«Кітап – рухани байлық», «Кітап оқи білесің бе?»

75

«Кітап – рухани байлық», «Кітап оқи білесің бе?»

әңгіме  (3,4 сынып оқушыларымен).

 

            Мақсаты: кітапханаға оқырмандарды тарту, кітапхана оқырмандарының санын  арттыру. Балалардың кітап оқуына басшылық жасау, көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту. Оларды мәдениеттілікке, еңбектенуге,  ізденгіштік қабілетке тәрбиееу.

 

          Көрнекілігі:   даналы сөздер,   «Жаңа түскен әдебиеттер», «Балалар ақын-жазушылары»,  «Анықтамалықтар»,  «Ертегілер елінде» атты кітап көрмелері.

Жүру барысы: 1. Ұйымдастыру. 2. Кітапханашы шолуы. 3. Сұрақтарға жауап беру. 4. Қорытынды.

Кітапханашы: Құрметті  ұстаздар мен оқушылар!

Бүгінгі әңгімеміз  рухани байлығымыз — Кітап туралы болмақ.  Өздеріңіз білетіндей мектеп кітапханасында  оқулықтармен қоса көркем әдебиеттер қоры бар.  Бұл  кітаптар  мектеп оқушылары мен ұстаздарының алып оқуына арналған. Яғни кітапхананың тұрақты оқырмандары,  оқушылар мен ұстаздардан құралады.

         Оқушылар, Кітап – біздің теңдесіз байлығымыз. Кітап – адам өмірінің таусылмас қазынасы, дүниенің айнасы, білім мен тәрбие беретін құрал.  «Кітап-білім бұлағы, білім – өмір шырағы» — деп кітапты халқымыз аса құрметтеген. Кітап оқу — адамның дүниетанымын кеңейтеді, ой-өрісін дамытады. Халқымызда «Ізденген – жетер мұратқа» деген дана сөз бар. Яғни әр нәрсені білуге талпынып, білімнің тереңіне бойлау – адамды кемелдікке жеткізеді, рухани байытады.

         Дүниеде сендер түсіне бермейтін жәйттер көп. Өмірді жете танығысы, бәрін білгісі келетін балалар  үлкендерден  «Ол кім?, «Бұл не?», «Неліктен?», «Қайда?», «Қашан?» деген тәрізді сұрақтарды қойып, тыным таппайды.  Міне, осындай сауалдарға жауапты осы кітаптан алуға болады.

         Әрбір бала кітаппен танысқанда мынаны білуі тиіс:

  1. Кітаптың адам өміріне қажетті қазына, білім мен тәрбие беретін қайнар көзі екенін түсінуі керек;
  2. Бір кітап оқысаң да, түсініп оқы;
  3. Кітапты қалай болса солай оқуға болмайды, оларды белгілі бір мақсатпен жоспар бойынша оқып дағдылану керек екенін;
  4. Кітапты оқығанда ойға сақтауға, керекті жерін жаттап алуға, қажетті сөздерді жазып алып өмірде пайдалануға әдеттену;
  5. Оқулықты себепсіз оқымай тастама;
  6. Біреудің көмегінсіз, өз күшіңді салып оқуға тырыс.

 

Ал, енді оқушылар! Мен сендерге бірнеше  сұрақтар бергім келіп отыр.

  1. Кітапханаға жиі келесің бе?
  2. Қай сыныптан кітап оқи бастадың?
  3. Сүйіп оқыған кітабың бар ма?
  4. Қандай жанрдағы кітаптарды оқығың келеді?
  5. Қандай ертегілерді оқыған ұнайды?
  6. Ертегі жазатын авторларды білесің бе?
  7. Балалар ақын-жазушыларын білесіңде ме?
  8. Сүйікті кейіпкерің бар ма?

 

(оқушыларға сауал қойып, жауап алып, әңгімелету).

 

Міне, балалар! Сендермен бүгін «Кітап – рухани байлық», «Кітап оқи білесің бе?» деген тақырыпта ой бөлістік. Кітап сендердің өмірлеріңді жеңілдетіп, сендерге адамды және өзіңді қадірлеуге үйретеді. Кітапты сүйіңдер, кітап оқуға талпыныңыздар.