ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІНДЕ ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫ ТИІМДІ ОҚЫТУ

Халықтық педагогика – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына дейтін болсақ, оқушыларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйрету, оны оқушы ойына ұялату арқылы ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, өз салт-дәстүрін құрмет тұтуға баулу – ұстаздардың басты мәселесі.

Бүгін де өзгелермен тереземіз теңесіп, өркениетті елдер қатарынан көрініп келе жатқан біз үшін ұлттық дәстүрімізді терең меңгеріп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу өте қажет деп білемін. Сондықтан еліміздің болашағын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздар үшін бұл ең басты міндет деп санап, өз сабағымда осы мәселеге баса назар аударуға тырысамын. Жалпы қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда халықтық педагогикасыз болмайтыны белгілі ғой. Әйтсе де оны  оқушы санасына терең бойлату үшін күнделікті сабақта тиімді пайдаға асыра білу өте қажет.  Мысалы, 5-сыныптарда халық ауыз әдебиетін оқытудың өзі — халықтық педагогика.  Қазақ  халқының  тәлімдік мәні, ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер  мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні — адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Халқымыз өз ұрпағын бесікте жаткан кезінен  өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан кезден қоршаған ортаның құпиясын ғылыми  тұрғыдан  сезініп білмесе де, жұлдыздарға, түрлі белгілерге  қарап жол тауып, қаршадайынан  есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды  табатын  ізшіл де, мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі  мал  шаруашылығына  байланысты болғандықтан,  бала 5—6 жасынан  ат құлағында ойнай бастайды, бір естігенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алатын болған. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардын сөйлеу корын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра беретін. Халықтық шығармалар ішіндегі әр жакты айқын бейне, қызықты оқиға, әдемі қисын, жақсы  ұйқастардың  бәрі  балаларды  қуантып, еліктіре әсер етіп, ой-пікірін  шыңдап отырған. Сондықтан халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытуда тек оны оқытып, жаттатып, талдатып қана қоюға болмайды. Сол арқылы тәрбиелеу керек. Ата — дәстүрімізді мақтан етіп, оқушы жүрегінде өзінің қазақ болып туғанына мақтаныш ететіндей сезімді оятуымыз қажет.

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен басқа ақын-жазушылар шығармаларын оқытуда да халықтық педагогикаға соқпай өтуге болмас. Мысалға, 7-сыныптарда І.Жансүгіровтың «Бөбек бөлеу»  өлеңін оқытқанда өлеңнің мәніне, мағынасына көңіл бөлемін. “Ел болу үшін, бесігіңді түзе” – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің сапасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық екендігін және ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосып отырғанын оқушыға дәлелмен жеткізу керек. Сондай-ақ, халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрнісі барын, бесік жырын дана халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танитынын оқушы санасына берік орнатуға тиіспіз.

Ғ.Мүсіреповтың «Боранды түнде» әңгімесін  оқыту кезінде өз бетінше мазмұндап келген кез келген оқушы ең алдымен Қайсардың қыз алып қашу жоспарына, боқмұрын баланың қызды Қайсардың үйіне алып келуіне көңіл аударады. Сондықтан әңгімені мазмұндатқанда сүндеттелген баланың сүндет малын сұратуы бойынша Күреңтөбелді берсе, Кәмшатқа қалың малын кешіретіндігін жай ғана айтып кетсе, балаларға қалың мал, сүндет малдың не екені жұмбақ болып қалады да, әңгіме не туралы екенін нақты түсінбей кетуі мүмкін. Сол себепті, сүндет — мұсылмандардың бір міндеті болса, қалың мал екі жақтағы сыйластықты, татулықты нығайтатыны туралы мағлұмат беріп, оқушы санасында халқымыздың салт-дәстүрі мен кәде –жоралғысының өзіндік бір мәні,  ізгілікке, парасаттылыққа бастар жолы жайлы дұрыс көзқарасты қалыптастырамыз.

Ал С.Мұқановтың «Саятшы Ораз» әңгімесін оқыту кезінде орта ғасырда құсбегілік өнері көшпенділер арасында тоқтаусыз дамығанын,  саятшылық көшпенділер үшін тіршіліктің өзекті бір саласы болып келгенін, сондай-ақ ол әскери жаттығудың шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болғанын, жаугершілік замандарда қыран құстармен дүйім жұртты асыраған құсбегілердің болғанын әңгімелей отырып, әсіресе біздің өңірге таңсық болып келетін құс салу өнерінің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр болғандығынан хабардар етеміз. Осы әңгімеде, сондай-ақ, көрші ақысы, олжа байлау сияқты халықтық дәстүрлерді айта кету орынды. Қазақ тілі сабағында оқушыларға морфологиялық, синтаксистік, фонетикалық талдаулар жүргіуде, тақырыптарды бекітуде жұмбақтардан, мақал-мәтелдерден, жаңылтпаштардан, тыйым сөздер мен қанатты сөздерден, ертегілерден мысалдар теру, карточкалар жасауға тапсырма беремін. Сыныптан тыс сабақтар мен бекіту сабақтарын ұлттық ойындар түрінде өткізіп отырамын. Мысалы «Көкпар», «Бәйге», «Орамал тастау», «Алтын сандық» т.б ойындарды пайдаланамын.

Қазақ халқының  ұлттық тәлім тәрбиесі мен  мәдениеті  талай  халықтардың  өкілдерін  таң қалдырғаны  тарихи  жазбалардан  белгілі. Ұлы саяхатшылар  мен  зерттеушілер  қазақтың  ежелгі  тұрмыс тіршілігі, мәдениеті  мен  ауыз  әдебиеті  туралы, ер адамдар  мен  әйелдердің  моральдік этикалық ерекшеліктері  туралы, олардың  тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы  әлеуметтік   орны  туралы, ұлттық  наным, сенім, әдет ғұрпы, мінезі, көшпенді  өмір  сүргеніне қарамастан  салты  мен  дәстүрінің  біртұтастығы, біртұтас тілде сөйлеуі, қолөнері мен  бейнелеу  өнерінің, ауыз  әдебиеті  және  музыка  өнерінің  жалпы  дала мәдениетінің  таң  қаларлық  үлгілері  туралы  таңдай  қаға  айтып, баяндайды. Ендеше осындай ұлылықты, халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті деп білемін.