Ұмытылмас ерлік

93

Сабақтың тақырыбы: «Ұмытылмас ерлік»

Сабақтың мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру. Оқушылардың тіл байлықтарын, ойын, мәнерлеп оқу дағдыларын ұштау. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, қазіргі таңдағы арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерліктерін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу; отансүйгіштікке, батылдыққа, шыншылдыққа баулу.

Сабақтың көрнекілігі: мультимедиялық проектор, плакат

Пәнаралық байланыс: орыс тілі, музыка, әдебиет

Қатысатыңдар: 3 «Е» сынып оқушылары

Сабақтың барысы:

1-жүргізуші: Жеңіс күні бар әлемге әйгілі

Көктем шуақ  9 мамыр күні

Айтшы, кәне, біздің жеңіс шеруі,

Кездейсоқ па көктемге сай келуі.

2-жүргізуші: Біздің Ұлы Жеңісіміз көктем боп,

Көңілдерге шұғыласын төккен көп.

Сонау жылы 9 мамыр күні,

Алмастырған қуанышқа қайғыны.

1-жүргізуші: Бүгінгі күн-көптен күткен салтанатты күн, зымыраған уақыттың қанатында. Жеңістің міне 69-шы көктемі де келіп жетті. 69 жыл-бейбіт көктем таң атқалы,69 жыл-шуақты күн таратты әнін, 69 рет-көктемде сонан бері,ашылды Жеңіс күннің парақтары.

 

2-жүргізуші: Бүгінгі ашық тәрбие сағаты соғыс ардагерлеріне, қайтып оралмаған қаһармандарды еске алуға, бізге бақытты бейбіт өмір Ұлы Жеңістің мерей тойына арналады. Өкінішке орай, уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды аралараымыздан алып кетіп жатыр. Бірақ ешкім де, ештеңе ұмытылмас, ұмытпауы тиіс! Себебі, бұл-біздің тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз! Осындай бақытты күнді елі мен жері үшін арыстандай алысқан жеңімпаз жауынгерлер біз үшін, келер ұрпақ үшін сыйлады. Сондықтан да, бұл күні барлығымыз Отан үшін мерт болған қаһармандардың ерлік рухына бас иіп, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетейік.

 

Көрініс «21 маусым 1941 жыл»

1-жүргізуші: 21 маусым күні оқушылардың мектеп бітіру кешінен қайтып келе жатқан сәті. Кенеттен музыка тоқтап, сырттан авиабомба, снарядтардың жарылған дыбысы естіледі. Қыздар қорыққандарынан қолдарымен басын бүркіп тұр.

Кенет радиодан: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! Кеңес үкіметінің ақпараттық бюросынан.1941 жылы 22 маусым фашистік Германия тұтқиылдан  соғыс жариялап, елімізге басып кірді. 22 маусым сағат таңғы 4-терде фашистік Германия еш хабарлаусыз Кеңес Одағына шабуыл жасады.

 

Оқушы: Соғыс! Соғыс! Соғыс!

1-әйел: «Соғыс, соғыс дейді, естідіңдер ме? Сұмдық-ай енді қайттық? Күніміз не болар екен?»

2-әйел: «Қойыңдар жамандық шақырмай. Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?»

1-азамат:   Ат басына күн туса,

Ауыздықпен су ішер

Ер басына күн туса,

Етігімен су кешер- деген бар емес пе, жыламаңдар, жастарыңды тиыңдар!

Бәрі: Отан үшін аттанайық!

Оқушы:     Уа, халқым!

Күн туды сенің басыңа,

Жау кірді сенің жеріңе,

Сұм фашистен қорғауға,

Аттан, халқым майданға!

Оқушы:     Солдаттың көкірегі толы арманы,

Оқ жаңбыр астында да жоғалмады,

Отан мен анасы үшін «Алға» деді

Амал не, көпшілігі оралмады.

Оқушы:   «Алар жау сыбағасын оңбай бізден»,

Шығамыз соңғы күшпен,

Соңғы айбынмен,

Қорғаймыз байтақ елді,

Өйткені оны

Әр ұрпақ өз тұсында қорғай білген.

