Тәрбие сағаты Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер,қайраткер, саясаткер.

                          Тәрбие сағаты

     Әбіш Кекілбайұлы – қаламгер,қайраткер, саясаткер.

 

       Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

Опорный        орта мектебі

Математика пәні мұғалімі

10 А сынып жетекшісі

Тоқсанова Зоя Қармысқызы

 

 Тәрбие сағатының  мақсаты : Көрнекті  мемлекет  және  қоғам  қайраткері, Қазақстанның  халық  жазушысы , мемлекеттік  сыйлықтың иегері , «Түркі дүниесіне қызмет»  халықаралық  сыйлығының  лауреаты , сенатор Әбіш  Кекілбайұлының  қаламгерлігі , қайраткерлігі, саясаткерлігі  туралы оқушыларға  кеңірек  таныстыру.

 

Тәрбиелілігі: Әйгілі  сөз зергерінің замандастары, достары , әріптестері, іні – қарындастарының әр жылдардағы жазылған , газет – журналдарда жарық көрген  ой – толғамдары , ыстық лебіздерін бере  отырып , оқушыларды ұлтжандылыққа , сыйластыққа , адамгершілікке, мейірімділікке  тәрбиелеу.

 

Көрнекілігі: Жазушының «Елең – алаң», «Үркер» романдары  бойынша плакаттар, жазушының өмірінен сурет – шежіре  интерактивті тақтамен слайд  арқылы көрсету.

 

Мұғалім сөзі : Тылсым тарихын  балбал  тастарға  мүсіндеген , рухани әлемін  зергерлік  әшекейлеріне күміспен  күптеп , күйлерінің  күмбірімен  көмкеріп , жырларымен жиектеген , өткені өнегелі , бүгіні бай да , баянды , келешегі көңілге  шалқар  шабыт  ұялататын , 362  әулие мен Пір Бекет атаның рухымен  тыныстап жатқан  Киелі Маңғыстау  топырағында  дүниеге келген  Әбіш аға Кекілбайұлына арналған тәрбие  сағатына  қош келдіңіздер!

Осы бір  қасиетті топырақ , киелі  жерде  дүниеге келіп , қалың  қазақтың қамын жеп , алаштың  ардағына  айналған  ұлы  тұлғалар  әрине , аз емес. Оларды  дәл  қазір түгендеп  тауыса алмасымыз хақ. Бірақ  олардың еңбегіне ілтипат , рухына тағзым етіп отыру ұрпақ  парызы.

Қазақстанның  халық  жазушысы  Әбіш  Кекілбайұлы  осыдан  он жыл бұрын Ақтауда  туғанына 60 жыл толуына  арналған салтанатты жиында : «Алпысқа  жеткен  адам да алыстан  келе  жатқан  жолаушы ғой. Жол үстінде  талай  қуанып ,талай  құлазиды екен. Сондайда  бала – шағасының тілегіне қосып , сенің тілегіңді де тілесе отыратын ақ пейіл ата қауымның  барлығы – Құдайдан кейінгі қуатың  екен. Бұны мен ешқашан естен шығармақ емеспін. Тұрғанда тәубама , жатқанда кәлимаға қосып келемін . Шырғалаң ғасырды да таусып келеміз.  Пікір  ете  білсек , талай  шыңырауға  бойлаппыз. Шүкір  ете білсек ,  талай  шыңға  өрмелеппіз.  Жарығы  таусылмаған жанға  бақыттымын  деп  қомдану  тасырлық ,  бақытсызбын  деп мұңаю  пақырлық  шығар.  Мен де бүгін  жер  ортасынан  асқанда  бабаларымыз  айтқандай «Жаратқан  ием , осы  бергеніңе  тәуба!  десек  ерсі болмас.  Бұл  үшін  әуелі  Тәңірге,  сосын  ел – халқыма  қарыздармын»  дегені  барды. Сол ел – халқы, зайырлы  замандастары , ізгі  ниетті  іні – қарындастары  2009  жылды «Кекілбаевтің  жылы» деп  атап , сан  қырлы  суреткер  жайлы әсерлі  әңгімелер  мен  ән – жырларды  жариялау , ел  төрінде  сый – құрмет  көрсетуді  бастап  кетті.  Маңызды да ғибратты  іс – шараларға  толы  мерей  той  бағдарламасы  туған  топырағы  киелі Маңғыстау  жерінде  жиналған  аса сыйлы  қонақтар  мен ел – халқының  еңсесін  көтерді.  Дүбірлі  той әсем  Ақтауда  бастау  алып , Оңды ауылында әдемі  жалғасты.

