Сайраса, сандуғашы сағыныштың!

 

Тақырыбы:   «Сайраса, сандуғашы  сағыныштың!»

Мақсаты: Жерлес,  жазушы  ағамыз   Ә.Кекілбайұлының   шығарма-шылығын  насихаттау, оқушыларды  мәнерлеп оқуға баулу, Отансүйгіштікке  тәрбиелеу.

Көрнекілігі:Экраннан Ә.Кекілбайұлы туралы бейне-фильмдер көрсетіледі. Шығармалары, фото-альбомдар, т.б.

1-жүргізуші: Құрметті  ата-аналар,ұстаздар, оқушылар!

«Сайраса, сандуғашы  сағыныштың!» атты  поэзия  кешіне қош келдіңіздер!

Бүгінгі  кешімізде  жазушы  Ә.Кекілбайұлының  шығармаларына  арқау  болған, туған жерге  деген  сағынышынан  туған  өлеңдері  мен  шығармаларына  куә  боласыздар.

2-жүргізуші:  Әбіш  Кекілбайұлы: «Біле білген  кісіге  өмірдегі  әр   құбылыстың  өз  тілі  бар. Әсіресе, сезім  дүниесінің  тілі  тіптен  бөлек. Соны  түйінген  ата- бабаларымыз   көкірегіндегі    көңіл-күйін  ұтымды  жеткізер  ұрымтал жол  іздеген  шығар.

Зуылдақ  уақыт  адам  бойындағы  жігерді  азайтып, қуанышты  сарыққанымен, көңілді  байытады. Сағыныш-зарығу емес, бұған дейін  де қадіріне жете  бермеген  жәйттерге  жете  қанығу. Ал, ол  күзгі  егінжайда   терілмей қалған  дәндердей  қайта  бүр жарған жас өскін сияқты. Қар  астында қалдырғың  келмей, тек өз  көңіліңнен ғана  емес, өзгелер  көңілінен  орын тауып бергің  келеді.  Сол ниетпен  менің  жүрегімнен  осы  бір  шумақтарды  өрбітті».

1-жүргізуші:  Иа, Әбіш  ағамыздың  жүрегінен жарып шыққан  өлеңдері  самғай  береді, жүректерден түлеп, жүректерге барып қонатын  Сандуғаш, Сандуғаш  ғұмыр!

2-жүргізуші:  /Күй . «Көңіл  толқыны»/

Көзім бар күйді  құйып алатындай,

Сезім бар өткен күшке  өңгерілмей.

Нәп-нәзік  көбелектің  қанатындай,

Қап-қатты  қаршығаның шеңгеліндей.

 

Аспанның  кіндігінен  түртіп тұрған,

Асқар  шың  асқақтаған-менің  басым.

Күз болса  күнде ертемен  бүркіп тұрған,

Мөлдір шық   мөлтеңдеген  -менің  жасым.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Теңіз  жағасындағы  ой» 

1-жүргізуші:  Сұғынған  көк  теңізге  қатқыл  түбек,

Сағынам  көптен көрмей  қапсың  жүдеп.

Қаздиған қалқан  құлақ  бала едім ғой,

Қауқиған  мені  танып жатсың ба, Үдек?

Көргенде көне  жұртын замананың,

Көз шалып, көңіл босап, қабарамын.

Бой  созып, боз даладан  мұңаяды,

Бесімбай , Сағындықта  бабаларым.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Онды»

2-жүргізуші:  «Атамекен» әні

 

-2-

    Әбіш  Кекілбайұлының  қаламынан  шыққан  шығармалары  қазақ  баласын  ойлануға, зерделі  ой, өрнекті  сөз  айтуға  шақырады.

1-жүргізуші:  Ат арқасы  қиянда жатқан  меңіреу, қойын-қолтығын  келе-келе  түйе кезген Маңғыстаудың  ақ  таулары  көлбейді. Ұбап-шұбап, ана дәуірден  бет түзеген  көш  пен  қазақы   қаймағы   бұзыла  қоймаған  беймәлім  сырлы, жұмбағы  көп  өлкенің  аңызы мен ақиқатын   көкірегіне басқан  қара  бесік  тағы да   көз алдыңа келеді.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Ұйқыдағы  арудың   оянуы»  повесінен  үзінді

2-жүргізуші:  Кетіпті  жерің  жүдеп,желің үдеп,

Келіп ем, кенелтпедің  мені де, Үдек!

Сағымдай  бізде бір күн жоғалармыз,

Сағымбай  жата алмайды-ау  сені  жүрек.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Үдек»

1-жүргізуші:  Иа, қара  бесіктің  құндағына бөленіп,балқып, балбырап, ана әлдиінің  құшағында  жатқан  қара  баланы  көретіндейсің.Сол қара  бала қазақ  халқының   арғы-бергі  ұлан тарихын  жадына  тоқи  жүріп, топты  жарар  шешенге, рухани  әлеміміздің    көшін   бастар  көсемге, кемел  суреткерге, көрнекті қаламгерге, қоғам және мемлекет  қайраткеріне, Қазақстанның  халық жазушысына, мемлекеттік сыйлықтың  иегеріне  айналды.

