Озаттар сайысы

Тақырыбы:  Озаттар сайысы

 

Сабақтың мақсаты: 1.3-сыныптың озат оқушыларының барлық пәндері бойынша

жыл бойы алған  білімдерін  таразылау.

2.Оқушылардың   сөздік   қорын   молайту,  дүниетанымдарын

кеңейту, тіл байлығын,  шығармашылық қиялын, логикалық

ойлау қабілетін дамыту.

3.Болашаққа өз үлесін қоса білетін,  ізденімпаз  ұрпақ  етіп

тәрбиелеу. Жан-жақты білімділкке баулу.

Сабақтың түрі:         Интеллектуалды сайыс.

Әдіс-тәсілдері:         сұрақ- жауап, сөз құрастыру, шығармашылық жұмыс, сөзжұмбақ,

ребустар шешу.

Сабақтың барысы:

І. Кіріспе.

— Армысыздар, ұстаздар, оқушылар! «Күлімдейді бізге кемел келешек!» атты бастауыш сыныптар онкүндігіміздің жүріп жатқанын естеріңізге сала отырып, 3-сыныптардың озат оқушылары арасында өтетін  «Озаттар»  сайысына қош келіпсіздер!  Бұл сайыс білімділер сайысы болмақ.

 

Ал, енді сайысқа қатысатын озат оқушыларымызды қарсы алайық!

Білім деген биік шың,

Бақытқа сені жеткізер.

Білім деген ақылшың,

Қиындықтан өткізер, — деп,

Сайыскерлерімізге сәттілік  тілей отырып, сайысымыздың шарттарымен таныстырып өтейік:

 

 Сайыс  5   айналымнан тұрады:

1-айналым. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»  — білім сайысы.

               2-айналым. «Қызықты төрттік» — негізгі пәндер бойынша сайыс.

3-айналым. «Кім тапқыр?» — сөз  құрамақ сайысы

               4-айналым. «Полиглот» — жұмбақты шешіп  шешуіндегі сөзді орысша айту.

5-айналым. «Ізденген жетер мұратқа» — пиктограмма шешу.

Мәңгі бақи есте қалар,

Қызықты бір сайыс болсын.

Білімдірек шәкірт озар,

Сұрақтары қиын болсын- дей келе,

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» — деп халық  даналары айтқандай 1-айналым  білім сайысын бастаймыз. Бұл сайыста әр оқушы сұрақтарға жылдам, әрі ойланып дұрыс жауап беру керек. Әр сұраққа 1 ұпайдан беріледі.

 

Сұрақтар:

  1. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі қашан жарияланды? (16 желтоқсан, 1991)
  2. Мемлекеттік рәміздерді ата. (Елтаңба, Ту, Әнұран)
  3. Қазақтың ұлттық аспабы. (Домбыра)
  4. Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Т. Әубәкіров)
  5. Заттың атын білдіретін сөздер қалай аталады?
  6. Атағы әлемге әйгілі қазақ палуаны кім? (Қ. Мұңайтпасов)
  7. Иіс сезу мүшесі не? (Мұрын)
  8. Ұзындықтың өлшем бірліктері?
  9. Әр адамның шағын Отаны. (Отбасы)
  10. 1 жұмыртқа 5 минутта піседі, 4 жұмыртқа неше минутта піседі?
  11. Қай құс ерте келеді? (Қарлығаш)
  12. Астана қай өзеннің бойында орналасқан? (Есіл)
  13. Бүгін аптаның қай күні?
  14. Абайдың әжесі кім? (Зере)
  15. Ең үлкен екі таңбалы сан (99)
  16. Судың неше күйі бар, ата (қатты, сұйық , газ)
  17. Адам денесінің тірегі (қаңқа)
  18. Есту мүшесі (құлақ)
  19. Орман дәрігері (тоқылдақ)
  20. Үш биді ата
  21. Сын есімнің сұрақтары? (қандай? қай?)
  22. 9-ды 8-ге көбейт
  23. 1 кг мақта ауыр ма, 1 кг темір ауыр ма? (тең)
  24. Үнді дауыссыз дыбыстарды ата?
  25. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі (қазақ тілі)
  26. Күйді орындайтын адам (күйші)
  27. Адамның ішкі мүшелерін ата
  28. Адамға не қажет?
  29. Абылай ханға Төле бидің қойған аты? (Сабалақ)
  30. Бір ата мен әженің 5 баласы, 3 ешкісі, 5 қойы, 2 түйесі бар. Олардың неше баласы

бар?