Оқушы: Осы сұрапыл соғыста жауды талқандап Ұлы  Жеңіске жетуге қазақстандықтар да сүбелі үлес қосты. Жүздеген мың қазақстандықтар қолына қару алып, өз Отанының бостандығы үшін күресті. Қазақстаннан фронтқа 1 миллион 196 мың 164 адам шақырылды. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде өлімге бас тікті, Сталининград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинді шабуылдады, Рейхстагқа Жеңіс туын тікті.

 

Оқушы: Қазақстандықтар өздерін батылдықпен және батырлықпен көрсете алды. Осылайша Жеңіс күні жақындай түскен еді. 512 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды.

 

Оқушы: Иә, бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен. Сұлтан Баймағанбетов, Әди Шәріпов, Қасым  Қайсенов, Нұркен Әбдіров, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағулова сияқты есімдері аңызға айналған аталарымыз бен апаларымызды тарих бетінде  «Батыр» деп жазып кетті.

 

Оқушы: Халқымыз Мәскеуді қайсарлықпен қорғаған 28 Панфиловшы батырларды ғұмыр бойы құрметпен есте сақтайды. Генерал Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясының аты шықты. Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін бұл ұрыста 28 Панфиловшының 23-і қаза тапты, 28-ден 22-сі қазақстандықтар еді.

Оқушы:  Орыс, қазақ, қырғыздан,

Құрылған бұл шағын топ.

Жауға үрей туғызған

Жайпап түсер жалын боп.

Даңқ қосып даңқына,

Сұрапылға төтеді.

Борыштарын халқына,

Ерлігімен өтеді.

Оқушы: Жиырма сегіз, жиырма сегіз—бір ғалам,

Анау жаудың танктері лаулаған.

Ресей кең, Отан тең, артымызда Москва.

Шегінуге хақымыз жоқ, хақымыз жоқ бір қадам.

Оқушы: Ашу менен кек оятты ел намысын,

Отан үшін жан пида болды үлкен сын.

Ер азамат жауменен арпалысса,

Әйелдер терін төкті майдан үшін.

Оқушы: Әйел-солдат: ана, апа. Сүйікті жар. Қаншама қиындық пен жоғалту олардың үлесіне тиді. Майданнан ұлын, аға-інісін, жолдасын күтті.Сөйте тұра, бала да тәрбиелеп, егін баптап, станок жанында тұрды. Ал кейбіреулері ер адамдармен бірге қан майданда айқасты.

 

Көрініс: «Соғыстан қайтқан солдаттар»

Мұғалім: Құрметті қонақтар, соғыста қаза болған батырларымыздың рухына бас иіп, еске алайық.(1 минут үнсіздік)

 

1-жүргізуші: Радиотораптан диктор Левитанның сөзі «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва!» 1945 жылы 8 мамырда Германияның жоғарғы командованиесі жеңілгендігін мойындап актіге қол қойылды. Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды! 9 мамыр Жеңіс күні!

2-жүргізуші: Халық қуанысып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатады.

Оқушы: «Сүйінші! Халқым, жұртым, сүйінші! Неміс фашистері кеше тізе бүгіп, жеңіліпті!»

1-әйел: О, жасаған, шынымен қарғыс атқыр соғыстың аяқталғаны ма?

Оқушы: Күткен Жеңіс жарқ етті сәуле шашып,

Жеңіс келді, қуандық көңіл тойып,

Жауды жойып батырлар елге оралды,

Ата-анамен қауышты құшақ жайып.

Оқушы: Мамыр келді ағаштар бүрін жарып,

Бейбіт өмір оралды күні жарық

«Шүкір» деп әжелер жүр ақ жаулықтың

Ұшымен көздің жасын соғып алып.

Оқушы: Аспанда күн жарқырап күліп тұрды,

Бейбіт өмір шаттығы тұнып тұрды.

Соғыстан соңғы сәби күлкісімен

Қара күндер қайғысын ұмыттырды.

Ән: «Ақ көгершін»

Мұғалім: Балалар отандарыңды сүйіп, қастерлей біліңдер, ата-баба дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болыңдар, халқымның ерлігімен, батырлығымен, қайсарлығымен келген тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреп тұрсын. Отанын сүйетін, қорғай білетін нағыз азамат болып өсе беріңдер.