Айтыстың ақберені ақын Шөже Қаржаубайұлы қайда жерленген?

25

А Н Н О Т А Ц И Я

 

Зерттеу мақсаты:

 

Туған жер, өскен ел тарихын кейінгі ұрпақтың терең зерделеп, білмей қалу қауіпі барын – барынша айқындай отырып, кіндік қаны тамған топырақтан өсіп-өнген асылдарымыз бен ұлыларымызды ұлықтап, кейінгі тарих бетінде қалдыру.

 

Гипотезасы:

 

Егер де ұсынылған ұсыныс бойынша Шөже туралы толық зерттелсе және оның сүйегі Ақтоғай жерінде екендігі нақтыланса,

біріншіден, туған өлке тарихына жаңа есім қосылар еді,

екіншіден, мәдениет мәйегі тарихи, мәдени ескерткіштерге жасалатын Үкімет тарапынан қамқорлық мақсатындағы жөндеу, қалпына келтіру, анықтау жұмыстары жүргізілер еді.

 

Зерттеу жаңалығы:

 

Бұл зерттеудің жаңалығы осыған дейінгі баспасөз материалдары және басқа ұйымдардың ұйғарымымен Шөженің сүйегі, яғни қорымы біресе Нұра ауданында десе, біресе Көкшетаудың, ал енді бірінде Қарқаралы тумасы делінген әр түрлі ұйғарым өзгертіледі. Ақтоғай жеріндегі қорым мамандар айналысуымен Шөже ақын қорымы екендігі анықталады және мәдени, тарихи негізге бағытталған жұмыс шарасы іске асады.

 

Зерттеу нәтижесі:

 

Республикамыздағы мәдени-тарихи орындарға қамқорлық, есімі елге мәлім тұлғаларымыздың әлі зерттелмей, беттелмей жатқан мол мұрасын жарыққа жинақ етіп шығару ел бірлігі мен көреген саясаттың басты нәтижесі болып саналады. Сондықтан, Шөже тарихын зерттеп, зерделеу нәтижесінде ақынға арнап мазар салар едік және ақынның барлық қолда бар айтыстарын, зерттеуші Рашит Каренов ағамыздың жинақтау жұмыстарын негізінде оқу әдістемелік жинақ етіп, баспадан шығару болашақ ұрпақ үшін рухани қазына болады.

 

Практикалық қолдану саласы:

 

Осы жұмыс бойынша Шөже туралы болашақ ұрпақтың хабардар болуын қамтамасыз етуге арналған авторлық бағдарлама және оның хрестоматиясын құрастыруға және оны мектеп курсына кіргізуге аудандық Білім бөлімі, облыстың білім басқармасы назарына ұсынуға болады.

 

Туған жер, өскен ел тарихын кейінгі ұрпақтың терең зерделеп, білмей қалу қауіпі барын – барынша айқындай отырып, кіндік қаны тамған топырақтан өсіп-өнген асылдарымыз бен ұлыларымызды ұлықтап, кейінгі тарих бетінде қалдыру мақсатында Шөже Қаржаубайұлы туралы зерттедім.

Өткен ғасырда қазақтың өлең өнерін шыңға шарықтатып қазақ халық әдебиетін сөз өнерімен өрнектеп, байыта түскен жыр жұлдыздарының бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Айтыстың тамаша майталманы Шөже Қаржаубайұлы шығармалары толық дерлік зерттеле қойған жоқ. Оның жеке өлеңдері мен айтыстары республикалық баспалардан жеке кітап болып шыққан жоқ. Баспалардан әр жылдары басылып шыққан «Айтыс» жинақтарында Шөже өлеңдері, айтыстары ара – тұра жарияланып келеді.

Ол жасында шешек шығып екі көзінен бірдей айырылған екен. Өзінің аса дарындылығымен, әділдігімен, шыншылдығымен, шындықты тайсалмай бетке айтатын өткірлігімен бүкіл қазақ даласында зор беделге ие болды. Суырып салма ақын Кемпірбай ақынмен айтысында:

«Көзімен он жеті ақын түк қылған жоқ,

Білем, бұған сен ғамал таппасыңды-ай»-дейді.

Оның бойындағы бар міні соқырлығын қай ақын болса да бетіне басып, соны сан мәрте қайталаса да Шөже оған мойымайды. Екіншіден, Шөже Қаржаубайұлының ақындармен айтысқанда тағы бір көбірек сөз қылатыны оның шыққан тегі жайлы. Балта мен Шөже айтысында Балта ақын:

«…Ежелден Қуандықтың құлы емес пе ең,

Тентіреп келдің қырғыз әлде қайдан?»-деп оның қазақ емес қырғыз екенін айтады. Қазақ пен қырғыз халқы ежелден бір-бірімен туысқан халық. Тарихи дәуірінде олар ортақ жауына қарсы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлесіп күресті. Қазақ батырларымен бірге қазақ ауылдарында қырғыз жұрты да келіп мекен етті. Тіпті, басқаны былай қойғанда, біздің облысымыздың әр ауданында нәсілі қырғыздан, өте ерте келіп қоныстанып, қазақ болып кеткендер басшылық. Тарихи дәуір барысында басқа ұлтқа сіңсіп кеткендер, сөз жоқ болып тұрған. Міне, Шөже де солай.

Шөже дүйім жұртқа даңқы тараған суырып салма айтыс ақыны. «Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ» деуіне қарағанда, ол өз тұсында аты мәлім, аса жүйрік ақындардың біразымен айтысқан. Шөжені сөзден тосып, жеңе алмайтын болған соң, ақындар оның екі көзінің соқырлығына, Алатаудан келген қырғыздығына тиісіп, сол міндерін алдына кесе көлденең тарта береді. Бұған ол: « Соқыр қылды көзімді көрмесін деп, жамандықтың соңына ермесін деп» деп оларға уәжді сөзбен орынды тойтарыс берген.

«Бес ғасыр жарлайды» деген үш томдық кітаптың бірінде Шөженің «Дәукейге», «Бәйтікті мақтағаны», «Бәйтікті жамандағаны» сияқты өлеңдері басылған. Ақынның қырғыз бегіне арналған бұл өлеңдерінде сырттай қошеметімен бірге, сөз астарында мысқылын да аңғару қиын емес.

Шөже ірі ақын. Әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы қазақ даласында Шөженің айтуымен тарады. Бұл классикалық еңбекке тоқтауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, 2002 жылы әйгілі жырдың 1500 жылдығы атап өтілді. Ол үшін арнаулы мемлекеттік деңгейде комиссия құрылған. Дайын болған академиялық басылым мен зерттеу жинағына барлығы 7 мәтін енсе, соның бірі Шөже жырлаған мәтін екен.

Екіншіден, жырда кездесетін оқиғалар, кейіпкерлер біздің ауданмен шекаралас жатқан Семейдің Аякөзінде, Қарақаралыда, осы аудан жерінде болғандығы. Үшіншіден, аудан көлеміндегі жер, су аттарының жырдан алынып қойылғандығы. Кейбірі осы күнге дейін өзгермей сақталған. Төртіншіден, аға ұрпақ өкілдерінің көпшілігі, ата-бабаларымыз радио газет, теледидар жоқ кезде осындай жыр, аңыз қиссаларымен сусындап өсті.