Адамзат болашағы

 

Тақырыбы: Адамзат болашағы

 

Сабақтың мақсаты:

 

Білімділік:  Оқушыларға адамзат болашағы, өмірдің мән-мағынасы,  болашақты болжау әдістері, философиядағы адамгершілік мәселелері жөнінде түсінік беру

 

Тәрбиелік: Ізгілікке, мейірімділікке, өмірді сүйе, бағалай білуге тәрбиелеу.

 

Дамытушылық: Оқушылардың жан-жақты іздене білуін қалыптастыру, бірлесіп және өздігінен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және еркін сөйлеп, ойын жеткізе білуге үйрету. Оқушыларды гипермәтіндер беру бойынша жұмыстану дағдыларына үйрету.

 

Сабақтың типі: аралас сабақ

 

Сабақтың түрі: пікірсайыс, ой қозғау

 

Әдісі:  ауызша баяндау, сұрақ- жауап, топтық жұмыс

 

Пәнаралық байланыс: Тарих, қоғамтану, қазақ әдебиеті, өзін-өзі тану

 

Сабақтың жүру барысы:

 

Ұйымдастыру бөлімі: Сабақтың мақсаты, жоспары, сайыстың шарттарымен таныстыру.  Топ басшыларына бағалау парағын тапсыру

І. Үй тапсырмасы бойынша ауызша сабақ сұрау

І–топ: Ежелгі Шығыс ойшылдарының адам мәселесі жөніндегі көзқарастары;

ІІ- топ: Қазақ ойшылдарының адам мәселесі жөніндегі көзқарастары;

ІІІ-топ: Жаңа замандағы Еуропа ойшылдарының адам мәселесі жөніндегі көзқарастары;

ІІ. «Шығармашылық ізденіс»  Адамның пайда болуы  туралы гипотезалар. Баяндама оқу

І–топ: Ч. Дарвиннің эволюциялық концепциясы.

ІІ–топ:  Діни гипотеза.

ІІІ–топ:  Ғарыштық гипотеза.

 

ІІІ. .«Ой қозғау». Өлең талдау.

1-топқа тапсырма: М. Мақатаевтың өлеңіндегі философиялық мәселелерді тауып талдаңыз.

Адам қайдан жаралған?

Осынау бір сұрақты

Топшылаймыз сан алуан,

Жауабы жоқ тұрақты.

Ұғынамыз ғылымнан,

Топшылаймыз діндерден.

Адам қайдан туылған?

Тәңірі оны кім көрген!

Судан ба әлде оттан ба?

Жерден бе әлде күннен бе,

Бардан ба әлде жоқтан ба?

Маймылдан ба пілден бе?

Әр нәрсеге үңілдік,

Ұқсап бақтық әркімге,

Ақыры көп жүгіндік

Ғұлама ғалым Дарвинге.

… Мен адамнан жаралдым,

Ниетім жоқ айнуға.

Баласымын адамның,

Ұқсағым жоқ маймылға.

(Кісі емеспін – Адаммын!)

2-топқа тапсырма: Адамның табиғаттағы мәні жөнінде Абай не айтады? Адам өмірінің құндылығы туралы не айтылған?

«Көк тұман –алдындағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп кез көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет жоқ, көзім талған.

 

Ол күндер-өткен күнмен бәрі де бәс,

Келер, кетер, артына түк қалдырмас.

Соның бірі-арнаулы таусыншақ күн,

Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

 

Ақыл мен жан-мен өзім, тән-менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы –екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

 

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен-

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

 

Адам ғапыл (өтпелі) дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі?

 

3-топқа тапсырма: Қандай философиялық мәселелерге назар аударуға болады?   Абай Құнанбайұлы

 

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек-ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне  ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

 

Сағаттың өзі-ұры шықылдаған,

өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

 

Өткен өмір белгісі-осы сыбдыр,

Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.

Ақыл анық байқаған қылығыңды,

Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.

 

Күн жиылып ай болды, он екі ай-жыл,

Жыл жиылып, қартайып қылғаны-Бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.

 

 

ҮІ . «Кім алғыр» Үй тапсырмасы бойынша  әр топқа сұрақтар қою.

1-топтың сұрақтары:

  1. Адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қойған діни философиялық ілім қалай аталады? (Буддизм)
  2. Платонның ойынша «әділетті мемлекетте» азаматтар неше топқа бөлінеді? (қарапайым адамдар, әскери адамдар, күзетшілер)

2-топтың сұрақтары:

  1. Аристотельдің адамға берген анықтамасы қандай? (Адам –«қоғамдық хайуан»)
  2. Адам дене мен жанның бірлігі, хайуан мен періштенің аралығындағы нәрсе деп қараған ортағасырлық философ кім? (Фома Аквинский)

3- топтың сұрақтары:

1.«Өзіңе жасалғанын қаламайтын қылықтарды басқаларға сен де жасама» деген философ кім? (Конфуций)

  1. Жеке-дара, жалғыз өзі ғана өмір сүре алатын адамның болуы мүмкін емес. «Менің» болуымның міндетті шарты «сенің» болуын, басқалардың болуы деген философ (Фейербах)

 

Үй тапсырмасын қорытындылау

 

Ү. Негізгі бөлім: Жаңа тақырыпты түсіндіру

Тақырыбы: Адамзат болашағы

  1. Адамзат болашағы.
  2. Философияның адамгершілік мәселелері.