«Меніңше, бұл жиын  халыққа ,  соның  ішінде  желкілдеп  өсіп  келе  жатқан  жас  ұрпаққа  керек.  Өйткені  туған   халқының  екі  ғасыр  тоғысында  өмір  сүрген  ұрпағының  тағдыр  тауқыметі  мен жан  сырын  көркем  тілмен  өрнектеуді  өмірлік  мұрат  тұтқан ,  шығармашылық  пен  мемлекеттік  қызметтің  тізгінін  тең  ұстаған  өз  заманының  зор  тұлғасы  Әбіш  аға Кекілбайұлының  шығармашылық  лабораториясы  мен  ғұмырнамасы  кімге  болса да  тағылымды  мектеп  болары  анық» — деген болатын , осы  жиында  оның  таланты  мен  адамгершілік  қасиеттерін  аса  жоғары  бағалап , ерекше  құрметтейтін  ұзеңгілес  інісі  Маңғыстау  облысының  әкімі Қырымбек  Елеуұлы  Көшербаев .

 

 

Әбіш Кекілбайұлының   өмірбаяны .

 

І бөлім .  «Ғұлама  тұлға , ғибратты ғұмыр»

 

Арай : Әбіш  аға – ең  алдымен  сөз  зергері ,  қаламгер.  Оның  қаламгерлігі  туралы  қазақ  әдебиетінің алып  бәйтерегі  Мұхтар Әуезовтан  бастап ,  талайлар  орынды  бағасын  бергені  белгілі.  Жұмекен  Нажмеденов  айтқандай Әбіш  «екі  кеме емес ,  үш  кеменің» басын ұстаған  қаламгер.

 

Айгерім: Сонау  соғыс  жылдарының  сұрапылы  мен  ауыртпалығын  арқалаған  жас  буынға қазақ  әбебиетінің көшін  тіктеп ,  кемеріне  келтіріп , әлем  әдебиетіненлайықты  орын  алу  миссиясы бұйырды . Бұл  аманатты адал  атқарған сол  буынның  басында  тұрған  бір  кездегі бала Әбішті қазіргі  қазақ  әдебиетінің  бұйда  ұстар  көш басшысы ,  көрнекті тұлғасы  һәм ақсақалы  деп  білетін  кез  келді. Біз  бұл  тұжырыммен  әдеттегідей тайталасып  жатқан  күннің  өзінде ,  оны  әлемдік  әдеби  орта  дәл осылай  мойындап ,  әлдеқашан  бекітіп  қойған. Дүниежүзілік  100 ойшыл – қаламгерлердің  қатарында  Әбіш  Кекілбайұлы  есімінің  тұрғандығы  осыған  дәлел.

 

ІІ. «Әбіш  Кекілбайұлы – күрескер тұлға!»

 

Болат:  Нағыз жазушы – тек  қалам  тартқан  сөз  шебері  емес , ол өз  халқының  бақыты  жолында  әр  шығармасы  арқылы майданға  түсетін күрескер!

Сократ, Платон , Диоген , Байрон , Шелли , Сырым , Махамбет , Абай ,Ахмет , Мұхтар … . Елінің  азаттығы  жолындағы  майданның дәл  ортасынан  табылған  есімдердің  тізімін  шексіз  жалғай  беруге  болады. Бұл  тізімге Әбіш  Кекілбайұлының да  атын  бүгінгі тарих батыл  жаза  алады. Оның  өлген  мұраларымызды  тірілтіп ,  өшкен  шырақтарымызды  қайта  жаққан  қайраткерлігін  былай  қойғанда , қазақ  қоғамындағы  аса  күрделі  сәттерде  жанын  шүберекке  түйіп , әділет  үшін  тәуекелге  барған  тұстарын  қалайша  бүгіп  қалмақпыз?!

Ел  тәуелсіздігі  талқыға  түскен шақтарда  әміршіл  жүйенің  мінберінде  тұрып , Версальд келісімі, Атлант хартиясынан  бастап , Беловежье  келісіміне  дейінгі  халықаралық  хұқықтық  актілерді  алға  тарту , сол арқылы  Қазақстан Тәуелсіздігін  негіздеу – нағыз  сарабдал  саясаткерліктің  көрінісі  емес пе?!

