Оқушыларға музыкалық тәрбие беруде халық фольклорың пайдалану.

78

 Оқушыларға музыкалық тәрбие беруде халық    фольклорың пайдалану.

 

Еліміз егемендік алып, өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасқалы оқушыларымыздың эстетикалық тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлінуде.Баланың жан-жақты болып өсүінде музыканың орының ерекше .    Бала сәби кезінен бастап музыканы тыңдап,сезіне біледі. Мектепте тәрбиенің басты мақсаты баланы өнер түрлерімен соның ішінде әсем саз арқылы өз халқының музыкалық мәдениетімен таныстыру.Туған елін,ана тілін,табиғатын қадірлейтін,аялайтын,жанын салып қорғайтын  көкірегі ояу,көзі ашық азамат тәрбиелеуде музыка өнерінің орны ерекше.                Сондай-ақ музыка пәні мұғалімдерінің негізгі міндеті-жас ұрпақты қазақ халқының рухани қазынасы,ұлттық мәдениеті,әдет-ғұрпы,салт-дәстүр негізінде тәрбиелеп оқыту.Музыкалық іс-әрекеттер арқылы баланың эмоциялық сезімдерін оятып,баланың ой-өрісін,көркем ойлау қабілетін,талғампаздығын,есту қабілетін арттыру.                                              Халық музыкасы адамзат тарихымен тығыз байланысты және ол үнемі жаңару,жаңғыру даму үстінде.Ұлттық музыкада ежелден ұлттың бейнесі,тұрмысы,еңбегі,халықтың намыс,ерлік,батылдық туралы көзқарастары,жылдамдық,шеберлік пен әдемі де әсем қимылдарды меңгеру тілектері,шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ұстамдылық,ептілік,     тапқырлық,жеңіске жету талпынысы қамтылған. Қазіргі заманда  өз оқушыларымызды  жан-жақты терең білім алуына,ол білімдерін келешекте  өздігінен қажет болатын  іскерліктер жүйесімен қамтамасыз етуге,танымдық қызығушылығы мен қабілетін дамытуға,өздігінше шығармашылық тұрғыдан ойлайтын тұлға ретінде тәрбиелеуіміз тиіс.Оқушыларға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру негізінде халықтың ауызекі өнері,жұмбақ,жаңылтпаш,ұлттық ойындар,ән-күй тыңдату,өнер қайраткерлерінің шығармаларымен,музыкалық аспаптармен таныстыру мақсаты көзделеді. Музыкалық-эстетикалық тәрбиенің қалыптасып,дамуына халық композиторларының шығармашылығы ерекше орын алады.Халық композиторларының күйлері ұлы оқиғаларды,өмір шындығын,қазақ жерінде болған айтыс-тартысты,жорықтарды,той-думанды,елдің тұрмыс-тіршілік салтын суреттеген.

Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып тараған күйлер мен әндер жас ұрпақты тәрбиелеудің таптырмас құралы болып отыр.  Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Ал, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі фольклорымызда екені даусыз. Музыкалық фольклор халықтың музыкалық мұрасы мен шығармашылығын жинап зерттейтін ғылым саласы, халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі, кәсіби өнердің бұлақ-бастауы. Дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін, қай саласын болса да сол фольклорымыздан тауып, ажырата аламыз. Бізге жеткен фольклор – жанр жағынан бай, көркемдігі жағынан кемелденген, әр алуан қызмет атқаратын рухани мұрамыз және күнделікті тіршілігімізде қолданыста болып, мәдени қажеттігімізді атқарып жүрген ұлттық өнеріміз. Бүгінгі заманға ол көп түрлі, көп сатылы руханият ретінде жетіп отыр. Халқымыздың бірнеше ғасырлар көлемінде жинақталып қалыптасқан бай музыкалық фольклоры бар, ол музыка мәдениетінің тууына себеп болған қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды, халық музыка өнерінің өмірдегі колданысы мен орнын, ауызекі шығармашылығы-авторлық ән-күйлердің табиғатын қарастырадыФольклор-ауыз әдебиеті мен музыка өнерінің бір тұтастығына негізделген ерекше бір сала. Атадан балаға мирас болып келе жатқан музыка өнері,атап айтар болсақ, тарихи әуендер, эпикалық жырлар,тұрмыс салт-жырлары, лирикалық әндер, т.б. міне, осы фольклорымызбен-ақ ұлттық болмысымызды қалыптастыратын тәлім-тәрбие беріп отырғаны тарихи  шындық. . Ана құрсағындағы сәбиге дейiн музыка үнi және сөз өнерiнен ерекше әсер алып, оны тындаған ананың тебiренуiне байланысты iштегi бала тәрбиеленген.Мысалы:қазақтың халық әні «Бесiк жыры»сазын қолдануға болады:

Әлди-әлди,бөпешім,

Жылай беріп не етесің.