 

Болашақты болжау, не оны білуге тырысу адам баласының ежелгі арманы.

Ертеңгі күнім қандай, мені не күтіп тұр деп ойламайтын адам дүниеде жоқ. Табиғаттың, қоғамның заңдылықтарын түсінбеген кезде, адамдар әр нәрсеге сыйынуға мәжбүр болады. Осыдан кейін Айдың не Күннің тұтылуын, Жердің сілкінуін әлі болмаған, бірақ төніп келе жатқан қолайсыз жағдайлардың, қауіп-қатерлердің, қырғын-соғыс, не елге келетін оба ауруларының нышаны деп білген. Мұндай жағдайларда қазақтар тасаттық беріп, садақа жасап жататын. Ондай қиын кезеңдерде түрлі құмалақшылар, астрологтар не «көріпкелдер» көбейеді.

Діншілдер келешекте «ақыр заман» болады, о дүние  алдында адамдардың атқарған істері таразыға салынып, күнәсі көптер тамұққа, күнәсі жоқтар жұмаққа барады деп уағыз айтады.

Әлеуметтанушылар жақын уақытты болжап, үкіметке кім келеді, оның саясаты қандай болмақ деген сұрауларға елдің пікірін аулап, болжам айтады, кейде сол болжам арқылы елді өзінің болжамына қарай икемдеп, итермелейді.

Ал, алыс болашақты болжау үшін футурология (болашақ, сөз, ілім) қолданылады. Қазіргі ғылымда болашақты болжаудың бірнеше әдістері қолданылуда.

Оған жататындар экстраполяция (латынша-extra- сырттай, poli- өзгерту, бастау). Экстраполяция – бір нәрсенің құбылысына қарап басқа нәрсені болжау, оның келешегін, даму жолын кесіп айту.  Бұл әдіс көбіне талдауда, диагноз жасауда қолданылады. Мысалы, біз тәуелсіз мемлекет болып, даму жолын таңдағанда осы әдісті пайдаланып, әртүрлі экономикалық модельдерді салыстырдық. Дәл осы әдіске жақын тұрған тарихи аналогия әдісі.

Тарихи аналогия – грек тілінен – сәйкестік, ұқсастық деген сөздерден алынған. Бұл әдіс бойынша белгілі бір зерттелген, әбден анықталған құбылыстардың қасиетін, ұқсастығын негізге ала отырып, басқа зерттелмеген құбылыстарды болжайды. Мысалы, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030 стратегиясында» бұл әдісті пайдаланып, Қазақстанды Сингапур мен Малайзиямен салыстырады.

Компьютерлік модельдеу— объектіні белгілі үлгіге түсіріп, сол үлгіні зерттеу арқылы болар істі түсіну. Модель (француз және латын тілінен аударғанда өлшем, үлгі, мөлшер деген ұғымдардан туындаған) белгілі әлеуметтік арнайы жасалған құбылыстар. Белгілі бір модельсіз болашақты түсіну, оған ұмтылу, не басқа болжамға келу өте қиын. Модель біздің болашақ жөніндегі ойымызды нақтылайды, оның суреттерін, жобаларын, көкжиегін белгілейді.

Осы айтылған ғылыми әдістердің бәрінің басын біріктіретін жаңа әдіс ғылыми прогностика дүниеге келді. Оның ілгері дамуына электрондық есептеу техникасын қолданудың маңызы өте зор. Бұл техника шұғыл мерзім  шығарып, даму бағытын пайымдайды, қажетті тұжырым жасайды.

Болашақта адамзат өркениетінің дамуы қандай болмасын, мейлі ол ғарыштық дәуір, компьютерлік немесе ақпараттық және т.б.болсын, мұның бәрі адам үшін, адамның игілігі үшін жасалып жатқандығын ескеруіміз қажет.

  1. Қазір бүкіл адамзат алдында бұрын болмаған ауқымды, бүкіләлемдік мәселелер қойылуда. Олардың ішінде бейбітшілік пен қарусыздану, қоғамдық және әлеуметтік даму, кейбір мемлекет пен аймақтардың артта қалуын жою, ғылыми-техникалық алға басу, халық ағарту және мәдениет проблемалары, халық санының өсуі, денсаулық сақтау, адамның жаңа биологиялық, әлеуметтік жағдайларға үйренуі, қор мен энергетика, азық-түлік пен табиғат және т.б. күрделі мәселелер бар.

Осы мәселелердің бәрі адамзаттың қазіргі жағдайына, болашағына зор әсер етуде.