2-жүргізуші:  Сыры   мен  жыры, шуағы мен  нұры молдау  тұста, әдебиеттің  ортасында  өніп-өскен, көгеріп-көктеген, өмір мен  өнерді  біртұтас  әлем  ретінде  қабылдап, қалыптасқан   жас  жазушыдан, ел  ертеңі  көкірегін  көбірек  мазалап, елдің  қалыптасуы  мен  тәуелсіздіктің  тиянағына айналып жүрген   суреткерге, ел ағасына айналды.

«Саржайлауым»  әні

1-жүргізуші:  Жазушының  мұраты -өнер мен өмірдің  обалына қалмау, жалғандқ пен жауыздыққа  жол бермеу, не жазса да  толысқан ой  мен  тебіренген жүрек  арқылы  өткізуге  тырысты.

2-жүргізуші :  Асылы, жазушы бақыты   дегеніміз  де осы  болса  керек. Мұндай  жазушы   жүрегінің   төріне, ақ қағаздың өріне, қаламының  ұшына, халқының  ықылас-сенімі   мен  махаббатын  арқалай  қонған.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Туған   жер»

1-жүргізуші:  Қ. Мырзалиев :«Ескерусіз  қалдырмай  бір ісінде,асылдарды  сыйлайық тірісінде»  демекші, Әбіш  Кекілбайұлының   70  жасын  Республика  көлемінде   атап  өткендігі   бәріміздің  есімізде.

2-жүргізуші:  Таң қалып  отыр елің  қайратыңа,

Ол  сен бе, әлде аталар  айбаты  ма?

Дауыл  -жел  өзің шықсаң бәсеңдейді,

Соғады  қалай елдің   пайдасына, -деп ақын  ағаларымыз  жырлағандай  жазушы  талантына  бас  иеміз.

 Әбіш  Кекілбайұлы  «Шыңырау» повесін   үзінді  

 1-жүргізуші:  «Адай  қыз»  әні  

                       Қазақтың  әдебиеті мен   мәдениетінен  ойып тұрып  орын алатын, Әбіш  Кекілбайұлының  есімі  әлемге  әйгілі. Әуелі  әдеби

 

 

-3-

публицистикалық   шығармаларымен  танылса, соңғы  жылдары  саясаткер  ретінде  танылып жүр. Егеменді  ел  тарихындағы   орны  бөлек тұлға  жайында  «Ақ шағылда  туған  арман»  атты  деректі  фильм  түсіріліп, Маңғыстауда  тұсауы  кесілді.

2-жүргізуші: «Қуаңшылыққа бейім , шөлейт  жер болғанмен  түбектің өзінше  сұлулығын  қандай  шығарма жазып  отырса да, Маңғыстау  жұртының өзінің  кейіпкері  болғанын өзі  үнемі  мойындайтын. Ақынды  танығың келсе , оның  туған  жеріне  барып  көр»  Ә.Кекілбайұлы  Маңғыстауды  мейілінше  шарлапты»-деп ағалармыз   пікір   жазған  болатын.

 Әбіш  Кекілбайұлы  «Туған  жерге  барғанда»

1-жүргізуші:  «Құстар  қайтып  барады»  әні

Жонындай  жолбарыстың  жоталарың,

Көп қарап, көзім  талай  боталадың.

Көлкіген көк  сағымды  көл деп ұғып,

Көргенше  көнім  кеуіп  қаталадым.

  Әбіш  Кекілбайұлы  «Әке»

2-жүргізуші:  Қаң-қамның  көргім  келмей  өлі күйін,

Үйіріп барады  алып мені  құйын.

Жүрегім жаурағанда  тығылатын,

Жалғанда  менің  титтей   Жерұйығым!

1-жүргізуші:  Құландай  құлдырайды   құла дүзім,

Жоғалған…..таба алмадым  бұлақ  ізін.

Қаңғаның  қаңыраған  қара  ойындай,

Қаралай  қамырығып  құлазыдым.

Әбіш  Кекілбайұлы  «Жер-ананың  мен сүйікті  перзенті»

2-жүргізуші:  «Маңғыстау» әні

                        Уақыт, шіркін, неткен  жүйрік десеңші! Әбіш  Кекілбайұлының  шығармаларын  бір кешке  сыйғызу  мүмкін емес. Жазушы  жүрегінен  шыққан, туған жерге  деген  сағыныштарынан  өрбіген  өлеңдерінен  сусындап, жазушының  туған  жерге  әлі де  берері, айтары  көп  екеніне  біз  сенеміз.

1-жүргізуші:  Бүгінгі  «Сайраса, сандуғашы  сағыныштың!» атты  поэзия  кешімізге  алтын уақыттарыңызды  бөліп келгендеріңіз  үшін  рахмет!

 

 

 

Қазақ  тілі  мен  әдебиет  пәнінің  мұғалімі:

Саржанова  Күнімкүл  Аманқосқызы

Маңғыстау  облысы,Маңғыстау  ауданы,

Онды селосы, Онды  орта  мектебі