Бастауыш сыныпта ағылшын тілін оқытудың ерекшеліктері

         Қазіргі Қазақстандық қоғам көпұлттық, көптілділік және көпмәдинеттілік жағдайда. Сондықтан осы қоғамға бейімделген көп тілді меңгерген мәдениетті тұлға қалыптастыру — өзекті мәселелердің бірі.  Әлемдік білім беру жүйесі жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұстаным Қазақстан республикасының Білім туралы Заңында жан-жақты сипатталған: “Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу
Тіл мәселесін сөзге тиек ете отырып, Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кем дегенде үш тілді біліп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін білу тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар ағылшын тілін кеңінен білмейінше, ұлттың бәсекеге шынайы қабілеттілігі туралы айту қиын болатындығын ескерте отырып, барлық ата- аналарды балаларын үш тілде оқытуға шақырды. Шәкірттер қазақ тілін толық әдеби нормада меңгеріп, орыс тілі мен ағылшын тілін еркін білу қажет. Ал ғалымдардың зерттеуінше, бала жас кезінде тілді қиналмай әрі еркін меңгереді екен. Сондықтан да орта білім беру жүйесінде басты бағыттардың бірі  шет тіліне ерте жастан оқыту болып табылады. Соңғы он жылда ағылшын тілін бастауыш сыныптардан бастап оқыту көптеген мектептерде эксперименттік деңгейде жүргізіліп келді.  Биылғы 2014/2015 оқу жылында  барлық мектептерде 1- сыныптан бастап шет тілі енгізілді.  Менің ойымша біздің мұғалімдерге бұл шешім ешқандай қиындық тудырған жоқ, себебі біздің мектепте бастауыш сыныптарда шет тілі факультатив сабақтар түрінде бірнеше жылдар бойы жүргізіліп келді және былтырғы жылы эксперимент ретінде енгізілген болатын.

Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді, бірден көп тілдерде сөйлеуге мүмкіндік алады. Ал әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі.  Қазір ағылшын тілін білу – уақыт талабы.

Неден бастаған жөн деген сұраққа жақсы оқулық керек дер едім. Өйткені дұрыс таңдалған оқу құралы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Қазіргі кезде ағылшын тілінен оқу құралдары өте көп, біздің мектепте Макмиллан баспасының оқулықтары қолданылып келді және қазіргі 1-2 сынып оқушылары Кембридж баспасының оқулықтарын пайдалануда. 1 сыныптар екі топқа бөлініп, аптасына бір сағаттан оқытылады. Оқу-әдістемелік топтамасы ретінде Кембридж баспасының Қазақстан мектептеріне бейімделген “Primary Colours 1” оқулығы алынған. Авторлары Диана Хикс және Эндрю Литлджон.    Бұл кітаптардың ерекшелігі сөйлеу мен тыңдау дағдыларын дамытуға арналған оқу кітабы мен дискілер, жазу тапсырмалары бар жұмыс кітабы және әр сабақтың жоспары мен әртүрлі әдіс-тәсілдер көрсетілген мұғалімге арналған кітабы, тақырыпқа сай  көрнекіліктері берілген.

Тілді үйрену сабақтарында оқушылардың тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу дағдыларын дамыту сабақ барысында жүзеге асып отыруы тиіс және жазудан гөрі оқушылардың тыңдап түсінуіне, сөйлеуіне көбірек назар аударылады, өйткені бұл жаста балалардың көбі есту, көру арқылы есте сақтайды.  Бастауыш сыныпта ата-аналардың көмегі де өте маңызды. Егер олар бүгін сабақта үйренген сөздерін күнделікті үйде қайталап отырса, келесі сабақта балалар оны ұмытпай еркін қолданатын болады. Бірақ өкінішке орай ата-аналар  арасында «ағылшын тілін білмейміз, көмектесе алмаймыз» деушілер көп. Бұндай жағдайда мен интернетті қолдануға, сөздіктерді пайдалануға ақыл-кеңес  беремін(мысалы: google-переводчик).

Сонымен қатар оқушылырдың ағылшын тілінде ауызекі сөйлеу қабілеттерін дамыту бағытында түрлі іс-әрекет ұйымдастыруға болады. Шет тілі пәні бойынша оқушы ереже мен ұғымдар анықтамасын тек жаттап алғаннан гөрі, оларды іс жүзінде саналы түрде қолдана алуы қажет. Түрлі тапсырмалар мен жаттығулар арқылы теориялық білімді шыңдауға болады. Мысалы,   жаңа сөз бірліктерін енгізуде міндетті түрде суреттермен көрсету, сөздерді қайталау, жатқа айту сияқты тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың есте сақтауы артып отырады. АКТ құралдарын пайдалану арқылы балалардың сабаққа деген қызығушылықтары артады, сабақта белсенділік танытады.

Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың білім –біліктілік, танымдық, коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда ойын элементтерін қолдану керек. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз шығармашылықсыз, толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дегендей, әр сабақ барысында әр түрлі ойын элементерін пайдаланамын.  Ойын әдісі арқылы оқыту олардың, пәнге деген қызығушылығын арттырады, өз ойын, пікірін, көзқарасын білдіруге, екінші бір оқушының  жауабын тыңдап, оны толықтыруға, жетістіктері мен кемшіліктерін айта білуге жаттықтырады. Жақсы құрастырылған және де үздік әдіспен ұйымдастырылған ойын практикалық, тәрбиелік және дамытушылық жағынан оқыту тәсілі болып табылады.

Ағылшын тілін үйрету барысында көбінесе әндерді, рөлдік ойындарды жиі қолдану — тілдік қарым-қатынас құралы ретінде жаңа сөздер мен сөз тіркестерінен құрап үйренуге, оқушының сөздік қорының көбеюіне ықпал етеді. Ән, өлең тыңдау кезінде таныс лексика оқушы есінде тез жатталады. Шет тілінде ән айтып үйрену барысында оқушы дыбыстарды дұрыс атап үйренеді, сөйлемге дұрыс екпін қояды. Әнмен жұмыс барысында, рөлдерге бөліп оқығанда оқушының көңіл күйі көтеріліп, тілге деген қызығушылығы арта түседі.

Қазір қазақстандық мұғалімдердің педагогикалық шеберліктерін арттыруға арналған деңгейлік курстар жүріп жатыр. Сындарлы оқыту ториясына сүйенсек, бүгінгі күні білім дайын күйінде қабылданбай, оқушылар оны өздігімен ізденіп құрастырса, тұлғаның дамитыны, алған білімі ұзақ мерзімде есте сақталатындығы дәлелденіп отыр.  Бұл бағдарламаның негізгі қағидаларының бірі: 1) оқытушының негізгі рөлдері: «жетекші», «ұйымдастырушы», «менеджер», 2) сыныпқа кіргеннен бастап жақсы көңіл-күймен сабақты өткізу, т.б. Қазіргі кезеңде пән мұғалімдерінің кеңінен қолданып жүрген тілдік жаттығуларының біріне «Warming up» жаттығуын кіргізуге болады. Тілдік жаттығудың мақсаты – сабаққа деген бетбұрыс туғызу. Тілдік жаттығу барысындағы мұғалімнің жылы дауысы, сұрақтардың алдын ала ойластырылып тапсырмалардың дұрыс жоспарлануы мұғалім мен оқушының арасындағы жақсы қарым – қатынас туғызып, алдағы сабақтың нәтижесін жоғарлата түседі.                                                                                              Бастауыш сыныптың оқушылары  тез шаршап кетеді, сондықтан  сергіту сәттерін қолданып отыру, оқушыларға қозғалуға, жүруге мүмкіндік беру, әр тапсырманы  6-7 минутта орындап, тапсырмаларды түрлендіріп отыру қажет.  Диалогты сөйлеуде  – оқушылар сұрақ – жауап, өтініш айту, нұсқау беру және тағы басқа жұмыстары ретінде  қарапайым іс — әрекеттерді жасай   алуы тиіс. Балалар бөлік элементтерден жаңа, тұтас жағдай құрай алуы керек. Оқушылар жалпы арнаулы сұрақтарды қоя алуы, әр – түрлі сұрақтарға жауап бере алуы, өтініш, бір нәрсемен келісетінін немесе келіспейтіндігін білдіре алуы керек. Оқушылардың сөйлеу қарқынын өсіру қажет және әр оқушы сөйлегенде екі репликадан айтуы қажет. Шағын шығарма жазу оқушылардың тек жазу, тілді  түсіну, сөйлеу қабілеттерін арттырып қана қоймай әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына себеп болады. Бұндай шығармаларды көп уақыт алмай 5 минуттық жазу ретінде өткізу әбден мүмкін. Шығарма тыңдау барысында диалогтағыдай баланың жіберген қателеріне емес, оның идеясына, өмірлік тәжірибесін сипаттай білу қабілетіне көбірек назар аударған жөн.

Қаулы: Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын арттыру.                                                                                                                   Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізуге арналған тиімді тәсілдерді пайдалану.