Қаз тұрасың ертең –ақ,

Тәй-тәй басып кетесің.

Бұл әндер қай тілде шырқалса да,одан ананың балаға деген махабатын,ішкі жан дүние тебіренісін сезінеміз.  Сонымен қатар тұсау кесер, шiлдехана, сүндет той, тiлашар, тойбастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу, жұбату, жоқтау, жарапазан, батырлар мен махаббат жыры, қисса-дастан, толғау, айтыс, терме, ән, күй т.б. толып жатқан әдебиет пен өнер туындылар домбыра үнiмен ұрпаққа жетiп, жалғасын тауып отыр. Ата-бабалардың нақыл сөздерi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дастан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқылы жетіп, ой елегiн шымырлатып, адамгершiлiкке баулыйды. Мақал-мәтел, жұмбақ, қисса-дастан, ертегiлер жақсы мен жаманды ажыратуға, ерлiк пен махаббатты жырлап, туған жерi мен елін қорғауға үйретеді..

Мақал-мәтелдер халықтың ұзақ уақыт бойы адамдардың іс-әрекеті, мінез-құлқына жасаған бақылауларынан туған дана сөздері. Ол — ата-ананың, көпті көрген көненің балаға, жасқа айтар тәжірибесі мен ақыл-кеңесі, өсиет-насихаты, — деп ғалым Б.Адамбаев айтқандай халық балаға айтайын деген ақылын астарлап, мақал сөздің құдіретті күшімен жеткізіп отырған. Ата-бабаларымыз мақалдардың көмегімен жас жеткіншектердің адамгершілік қасиеттерін молайтып, рухани тәрбиелеген. Халық мақал-мәтелдерін зерттей отырып, қазақтың мінез құлық, тіл мәдениетіне, өнерге, ән күйге, әдебиетке деген талаптарын да тұжырымдауға болады. Мәселен «Ерді кебенек ішінен таны», «Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан», «Жақсы адам жұрттың ырысы», «Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде» және т.б мақалдар балалар мен жастарды адам мен заттардың ішкі мәніне байсалды назар аударып отыруға, оларға баға бергенде тек сыртқы қасиеттеріне ғана қарамауға үйретеді. Мысалы, сөзге де белгілі бір талаптар қойылған. «Жіптің ұзыны жақсы, сөздің қысқасы жақсы», «Сөз тас арады, тас жармаса бас жарады», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Жақсы сөйлесе аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгілер», «Жаманға ақыл айтсаң, алдайды дер», дейді халық даналығы.

Қазақ халқының балаларға тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі —  ертегі. Оларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлықтары өз халқына, туып-өскен жеріне,еліне,табиғатқа, Отанға деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір мазмұнда болатын оқиғаның басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей кеп әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс тауып жатады. Талай-талай іс-әрекеттер өткір сықақ, мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге кенелтеді. Бала жағымсыз кейіпкерлердің жексұрын әрекетінен бой тартып, жақсылыққа құмартады. Ертедегі суреттелген кейіпкерлердің көркемдік поэтикалық бейнелері, сондай-ақ адамдардың сұлулық пен нәзіктікке берген жоғары бағалары баланың әдемілікке деген қызығушылығын арттырады. Олардың шығармашылық мүмкіндіктері артып, ертегінің мазмұнын қайталап есіне түсіргенде немесе сахналап, қойылымдар қойғанда өзіндік тапқырлық көрсетіп, еркін ойын айта, эмоциясын анық білдіре алады. Сол іс-әрекет барысында ерекше әсер алып, сезімдері мен қызығушылығын оятқан заттар, музыкалық шығармалар жөнінде қарапайым тұжырым жасайды.Сонымен қатар баланың ақыл ойына,сезіміне әсер етіп,эстетикалық тағылым береді,олардың шығармашылық қабілетін арттырады.Осының нәтижесінде төменгі сыныптың оқушыларынан бастап  олар шағын ертегілерден үзінділер көрсетіп,(«Мақтаншақ құмырсқа» «Асан мен Үсен», «Бір уыс мақта», «Жыл басы кім болады?»)өздерінің ой-өрістерін дамытады.

