Оқушыларға білім беруде жаңа технологияны қолдану

51

Ұлтымыздың  қамын  ойлап   толғанайық,

Ұрпақтарды  тәрбиелеп  елге  лайық,

Егеменді  ел  қасиетін  сақтау үшін,

Халықтық  тәрбиені  қолға алайық.

Жаңа ХХІ  ғасыр  табалдырығын  аттағалы  біраз уақыт  болған Қазақстан Республикасының білім беру саласы алдында ұрпақ тәрбиесін жақсарту үшін тың көзқарастар қажет. Өскелең ұрпақты қоғам талаптары мен оның мақсат мүдделеріне сай бейімдей оқытып тәрбиелеу біздің міндетіміз. Оларға жүйелі білімді әр түрлі сабақ әдістерінде жаңа технологияны пайдалана отырып, адамгершілікке тәрбиелеу егеменді еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп партасында білім алып отырған оқушылар, оларды қазіргі заман талабына сай жан-жақты, білімді, өз бетімен ойлай білуге талаптанатын, өзінің ой тұжырымы бар етіп тәрбиелеу үшін, сабақ формалары мен оның құрылысын жетілдіру, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалану -бүгінгі күннің талабы. Сондай сабақтардың бірін мен алтыншы сыныпта «Өсімдіктер құрылысы және жасушаның тіршілік әрекеті бөлімін қайталау» тақырыбында өткіздім. Мысалы, «Өсімдіктер әлемімен қоштасу сабағы» тақырыбын өткен кезде, өсімдіктер әлемі бойынша оқушылардың игерген білімін қорытындылауда ойын элементтері, сайыс түрлері пайдаланылды.

Ойын бала табиғатымен егіз, өйткені бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ емес. Ол бала миын жаттықтыратын, әрі тынықтыратын негізгі жаттығу.

В.А.Сухомлинский:

«Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін де емес, ойын дүниеге ашылған терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып айналасындағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз ұшқын, білуге құмарлықпен еліктеудің маздап жанған оты» — деген.

Осы сабақта оқушылардың меңгерген білімін анықтау мақсатында «Орман алқабы» ойыны ұйымдастырылды. Тақтаға ағаштардың, көлдің суреті салынған сызба ілінді.  Оқушыларға саңырауқұлақ, гүл, құс, балық, жапырақтың суреті салынған кеспелер таратылып берілді. Олар сұраққа дұрыс жауап берген жағдайда, қолындағы саңырауқұлақ немесе гүлдің суретін ағаш түбіне, балықтың суретін көлге, құс, жапырақтың суретін ағашқа ретімен орналастыру керек. Осы оыйын арқылы баланың табиғатқа деген , оның көркемдігіне, жан-жануарларына деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Табиғатты аялауға, қорғауға деген ынтасын оятады. Халқымыз табиғатты аялай білген, қыс қыстауы, жаз жайлауын жайлап, мал жайылымын ауыстырып отырған. Осыны оқушылардың санасына сіңіре отырып, ұлттық тәрбие беруді міндетім деп санаймын, әрі экологиялық тәрбие беруге мән беремін.

Сонымен бірге мен қазіргі кезде сабақта сын тұрғысынана ойлау әдісін жиі қолданып жүрмін, ол әсіресе жаңа сабақты өту кезінде өте қолайлы. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға көп әсерін тигізеді. 4-ші, 5-ші сыныптар арасындағы сабақтастық кезінде 4 «Б» сыныбында «Жер асты сулары» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Ондағы мақсатым оқушылардың су туралы алған білімдерін кеңейту. Жер асты суларының пайда болуын, құдық суын пайдалану жолдарын пайдалана отырып, суды қорғауға тәрбиелеу болды. Мұнда судың қасиеттері туралы оқушылардың өзінен сұрай отырып, толық жауап алдым, яғни ой шақыра отырып сабаққа деген қызығушылығын арттырдым. Олар жаңа сабақты оқулықпен жұмыс істей отырып өздері талдады, бір-біріне сұрақтар қоя отырып, жаңа сабақты меңгерді. Су туралы білетін мақал-мәтелдер, тыйым сөздер айтты. Мысалы: «Су ішкен құдығыңа  — түкірме», «Бұлақ көрсең-көзін аш», «Судың да сұрауы бар» және т.б.

