Ұстаз беделі деген не?

                      Ұстаз беделі деген не?

Ұстаз беделі деген не? Бұл сұрақ бәрімізді де ойландырады. Қазіргі мұғалім теледидардан,кинодан, интернеттен біраз информация алып, азды-көпті көкейіне сақтаған шәкіртпен, оқыған,сауатты, мәдениеті жоғары ата-аналармен істес болады.Бұл оның жеке басына, зиялылығына биік талаптар қояды.

Мектепке алғаш келген бүлдіршіндер өздерін бірінші рет оқытатын мұғаліміне жаутаңдап қарай береді. Тіпті,көпшілік ішінен іздеп тауып алады. Сол күннен бастап алдыңдағы бір топ жас бүлдіршіндерге өзің де,көзің де тоймай қарайсың, мейірленесің.Бәрі сүйкімді,бәрі ақылды. Салауатты ұстаз болу сол күннен басталады.Ал, ата-аналар өз баласының алғашқы ұстазын өзіне жақын тартып, баласын жетектеп әкеліп,оның қылығын түсіндіріп,әбігер болып жатады. Ұстазға олардың баласына деген жүрек жылуы ерекше аңғарылады.Бұдан былай осы бүлдіршінді,терең де жүйелі білім беріп, азамат етіп тәрбиелеу-ұстаздың қолында.

Иә, адам тәрбиелеу-ең ардақты,ең қиын жұмыс. Сондықтан да мұғалімнен шәкіртіне деген мейірімі мол,ниеті адал қамқоршы болуды талап етеді. Оларды қорқытып тәрбиелей алмайсың,әрбір  ұстаздың бойында төзімділік,сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты қасиеттермен қоса, өзінің күнделікті өтетін сабағына дайындығы қалай деген мәселе үнемі көкейінде  тұру керек. Егер  мұғалім әрі әнші, әрі суретші, әрі мүсінші болса, онда оның тәрбиелік ықпалы зор. Сондай ұстаздардың іс-әрекетіне жас бүлдіршіндер еліктегіш келеді. Күнделікті жасаған көрнекіліктің өзін көз тартарлықтай әдемі,анық, ашық бояумен жазып,салған дұрыс. Сабақ үстінде тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдерді де айтып отырса,баланың ойы дами түседі.

Бедел дегеніміз,меніңше, мұғалім еңбегінің айнасы. Мұғалім беделді болу үшін ең алдымен баланың  ата-анасымен қарым-қатынасын дұрыс жолға қойып,олардың  тұрмыс- тіршілігімен таныс болғаны жөн. Ата-аналардың да ұқыпты болуы, жоғары мәдениеті үлкен роль атқарады. Ата-ана өз баласының бас ұстазы  екенін бір сәт те ұмытпауы тиіс. Мұғалімнің бала тәрбиесінде атқарған ұлан-ғайыр жұмысымен ата-ана жете таныса келе,оның өткізген туған күн, апталығы,  класс сағаты, ашық сабағы мен кештер,бала тәрбиесі жөнінде жасаған баяндамасы, еңбектен жасаған бұйымдары, жазған жазулары, шығарған есебі, ақыр-аяғы жаңа жылда киетін киімдері туралы мұғаліммен пікірлесіп,қолынан келген көмегін берсе, онда өз парызын дұрыс атқарғаны деп білеміз. Бұл да, айналып келгенде, ұстаздың өрісіне,ерінбей еңбек еткен еңбегіне, сол арқылы ие болған абыройына байланысты. Оның көп ізденгіштігі,ата –анамен бірігіп жұмыс істеуі, тіл табысуы,терең білім бере білуі шәкірттеріне де әсер етіп,ыстық сүйіспеншілігін оятады.

Ұстазға қояр талап өте биік. Ол барлық жерде де жұртқа ұстазға лайық өнегелі ісімен ықпал жасауға тиіс. Той-думанда, клубта,кітапханада,почтада, дүкенде, шаруашылықта,қысқасы, қайда болса да ұстаздың ұстаз екені көрініп тұруы керек. Мысалы, жүрген жүрісінде,сөйлеген сөзінде,киген киімінде, тіпті, үй  тұрмысының тазалығында осындай ерекше қасиеті білінуі өзгелерге ой салады. Өкінішке орай, кейде көпшілік арасында  асығып сөйлеп, «үйдегі қалпыммен шыға салып едім» деп,өзін айтпай танытатын ұстазды да кездестіреміз. Кейбіреулері азық-түлік алып жатып, мектептегі бала жағдайын сөз етеді. Мұндай жағдайда ата-ананың ыңғайсыз күйде қалғанын елей бермейді. Енді біреулері мектепке ашық гүлді көйлек киіп, он саусағының үш-төртеуінде алтын сақинаны жарқыратып, құлағына да, мойнына да қымбат бағалы  тастар тағып келеді. Ұстаз, біздің ойымызша, қашанда қарапайым, айтқан сөзіңде тұратын,әдепті, салмақты,дауыс көтеріп, айқайлауды сүймейтін жан. Парасатты жан өз жолдастарына қатты реніш білдірмейді. Шәкірті ренжісе- ренжиді, қуанса- қуанады.Бос сөзден аулақ болады. Тек ата анамен байыпты сөйлесіп, өз шәкірті жайында  педагогтік инабатпен әңгімелесіп, пікір алысады.

Ең бастысы-әрбір мұғалім өзін-өзі тәрбиелеп, мінез- құлқындағы кемшіліктерді түзетуге тырысып,жақсы қасиеттерін жетілдіріп отыруға міндетті. Соны іс жүзіне асыра білсе, ол,сөз жоқ  үлкен беделге ие болады.