Әлем өзінің байлығымен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Әлемді рухани-практикалық игеру үдерісі барысында адам болмысты өз құндылықтары арқылы қарастырады. Жер жүзінде екі мыңнан астам ұлт пен ұлыс тіршілік етеді десек, солардың әрқайсысының өзіне ғана тән әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері бар. Олар –халық мәдениетінің аса мәнді құрамдас бөлігі, одан сол халыққа жататын адамдар мәдениетінің деңгейі, рухани байлығы, басқа ұлттар мен ұлыстардан, халықтардан айырмашылығының барлық белгілері айқын танылады. Сонымен қатар салт-сана, дәстүр қатып-семген, мәңгі өзгермейтін нәрселер емес, елдің экономикасының, мәдениетінің өркендеуімен бірге, олардың озықтары одан әрі дамып, жаңғыра түседі, тозықтары қолданыстан қалып, ұмыт бола береді.

Адамгершіліктің кейбір бастауларын қарастырайық.

Қайырымдылық (ізгілік) және оның антиподы зұлымдық: қайырымдылық ұғымы адамдардың жалпы мүдделерін, болашаққа деген үмітін, талап-тілектерін білдіреді; зұлымдық керісінше, өмірге кедергі жасап, оны жоюға тырысады.

«Бақыт» -ол, біріншіден, қайғысыз, жоқшылықсыз, ауру-сырқаусыз, бәле-жаласыз өмірді білдіретін игілікті береке; екіншіден, қажеттіліктерді қанағаттандыру; қанағат, ырзашылық; қуаныш.

Ар-ұят адамгершілік сананың моральдық-психологиялық тетігі ретінде қоғамдағы моральдың императивті (бұйрықты), байланыстырушы күшіне ұқсас. Ар-ұят – ол адамның ішкі дауысы. Шәкәрім ар-ұят іліміне көңіл аударған:

«Еңбекпенен, өрнекпен

Өнер ойға тоқылса,

Жайнар көңіл, қайнар өмір

Ар ілімі оқылса».

(Ш. Құдайдердіұлы. Үш анық)

ҮІ. «Ой талқы» Жалпы топқа проблемалық сұрақтар қою

  1. Өмірдің мәні неде?
  2. Сен не үшін өмір сүресің? Тамақ ішу үшін өмір сүресің бе, әлде өмір сүру үшін тамақ ішесің бе?
  3. Өмірдегі құндылықтарды қалай бағалайсың?
  4. Бақыт дегенді қалай түсінесің?
  5. Бақыт және байлық. Адал жолмен байлыққа қол жеткізуге бола ма?- Адал емес жолмен қол жеткізілген байлық адамға бақыт әкеле ме? Бай адамдардың бәрі бақытты ма? Кедейлердің бәрі өзін бақытсыз санай ма екен?
  6. «Махаббатсыз дүние бос».-Махаббат-өмірдің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән-жыры дегенді қалай түсінесің?
  7. Өмірде адасу бола ма? Өмірде қиындықтар кездессе не істер едің?
  8. Өмір рахатын ішкіліктен, есірткіден іздеушілерге не айтар едің?

ҮІІ. Бекіту тапсырмалары:

  1. Бір нәрсенің құбылысына қарап басқа нәрсені болжау, оның келешегін, даму жолын кесіп айту әдісі қалай аталады? (Экстраполяция)
  2. Объектіні белгілі үлгіге түсіріп, сол үлгіні зерттеу арқылы болар істі түсіну әдісі (компьютерлік модельдеу)
  3. Белгілі бір зерттелген, әбден анықталған құбылыстардың қасиетін, ұқсастығын негізге ала отырып, басқа зерттелмеген құбылыстарды болжау әдісі (тарихи аналогия)

ҮІІІ. Қорытынды. Бағалау.

Үйге тапсырма: «Өмір –қымбатсың маған!» деген тақырыпта ой-толғау жазып келу.

Г. Ә Кактаева. «Философия негіздері» Астана. 2006 152-157  беттер

М. Мақатаевтың өлеңіндегі философиялық мәселелерді тауып талдаңыз.

 

Адам қайдан жаралған?

Осынау бір сұрақты

Топшылаймыз сан алуан,

Жауабы жоқ тұрақты.

Ұғынамыз ғылымнан,

Топшылаймыз діндерден.

Адам қайдан туылған?

Тәңірі оны кім көрген!

Судан ба әлде оттан ба?

Жерден бе әлде күннен бе,

Бардан ба әлде жоқтан ба?

Маймылдан ба пілден бе?

Әр нәрсеге үңілдік,

Ұқсап бақтық әркімге,

Ақыры көп жүгіндік

Ғұлама ғалым Дарвинге.

… Мен адамнан жаралдым,

Ниетім жоқ айнуға.

Баласымын адамның,

Ұқсағым жоқ маймылға.

(Кісі емеспін – Адаммын!)