Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың мақсаты:

Білімділік мақсаты: балаларды жақсы мен жаманды ажырата және өмірде қолдана білуге үйрету

Дамытушылық мақсаты: жақсы мен жаманды салыстыра білу іскерліктерін дамыту

Тәрбиелік мақсаты: жақсы істер мен әрекеттер жасауға тәрбиелеу

Сабақтың түрі:  аралас

Көрнекілігі: буклет

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылармен амандасу, кезекшімен сұхбат. Құрал-жабдықтарын тексеріп шығу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

Шаттық шеңбері

Қайырымдылық

Монтиған құрбыларынан бойы аласа Мұхтардың мектеп табалдырығын аттағанына көп болған жоқ. Әлі тіпті су жаңа киімдерінің қыры да кетіп үлгермеген, бәтеңкесі де қап-қара, жылт-жылт етеді.

– Айналайын, – дейді анасы күнде үйден шығарда.

– Байқап жүр. Үсті-басыңды ластама. Жарай ма?

Мұхтар мақұлдап, басын изейді. Міне, ол үйге қайтып келеді. Күн бұлыңғыр еді, сәлден соң жауын сіркірей бастады. Әп-сәтте әр жерде айнаның сынығындай қақ тұрып үлгерді. Әйтсе де, Мұхтардың көңілі жадыраңқы, ашық. Әлгінде мұғалима оны бүкіл сынып алдында тәртіпті, таза деп мақтаған. Ол үстіне қылау жұқтырмай, аяғын тақ-тақ басады.

Алда үш-төрт баланың ұйлығып тұрғанын көріп, іркіле берді. «Неге күледі? У-шу боп даурығады ғой. О несі-ей?» деп, Мұхтар таңдана мойнын созып қойды.

Аумақты қар суын қоршап алған, балалар соған тас атып, ду-ду күледі. Мұхтар елемей өтіп кетпек еді, кенет қақтың (іркіліп қалған жауын суы) ішінде жүзіп жүрген жұдырықтай күшікке көзі түсті. Тұмсығы қара, өзі – ақ күшік. «Мені мыналардан құтқарсайшы. Өлтірер болды ғой» дегендей аянышты қыңсылайды. Өліп-талып жағаға жетіп, бауырын сүйрете бергені сол еді, балалардың бірі аяғының ұшымен итеріп, суға түсіріп жіберді. Өзгелері қиқулап, жарыса тас атты. Тас тиген сайын күшік қаңқ етіп батып кетеді, сәлден соң су жұтып шашалып, қайтадан шығады. Әбден қалжырап, үрейі ұшқан күшік жан ұшырып жүр.

Мұхтар шыдамады. Араға кеп қойып кетті. Балалардың бірін иығымен қағып, бірін  итеріп жіберіп, өлеусірей үні өше бастаған күшікті көтеріп алды. «Әй, өзіңе не керек, ә?» – деп әкіреңдеген сотқар баладан ығыспады. Күшікті бауырына қыса түсті.

Әлгі бала желкесінен түйіп қалып, шалшық суға жықса да, жыламады, күшікті тастамады.

Күшікті құтқар­ға­ны­на Мұхтар қуанышты. Су жаңа формасының бал­шық-балшық бол­ға­нын да елейтін емес. Үй­ге жетіп, есіктің қо­ңы­рауын қаққанда ғана киімінің ластығы есіне түсті.

Қап-қара бәтеңкесі – кір-қожалақ. Киімдері – сатпақ-сатпақ. Сықыр етіп есік ашылды. Мұх­тар абдырап, не істерін білмей қалды. Басын жерден көтерсе, апасы екен. Таңдана әрі тіксіне қарайды.

– Мынауың не? – деді ол, бірден ұрыспай, иегімен күшікті меңзеп.

– Күшік…

Мұхтар бәрі неден, қалай басталғанын айтып берді.

Міне, қызық. Апасының да жүзі жылып, мейірлене қарайды. Мұхтар қуанып кетті. Еңсесін басқан зілден арылғандай жеңілдік сезінді.

– Киімдеріңді тазалармыз. Дәнеңе етпейді, балам, – деді ол Мұхтардың басынан сипап.

– Ең әуелі күшікті жуындырып, сүт берелік, жылынсын. Көремісің, ашыққан, әбден қажып, бұралып жатыр.

– Мақұл, апа. Әйтеуір, сіз маған ренжімедіңіз бе?

– Жоқ, құлыным. Түсінем ғой.

– Рас па?

– Әрине, әр кез солай қайырымды бол.

– Апа, мен ылғи өстіп балшық-балшық болып келеді екен деп ойламаңыз.

– Өйтпесіңе сенемін, жаным…

  • Апасы неліктен Мұхтарға риза болды?
  • Сендердің қайырымды іс-әрекеттер жасаған кездерің бол­ды ма? Сол жағдайда сендер өздеріңді қалай сезіндіңдер?

Мейірімді адам өзге адамға, туған-туыс­қан­дарына, табиғатқа деген жанашырлық сезімін, қамқорлығын көрсетуге дайын тұрады.

 

Маржан мен жауқазын

З. Мейiрханова

Маржан бала кезiнен табиғатты және оның байлықтарын сүйiп өстi. Ата-бабасынан берiлген қасиет шығар, атасы Есқалиды ауылдастары Мичуриннiң iзбасары дейтiн. Бiрде Маржан серуендеп жүрiп, бiр жылаған дауысқа құлағын түрдi. Абайласа, аяғының астындағы тастың қуысынан естiледi. Барлық күш-жiгерiн салып, тасты көтерiп едi, тастың астында қылтиып өсiп келе жатқан жауқазын гүлi, жапырақтары бүрiсiп қалыпты, күлтесi де мыжылған. Маржан тасты көтерiп қалған сәтте-ақ, жауқазын «ух!» деп тыныстады:

— Мұндай жағдайға қалайша тап болдың, айтшы?

Жауқазын әлсiз де нәзiк даусымен мән-жайды түсiндiре бастады.

— Күз айының аяқ кезiнде мына тас маған пана болам деп уәде берiп едi. Мiне, аяғы қандай жағдайға душар болдым.

Тасты алысырақ алып тастап, жауқазынның бүрiсiп қал­ған жапырақтарын жөндеп, топырағын қопсытып, су құйды.

— Жауқазын, сен налыма, менiң жауқазынымсың, саған қамқоршы боламын, — дедi.

  • Маржан жауқазынға қандай жақсылық жасады?
  • Тас пен Маржанның іс-әрекеттерінен қандай айырма­шылық байқадыңдар?

Суреттерге қараңдар. Тал мен мысыққа, үлкен кісі мен сырқат жанға қандай жақсылық жасау керек екендігі туралы айтыңдар.

Қайырымды жандар айнала,

Шеңберге келсін жайлана.

Жалықпастан қайта біз,

Махаббат сөзін айтамыз.

Сүйеміз барлық ананы,

Жүрегім оттай жанады.

Бақыттымыз осы біз,

Қасымызда досымыз.

ҮІ. Қорытынды бөлім.

Сабақты қорытындылау, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.

Оқушылардың  еңбегін мадақтау.