Мектеп және ата-ана

67

Мектеп және ата-ана

Оқушының оқу еңбегі – оңай әрекет емес. Оның оқығанының көңілге тоқылуы, көп жағдайда, көмекке байланысты. Көмектің де көмегі бар. Мәселе оның оқу еңбегін дұрыс, ғылыми негізде ұйымдастырып, өз бетімен оқи білуге төселдіруде.

Әрбір шәкірт 1 сыныптан бастап өзіне тән, тұрақты оқу орнына дағдылануы қажет. Мұны ешбір басқа қажеттіліктермен салыстыруға да болмас. Әрине, осы орында аумай, бір мезгілде, сабақтан басқа ешнәрсеге алаңдамай, оқуы үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау – үй ішіндегі үлкендер үшін жауапты міндет.

Бастауыш сынып шәкірттері үшін оның сабаққа даярланатын бөлмесінде әріп үлгілері, көбейту кестесі, өлшем кестелері, тиісті кітапшалар сияқты құралдар көрнекі орындарда болуы шарт, ал ортаңғы сынып оқушылары үшін – жер шары карталары, глобус, әр сыныптың бағдарламаларына сай көркем әдебиет басқа да көрнекі, көмекші құралдар артық емес.

Әдетте, адам өміріне үйде де, түзде де өзіне қажетті нәрселері белгілі жерде сақталуы тиіс. Керегі дер кезінде іздептей табылуы – үлкеннің де, кішінің де көңіл күйінің күйлі болуының шарты.

Бастауыш сынып оқушысының сабаққа даярланатын белгілі орны, үстел, орындығы, кітап сөресі, оқығанда, жазғанда сол жағынан түсіп тұратын жарығы болуы – айнымайтын қажеттілік. Белгілі бөлмесі, бұрышы, орны бар оқушы күн тәртібін көрсетілген уақытта өзі келіп, оқуымен алаңсыз айналысады. Ол өзіне керегін басқа жақтан іздестіріп, әуре болмайды, бар құралы қол астында, көз алдында болғаннан кейін уақытын үнемдейді.

Мұндай жағдай оқушыны тәртіптілікке, еңбекке, инабатқа үйретеді. Өйткені ол өзінің оқу орнын тәртіпті, таза ұстауға тырысады, сол үшін еңбектенеді.

Әрине, балаға белгілі орын арналса да ол тұрақтылыққа бірден бастыға қоймайды. Ол үшін алғашқы шақтарда ата-ана, үй ішіндегі үлкендердің бақылап, басқаруын қажет етеді. Сабақ оқитын бөлме маңында у-шу болдырмау, оқушыны алаңдататын басқа да әрекеттер жасатпау қажет. Баланы жатып оқудан, түрегеліп тұрып жазудан, сабақты ойына келген уақытта даярлаудан, оқып отырып ойына түсіп кеткен ермекпен айналысудан, тағы басқа сондайлардан сақтандыру керек.

Оқушының оқу еңбегіне төселуіне кітапқұмар болуының орны өзгеше, осыған орай оқушының шағын да болса, өз кітапханасы болуына зер сала көмектесу қажет. Әр сыныптың өз дәрежесіне сай оқуға тиісті кітаптары бар. Ол жөнінде сол сыныптың мұғалімімен пікірлесіп, алатын кітаптардың авторын, атын біліп алған жөн. Балаға өзі сүйетін кітабын сыйға тарту да қандай ғанибет.

Оқушыны кітап оқуға төселдірудің алғашқы адымы – оқып шыққан кітап туралы, мазмұны, басты кейіпкерлері, олардың арасындағы қайшылықтар мен сүйсінер қарым-қатынастар ата-ана әңгімесінде өз орнын табар болар.

Жасыратыны жоқ, бірталай бастауыш мектептерде оқушылардың оқу мәдениеті өте төмен – ежелеп оқу, дауыс, үн ырғағын сақтау, тыныс белгілерін елемеу, буындарын анық айтпай, жалғауларды «жеп» қою, жаңа жолға қарамау, тыңдаушыларды жалықтыру жиі кездеседі. Ондай «оқырмандар» не оқып шыққанын өзі де түсінбейді, өзінің де, өзгенің де қымбат уақытын зая кетіреді, не айтып, не жазып мандытпайды. Ондайды болдырмау үшін әдебиетті алғаш оқуға кіріскеннен бастап үйде де, мектепте де оқу мәдениеті үшін бірыңғай талап қойылуы тиіс.

