсіріп, атап өтінізші.

 (Сахнаға қария мен жігіт шығады. Осы кезде екінші жақтан қыз шығады)

Қыз: Сәлеметсіз бе, ата. Қал-жағдайыңыз қалай?

Ата: Амансыз ба, балам, танымадым ғой?

Қыз: Ата, мен ауылдағы Ахат есімді ініңіздің Бану атты қызы боламын.

Ата: А-а, қарағым, енді есіме түсті. Сен жастайыңнан өнер-білімді қуып Алматыға кетіп едің ғой.

Қыз: Иә, ата, сол арманыма жетіп, қалаған мамандығымның тізгінін ұстап, оқу-білімді жалғастырып жатқан жайым бар. Ауылымның көктемгі жұпар иісін сағынып , табиғат аясында серуендеп жүрген жайым бар.

Ата: Дұрыс айтасың, қызым, ауылдың жанға дауа, шипа ауасына не жетсің. Шырағым бойында ақындық қабілетің бар еді.

Қыз: Ақындық өмірімнің мәні, қиналсам да, қуансам да ойымды өлең арқылы бөлісемін. Табиғат аясында тұрып бойымдағы шабытымды шыңдап тұрмын.

( қыз өз шығармасынан өлең оқиды)

Ақзия: О, Махаббат!   М.Мақатаев.

Сен әлі тірі ме едің!?

Көзімнен ғайып болған күнім едің,

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің!?

Мен сені ұмытқамын.

Жылытқаның есте жоқ суытқаның.

Суып қаным.

Жинағам құрып халім,

Жығылған отауымның уықтарын.

Содан бері мен сені ұмытқамын.

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің?!

Тірі ме едің…..

Мен де енді тірілемін!

Ақ періште, алдыңа жүгінемін,

…Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені?!

Дидара:           О,Махаббат.                Т. Әбдірахманова

О, Махаббат  аяулы асыл сезім,

Арнамаған бар ма екен саған сөзін.

Мекендеген жер үстін жан иесін.

Баурамаған бар ма екен сірә кезің.

Асыл сезім жаралған ізгіліктен

Талпынады жан біткен ізгі үмітпен

Сенен шығып, тарайды сенен ғана

Бар жақсылық атаулы бізді күткен.

Дүние бос, өмір жоқ сенсіз жерде

Тек саналар хайуанмен сенсіз пенде.

Адамдықтың , ізгілік, ұлылықтың

Биігіне жетудің кілті сенде .

Жансая:

Ұлы сезім, шегің жоқ, шеңберің жоқ,

Бір қарасақ өзіңсіз елдегі көп.

Түрлерің көп, қырларың, сырларың көп,

Ең қол жетпес және жердегі жоқ.

Адамдағы қымбаттың, қасиеттің

Қадіріне жетуді ғасыл еттің

Сен бар жерде бақытты жан атаулы,

Сен жоқ жерде басында қасірет-мұң.

О, махаббат берілген тек адамға

Нұрың түспес жан бар ма бұл ғаламда

Тек қадірін түсіну, құрбан болу

Бұйырмаған жердегі әр адамға.

Ғасыр:         «Махаббат туралы ой»

Сүйгенің үшін білгенде жақсы күйіне

Білгенде жақсы жан-тәніңмен сүйіне

Өшпесін бойда махаббаттың жалыны

Махаббатсыз бос екен мына дүние.

Махаббат атты жүректе жанған оттардан,

Ол тұрады бой қыздырған шоқтардан

Мейірімділік сүюде жатыр ойласаң

Мен қорқамын махаббаты жоқтардан.

Ескендір:

Қандай күш бар оған тағзым етпейтін

Ол бір құдірет ешбір теңеу жетпейтін

Өзіңе де бағынбайтын қасиет,

Жаулап алса жүректен ешбір кетпейтін.

Не деген ұлы сезім түскен көктен

Ол үшін талай сұлу жасын төккен

Талай жігіт сүйгеніне жете алмай

Өмір бойы өкінумен өмірі өткен.

Динара:

Бұл махаббат қинаған, азаптаған

Сені кейде түзу жолдан адастырған

Махаббаттың азабын тартқан кезде

Кең дүниең тар болады тіптен саған.

Кейде ол күш те берген, қуат берген,

Жан дүниеңді балқытар шуақ берген

Қуаныштан тасытып шаттандырған

Керек бірақ махаббатқа тұрақ деген.

Мэлсбек:    «О, махаббат!»

