Сыныптан тыс іс-шара Джунгли шақырады
Сыныптан тыс іс-шара
Джунгли шақырады
Мақсаты:
Топпен ұйымшыл жұмыс атқыруға баулу. Бір-біріне көмектесуге дайын болуға, кішіпейілділікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Безендіру. Спорт залы мерекеге сай безендірілген, жалаушалар, шарлар ілінген.
Қажетті құрал-жабдықтар: доптар, гимнастикалық шығыршық, кегли, жемістер мен сүйектің пішіндері.
Өту барысы:
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер! Бүгін біз 4 сынып оқушыларының арасында «Джунгли шақырады» атты ойын-сайысын өткізгелі отырмыз. Олай болса барлығымыз сайыскер топтарды ортаға шақырайық.
Көрермендердің сүйемелдеуімен «Жыртқыштар» және «Сүтқоректілір» топтары ортаға шығады. Әрқайсысының омырауында өзі бейнелейтін аң суреті жапсырылған.
Жүргізуші:
Келіңдер! Көріңдер!
Тек ынта бөліңдер!
Ширығып, шынығып,
Шығам деп сеніңдер!
Әр ойында көңіліміз хош
Кеудемізде от,
Лаулап жалын боп,
Ұтылмаймыз, жеңеміз, бәріміз,
Джунглиге барамыз!
Бүгін джунглиге «Жыртқыштар» және «Сүтқоректілір» аттанады. Қане олармен танысайық.
Сайыскерлер өздері туралы жұмбақ жасырады.
- Білесің мекен даласын,
Бірден тауып аласың,
Салып алып дорбаға,
Жүреді ылғи баласын. (Кенгуру) - Таусылама, қарандар,
Табиғаттын қызығы?
Суық жақтағы жануар –
Бұтақ-бұтақ мүйізі. (Бұғы)
- Бітімі, тұрқы –
Аумаған жылқы.
Мәйкесі жолақ –
Айыбы сол-ақ. (Зебра) - Мойыны сорайған,
Сирағы серейген.
Теңбiл шұбар терiсi,
Шөлдегi аңның iрiсi.
Жонында жалы бар,
Бұл қандай жануар? (Жираф)
- Бұтақтарға секiрiп,
Әр жерден қылт етедi.
Кейде жаңғақ кемiрiп,
Жоғары өрлеп кетедi. (Тиiн)
- Жылқы тұмсық,
Ешкi құйрық,
Есек құлақ,
Түйе ерiндi,
Төрт аяғы тең емес,
Бiрi ұзын,
Бiрi қысқа,
Қорқақ өзi,
Қыли көзi. (Қоян)
- Ерiксе,
Құйрығымен ойнайды.
Зерiксе,
Ұйқыға бiр тоймайды. (Мысық)
- Белестен шапқан бесті ат,
Бүкір келген желісті ат.
Бейғам елде іздейді,
Малдан күдер үзбейді. (Қасқыр)
- Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,
Айбаты жан шыдамас үндері бар. (Жолбарыс)
- Үстінен тоны түспеген,
Сонда да араз қыспенен. (Аю)
- Айбарлы сұсы бар,
Қанжардай тiсi бар.
Тұла бойында
Тасыған күшi бар,
Күжiрейген жалды,
Бiлсең айт бұл аңды? (Арыстан)
- Қырда жүрер ол жортып,
Iнi де жоқ бармайтын.
Құйрығымен бұлтартып,
Қандай аң ол алдайтын? (Түлкi)
1 сайыс — «Батпақ»
Жүргізуші.Балалар, біздер тропикалық орманда жүрміз деп елестетейік . Айналамызда пальмалар өсіп, бамбуктер шулайды, ағаш үстінде маймылдар секіріп жүр, белгісіз құстардың даусы естіледі. Ал біздер ұзақ серуеннен кейін батпаққа кезіктік. Батпақ – бұл егер әр қадамыңды ойланып баспасаң батып кететін жер. Қазір «Жыртқыштар» мен «Сүтқоректілір»-дің қайсысы осынау қорқынышты жерден бұрын өтер екен, соны байқаймыз. Ал батпақтан өтуге бізге мына тақтайшалар көмектеседі.
