Ана тілі – мәңгі құламайтын бәйтерек

Ана тілі – мәңгі құламайтын бәйтерек

Мақсаты:     оқушыларға ана тілін білудің маңызын түсіндіру, ана тілі туралы жазылған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқи білуге дағдыландыру, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі:   қанатты сөздер, тіл мерекесіне орай шығарылған газет

Барысы

Әнұран орындалады.

Мұғалім: Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Ал біздің Қазақстан Республикасында қазақ тіліне мемлекеттік статус берілген. Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен ана тілімізді дамытуға күш салғанымыз жөн. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – біз өз ана тілімізде таза сөйлеуіміз және оны жақсы біліп, туған анамыздай сүюіміз керек деген сөз.

Сабағымыз 4 бөлімнен тұрады.

  1. «Ана тілім – мерейім»
  2. «Ана тілі – білімнің кілті» (Оқушылар екі топқа бөлінеді)
  3. «Тіл – жұтамас байлық»
  4. Қорытынды.

 

І бөлім «Ана тілім – мерейім»

Мұғалім: Бұл бөлімде оқушылар тіл туралы ақын жазушыларымыздың ұлағатты сөздерін, өлеңдерін оқып, өз ойларын ортаға салады.

1-оқушы: Ана тілі – бұл атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана тілін біз кішкентай кезімізден әке-шешеге, әжеміз бен атамызға, айналамыздағы ересектерге еліктеп жүріп біле бастаймыз. Ананың ақ сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өзіміз өскен сайын халықтан, мектептен, кітаптан, газет-журналдан, радио мен театрдан үйреніп, ана тілін тереңірек біле түсеміз. Ана тілі – біздің өмір бойы өзгелермен ұғынысатын негізгі қатынас құралымыз.

2-оқушы: Әр халықтың жер бетінде пайда болғаннан бергі басынан кешкен өмірі, ерлік істері, аңыз-ертегілері, шығарған өлең-жырлары, жазған кітаптары, табиғат пен қоғамдағы құбылыс атаулары, көргені, білгені, жалпы дүние жайындағы ұғымдары, ойы, сезімі – бәрі-бәрі де ана тілінде сақталады, ана тілі арқылы атадан балаға ауысып отырады.

3-оқушы: Тамырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз анасынан басқа

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада

Болу керек құдыретті төрт ана.

Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – сатылмайтын байлығы

Туған дәстүр, салт-санасы тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі

Және туған тарихы еске алу қашанда

Ауыр әрі қасіретті болса да

Төрт анаға әнін жалғай алмаған

Пенделердің басы қайда қалмаған?

Төрт анасын қорғамаған халықтың

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана –

Тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес –

Күрестердің ұлысы.

4-оқушы: Ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Ана тілін жетік білу үшін жас кезіңнен халық ауыз әдебиетін, ертегілерді, аңыздарды, өлең-жыр, дастандарды, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштарды естіп, тыңдап, көп оқу керек, халықтың өзінен, ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан үйрену керек. Сонда ғана адам өз ана тілінде мәдениетті сөйлей алмақ, сонда ғана сауатты, өз елінің нағыз азаматы болмақ.

5-оқушы: Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Халқымыз дәрежеге емес дәстүрге бағынған. Еліміз Қазақстан Республикасы егеменді ел атанып, ана тілімізге мемелекеттік статус берілді. «Тіл туралы» заң қабылданды.

6-оқушы: Тіл – халықтың жаны, сәні. Оның өткендегісін байыптап, бүгінгісін біліп қана қоймай, келешегін де күн ілгері көре білетін өздерің. Ана тілінің топырағында көктеп, ауасында тыныс алмаған өнер де, білім де өміршең емес. Халық өзінің ғасырлар бойына жасаған асыл мұраларын ұрпақтан ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру мүмкін емес. Олай болса, ата өсиетіне құлақ асып, ананың тілі арқылы жеткен бабалар аманатына адал болайық!

Ән: «Ананың тілі – аяулы үні»

7-оқушы:       Анам, әкем, атам да сөйлеген тіл,

Ана тілің қадірлі мұны да біл.

Абай, Ыбырай ұлылар жырлаған тіл,

Мұқағали, Сәкендер сырласқан тіл.

Құрманғазы, Диналар күйін шертіп,

Әр кісіге бір бақыт сыйлаған тіл.

Алыңдар осы өлеңді енді қабыл,

Өз тілін білмейтіндер тілден жаңыл.

Қайғысын да, қазақтың, қуанышын

Мадақтайтын, жырлайтын осы ана тіл.

Қорғап бізді аялайсың пана тіл,

Тек өзіңді қастерлейміз дана тіл.

Бүгінгі күн қасиетіңе өзіңнің

Қадір тұтып, бас иеміз ана тіл.

