Факультатив сабақ — оқушы болашағының кепілі

189

Факультатив сабақ  — оқушы болашағының кепілі

 

ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Білім мен ғылымның Қазақстан дамуына оңтайлы әсер етуі үшін дүние жүзілік кеңістігіне ену, білім беруді одан әрі жаңашылдандыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл оқу әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Осы тұрғыдан алғанда мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр. Қай кезеңде, қай заманда болмасын мектептегі басты тұлға мұғалім десек, дүниежүзілік даму деңгейінен кем түспейтін, иық тірестіре алатын, алған білімі мен тәрбиелік  қазынасын туған еліне,  адамзат игілігіне жұмсай алатын қазақтың ой танымының иесі, саналы азаматты жетілдіруге үлес қосатын қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту процесімен қатар оны ұйымдастырушы мұғалімге де жауапты міндет жүктейтіні баршамызға аян. Сондықтан пән мұғаліміне жүктелер міндетте зор екенін бәріміз де білеміз және түсінеміз.

Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: Сабақ беру-үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол-жаңадан жаңаны табатын өнер деген екен.

Сондықтан қазіргі кезеңде білім берудегі негізгі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруымен қатар уақыт талабына сай оқыту процесін жетілдіру. Сабақ сапасы мен білімділігін арттыру -әр мұғалімнің басты міндеті.

Осыған орай, қазақ тілі пәнін тереңдетіп оқытумен бірге, негізгі алған білімді жүйелеуде факультатив сабақтар жүргізудің әсері зор екендігі әр түрлі сайыстарда өз нәтижесін беріп отыр.

Оқушының грамматикалық тұлғаларды жете меңгеруі үшін сала бойынша жүйеленіп, төмендегідей блок схема қамтылу керек:

 

 

Осы схеманы пайдалану арқылы және ойлау қабілетімен оқушыларды көп   нәтижеге бағыттауға болады.

Тіл мен сананың, сөйлеу мен ойлаудың бірлігі әр адамның жеке басы қасиеті мен қабілетінің де даралығын танытатын белгі екені сөзсіз. Олай болса, «Ойлаусыз тілдік қатынас жоқ. Ойлау тілдік қатынастың тірегі ғана емес, ол бүкіл сөйлеу әрекетінің  өзегі болып саналатын адамзаттың болмысы».

Осы бірлікті оқу процесінде жүзеге асырудың ең ұтымды, ең тиімді жолы үйірме мүшелері мен факультатив сабақтарда кешенді жұмыс жүргізу. Мысалы, өзім қызмет атқаратын № 103 Қ. Пірімов атындағы орта мектепте өткізілген «Жас лингвист» білімдік сайысын бәйге (әдебиеттен қойылған сұрақтарға жауап беру), жалғастыру(өлеңнің жалғасын табу), тіл өнері(жұмбақтарды шешу және оған талдау жасау), жеті жұмбақ(оқушылардың техникалық, гуманитарлық пәндерден білімі мен біліктілігін байқау)  оқушылардың ана тілінен фонетикалық, морфологиялық, синтаксиитік талдау жасаумен бірге  әр түрлі сұрақтарға жауап беру кезеңінде шапшаңдыққа, ойлылыққа және оқушының мен білуге тиіспін деген «менін» оятуға тәрбиелейтіндігіне көз жеткіздім. Ал, ХХІ ғасыр көшбасшысы интеллектуалды ойынын өткізу кезеңінде оқушылардың ой-өрісін дамыту, туған отанына, туған тіліне, өз жерінің тарихи атауларын білсем деген сүйіспеншілігін арттырумен қатар оқушылардың Жаһандану жағдайына байланысты өзге тілдерді құрметтеуге деген ілтипатын, ізеттілігін басты назарда ұстадым.

Осы жағдайларды ескере отырып 5- сыныпта өткен факультативтік сабағымды сатылай комплексті талдау әдісімен қолдандым. Бұл сабағымның жетістігі оқушыларға қазақ тілі пәнінен 6- сыныпта сан есімді өткен кезде пайдасы бар екеніне көзімді жеткіздім. Әсіресе реттік, бөлшектік сан есімдерді өткен кезде оқушылар 5-сыныпта өткен математикалық тәсілмен дыбыстық талдауды есіне түсіріп, жаңа сабақты тез меңгерді.

Буын түрлерінен өткен сабағымның оқушыларға әдебиет пәнінен өлең құрылысын талдау кезінде көп көмегін тигізді. Сонымен қатар факультативтік сабақта тіл дамыту жұмыстарын жүргізген кезде оқушыларды өз бетінше жұмыс жасауға тәрбиеленетіндігі байқалды. Мысалы, «Еңбекқор ара» тақырыбына тек қана ара мен гүлдің суреті тақтаға ілініп, оқушылардың өз бетінше жұмыс жасауына мүмкіндік берілді. Нәтижесінде оқушылар араның бір килограмм бал жинау үшін он тоғыз миллион гүлге қонып, үш жүз мың километр жер ұшатындығын, тіпті кейбір оқушылар Алматы мен Москваның арасы  отыз мың километр екенін тауып тіл дамытуға негіз қылған. Бұның озі оқушылардың  жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын оятады. Бұның озі оқушылардың өзіне деген сенімін оятып, болашақта кездескен қиындықтан жол табуына септігін тигізеді деген сенімдемін.

Әсіресе кешенді түрде өтілген факультативтік сабақтар оқушылардың  өмірге, болашаққа деген сенімін оятып, ЖОО-ға тест тапсырғанда қазақ тілі және әдебиеті пәнінен жоғары ұпай алып және әр түрлі жарыстарда(олимпиада, ғылыми жоба, интелектуальдық сайыстарда) биік шыңдардан көрінуіне көп көмегін беріп жүргендігіне көзім жетіп жүр.

Қорыта келе, болашаққа көз жібере отырып, өткеніңді жадыңда тұт деп  дана бабаларымыз айтқандай шәкірттерімізді жан-жақты, қандай қиындық кездессе де мойымайтын, өз тілімен дінін қастерлеп ұстауға тәрбиелейміз десек үнемі ізденісте болуымыз қажет.