— Әуелі қос аяғымызбен бірінші тақтайшаға тұрып аламыз, екінші тақтайшаны алдымызға қойып, соған аттап басамыз. Артымызда қалған тақтайшаны алдымызға қойып енді соған аттап басамыз, осылайша жалғастырамыз. Қане, бастаймыз!
(Әр сайыстан соң жеңімпаздарға сүйек немесе жеміс беріледі)
2 сайыс – «Қолтырауын»
Жүргізуші. Джунглидегі батпақтарда қолтырауындар толып жүреді екен. Олай болса қазір біздер сол қолтырауындар боламыз. Әр топ жұпқа бөлінеміз. Жұптағы 1-бала қолымен қозғалады, ал 2-бала оны аяғынан ұстауы тиіс. Олай болса, бастаймыз!
«Ғажайып сұрақтар» сайысы
Жүргізуші сайыскерлерге кезек-кезек сұрақ қояды.
- Ақтөбеде біреу Өскеменде жоқ, Алматыда екеу Астанада көп? Ол не?
- Қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк машинаны бір қолымен кім тоқтата алады?
- Суды елекпен қалай тасуға болады?
- Қыста үйдің ең суық жері?
- Машинаның қай дөңгелегі айналмайды?
- Әлемдегі ең үлкен алма қайда өседі?
- Есікті ашу үшін не қажет?
- Теңіздің ортасында не бар?
- Ненің көлеңкесі жоқ?
- Алфавиттің ең соңғы әрібі?
- Қазақстан мен Өзбекстанның ортасында не бар?
- Теңіздің суы неліктен тұзды?
3 сайыс – «Бақалар»
Жүргізуші. Қандай батпақ бақасыз болады?! Сондықтан келесі сайысымыз «Бақалар» деп аталады. Сайыскерлер жүресінен отырып, қолын алдына қарай еденге қояды. Белгі бойынша секіруді бастаймыз, кім шапшаң екен? Бақаларға ұқсап секіруді бастаймыз!
4 сайыс
Жүргізуші. Жарайсыңдар! Осымен біздер батпақтан шықтық-ау әйтеуір. Қуаныштан, айқайлап секіреміз де. Ал олай болса кім бір аяқпен шапшаң секіре алады екен, тексеріп көрелік. Оң аяқпен секіріп барып, сол аяқпен секіріп қайтамыз. Қане, бастаймыз!
5 сайыс — «Маймылдар»
Жүргізуші. Жарайсыңдар! Бір аяқпен жақсы секіреді екенсіңдер. Ал енді джунглиде міндетті түрде маймылдар болатынын білеміз. Олай болса келесі сайысымыз «Маймылдар» деп аталады. Төрт тағандап отырып, мәреге жүгіріп барып қайтамыз. Олай болса, бастаймыз!
6 сайыс — «Жылан»
Жүргізуші. Жарайсыңдар! Балалар, сендер білесіңдер ме, джунглиде жыландар көп екен, соның ішінде улы әпжыландар көп екен. Ал біздің келесі сайысымыз «Жылан» деп аталады. Ол үшін әр топ бойлары бойынша тұрулары керек. Сол қолдарыңды аяқтарыңның ортасынан өткізіңдер. Артында тұрған ойыншы оң қолымен алдындағының қолынан ұстайды. Сол қолын аяғының ортасымен өткізеді. Осылайша жалғасады. Тізбекті бұзбай жыландарша мәреге дейін барып-қайтуымыз керек. Қане, бастаймыз!
7 сайыс «Азығыңды тап»
Жүргізуші.Балалар, джунглиде ашығып қалмауымыз керек. Олай болса, ендігі кезекте азығымызды табамыз. Ол үшін ыдыс ішіндегі судан алмаларды тістеп алып, келесі ыдысқа салуымыз қажет. Олай болса, бастаймыз!
Жүргізуші. Осымен джунглиге саяхатымыз аяқталды. Жеңімпаздарды құттықтаймыз.
Сайыскерлердің ұпай сандарын салыстырылып, жеңімпаздар анықталады.