«Жаңалыққа жаны жақын жандар» қатысқан таныстырылым

81

«Жаңалыққа жаны жақын жандар» қатысқан таныстырылым

«Білім беру жүйесін жаңғырту барысында педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор….. Мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс».
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту жөніндегі тұжырымдалық тәсілдерді мақұлдады және жаңадан құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығына шетелдік әріптестермен бірлесіп, озық әлемдік тәжірибе мен педагогикалық практиканы қолдану арқылы көп деңгейлі Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын жасау тапсырылды.

Шын мәнінде, қазіргі кезеңде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, жаңа технологияларды кеңінен қолдануды, жаңа формациядағы ұстаздар дайындау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді, нарық экономикасына бейімделген, бәсекеге қабілетті білімді де білікті мамандар дайындауды негізгі стратегиялық межеге жатқызады. Бұл мақсаттар еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдануды игеру, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін күн тәртібіне ендірді. Осы бағытта Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуы үшін шетелдік тәжірибелерді зерделеп, енгізу талабы туындап отыр.  Әрбір мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен Қазақ елінің білімі мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функциональды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға құмбыл, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс. Осы мақсатта елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған 3 айлық курс жүзеге асырылып келеді.

Бұл   Бағдарлама    нендей    мақсаттарды    көздейді? Біз неге дәстүрлі   оқыту үрдісінен бас тартуға тиіспіз?

         Бағдарламаның     мақсаты – оқушылар  өздерінің             қалай оқу керектігіне    назар   аудара     отырып, олардың    өз   ойлары мен дәлелдемелерін    нақты   жеткізе    алатын, яғни    ойға    жүйрік, тілге    шешен, әрі   жазбаша    түрде    еркін, көркем   бейнелеп   жазуға    төселген, бірнеше   тілді  қатар  меңгерген  бәсекеге     қабілетті       жан-жақты жетілген   жеке   тұлға қалыптастыру    болып     табылады. Ондай «тұлға» болашаққа  сенімді, ынталы, сыни   пікір    көзқарастары    жүйелі     дамыған, қазіргі        сандық     технологияларды, өмірде    өз  білімін     қалыптан    тыс      жағдайда да еркін  әрі  терең  пайдалана  білетін  жан   болуы    тиіс.  Оқытудағы «Кембридж тәсілінің» теориялық  негіздерінде   түрлі    тәсілдер     қарастырылғанына    қарамастан, орта білім беру жүйелерінде  әлемдік     жоғары деңгейге қол жеткізген  анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсіліне басымдылық берілген. Бұл    оқытудың    басты      бағыты – ойлауды  дамыту   болып    табылады. Яғни, оқушы     өзінде бар білімді  түрлі  дерек  көздері   арқылы,   мұғалімнен,    оқулықтан, достарынан   алған  білімдермен      біріктіре     отырып     іске    асырады .

2013 жылдың 7 қазаны күні Жаңақорған ауаны №3 мектеп-интернатта сындарлы оқыту курсы жайында таныстырылым өткізілді. Бұл таныстырылым Кембридж оқыту бағдарламасымен курста оқып, дәл қазіргі уақытта практикада жүрген Зейдалиева Сәбира апайдың  оқып-түйгендерін әріптестерімен бөлісу, жаңалықты енгізу мақсатында ұйымдастырылды. Басты міндеті — қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалай білуге көмектесу. Бағдарлама жеті модульден тұрады:
1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау
4. Білім беруде АКТ пайдалану
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту
7. Білім берудегі басқару және көшбасшылық.
«Маған айтсаң – мен ұмытамын, маған көрсетсең – мен есте сақтаймын, маған жасатсаң – мен түсінемін», — деп қытай данасы Конфуций іліміне сүйене отырып, Сабира апай өз тәжірибесін әріптестерінің өздеріне жасата отырып көрсетті.
Таныстырылымға мектептің басшылары – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлібекова Гүлнар апай, ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Орынханова Сәуле апай, жаратылыстану пәндер бірлестігінің жетекшісі Ақбаева Айгүл апайлар бастаған мектептің белді  мұғалімдері және 11-сынып оқушылары, сонымен бірге ата-аналар да қатысты.  Таныстырылым ынтымақтастық атмосферасын құрудан басталды. Стикерлер арқылы 4 топқа бөлінген қатысушылардың көздерінен «Сәбира апай не айтар екен, қандай жаңалықпен таныстырар екен?» деген сұрақты оңай аңғаруға болар еді. Осы сәтте интерактивті тақтадан алдыңғы қатарлы елдердің білім жүйесін көрсете отырып, Сәбира апай курстың негізгі философиясын түсіндірді. «Жарықшақты құмыра (кувшин с трещинкой)» слайдын көрсетіп, қатысушыларға ой тастады. Осылайша 4 топқа постермен жұмыс жасау тапсырылды.

Мұғалім, оқушы, ата-анадан құралған «Үштік одақ» өз топтарында белсене жұмыс жасады. Топта кумулятивтік әңгіме жүрді. Қатысушылардың сыни тұрғыдан ойланғандарын постердегі суреттер дәлелдейді. Біз үшін бұл өте қызықты болды. Кереметтей идеялар ортаға салынды. Әр топтың көшбасшылары постерлерді қорғап шықты. Инклюзивті оқытудың маңызын түсіндік. Түйінді идея – заман талабына сай жас ұрпақ дайындау. Дәстүрлі оқытудағы мұғалімнің түсіндірілуімен жүзеге асатын механикалық есте сақтаудың орнына оқушылардың өз беттерімен немесе мұғалімнің аз ғана көмегімен алған білімді өмірде қолдана білу аса маңызды екеніне көзіміз жетті. Таныстырылым барысында білім жүйесіндегі, оның ішінде мектептегі ахуал жөнінде сауалнама алынды. Таныстырылым соңында мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар тілектерін айтты. Таныстырылым көңіл көтеретін сергіту сәтімен аяқталды.