Қазақ фольклорының қызықты да пайдалы түрлерінің бірі: жаңылтпаш. Ол бала тілін ширатудың қолайлы құралы, қалай болса солай, мағынасыз айтыла салған сөз емес, керісінше, белгілі бір желіге құрылады, баланың жастайынан ана тілінің бай қорын игеруге, таза , майда, анық әуенді сөйлеуге көмектеседі.  Балалардың тәрбиесін қалыптастыруда, ауыз әдебиетінің елеулі туындысының бірі – жұмбаққа халық мән берген. Жұмбақтар балалардың ой өрісін, дүниетануын, музыкалық-эстетикалық көзқарасын, талғамын қалыптастыруға көмектеседі.

«Ойын ойнап,ән салмай өсер бала бола ма…»-деп Абай атамыз айтқандайбаланы өсіретін де дамытатын да ойын.Осы мақсатта өткізілген сыныптан тыс шараларда немесе тақырыпқа байланысты сабақта тек өзіміздің емес басқа да ұлттардың ұлттық ойындарын қолдануға болады.Мысалы:татар халық ойыны «Элчи-бэлчи» «беларусь халық ойыны «Волк и овечки» қазақ халқының ұлттық ойындары   «Сылдырмақ» «Кім тез жинайды»» «Малдың төлін емізуге шақыру».Міне осындай ойындардың ойнаған балалар бой сергітіп,ой сергітіп қана қоймай өзге ұлт өкілдерінің ойындарынан хабардар болады. Мектеп оқушыларының музыкалық-рухани қабылдауын тәрбиелеу мақсатында қазақ фольклоры жанрларын пайдалану, олардың өнер мен өмірдегі әсемдікті түсінуіне, көру мен есту түйсіктерін жинақтауға, танымдық процестерінің дамуына көмектеседі. Сонымен қатар ауыз әдебиеті жанрлары балалардың көркемдік тапқырлығы мен дағдыларын, шығармашылық іс әрекеттерін жетілдіреді. Сол себептен де, қазақ фольклор жанрларын балалардың музыкалық-рухани қабылдауын дамытуда тәрбие құралы ретінде пайдалынады. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік санасы жаңа қалыптасып келе жатқандықтан, олар негізінен мұғалімнің ықпалында болады.Міне, осы бағыттағы атқарылатын шараларды іске асыру барысында жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәнінің де қосатын өзіндік үлесі бар.Өз тәжірибемде әсіресе, балаларға арналған халық әндеріне көп көңіл бөлемін.Қазақ халық әндері «Ақ тайлақ» «Қамажай»  «Бір бала» «Қараторғай»т.б.Балалардың ең жақсы көретіндері әуенді қимыл-қозғалыстар.Олардың қатарына Е.Андосовтың «Сылдырмақ ойнау» музыкалық ойын «Сақина», «Көги-гөк»  әртүрлі музыкалық сергіту жаттығуларды атқызуға болады.Өзімнің әр өткізген музыка сабағымда оқушыларымның кішкентай жүректерінде қуаныш сезімін ұялатуға тырыса отырып,музыкалық жанрдың түр-түрін таңдап аламын.

Менің алға қойған мақсатым оқушыларға кішкентай  жастан халық мұрасын үйрету.Бала жүрегі кішкентай күй сандық,ол кілтін тапсаң ғана ашылады.

Музыка сабағында  ән үйретіп,күй тыңдатып,ойын ойнату арқылы  халықтық музыкалық фольклорына құрметпен қарауға, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге оқушыларды жас кезінен баулығанда ғана, ол ертеңгі өз Отанының нағыз азаматы болады.  Фольклорымыздан нәр алып өскен бала еліміздің елдігіне, егемендігіне еңбек етіп, өркендеуіне үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Тәуелсіздік туын тіккен жас мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білгір,білікті,саналы азаматтар даярлау бүгінгі күннің келелі мақсаттарының бірі. Біздің өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз халық өнерінің шынайы мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен жасай алатын адам ғана ата – бабадан қалған мұраны көбейтіп, байытып келесі ұрпаққа жеткізе алады. Олай болса, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет ғұрпын, әдеби, мәдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, музыкалық-эстетикалық талғамы жоғары азамат тәрбиелеп өсіру баршамызға басты міндет.