«Бейнеу» десем, төгіліп тұр ән – жырым… (әдеби – сазды кеш)

Тақырыбы: «Бейнеу» десем, төгіліп тұр ән – жырым… (әдеби – сазды кеш)

Мақсаты: Бейнеу селосының 50 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында берекелі ауылымыздың сыр тұнған сан қилы тарихынан сыр шертіп, жас ұрпақты өз өлкесіне, туған ауылына, жеріне деген құрметін арттыру, шығармашылыққа баулу.

Көрнекілігі: слайд, видеороликтер, плакаттар.

1 – жүргізуші:  Армысыздар, құрметті әдебиет, өнер сүйер қауым!

Адырнадан бабам оқ атқан жері,

Ақ отаудан анам от жаққан жері

Атамекен Бейнеуден атқа мінген

Адайымның неше бір ақтангері.

ІІ – жүргізуші: Армандаған ақ таңы атқан жері,

Алтын күні алаулап батқан жері.

Ата-бабам ақ орда туын тігіп,

Ат байлайтын қазығын тапқан жері.

І – жүргізуші: «Елу жылда – ел жаңа»

Бейнеу соның кепілі

Көп ұлттарды ол және

Қосқан бір ұя секілді

Бейнеудің жарты ғасырлық, яғни елу жылдық мерейлі мерекесіне орай өткізіліп отырған: «Бейнеу – десем, төгіліп тұр ән — жырым» атты әдеби сазды кешіне қош келдіңіздер!

ІІ – жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын. Бірлігі мен тірлігі жарасқан берекелі өлке Бейнеуімнің халқы кемелді, елі елеулі болсын!

І – жүргізуші: Елдік үшін бітпей қойған егесі,

Көк тіреулі Күйкенінің төбесі.

Жеті жұрт кеп, ауып кеткен жеті жұрт

Беу, Бейнеуім, сенің ойың – сан батырдың көбесі.

Беу, Бейнеуім, сенің қырың – сан батырдың жебесі,

Беу, Бейнеуім, сендік аңыз – сан ғасырдың елесі.

ІІ – жүргізуші: Мәңгілік Күн шапақ сеуіп, Құт – тәңірі сыйлаған,

Бұл өлкені мекен еткен Көк Түріктің Төресі,

Аршылан боп жарып шыққан ажалдың,

Ары – Азат, айбыны – Үстем, Адай деген ер осы.

Бір Алладан ұрпақ үшін, бере көр деп адал күн

Мінәжатты Пір бабамның мешіт салған жері осы,

Иманы – Нұр тұнығынан  перзент сусын қандырған

Бағзы шахар, ежелгі жұрт қара шаңырақ мөрі осы.

 

Ән: «Бесігін Бейнеу Қыдыр тербеткен»  орындайтын: Атамұратов Бауыржан

 

І – жүргізуші: «Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі, әлеуметтік жағдайы жақсарады деген сөз. Жүгі нарда, қазаны теңде болып көшпелі ғұмыр кешкен мекені ауыл болғаны анық. Олай болса, туған жеріміздің  тарихы туралы сыр шертейік: Сонау жеті атамыздан, бабаларымыздан қалған осы қазына мұрасының бірі – туған жеріміздің тарихи – мәдени ескерткіштері. Соның бірі – он екі ата Байұлының бір тармағы Адай тайпасының пірі Бекет Атаның өз қолымен тұрғызған  жерасты  мешіттері.

Мәдинада Мұхаммед,

Түркістанда Қожа Ахмет,

Маңғыстауда Пір Бекет,

Үш әулие, үш пірім,

Мұсылманға ұрансың,

Мойынға тағар тұмарсың.

Қасиетіне бас игізген Маңғыстаудағы Пір Бекет ата 1750-1813 жылдары өмір сүрген, кезінде діни білім алған, әулие адам.

