Аялы алақан

150

Сабақтың  тақырыбы:  Аялы алақан

Сабақтың  мақсаты: Тақырыптың негізгі идеясын ашу,  тақырыпқа байланысты сөйлесу дағдыларын дамыту.

Міндеттері:

Білімдік :  Табиғатты  қорғау туралы мәлімет беріп, меңгерту, танымдық қабілетін арттыру;

  Дамытушылық: Оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін дамыту;  ой түйіндеуге,топпен шығармашылық жұмыс  істеуге жұмылдыру;өз ойларын еркін баяндауға  , ауызекі  сөйлеуге  дағдыландыру,  ой-өрісін  кеңейту.

Тәрбиелік:  Табиғатты сүюге және ұқыпты  ұстауға тәрбиелеу; мейірімді ,адал, қайырымды, адамгершіл азамат болуға тәрбиелеу.

 

Көрнекілік  материал:  ойындар, жұмбақ хаттар, аялы алақан белгісі, слайдтар.

 

Сабақтың   түрі: аралас сабақ.

 

 Сабақтың  әдісі:   әңгімелеу , сұрақ – жауап, ой қозғау стратегиясы.

 

Пәнаралық байланыс: дүниетану,музыка,еңбекке баулу.              

                        

                                    Сабақтың      барысы :

Ұйымдастыру.

І.  Мұғалім  сөзі

Сабақтың  тақырыбы  мен  мақсатымен  таныстыру

  • Балалар, бүгінгі сабағымыз ерекше сабақ болғалы отыр.Себебі бізге бүгін сендердің қандай ақылды,алғыр балалар екендеріңді көру үшін қонақтарымыз келіп отыр.Сондықтан да, «Сәлем- сөздің анасы» дегендей ең алдымен келген қонақтармен амандасайық.
  • Сәлеметсің бе, алтын күн!
  • Сәлеметсің бе, жер-Ана!
  • Сәлеметсіз бе ,қонақтар!
  • Сәлеметсің бе, жан досым!
  • Тілеймін саған сәтті күн!

Өте жақсы,ендеше сабағымызды бастайық.

 

Үй тапсырмасын сұрау:

Балалар,сендердің назарларыңды тақтаға аударғым келіп отыр.Тақтадағы дәйексөзді оқытып,мағынасын ашқызу.

 

Дәйексөз: «Тәрбие-тал бесіктен»

  • Дәйексөздің мағынансын қалай түсінесіңдер?
  • Дұрыс айтасыңдар.Ендеше өткен сабағымыздағы Қайсар сияқты болуымыз керек.Қайсардың қылығын есімізге түсіріп көрейік. Ол үшін екі топқа бөліп, ойын ойнайық.

Ойын«Сиқырлы шаршы».Екі топ кезек-кезек сиқырлы шаршыны лақтырады.Шаршыда қандай сан түссе , сол сан белгіленген терезе ашылады.Ал әрбір терезеде арнайы сұрақтар жазылған.

 

Жаңа сабақ:

Қайсар сияқты мейірімділік, қамқорлық көрсету -әр баланың міндеті.Тек қана адамдарға, олардың достарына ғана көмек қажет деп ойлау дұрыс емес.Сонымен қатар табиғатқа да сендердің аялы алақандарың керек.

Слайд көрсету.

 

Олай болса,балалар, біз бүгін «Аялы алақан» атты әңгімемен танысамыз.

Мәтіннің мазмұнын әңгімелеу.

  • Аялы алақан дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Табиғат деген не?
  • Табиғатқа нелер жатады?
  • Неліктен аң-құстарымыздың қатары сиреп бара жатыр?
  • Оларды қорғауға алу үшін қандай жағдайлар жасалды?
  • «Қызыл кітап» туралы не білесіңдер?

—     Таутеке, ортеке деген қандай жануарлар?

Сергіту сәті: «Ортеке» әні.

 

Оқулықпен жұмыс:

Мәтінді екі-үш оқушыға оқыту.

Мұғалімнің сөзі: Табиғаттағы барлық нәрсе өзара тығыз байланысты. Адам да табиғаттың бір бөлшегі. Табиғаттың бірінде болып жатқан өзгеріс міндетті түрде екінші жеріне әсер тигізеді. Сондықтан да табиғаттың бір бөлшегін жою, өзіне зиян келтіреді, сол арқылы адам баласының күн көрісіне залалын тигізеді.

Табиғат сырын терең білмей, оған қалай болса солай шабуыл жасау үлкен апатқа әкеп соғатынын өмір өзі дәлелдеп отыр…

Қазір сендер күнделікті үйде әр елдің жаңалықтарын тыңдайсыңдар.Әр түрлі табиғат апаттары туралы естіп-біліп жүрсіңдер. Табиғатымыз бұрын қандай еді, қазір қандай екенін де айыра аласыңдар.Ендеше тағы да назарымызды тақтаға салып көрейік.

Слайд көрсету.

 

Егер де табиғат болмаса адам баласының күні не болар еді,ойланыңдаршы?

 

Академиялық дау-дамай: Екі топқа қарама-қарсы сұрақ беріледі. Сол сұрақты қорғап шығулары керек.Екі топ бір-біріне ұтымды жауап айтып, дәлелдеп шығу керек.

1.Кінәлі ме адамзат?

2.Кінәлі оған адамзат!

 

Суретті жұмбақ:

Екі топқа да арнайы дайындалған суреттер беріледі.Сол суреттерді келесі топ оқушыларына суреттеп беру. Ал сұрақ қойылған топ жауабын мимикамен көрсету керек.

 

Ойын «Қошемет» .Дыбыстық жұмбақ:

Арнайы дайындалған табиғат құбылыстарының дыбысы естіледі.Сол дыбысты тапқан топқа келесі топ қошемет көрсетеді.

 

Шығармашылық тапсырма:

. Ассоцияция құру. «Табиғат»  деген  сөзді естігенде  сендер қандай ассоцияцияларды көз алдыңа елестетесіңдер. Сендер бір сөзбен тек осы тақырыпқа үш минут ішінде  тән белгілерді еске түсіп  жазыңдар.

Сонымен, « Табиғат»  — бұл…

 

Тақтамен жұмыс:

Тақтаға жазылған дәйексөздердің мағынасын ашу.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,

Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ».

 

«Табиғат -сенің өз үйің»

 

«Қадірле Жер-Ананы!» т.б.

 

Қорытынды:

Балалар, біз де табиғатқа қандай қамқорлық жасауға дайын екенімізді білдіріп,сыныбымыздың «Аялы алақан»белгісін жасап көрсетейік.Тілек айту арқылы өздері жасаған гүлдерді «Аялы алақан »белгісіне жапсырады.

 

Бағалау:

 

Үйге тапсырма: Мәтінді мәнерлеп оқу.

Төрт жолды өлең шығару.