Сын есімнен берілген білімді қайталау. Қазақтың би-шешендері.

48

 

Сабақтың тақырыбы: Сын есімнен берілген білімді қайталау. Қазақтың би-шешендері.

Сабақтың ұраны: «Шешеннің ең ұлы қасиеті- қажет нәрсені ғана айту емес, сонымен қоса қажеті жоқ нәрсені айтпау»

Құзыреттілікке жеткізетін сабақтың мақсат- міндеттері:

А   Проблеманы шешу

            Студенттерден Сөйлем модуліндегі сын есім тақырыбы бойынша өткендерін сұрап, ерекшеліктеріне тоқтала кету. Белсенді әдістерді қолдана отырып, білім алушылардың алған білімдерін  пысықтау, түйіндеу.

Ә)  Ақпараттық

            Студенттердің ақпарат көздері, ойын арқылы білімдерін жетілдіру. Теориялық материалдарды жүйелі, тиянақты баяндауға  дағдыландыру. Өз бетінше жұмыс жасау қабілеттерін дамыту.

Б)  Коммуникативтік

            Студенттердің сұрақ- жауап арқылы ойлау қабілеттерін арттыру. Талдауға алынған мысалдар арқылы адалдыққа, адамгершілікке, білімді болуға тәрбиелеу.

Сабақтың типі: Пысықтау және қайталау сабағы

Сабақтың түрі: сайыс сабақ

Сабақта қолданылатын педагогикалық технологиялар: Модульдік оқыту технологиясы

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, талдау, дәлелдеу, топтық жұмыс әдіс- тәсілдерін қолдану

Пәннің интеграциялық мүмкіндігі: Қазақстан тарихы, Әдебиет, Философия, Тіл білімі, Психология

Оқыту құралдары: Activ- тақта (интербелсенді тақта),  POWER POINT бағдарламасы негізінде презентациялық слайдтар, аудио-видио бейне материалдары, үлестірмелі қағаздар.

Сабақтың барысы:

І Психологиялық ахуал:

Амандасу, аудиторияның тазалығын тексеру, студенттерді түгендеу.

ІІ Үй тапсырмасын тексеру:

  1. Біз қай модуль бойынша, қай тақырыпты өттік?
  2. Морфология бөлімі нені қарастырады?
  3. Қазақ тілінде сөз таптары нешеу?
  4. Сын есім дегеніміз не?
  5. Сын есімдер құрамына қарай нешеге бөлінеді?(дара, күрделі)
  6. Тұлғасына қарай?(негізгі, туынды)
  7. Мағынасына қарай нешеге бөлінеді? (сапалық, қатыстық)

 

ІІІ Пысықтау және қайталау сабағына дайындық:

 Сабақтың «Алтын Ережесімен» таныстыру

  • Тапсырманы жауапкершілікпен атқару
  • Берілген сұрақтарға белсенді жауап беру
  • Шығармашылық деңгейде сұрақ қоя білу
  • Өзгелердің пікірін құрметтей білу
  • Мәдениетті көркем тілде сөйлеу
  • Тыныштықты сақтау

Кең далада сай мен сала жыра көп,

Ескілерден бізге қалған мұра көп,

Бағаласақ, қадірлесек қанекей

Сәніменен мәнін бұзбай жаратып

Сол мұраның бір бөлігі нақыл сөз.

Аталардан бізге жеткен ақыл сөз,

Мықтыларды тәубасына келтіріп,

Әлсіздерге қорған болған батыр сөз,

Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,

Есі барға бір ауыз сөз жетеді,

Жетесізге аталы сөз айтсақ та,

Шіміркенбей бірақ аттап өтеді,- демекші

Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін мәдени- рухани жетістіктерді келешек ұрпаққа қалдырудың үлесі зор. Халықтың даналық мұрасын сақтаудың негізі- тәрбиеде.

Өскелең ұрпақтың туған тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, сөз мәйегін ұғындырып, туған тіліміздің құмарлығын арттыруда шешендік өнердің маңызы зор.Ал сендердің «Сөйлем» модулі бойынша өткен сын есімдер тақырыбын бүгін осы қазақтың би-шешендері лексикалық тақырыбымен байланыстыра отырып пысықтаймыз.

Сабақ пысықтау, қайталау сабағы болғандықтан, «Модульдік оқыту технологиясы» бойынша жүргізіліп отыр. Осы оқытудың мақсатында мынадай жүйе алынған.

 

 

Шешендік өнер

СЫН ЕСІМ

Қазақстан тарихы
Саясат және заң
Тест жүйесімен жұмыс
Философия
Тіл білімі

 

 

 

І «Қазақстан тарихы» бөлімі:

  1. Бейнесұрақ

Сұрақты дайындаған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы М.С.Байкенова

І топқа

Сұрақ: Қазақтың би-шешендері  қай ғасырларда өмір сүрген?

  1. Берілген шешендік сөздің ішінен сын есімдерді тауып жазыңыздар. Оларды ажыратыңыздар.

Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын,

Өкпең жоқ бауыр болсын.

Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін.

(Малайсары би)

  1. Бейнесұрақ

Сұрақты дайындаған Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.А.Шаяханова

ІІ топқа

Сұрақ:  Сіздердің бүгінгі қайталап жатқан грамматикалық тақырыптарыңыз тіл білімі саласының  қай бөлімеіне жатады?

  1. Берілген шешендік сөздің ішінен сын есімдерді тауып жазыңыздар. Оларды ажыратыңыздар.