 

ІІ – жүргізуші: Бекет ата Жем бойында, Бейнеуде мешіт салдырған. Ескі Бейнеудегі мешіті Бейнеу селосының оңтүстік батысында 18 шақырым жерде орналасқан. Бейнеу өлкесінің қадір-қасиетінің артып, киелі мекенге айналуы да осы мешіттің арқасы. Бұл жерге жолы түсіп келген адам қасиетті Атаның мешітіне ат басын тіреп, құлшылық етіп сыйынып, арман-мақсатының жүзеге асуын тілеп, тілек білдіреді.

 

І – жүргізуші: Бейнеу өлкесінде «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы бойында орналасқан ең ежелгі керуенсарайлардың бірі – Білеулі. Ол бүгінгі Бейнеу ауданының Өзбекстанмен  шектесетін шекарасында тұрған тарихи жәдігер. Білеуліден әрі қарай өткен жол Қоңыратқа бағыт түзейді де, Бейнеуге қарай бет алған жүз шақырымдай жердегі керуенсарайлардың шоғырланған жері – Құсшы бекеті, одан бергісі Белдеулі керуенсарайы.

 

ІІ – жүргізуші: Бұл керуенсарайлар – біздің ата – бабаларымыздың  батысында Римнің, шығысында Қытайдың хабарын біліп, өркениеттің дәл ортасында отырғанын дәлелдейді. Бейнеу – Ұлы Жібек жолының бойындағы бел жазатын елеулі бекет болған. Сол кездегі керуен жолдарының сүрлеуімен қазір темір жол өтеді.

 

І – жүргізуші: Ежелгі қорымдар. Белгісіз таңбалар, кесенелер тарих тереңіне бойлатады. Бұл жерде көне ғасырға жататын ескі қамалдың орны бар. Кейін бұл жерде Бейнеу Намазұлы  мекендеген. Бейнеу Намазұлы  — тарихта болған тұлға. XVIII – ғасырдың басында өмір сұрген. Бекет атадан жас үлкендігі бар, өзара сыйлас болған.

 

ІІ – жүргізуші:  Бейнеу мекен еткен жер Күйкенге таяу, қазір  Ескі Бейнеу аталады. Бекет Атаның жерасты мешіті де осында. Бейнеу Намазұлы іргесін салған елді мекен үлкен көш жолында орналасқандықтан  осы аймақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкен  маңызы болды. Ер атауы Бейнеу есімді жер атауына ауысты.

 

І – жүргізуші:  Бейнеу – ер аты. Бейнеу Намазұлы – тарихта болған тұлға. Адай атамыздың сегізінші ұрпағы. Бейнеу атамыз Бекет атамен тұстас өмір сүрген, 1930 жылдар шамасында қайтыс болған. Отырған жері Ескі Бейнеуде. Көшпелі ел жиһаздарын Бейнеу атамызға қалдырып кетіп отырған. Міне, содан бері Бейнеу атауын Бейнеу Намазұлының атымен байланыстырады.

 

Кәрісбай Әділдің «Бейнеуім» өлеңі оқитын: Урақбаева Шынарай

 

І – жүргізуші: Тарихын таспен өрген өлкедегі дала кемесіндей дараланған ескерткіштеріміздің біртуар дара тұлғаларға арналғаны даусыз. Солардың бір шоғыры  даланың қатал заңына мойын ұсынбай арманда кеткен Маңғыстау ғашықтарының басына арналған ескерткіштер. Ғайыптан ғашықтық дертіне шалдығып, бірін-бірі шыныдай мөлдір сезіммен құлай сүйген уыздай жастардың махаббатының куәсіндей болған бұл ескерткіштер тұншығып қалған арманның үздігіп шыққан ащы өксігіндей, бір-біріне қол созым жерден жан ұшыра ұмтылған қос ғашық – қос мұңлықтың тасқа айналып кеткен бейнесіндей әсер қалдырады. Қатал тағдыр талқысына  түссе де, өзінің пәк  сезімімен жастығын ала кеткен өңшең өрімдей жастың талай ғасырдың  тереңінен талып жеткен махаббат дастанының ешкімді де бей-жай қалдырмауы  олардың  рухының  биіктігін паш еткендей.