Маржан:  Жазушы Әбіш  Кекілбайұлының  қаламынан  туындаған  шығармалар  әдебиетіміздің  ортақ  игілігі  болса  оның  мемлекеттік  қызметтегі , жалпы  қоғамдағы  әр іс — әрекеті – халықтың  ортақ игілігіне айналып  отырғаны  шындық.

Шығармашылық  адамының  мемлекет  басқару  ісіне , билікке  араласуы төтенше  құбылыс  емес.  Аристотель , Сенека , Макиавелли , Науаи , Ұлықбек , Гете , Абай , Байтұрсынов , Сейфуллин … . Бұлардың  бәрі де заманында биліктің тізгінін  қаламмен  қатар  ұстап , атқа  мінген кісілер. Ізгілікті  ұйымдастырушылық  іскерлікпен , сезімталдықты  саяси алғырлықпен  ұштастыра  білген   қазіргі  заманғы  қайраткерлердің  пірі Әбіш  аға  қазақ  мемлекеті шаңырақ  көтерген шақта  аса жауапты  биіктерден  көрінді. Парламент  жұмысына  жетекшілік  етті , Мемлекеттік хатшы , Президент Кеңесшісі болды , қазір Елбасының жарлығымен  тағайындалатын Парламент  Депутаттарының  қатарында.

Бақыт: Азаттықтың  арайында ,  тәй – тәй басқан  Тәуелсіздіктің әр қадамына  сүйсінетін , елдің  тізгінін  қолына алған Елбасына  тірек болатын азаматтар  қажет  еді. Конфуций , Вольтер , Тоныкөк , Қорқыт , Асанқайғы , Жиембет , Бұқар  секілді , хан алдында  халыққа  жаны  ашып , халық  алдында ханға жаны  ашып сөйлейтін кеңес  иесі болу да Әбіш Кекілбайұлының  еншісіне  жазылды.

 

ІІІ. «Әбіш Кекілбайұлы – көрнекті  қоғам  қайраткері!»

 

Айзада:  Жер  жарылып , су аққан  сонау  ықылым  заманнан  бастап күні  бүгінге  дейінгі адамзат  тіршілігін  санасына сыйдыруға  ұмтылу , бүгін  мен  болашақтың  жарасымына  жан  дүниесін  арнау – ғаламдық  деңгейі , адамзаттық  адамзаттық масштабы  емес деп  кім  айта  алады?!  Тілдік ,этносаралық , конфессиярлық , мәдениетаралық  үйлесім  мен  ұлттық , мемлекеттік , адамзаттық  құндылықтарды  тану ,  құрметтеу  сол арқылы  дүниежүзілік  жарасымның  гуманистік  құндылықтарын уағыздау – шын  мәніндегі  адам  баласының  ең  басты  мұраты  емес пе?!

Мәңгілік  өмірді  аңсаған – Қорқыт … , ажалдың  алдын  алған – Қожа Ахмет Яссауи .., Жерұйықты  іздеген – Асанқайғы ..,  халқының  кемелдігін аңсаған – Абай .., Тәуелсіздік  жолында  дүниені  тәрк еткен  Алаш  арыстары , елін  әлемдік  өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов .., әдебиетпен  әлемге  әділет  тілеген — Әбіш!  Барлығы да АДАМДЫҚТЫҢ  АБЗАЛ  МҰРАТТАРЫНА  АДАЛ  ҚЫЗМЕТ  ЕТУШІЛЕР!

Сымбат:  Осыдан  30 – 40 мың  жыл  бұрынғы  алғашқы  қауым  тұрақтарын , тас  индустриясын , ежелгі  металлургия  жұрнақтары , әскери бекіністер  мен керуен  сарайлар , шөл  даладағы  шыңырау  құдықтар ,  балбалдар , құлпытастар , сағаналар , кесенелер , көне  шығырдан  бастап  атом электр станциясына  дейін ,  шақпақ  тастар тамашалағысы  келгендер  болса , тағы да Маңғыстауға  келсін !..

…Евразияның  ең  терең  жері … Күллі  планетаның  Өлі  теңізден кейінгі  ең  терең  екінші  кіндігі …  Мұхит  деңгейінен  132 метр төмен жатқан  атақты Қарақия  ойпаты … Сірә , Әбіш  Кекілбайұлына  біткен  тереңдіктің  табиғаттағы  символы  осы  болар.  Бір  кездегі палеомұхит – Тетис , кейін Хазар , бүгінгі Қазақстан  үшін  алапат  экономикалық  мүмкіндіктер  айдынына  айналған – Каспий  теңізі …Бәлкім Әбіш  ағаға  біткен  шалқар  шабыт , толағай  талант – осы  теңіздің  жойқын  толқындарына  тартқаннан  болар.