Ұпай сандарын есептеу.

 

2 айналым. «Қызықты төрттік»

Бұл айналымда негізгі пәндер бойынша сұрақтар дайындалған. Ұпайлар астында сұрақтар жасырынған.

Математика.

10 ұпай – шаршы дегеніміз не?

20 ұпай – бір сыйлықты орауға 70 см жылтыр қағаз керек. 9 сыйлыққа неше см қағаз                 керек?

30 ұпай – 6 метр бөренені бір метрден неше метр жерден кесуге болады? (5 жер)

40 ұпай – ұзындығы 600 см жіптің жартысы неше см болады?

Қазақ тілі

10 ұпай – Қосымшаның түрлерін ата?

20 ұпай – Түбір сөз дегініміз не?

30 ұпай – Жалаң, жайылма сөйлем дегеніміз не?

40 ұпай – «Шырағым, Кәмаш, мына Қарасақаудың баласы саған бүлдірген әкеліпті». Қаратпа сөзді тап.

Ана тілі

10 ұпай – «Күлпаш» әңгімесін кім жазған? (Б. Майлин)

20 ұпай – Құрманғазының шәкірті кім? (Дина)

30 ұпай – Ы. Алтынсарин кім? (Жазушы, ақын, ағартушы ұстаз)

40 ұпай – «-Айналайын, қарағым, қыз да болсаң, мұрамды ұстарлық болып туыпсың»

деген жолдар қай мәтінде айтылған?

«Халыққа жеткіз күйімді» Ә. Сәрсенбаев

Дүниетану

10 ұпай – Тыныс алу мүшелерін ата? (Мұрын қуысы, кеңірдек, кеңірдекше, өкпе).

20 ұпай – Жер бетінің қағазға өте кішірейтіліп салынған бейнесін не деп атаймыз?

30 ұпай – Жерге жақын тұрған және күндіз ғана болатын жұлдызды ата?

40 ұпай – Денелер нешеге бөлінеді?

Ұпай сандарын есептеу.

 

3-айналым. Кім тапқыр?

 

Бұл айналымда берілген сөзден 2 минут ішінде кім көп сөз ойлап тапса, сол оқушы әрбір сөзге 1 ұпай алады. «Ханталапай»

 

Ұпай сандарын есептеу.

4-айналым. «Полиглот»

Бұл айналымда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», — деп Қадір Мырзалиев ағамыз айтқандай, өз ана тілімізбен қоса орыс тіліндегі білімдерің сараланады.

Жұмбақтар.

  1. Мамықтай ұлпа, қанттай ақ

Қыста жер бетін басады,

Жазда сайға қашады. (Қар-снег)

  1. Сөзі дана, үні жоқ,

Сөйлемейді тілі жоқ.

Қолыңа алсаң шешен,

Ақылы асқан көсем. (Кітап-книга)

  1. Сырты жасыл, қап-қатты,

Іші қызыл тәп-тәтті. (Қарбыз-арбуз)

  1. Жазу жазып жалықпаған,

Жазу жазып арықтаған. (Бор-мел)

  1. Қалқиып екі құлағы

Елеңдеп қорқып тұрады. (Қоян-заяц)

  1. Тарыдай болып кіресің

Таудай болып шығасың. (Мектеп-школа)

  1. Алты қырлы

Алты сырлы. (Қарындаш-карандаш)

  1. Бұдан кір қорқады,

Судан ол қорқады. (Сабын-мыло)

  1. Қызықтырып әркімді ақ,

Суда жүрер жалтылдап.

«Б» әріпінен басталған,

Ол жәндіктің атын тап.  (Балық-рыба)

  1. Жетектесең ереді,

Түздің алып кемесі.

Шың көтеріп келеді.  (Түйе-Верблюд)

Ұпай сандарын есептеу

5-айналым. «Ізденген жетер мұратқа».

   Пиктограмма «Әріптерді орналастыр». Берілген шарттары бойынша дұрыс шешсе, жалқаулық туралы мақал шығады.

 

« Жалқаудың жауы — жұмыс»

 

Ұпай сандарын есептеу.

 

Бойларыңда от бар екен байқадым,

Жүректерде шоқ бар екен байқадым.

Әрқашан осы шоқты өшірмей,

Жалындатып  шарықтаңдар әрдайым.