«Жаңбырмен – жер көгерер, Батамен – ер көгерер»деген мақалды қалай түсінесіңдер деген сұраққа жан -жақты ойлана жауап берді. Сабақ соңынан су туралы, судың өмірге қажеттігі туралы, суды қорғауға байланысты 2-3 мин аралығында шағын эссе жазды. Сабақты өздері қорытындылады.

Жаңа  технологияны  қолдану  кезінде  мен  көбінесе  Венн  диаграммасын  қолданамын,  онда  өткен  екі  тақырыпты  салыстыра  отырып,  мысалы:  7-сыныпта  жануартанудан  құрттарды  өткен  кезде,  Жұмыр  құртпен   Буылтық  құрттарды  салыстыра  отырып,  олардың  ұқсастықтары  мен  айырмашылықтарын  табу.  Бұл  оқушылардың  салыстыра  ойлау  қабілеттерін  жүзеге  асыруға  қатысады.

Осы  білім  берудің  әртүрлі  әдіс-тәсілдерін  пайдалана  отырып,  ұлттық  тәрбиені  жүзеге  асыру  нәтижесінде,  8-сыныпта  тәнтанудан  тән  тазалығы,  яғни  денсаулықты  сақтау  10-сыныптарда  генетикадан  ұрпақ  тазалығын  сақтау  туралы  «Ұл-қыз  азбасын,  тұқым  тозбасын»  деген  сөзге  сүйене  отырып , ұрпақ  тазалығын  сақтау  туралы  жиі-жиі  сыныптан  тыс  жұмыстар  ұйымдастырдым.  10 «Б»  сыныбында  өткен  «Генетика  және  медицина»  тақырыбында  дәстүрлі  емес  конференция  сабағы  генетика,  медицина  және  халықтық  педагогика  арасындағы  тығыз  байланысты  аша  отырып  жас  ұрпақты  салауаттылыққа  баулуға  көмектеседі.

Сол  сияқты  әр  сыныптарда  тақырыптарына  байланысты  әр түрлі  әдістерді  пайдалана  отырып  оларға  экологиялық  білім  беру,  менің  басты  мақсатыма  айналып  отыр.  Оқушыларға  экологиялық  мәдениетті  қалыптастыруда,  биологияның  мол  мүмкіндігі  бар,  себебі  ол  ғаламшардағы  сирек  тіршілік  құбылыстарының  заңдылықтарын  түсіндіріп  қана  қоймай,  тірі  табиғатты  қорғауға  шақырады.  Ата-бабаның  мұра  етіп  кеткен  жерін  таза  ,  табиғи  күйінде  сақтауға  баулиды.  Оны  оқушылардың  сабақ  кезінде  немесе  сабақтан  тыс  жазған  шағын  шығармаларынан,  жүректерін  жарып  шыққан  ақындық  талпыныстарынан  көруге  болады.

Әр түрлі  сабақ-тәрбие  әдістерінде  жаңа  технологияны  пайдалана  от ырып , оқушыларды  білім  құмарлығын,  адамгершілігін,  табиғатқа  деген  сүйіспеншілігін  арттыра  отырып,  оларды  қорғауға  үйрету,  туған  мекенін  жанындай  сүйіп  өсетін  Отаншыл  ұл-қызды,  жан-жақты  дамыған  жеке  тұлғаны  тәрбиелеу  жалпы  мұғалімдер  қауымының  міндеті  деп  санаймын.

Мұғалім  өзі  туған  жеріне,  еліне  алдындағы  оқушыларына  деген  сезімі,  айтқан  сөзі,  шын  жүректің  түбінен  жарып  шыққанда  ғана  болашақта  үлкен  жетістіктерге  жетпек.  Мен  алдымыздағы  тәрбиелеп  отырған  оқушыларымды  Абайдың  өлең  жолдарындағы  «Сен де  бір  кірпіш  дүниеге,  кетігін  тапта  бар  қалан»  деген  сөзіндегі оқушыны  кірпішке  теңейтін  болсақ,сол  кірпішті  сапалы  етіп  құюшыны  мұғалімге  теңегім  келеді.