 

ІІ – жүргізуші: Сондай ғашықтардың  бірі Бейнеу өңірінен шыққан Асалы – Көкетай. Асалы – Көкетай күмбезі Боранқұл ауылының  Төңірекшың  бетіндегі  сәулетті мазар ескерткіш. Күмбез – қуғыншылар  қолынан қаза тауып арманда кеткен екі ғашыққа арналған. Көкетай байдың сұлу қызы да, Асалы сол байдың жылқышысы, жарлы жігіт. Бай қызы жарлылығына қарамай Асалыны сүйеді. Сөз байласқан  екеуі  Асалының  Жем  бойында отырған ағайындарына  қашады.

 

Жергілікті  өлкетанушы О.Көшбаевтың «Маңғыстау ғашықтары» шығармасы бойынша «Асалы – Көкетай оқиғасынан» үзінді сахналық көріністі тамашалаңыздар

 

Осылайша бірін – бірі  сүйген қос ғашық,

Соңдарынан қуған көріп алас-қапас қоштасып,

Аққу арман жеткізбейді, ғайып болды мәңгіге,

Қатал заман қорқаулары жанын қиды қастасып.

Мың далада Асалының шырқап салғанәні жүр,

Қыздарында Көкетайдың қылығы мен сәні жүр.

Рухтары қос ғашықтың Маңсуалмас маңынан

Бір-біріне қарайлаумен, қарайлаумен әлі жүр.

 

Құрманғазының күйі «Балбырауын», орындайтын: Рзағалиева Ұлболсын

 

ІІ – жүргізуші: Бейнеу  селосының іргетасы 1963 жылы теміржолдың салынуына байланысты қаланды. Бейнеу ауданы 1973 жылы сәуір айында құрылды. Бұған дейін бұл аймақ Атырау обылысының Маңғыстау ауданына қарады. Оңтүстігінде Түркменстанмен, оңтүстік шығысында  Қарақалпақстанмен, солтүстігінде Атырау, солтүстік шығысында Ақтөбе облыстарымен  шектеседі. Ауданның  әкімшілік территориясы бөлінісіне бір ауылдық округ кіреді. Аудан арқылы Атырау – Маңғыстау, Мақат – Қоңырат теміржолы,  Орта Азия орталық газ құбыры, Өзен – Самара мұнай құбыры,  Атырау – Қоңырат тас жолы өтеді.

 

Рахат Қосбармақовтың  «Біздің өлке» өлеңі оқитын: Сәрсенбаева Дана

 

І – жүргізуші: Ия, біздің бабаларымыз далада далақтап босқа шаба бермепті. «Бірде ұтып, бірде ұтылғанымен, ұлттық қадір – қасиетін арттырып, ұрпақтарына жалғастырды. Заңғар жазушы жерлесіміз – Ә.Кекілбаевша айтсақ: «алшаң басқан ата қонысының шөлі сенікі де, көлі басқанікі, шаңдағы сенікі де, астындағы алтын қойма қазынасы басқанікі, бетіндегі қылтанақ түгі сенікі де, астындағы алтын қойма қазынасы басқанікі» заманын да да ұрпақ бабаларының тектілігін көрсететін ерендігі мен берендігін,  еріктілігі мен көріктілігін сақтай білді. Рухын жоғалтпады. Елдің, алшаң басқан атақонысымыздың үсті мен астындағы байлық та, шөлі мен көлі де, шалғыны мен шаңдығы да өзіміздікі.