Жазуға, сөйлеуге, оқу мәдениетіне дағдыландыруда үйірмелер, қол еңбегі, ерікті көркемөнерпаздар топтары, бұқаралық жұмыстар атқарар істерде шек жоқ. Бастауыш сынып оқушылары үшін әсіресе, ертегі айту, өлең, тақпақ жаттау, көркем шығармаларды рөлдерге бөліп айтқызу, саяхат, экскурсиялардан қайтқаннан кейін, көрген-білгендерін әңгімелеу, хат, мақала жаздыру, өз ойларынан шығарған әңгімелерін жаздырту сияқты жұмыстардың ықпалы болатынын көптеген озат мектеп өмірі көрсетіп келеді.

Оқушы жүрегіне ұшқын тастау, биікке талпындыру, қияға қанат қақтыру, асқақ арманға баулу – мұғалімнің міндеті. Оны ата-аналардың қатысуынсыз жүзеге асыру қиын. Өйткені, оқушылар өздерінің күнделікті уақыттың 4-5 сағатын ғана мектепте өткізеді. Ал қалған мезгілде жанұядағы ата-аналарымен бірге болады. Сондықтан тәжірибелі мұғалімдер оқу жылының алғашқы күнінен бастап, оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс жасайды.

Ата-аналармен мұғалім жүргізетін педагогикалық жұмыстарының тәсілдері көп. Соның ішіндегі жиі қолданылатыны ата-аналармен сынып жиналысын өткізу. Онда жасалатын баяндаманың тақырыбын мектеп басшыларымен, бастауыш сынып бірлестігі жетекшілерімен, ата-аналар комитеті төрайымымен алдын ала ақылдасып алады. Баяндаманы өзі жасайды немесе ата-аналар арасынан тәжірибесі мол біреуге жүктейді. Ата-аналар жиналысын өздерінің балалары оқитын сынып бөлмесінде өткізеді. Парталарға оқушылардың дәптерлерін және басқа жазу жұмыстарын қояды. Ата-аналар өз балаларының күнделікті жұмыс орны – партаны қалай ұстайтындығын көреді, дәптерлеріндегі жазу жұмыстарымен танысады.

Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері туралы әңгімелескенімізде, ата-аналар комитетінің төрайымы А.Мәмбеталиева мынадай пікір айтты: «Ата-аналарға аса қажетті екінші бір әдіс – оларды мектепке шақыру. Мұғалім ата-анасын шақырғанда оқушыны жазалау мақсатында емес, оған көмектесуді көздейді. Біздегі ата-аналар мектепке баласының сабақ үлгерімі, оқуда кездескен қиыншылықтар, денсаулығы, тәртібі жөнінде кеңесуге келіп тұрады».

Мұғалім оқушының үйіне барғанда байқағандарын көңілге түйіп, оның жанұядағы жай-жағдайын біледі. Оқушының үйіне барғандағы мақсат – ата-анасына шағым айту үшін емес, керісінше оның жақсы оқып, үлгілі тәрбиеленуіне көмекшіні молайту. Әңгіме желісі сұрақ пен жауап түрінде емес, сырласу, ашық-жарқын жағдайда өтеді. Екі жақты тығыз байланысты шыңдауда оқушының күнделік дәптері пайдаланылады.

Жұртшылықтың мектеппен байланысын қалыптастыруда оларды кезекшілікке тартудың да үлкен маңызы бар. Мұндай жағдайда ата-аналар мұғалім еңбегінің қаншалықты ауыр екенін көреді. Жастарды оқытып, тәрбиелеудегі мұғалімдердің абыройлы жұмыстарымен танысады. Сөйтіп, ата-аналар мектеп ұжымының еңбегін қадірлеп, оларға әрқашан көмектесуге ынталанады.

Бұлар – мұғалім мен ата-аналар арасындағы байланыстың алғашқы түрі. Ол, шын мәнісінде, сан-салалы, жан-жақты жұмыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Тәлім-тәрбие хрестоматиясы» (С.Қалиев)
  2. «Ата-ана педагогикасы» (В.А.Сухомлинский)
  3. «Бастауыш мектеп» журналы 2005ж