Жақсымен жолдас болған,

Ел ұстанған тілектей болады,

Қыз ұстанған жібектей болады,

Жадыраған жаздай болады,

Айдын көлдегі қаздай болады,

Отау ортасындағы оттай болады,

От ортасындағы шоқтай болады,

Тұрағы алтын шырақтай болады,

Тұяғы асыл пырақтай болады…

 

 

 

ІІ «Саясат және заң» бөлімі:

І топ сұрағы

  1. Бейне сұрақ

Сұрақты дайындаған тарих пәнінің оқытушысы А.А. Жетпісбекова

Сұрақ: Салыстырмалы шырайдың жұрнақтарын атаңыздар.

  1. Берілген сын есімдерді тұлғасына қарай екі топқа бөліп жазу.

Таза, жақсы, сөзшең, өнерпаз, үлкендеу, биік, сусыз, үлкенді-кіші, әдемі, ақ, көкпеңбек, білімдар, хабардар.

ІІ топ сұрағы

  1. Бейне сұрақ

Сұрақты дайындаған тарих  және қоғамтану пәндерінің оқытушысы Л.А.Абубакирова

Сұрақ:Шешендік өнердің түрлерін атаңыздар.

  1. Берілген сын есімдерді тұлғасына қарай екі топқа бөліп жазу.

Атақты, сұлу, жеңіл, мол,қоғамдық, пайдасыз, ақылсыз, тар, турашыл, пікірлес, мәдени, тарихи, жалақор, жағымпаз.

 

ІІІ «Философия»  бөлімі:

      І топ

Төменде берілген би-шешендердің ой-пікірлерінен сын есімдерді тауып, оларды шырай түрлеріне айналдырыңыздар.

  • Білімді адам ашпай көріп, айтпай сезеді,

Білімсіз надан нені көріп, нені сезеді?

                                                       Ақтайлақ би

  • Біріншіден, ғылым артық. Өйткені ғылым – әулие-әнбиелкердің мирасы; ал мал- перғауын мен Қарынбайдың мирасы.Екіншіден, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың.

Әзірет әлі шешен

  • Қалам- ең жақсы ұстаз, жазылған сөз тап қазір ойлаған сөзден артық.

Цицерон

      ІІ топ

Төменде берілген би-шешендердің ой-пікірлерінен сын есімдерді тауып, оларды шырай түрлеріне айналдырыңыздар.

  • Сараң болар кісіні қабағынан танимын.

Дауы жөнсіз кісіні сөзінен-ақ танимын.

Өзі тұйық жігітті жүрісінен танимын.

Іші сұйық әйелді күлісінен танимын.

Бапан би

  • Жақсы мінез, жарқын жүрек, парасат

Әм денсаулық әркімге де жарасат.

Алла кімге бұл төртеуін сыйласа,

Ол өмірден табар мәңгі рахат.

 Рудаки

  • Жаман болса- жақын жау,

Шабан болса- атың жау,

Шайпау болса- әйелін жау,

Кетеген болса- түйең жау,

Тебеген болса- биең жау,

Тіл алмаса- ұлың жау,

Бай алмаса- қызың жау

Малайсары би

 

ІҮ «Тіл білімі» бөлімі:

Көп нүктенің орнына керекті сын есімдерді қойып, оларды  мағынасына қарай ажыратыңыздар.

       І топ

  • Шешендік тілі ғана емес, ойы ……, білімі де ……, тілдік сезімі …., ……. адамдарға тән қасиет.
  • Төле би – өз заманының ……, ……. азаматы, халық қадірлейтін дәрежеге жеткен .
  • ……. болса, ағайын жақын,

……. болса, інің жақын,

…… болса, келінің жақын,

…… болса, көршің жақын.

Қазыбек би

(жүйрік, мол, күшті, ақылды, қадірлі, білімді, тату, ақылды, инабатты, сыйлас)

.

Көп нүктенің орнына керекті сын есімдерді қойып, оларды  мағынасына қарай ажыратыңыздар.

       ІІ топ

  • Халық аңызы- Қазыбектің дауысы …………….. болып қарсы алдындағы жотаға естіледі екен.
  • Атың ……. болса, тіршілікте мінген пырағың, балаң ……. болса, жанып тұрған шырағың.Атың …. болса, тіршілікте көрген тозығың, балаң ….. болса, ғұмырлық көрген тозығың.
  • Ел ағасы ……… болса, елін жау түгіл, жолаушы тоңар.

 

(Қоңыр қаздың даусындай, жақсы, жаман,ақымақ)

 

 

ІҮ Сабақты бекіту:

Ү. Тест жүйесімен жаттығу

Білімді бекітудің қолайлы әдісі

ҮІ. Тәрбиелік мәнін шығару:

  1. Билер мен шешендерді халық қанша уақыт өтсе де, неге ұмытпай қадірлейді деп ойлайсыз?
  2. Сіз болашақта адал да, әділ сот бола аласыз ба?
  3. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегенді қалай түсінесіз?
  4. «Төрелікке таласқан екі жақта риза болу керек, жеңілген де, жеңген де шындықты мойындауы керек» дегенді қалай түсінесіз?

 

 

ҮІІ. Үйге тапсырма:

Шешен — билердің толғауларын жаттау. Ішінен сын есімдерді теріп жазып, тұлғасына қарай анықтау.

ҮІІ Бағалау

Алдын-ала беріліп отырған ұпайларын есептеу арқылы  әр топты, сабаққа қатысқан белсенді студенттерді тиісті бағасымен бағалау.

 

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Н.Оралбай, К.А.Құрманәлиев. Қазақ тілі.-Алматы, 2007
  2. Б.Ақыжанов. Атадан қалған асыл сөз.-Қарағанды, 2006
  3. Г.Қосыманова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері.- Алматы, 2003
  4. С.Негимов. Шешендік өнер. –Алматы, 1997
  5. «Қазақ тілі мен әдебиеті» ғылыми- әдістемелік  және  педагогикалық журналдары