Азабың ба, бұл сенің мазағын ба,

Ғашықтарға силаған тозағын ба,

Қанжардай боп қадалған бұл кеудеме,

О, махаббат, сенсіз жыр жаза алам ба?

Бір мұң бар тілгілеген жүрегімді

Ақжарқын күндей нұрлы сенің бейнең.

Есіміңнен бой тұмар жасап алдым

Тал бесіктей тербетіп ән мен жырды.

Жыр тасқының жанымды жаралайды

Арман болған бір ой көп мазалайды

Қайтсем ғана арылам бұл күйімнен

Сүйе тұрып, сүйе алмау таза қайғы.

Диана:

О, Махаббат өзің неден жаралдың

Қалай мұнша шартарапқа таралдың?

Түсінбеймін түсіне алмай қиналам

Қалғандаймын жағасында аралдың.

Бәлкім судан, бәлкім оттан жаралдың

Бәлкім жерден, бәлкім көктен нәр алдың

Мүмкін азап, мүмкін сен бір ғанибет

Бұл өмірде ойлап тапқан адамның.

« Табам » дейді бәрі сені қалайды

Барсың ба сен, жоқсың ба сен білмеймін

Не болсаң да шықпай өткен талайлар.

Біреуге сен қолы жетпес армансың

Біреуге сен өтірік пен жалғансың

Біреуге сен азап пенен өксіксің

Ал біреуге көзін ілмес таңдарсың.

«Жоқ » деп айту қиын сені алайда

«Сенсіз өмір бос» деп өткен Абайда

Тіршілікке жан бітірген сен десем

Бұл сөзімді барша жұртым қалай ма?

Луиза:

О, Махаббат не деген құдірет ең

Қуаныш па жоқ әлде қасірет пең?

Біреуге бақ, біреуге сор сыйлаған

Не деген құдірет ең, құдірет ең.

Махаббат, о махаббат қандайсың сен

Біреуге зар, біреуді алдайсың сен

Сезімін айтқыза алмай кей қыздардың

Көзіне жас алдырып қинайсың сен.

Ғашықтарды бір қылмай сорлайсың сен

Сүйгенімен тең қылмай жігіттерді

Егілтіп, еңіретіп қорлайсың сен.

О, махаббат мен саған түсінбедім

Мүмкін менің қате болар бұл сөздерім

Сенің жалын отыңа күйгеннен соң

Осы менің өмірден түсінгенім.

Айсана:

«Адамзатты аялаған ақ арман,
Барлық ғалам махаббаттан жаралған.
Өмір-өзен сан тарапқа ақса да,
Жақсылықтан шуақ алып, нәр алған.
Махаббаттың тоймай ішіп дәміне,
Адамзаттың талмай айтар әні ме?
Өзіңді де, өзгені алсаң,
Жете аларсың махаббаттың мәніне».

Жігіт: Ата, айдай сұлу мына қыз періште ме, пері ме? Қайдан ғана келе қалды жеріме?

Жүрегімде әлдеқандай бір белгісіз сезім билеп, күш-қуатым тасып бара жатқандай. Ата, бұл қандай сезім? Маған не болды?

Ата: Әй, балам, айтып едім ғой, махаббат мезгілсіз келетін дерт. Арбалдың сен де сол сезімнің шырмауына.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді )

 

 ( Жігіт қолында қаламы мен қағазы бар сахнаға шығады. Сезімін дәптерге жазуда)

Ғашықпын, мен ғашықпын сол адамға,

Мен болмасам болмайын, сол аман ба?

Ғайыптан періштедей пайда болған

Сол қызды енді қайтіп көре алам ба?

( осы кезде сахнаға қыз шығады)

Жігіт: Қарындас, сәл кідіре тұрыңызшы.

Қыз: Иә, жігітім қандай шаруаң бар?

(қыз бен жігіт қосылып)

Махаббаттың туын ұстап жарқырап,

Қос аққудай жүзейік біз қалықтап.

Аялайық ғашық сезім пәк гүлін,

Бір кешейік бұл өмірдің шаттығын.

                                  Ән: «Есіңде ме?» — Нұрхан мен Мэлсбек                   

Психолог:

Махаббат барлық адамгершілік бастауы болғандықтан, шындығында, жүрегі махаббатқа толы адамның ақылы да таяз бола алмайды. Себебі, махаббат адамды, коршаған ортаны сүйуге, танып-білмекке жетелейді.
Барлықтарыңыздың жүректеріңізде ұялаған махаббат сезімі оттай лаулап, өшпей, ізгіліктін бастауы болсын!
« Бәрі де махаббаттан басталады…» атты кешіміз осымен аяқталды