 

ІІ – жүргізуші: Ия, өзіміздікі! Ата – бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы болған тәуелсіздікке біздің ұрпақтың ғана қолы жетті, оны қалыптастыру, кереге тасын қалау біздің ғана еншімізге тиді! Қазақстанның Тәуелсіздігі Бейбіт жолмен келді. Бұл азаттық  үшін алысқан мың – мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі»,  — дейді ел Президенті Н.Ә.Назарбаев.  Олай болса, Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығына көз жүгіртейік: Тәуелсіздіктің он жылы – ғасырдың жүгін арқалаған қаншама  қиындықтарға, сын сағаттарға, қобалжулар мен нар тәуекелге, ел рухын асқақтатқан  қуанышты  сәттерге  толы тарихи кезең болды.

 

Ақын Рахмет Айбергеновтың  «Бейнеу» өлеңі оқитын: Ұзақбаева Айгерім

 

Ән «Бейнеуім — бағым» орындайтын:  Төреханова Қамар және Айтқұлова Ажар

 

І – жүргізуші: КСРО атты алып империя  ыдырады. Ел өңіріне нарықтық қатынас дендеп еніп, адамдардың санасы мен көзқарасы өзгере бастады. Нарықтық экономикаға көшудің алғы  шарттарының бірі мемлекет мүлкін жекешелендіру елбасы талабына сай біздің ауданымызда да жүргізілді. Бұрынғы кеңшарлар  алғаш серіктестікке бөлініп, кейін шаруа шаруашылықтары  болып қалыптасты. Сол онжылдық белесте аудан бойынша 14500 ірі қара, 94759 ұсақ тұяқты мал болды.

 

ІІ – жүргізуші: Сол жылдары ауданда 63 шағын кәсіпорын, 143 патентпен, 5 куәлікпен жұмыс істейтін жеке кәсіпкер және 1556 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысты.  Сондай-ақ 5 базар, 32 жекеменшік  дүкен, 38 дүңгіршек, 21 жанармай құю стансасы, 11 кафе – бар, 5 шаштараз, 27 шайхана және монша, макарон  цехы, ұн диірмені, шұжық цехы, 4 наубайхана, 11 ұлутас өндіретін карьер, 6 ағаш кесу цехы, 3 киім тігетін, 1 тон тігетін шеберхана, 2 гинекологиялық, невропотологиялық және тіс емдеу кабинеттері жұмыс жасады. Міне, дамудың даңғыл жолын таңдаған Бейнеу осылай өсіп, көркейіп бастады.

 

Есенғали Раушановтың «Бейнеуді көргендегі ой» өлеңі  оқитын: Ермұханова Айман

 

І – жүргізуші: Біз бүгін бірінші онжылдықты артқа тастап, екінші онжылдықтың тәуелсіз ел атанғанының жиырма екінші жылына аяқ бастық. Алған асуымыз, жеткен жетістіктеріміз ұшан теңіз. Соңғы жылдары Республикалық дәрежедегі маңызы бар индустриялық карталарға  еніп, құрылысы қызу жүріп жатқан екпінді еңбектің, жасампаздық жобалардың алаңына айналды десек қателеспейміз. Әлгінде айтқанымыздай өндірістің  өзегі жол қатынастарымыздың арқауы болатын, еліміздің төрт тарапынан тоғысып жатқан тек қана тоғыз емес тоқсан тараулы болып отыр бұл күнде. Осындай берекелі ел, өндірістің отанына айналған құтты қоныс.

 

І – жүргізуші: Елбасының тапсырмасына сәйкес «Балапан» бағдарламасы шеңберінде балабақшалар салынды.  2012 жылы 140 орындық «Бейнеу» балабақшасы, 100 орындық «Балбұлақ» балабақшалары бой көтерді. Білім саласы бойынша Абай орта мектебіне, Бейнеу лицейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 10 мектепке бейнебақылау камералары орнатылып, құрал-жабдықтармен толықтырылды. «Күйкен» , «Манашы», «Атамекен», «Сам»,Бейнеу лицейі, «Үстірт», Бейнеу гимназиясы – сияқты мектептер де тәуелсіздіктің жемісі.