8-оқушы: Адам баласы білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт-мәдениетінің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері мәдениеті, әдет-ғұрпы, әдебимұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Тілді сіресіп қатып қалған қалпында емес, сол даму, жетілу үдерісінде үйренеміз. Сондықтан тіл байлықтарын түгел меңгердім, мен білмейтін ештеңе қалған жоқ, тіл өнерінің шыңына шықтым, болды деп ешкім айта алмайды.

9-оқушы: Тіл – халықтың тұтастай кескін келбеті, болмысы. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Демек, әрбір адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиісті.

Ана тілін білмеген –

Ақылы жоқ желікбас.

Ана тілін сүймеген –

Халқын сүйіп жарытпас, — деп, қырғыз ақыны Б. Сарноғаев айтса, Р. Ғамзатовтың «Ертең туған тілім жоғалар болса, мен өлуге бармын!» деген ойлары тілдің қай елде, қай ұлтта болса да қастерлі, қасиетті екенін дәлелдейді.

10-оқушы: О, туған тіл! Дүниеде

Сен болмасаң не етер ем?

Ақпен бірге ақ болып,

Шаңмен бірге шаң болып,

Ұстағанның қолында,

Тістегеннің аузында

Олжа болып кетер ем.

Сені берген атамнан,

Сені үйреткен әжемнен

Қалай айналмаспын мен!

Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін!

Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.

Тіл туралы Заңым енді күшіне,

Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.

 

11-оқушы: Қуан, бабам! Қуаныштың күні бүгін!

Деген едің «Тіл бар жерде өмір бар!»

«Халық жауы» атандың-ау сол үшін,

Ғұмырыңды құрбан етіп жолында.

 

Қуан анам! Ұзағынан сүйініп,

Сәтің де көп кеткен кейде түңіліп.

Ақ сүтіңнен бойға біткен тілімді

Пір тұтамын мен алдыңа иіліп.

Қуан, балам! Туған тілдің киесі

Жебеп сені болғаныңа иесі.

Тек мұнымен бітпейтінін ұғып өс

Дүниеде тіршіліктің жүйесі.

 

12-оқушы: Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлт болу үшін бірінші шарт – тілінің болуы.

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті. Біздің жастарымыздың ана тілін жетік білетін, білімді, мәдениетті болуын қалаймын.

 

ІІ бөлім. «Ана тілі – білімнің кілті»

Мұғалім: Бұл бөлімге қатысуға алғашқы 6 сұраққа жауап берген 6 оқушы жолдама алады. Мұнда оқушылар  жылдам жауап беріп, шапшаңдықтарын көрсетуі тиіс.

  • Еліміздің «Тіл туралы» заңы қашан қабылданды?
  • Қазақ әліпбиінде қанша әріп бар?
  • 22-қыркүйек қандай мереке?
  • «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп қайда жазылған?
  • Ең тәтті, ең ащы не?
  • «Сүйемін туған тілді анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім» кімнің сөзі? (Оқушылар жауабы тыңдалады)

Мұғалім: Ойынның бөлімдері

І. Бәйге

ІІ. Полиглот

ІІІ. «Мақал – сөздің мәйегі» (Мақалдың жалғасын табу)

ІҮ. Сен білесің бе?

  1. Қандай ақын-жазушыларды білесің?
  2. Қандай шығармаларды білесің?
  3. Ең басты байлығың….?

 

 

Бәйге сұрақтары

1-топқа

  1. Өнер алды не? (қызыл тіл)
  2. Ең бірінші бақытым … (халқым)
  3. Үш биді ата? (Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би)
  4. Тілдің ең негізгі қызметі? (сөйлесу, қарым-қатынас жасау)
  5. «Қызыл» сөзі қай сөз табына жатады? (сын есім)
  6. Ашу дұшпан — … (ақыл дос)
  7. «Үш бәйтерек» дегеніміз кімдер? (Ілияс, Сәкен, Бейімбет)
  8. Қазақта топ аттылар жарысын не деп атайды? (бәйге)
  9. Тіл туралы заң қашан қабылданды? (1997 ж. 11-шілде)
  10. Мұсылман дінінің қасиетті кітабы? (құран)

 

2-топқа

  1. Сөз анасы … (құлақ)
  2. Ал екінші бақытым… (тілім менің)
  3. «Төрт ана» (туған тіл, туған жер, туған дәстүр, туған тарих)
  4. Лексика нені зерттейді? (тілдегі сөздер жиынтығын)
  5. Құрғақ сөзінің антонимі? (ылғал)
  6. Төл тілің … (күре тамырың)
  7. Бес арысты ата.
  8. Бір топ аттылар тартыспағы қазақта қалай аталады? (көкпар)
  9. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп Конституциясының нешінші бабында көрсетілген? (7-бабында)

Қорытынды.

Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды.