Төрт ғасыр туын жықпаған, Жаңғырған жаңа тарихым!

Қабдолова Клара Жексенбайқызы. жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі,облыстық «Үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» байқауының

ІІ-дәрежелі жүлдегері,аудандық

«Жыл тарихшысы-2015» сайысының

«Бас жүлде» иегері.

 «Төрт ғасыр туын жықпаған, Жаңғырған жаңа тарихым!»

 тақырыбымен Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Б. Бегалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте өткен ғылыми- тәжірибелік   конференцияға  ұсынылған баяндама:  «Қазақ халқының қилы тарихы-айбындылығымыздың төркіні.»

Шараның айдары:  «Өз елінің тарихын білу-барлық адамдар үшін қасиетті парыз.»  Құрылғанына төрт ғасырды  куә қылған,төрткүл дүниенің төрт бұрышына ширек ғасырда өзін танытып үлгерген,жас,тәуелсіз,егемен,дамудың даңғыл жолында өзіндік сүрлеуін қалаған,әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иығын теңестіріп, көз  тіктіріп тамсандырып отырған, айбындылығының төркінін тектіліктен алатын Қазақ хандығының 550 жылдық тойын  тойлау қарсаңында  мектебімізде өткізіліп отырған жоспарлы шарамызға қош келдіңіздер дейміз.Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2014  жылы 22 қазанда Астана қаласының белсенділерімен кездесуінде «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады» деген сөзі құрылғанына ширек ғасырға жуықтаған қазақ елінің    жаңа  шежіресінде  өркениеттілік дамудың үлгісін көрсетіп, көшбасшылық тізгінін мықтап ұстауы мемлекет болу парағының  кеше ғана басталмағандығының дәлелі.Осыдан бес ғасырға жуық уақыт бұрын Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханға бағынудан бас тартып,Шу өзеннің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың алғашқы қадасын қағып,туын  көтергені бүгінде өзін қазақстандықпын дейтін әр қазақтың жүрегінде жатталған, тарихтан белгілі қағидаға айналды.Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен қаруландырып,  жігерлендіріп,батырлықтың сусынымен  шөлін қандырған бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа ұлыстың дербестігін жариялап,жаңғырған қазақ халқының атауын алған тарихтағы тұңғыш тәуелсіз Қазақ хандығын  құрды. Керей мен Жәнібектің соңынан ерген 200.000. адам ту қадаған ордасына біраз орныққан соң өз тағдырын «мың өліп,мың тірілетін», «өткенге-салауат,болашаққа -береке» тілейтін,байтақ ұлысты жайлаған өздерінен сан есе артық қандастарының басын қосуға,  Көк Орда жерін түгендеу жолындағы жорықтарын бастады.Сөйтіп, 1465 жылы атамекенімізде тұңғыш рет Қазақ хандығы деп аталатын тәуелсіз мемлекет дүниеге келіп, бүгінгі біртұтас қазақ халқының негізі қаланып,  тарихтың алғашқы  парағы басталды.Ақ киізбен хан болып көтерілген Керей сұлтан,кейіннен Жәнібек билік құрып, Қазақ мемлекетінің ұранын- «Алаш», елтаңбасын- «Төре таңба»,бас байрағын- «төре таңбалы Қызыл ту»,астанасын –қасиетті Түркістан деп танытты.Өзінің өмір сүру кезеңіндегі шерлі де шежірелі тарихында Қазақ хандығында жиырмадан астам хан билік еткен.Ел билігін қолдарына алған бұл тарихи тұлғалардың талайым тағдырлары да сан қилы,билік құрудағы қабілеттері мен ұстанған саясаттарын жүзеге асыру әдістері де әртүрлі деңгейде болған. Өз заманында мемлекеттің айбындылығын асырып, халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, ұрпақтың есінде  қас батырлықтың үлгісіне айналған хандар да, керісінше елін тоздырып, дұшпандарына таба қылған хандардың да болғандығын  тарих жоққа шығармайды.Бірақ бір ғана шындық,бәріне ортақ қасиет деп танысақ да артық емес-бұл сол заманда қалыптасқан жағдайларға байланысты олардың әрқайсысы қал-қадірінше  хандықтың туын жықпауға тырысқандары. Жас ұрпақтың өз елінің өткен тарихына құрмет сезімі де осы бабаларының тұғырлы тәуелсіздік  жолындағы  тартқан жан азабы мен зардабы, келешекке деген үмітін үзбеген қайсарлығынан үлгі алу арқылы қалыптасады деп ойлаймыз.Төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының тарихында нелер болмады,басынан небір жағдайларды кешпеді дерсіз?!Қалың қазақтың мамыражай күй кешіп, «қой үстінде бозторғайдың жұмыртқалаған» дәуірлеу кезеңі, кең сахараны бұлт торлап, жау жағадан алып,бөрі етектен тартып,ер азамат етікпен қан кешкен,жан мен тәннің күйзелген шақтары ел тағдырының өшпес тарихы.Құрметті конференцияға қатысушылар! Қазақ елі өз дербестігін жариялау арқылы елдегі біріктіруші ұйтқы ұлтқа айналды. Ел басқарудың тәжірибесі дамып, сайын даланың иесі ретінде шыққан тегінің айбындылығын таныту  дәрежесіне жетті. Қазақ  хандығының да жеке адам сияқты азат тәуелсіз ел болып,тарихтан өз еншісін  алып, құдыретті уақыт алдында  қанында қайсарлық пен төзімділіктің, айбындылықтың түп төркінінің тұрақты екендігін дәлелдеді деуге толық негіз бар деп есептейміз. Ақылды,қайсар,батыл, әмірші,саналы ғұмырын ел қуатын арттыруға бағыттаушы, тұғыры тұрақты, халық көсемі, тәуелсіздіктің туын көтеруші, дербес елдің басшысы- міне, мұндай пікірлер  қазақ елін басқарған қай тұлғаға да лайық   теңеулер.Тағдыр тартқан  тиімді жағдайды  іштей азаттық аңсаған халықтың қасиетті  күресімен ұштастыра білген Керей мен Жәнібек өз тулары астына біріккен қандастарының, бір халықтың өкілдері-қазақтардың, Алаш ұлдарының жоғын жоқтап,не өлу,не жеңу күресіне шықты.Бұлағай дүниеге қол бұлғап жорық жолында дүние салған Әбілхайыр өлімінен соң,қазақ елінде қиян- кескі  хан тағына талас басталып,елдің өміріне аласапыран кезең туды.Дер кезінде  бұл   жағдайды пайдалана білген Керей мен Жәнібек атқа қонып, біраз жыл бұрын өздері еріксіз тастап кеткен  атамекендері Дешті Қыпшаққа қайта оралады.Еркіндіктің  қасиетті туын  көтерген қазақ халқының тұңғыш хандары, жаужүрек көсемдері Керей мен Жәнібек Әбілхайыр мұрагерлерімен бітіспес күрестің әліппесін ашты.Халықтың шексіз сеніміне ие болған,азаттық жолындағы  адал күресте парасаттылықтарын таныта білген тұлғалар шын мәніндегі қазақ халқының айбындылығының мәңгілік символы болатын.Өздерінің бастаған істерінің ақ екендігін,болашақ ұрпағының ризашылығына бөленетіндігін қазақ хандары аз уақытта дәлелдеп,ірі табыстарға жетті.Көрегенділік қасиеттерді бойларына дарыта білген қос тұлға  атамекенді азат ету жолындағы қанкешті жорықтарда Әбілхайырмен ұзақ жылдар билікке таласып келе жатқан Жошы ұрпақтары –Ахмет хан мен Махмұд сұлтандардың, Батыс Сібір  билеушісі Ибақ ханның күштерін шебер пайдалана білді.Тату көршілік,сыйластық саясатын қолдай отырып, өздеріне іш тартатын Ноғай одағының  билеушілерімен сенімді одақтас бола алды. Әбілхайыр мұрагерлерімен болған азаттық күресте толық жеңіске жеткен Керей мен Жәнібек Дешті Қыпшақ даласын түгелдей  Қазақ хандығының игілігіне айналдырды.Әр түрлі  ұлыстарда бытырап жүрген қазақ рулары енді «қазақ» деген ұлттық  атаумен, жеке халық, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасының төріне орнықты.Халық саны қазақ мемлекетінің іргелі ел ретінде өрістеуіне ұйытқы болған Қасым ханның тұсында бір миллионға жетті. Сол заман үшін халық саны осындай болған мемлекеттер саусақпен ғана  санарлықтай болатын. Қазақ хандығының іргесін қалаған,мызғымас мемлекет құрған,халқымыздың біртуар ұлт болып қалыптасуына мұрындық болған,ел үшін еңбектері ерен,есімдері қасиетті қос тұлға-Керей мен Жәнібек осындай тұлғалар  болатын. Екеуі де –ел үшін бастарын бәйгеге тігіп,ұлтының ұлылығын асыруда аянбаған парасат иелері,халық сүйген перзенттері.Қазақ Ордасының іргеленуі мен іріленуі Жәнібек хан тұсында болған.Бұдан кейінгі  Қазақ мемлекетінің шежіресінде халықтың қасиетін арттырып, іргелі елдігін өрістетуге ұйытқы болған ірі тарихи тұлғаларымыз-Қасым,Хақназар,Тәуекел,Есім,Салқам Жәңгір, Әз-Тәуке,Абылай, көкжал Кенесары-Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары болатын.Атамекенінде  азаттықтың ақ туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының тағдыр алдына тартқан тар жол,тайғақ кешуі аяқталған жоқ еді..Қазақ  хандығының  пайда болуын  заңды қоғамдық құбылыс деп есептеуге болады.Өркениетті елдер шоғырында еңсесін биіктетіп,Көк байрағын асқақ желбіреткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  23 жылын артқа тастап үлгерді.  Бұл сонау ғасырлардың қойнауынана  атойлаған бабалардың  армандарының салтанат құруы деп түсінеміз. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың мемлекеттік дәрежедегі ірі қайраткерліктері, ақыл-парасаттары,жеке бастарындағы ізгілік адамгершілік қасиеттері,жан-жақты біліктіліктері қай дәуірдің ұрпағына болса  тәлім-тәрбие. Қазақ хандарының даналықтарын, көреген көсемдіктерін, халқының қамын жеген парасаттылықтарын, батырлықтарымен бірге ғұламалықтарын сол заманның тарихшылары мен шетелдік зерттеушілер тамсана жазып кеткен. Қазақ хандарының өз аумағының төрт құбыласын кеңейтіп,мерейін өсірген,күйзелісте қайраттылық танытқан,қалың қолды жауға бастаған ерліктері,  туа біткен тектіліктері, мәртік қасиеттері ұлтымыздың айбындылығының көрінісі болса керек…Төрткүл дүниеге атағы тараған Қазақ хандығының бір мемлекеттің туы астына  топтасып,іргесін нығайтып,қас жауына тобықтай түйініп қарсы тұрып бірлік танытқаны өзге елдердің  назарына ілікті.Дәуірлеген хандықтың қилы тарихы ұрпақтан-ұрпаққа ұрандай жатталып,еңселі 550 жылды артқа тастады. Бірақ тарихи желі,ынтымағы жарасқан ел болу үрдісі үзілмеді, керісінше жаңғырып ,жаңа тарих атанып заманауи даму жолына түсті. Ең бастысы “Қазақ елі кеше ғана пайда болған мемлекет емес” және ол “Мәңгілік  салтанат құратын ұлы елдер” көшін бастаушы.Сарабдал саясат ұстаған,салиқалы мақсат қойған, “Нұрлы жолмен”  болашақтан үміт еткен,тәуелсіздіктің  құдыретті де ардақты жолымен  адымдап келе жатқан еліміздің   тарихы мен тынысы жас буынның   бағыт ұстар бағдаршамы.Ұлы даланың  перзенттері батыр бабаларымыздың азаттық жолындағы күресі біз үшін асыл шежіре, елдік пен ерліктің таусылмас қазынасы.Тарих өз парағына заманында тарих көшін бастаған  қайтпас қайсар тұлғаларының есімін алтын әріптермен тасқа таңбалағандай етіп жазып,ұрпақ жадында мәңгілік сақталарына сенді,дұшпандарын да сендіре алды.  Қазақ халқының қилы тарихы шын мәніндегі-айбындылығымыздың төркіні деп танимыз.Оған   ел тарихы,халық тағдыры куә.  Ұлылығымызды асырған,әлемді елеңдеткен ел тарихының шежірелі де қилы тарихын саралар 550 жылдық мерейлі  мерекеміз құтты болсын!