 

ІҮ.  « Замандастары  мен  әріптестерінің  ой – толғамдары , игі лебіздері»

 

Інжу:  Кекілбаевті  біздің  қазақ  оқушысы , қазақ  қоғамы  ең  алдымен  ақын , жазушы  ретінде  таныды. Кекілбаев  толғанса – роман , көсілсе – көсемсөз туады. Өндіріп , өнімді  жазатын  суреткер.  Туындыларының  көрнісі көркемділігімен , кейіпкер  бейнелері  шежірелі  шешендігімен , оқиғасы тарихи деректілігімен  қатар  өріліп ,  астарлы  сөз , ой  дариясының  тұңғиығына  шомылдырады.  «Күй» , «Шыңырау» , «Ханша  дария  хикаясы»  деген  Әбіштің  сол  кездегі  шығармалары  оқушылардың  дүниетанымына жаңа  бір рухани серпіліс  берген – ді.  Таяуда  ғана  жарыққа  шыққан  Әбіштің 25  жасында  жазған  «Күй»  повесі  бойынша  түсірілген «Кек» фильімін  бүгінгі  көрермендер де түсініп , жылы қабылдады.

Интертақта  арқылы  «Кек» фильмінен  үзінді  көрсету.

Тастемір:  Әбіштің  естен  кетпейтін  тағы бір  тарихи  танымдық , шежірелік  лекциялары  1992  жылдың  жазында  Маңғыстау  жерінде  өткізіліп  еді. Әбіш  ол кезде Жоғарғы  Кеңестің Мәдениет , тарихи ескерткіштерді қорғау  жөніндегі комитеттің  төрағасы.  Комитеттің  көшпелі  мәжілісі  өтті. Комитет  мәжілісіне 50 – 60 адам , ғалымдар , өнер , мәдениет  қайраткерлері қатынасты.  Аңыз  бен  ақиқатқа  толы  Маңғыстаудың  Үстірті  мен Ойпаңында  бір  жұма  жер аралап жүріп , Әбіштің  лекцияларын  тыңдадық.  Бұл – теңдесі  жоқ  тарих, ел  тану , жер  танудың  ғажап  сабақтары  болды. Әбекең  төгілді.  Әсерімізді  әлі  күнге сөзбен  айтып жеткізе  алмаспыз. Әбіштің  Ұлы  даладағы лекциялары туралы  Герольд  Бельгер тамаша  очерктер  жазды. Өзі де ғұлама  ғалым , Маңғыстауды  аз білмеитін  академик,   марқұм Зейнолла  Қабдолов  риза болғанын «Мен  Әбішті  оқыттым  деп айтуға бата  алмай  тұрмын , ойпырмай , бұл не деген білім?! , — деп таңғалғанын  жасыра  алмады. Мырзатай Жолдасбеков «Маңғыстауда  ежелден 362  әулие  бар еді, 363 – ші әулие Әбіш Кекілбаев  шығар» , — деді.  Ол   сөздер Әбіштің  біліміне риза  болғандықтан  айтылған сөздер.

Интернет арқылы «Әбіш  Кекілбаев»  сайтынан   алынған облстық  «Қазақстан – Ақтау» телеарнасының  журналисі  Бақтыбай Жайлаудың «Сұрағандарың  сөз  болса»  ғылыми – танымдық  бағдарламысынан Әбіш Кекілбайұлымен  кездесуінен   үзінді.

Ү.  «Айтары  мол , сырға  толы  сұхбаттар»

Әлия Бөпежанова «Әбіштің анасы»  (Айсәуле  әжемен  сұхбат( көрніс  көрсету.

 

ҮІ.  «Талантқа  тағзым  немесе арнау  өлеңдер»

  1. Ұлықбек Есдаулет. Маңғыстау . Замандас.
  2. Гүлжауһар Сейтжан . «Жылытқан  жүректерді  жан  шуағы»
  3. Әбіш Кекілбаев . «Туған  жер»
  4. Маңғыстау әні . орындайтын – Інжу , Мадина.

 

ҮІІ.  Сурет – шежіре .

 

Плакаттар  бойынша сөйлеу.

 

Қорытынды  сөз.