 

ІІ – жүргізуші: Өндіріске кәсіби мамандардың қажеттілігінен Бейнеу кәсіптік лицейі Бейнеу политехникалық колледжі болып қайта құрылып, жұмысын жалғастыруда. Ұзындығы 988 км болатын «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы құрылысының жобасы бойынша «Бейнеу — Шалқар» аралығындағы теміржол мен авто жолдың, 110 км жоғары кернеулі электр желісінің құрылысы басталды.

 

І – жүргізуші: Міне, құрметті ұстаздар, студенттер! Бұрынғы Бейнеу мен бүгінде 57700 халқы бар. Бейнеуді салыстыру мүмкін емес. Бүгінгі Бейнеуде мектептер мен балабақша, сауда, мәдениет орындары мен аурухана, басқа да ғимараттар көз алдымызда қайта жаңғырып, өркениеттің үрдісімен бой түзеуде. Бүгінгі Бейнеу тынысына ақын Уайс Қайралаповтың «Бүгінгі дала дидары» толғауы дәл арнап жазылғандай. Олай болса тыңдап көрейік.

 

Уайс Қайралаповтың «Бүгінгі дала дидары» өлеңіт оқитын: Мұханова Бақтылы

 

Селомыздың жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтап, село әкімімен сұхбаттасқан болатынбыз. Назарларыңызды экранға аударуыңызды сұраймын!

 

ІІ – жүргізуші: «Тәуелсіздіктің туын тігуге қаншалықты қажыр – қайрат керек болса, оны құлатпай сақтауға соншалықты қажыр – қайрат керек» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі әрбір азаматтың жүрегінің түбінде жатуға тиіс. Бағзы замандардан бері Ортаазия мен Европаның, Таяу Шығыс пен Қияр Шығыстың  аралығында  Ежелгі Тұран ойпаты орныққан  Үстірт үсті, Бейнеу өңірі адамзат дамуы мен өркениетінің көшінен кенже қалмады. Қай кезеңде  де ұлы жолдардың тоғысында  болған өлке  шапқыншылықтар мен жөңкілістердің де, экономикалық байланыстар мен еларалық қарым – қатынастардың да куәсі іспетті.

 

І – жүргізуші: Ия, Тәуелсіздік таңы атып, нарықтың үрдісіне ілескен қысқа ғана жиырма екі жылдық кезең бұл өңірдің ертеңінің жасампаз істерге болашағының жарқын күндерге толы болатынына сендіреді. Дәулеті мен сәулеті жарасқан  Бейнеу ауданының келешегі кемел, ертеңі жарқын болмақ.

 

ІІ – жүргізуші: Осымен Бейнеу селосының 50 жылдық мерейтойына арналған әдеби – сазды кешімізді аяқтаймыз. Алтын бесік ауылымызда арқасы  жерге  тимеген палуандар да, шашасына шаң жұқпас тұлпарлар да, киіз үйдің  түндігін желпілдеткен  өр дауысты әншілер де, бал бармақ күйшілер де, айтыскер ақындар да,  сырғасы мен шолпысы сыңғырлаған  сұлулардың да, шайқаста абыройы асқан батырдың да,  тіпті қоянжүрек қорқақтың  да табаны тиген киелі мекен -Бейнеу өңірі-   біздің сүйікті мекеніміз. Қайда жүрсек те ауыл – аймағымыз жүрегімізде жүреді. Мереке құтты болсын.

 

Сәрсен Жұмабекұлы «Бейнеуім», оқитын Ауғанбаев Ілияс

 

Хор: Светқали  Нұржан, Елена Әбдіқалық «Маңғыстау» әні. Орындайтындар:  Мектепке дейінгі тәрбие мамандығының студенттері.