Ақпараттар әлеміне саяхат (Сыныптан тыс жұмыс)

Ақпараттар әлеміне саяхат

(Сыныптан тыс жұмыс)

Мақсаты: Оқушылардың информатика пәнінен алған білімдерін жинақтау, ой-өрісі мен танымдылық қасиеттерін дамыту, өз ойларын еркін жеткізу дағдыларын қалыптастыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.

         Көрнекілігі: ғалымдардың, компьютер құрылғыларының, операциялық жүйеге байланысты суреттер жиынтығынан көрме ұйымдастырылған. Сөзжұмбақтар, анаграммалар, таратпа суреттер.

Ойынның шарты: Үш бөлімнен тұратын «Ақпараттар әлеміне саяхат» атты көрме ұйымдастырылған. Бөлімнен бөлімге өту барысында оқушылар кедергілерден өтіп отырады. Арасында қатысушылар көрмені аралап жүргенде көрермендермен ойын өткізіледі. Ойынға 7, 8, 9 сынып оқушыларынан жинақталға топ қатысады. Қатысушылар топтарға бөлінбейді.

Ойынның барысы: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Ақпараттар әлеміне саяхат» атты интеллектуалды ойынымызды бастаймыз. Бірінші қатысушыларымызды көрмені аралау барысында өтетін кедергілермен таныстырып кетер болсақ:

І кедергі – «Билет»

ІІ кедергі – «Есептеуіш техниканың даму тарихы»

ІІІ кедергі – «Суреттер сөйлейді»

ІҮ кедергі – «Ғажайып алаң»

Ал енді кедергілермен танысып болсақ ойынымызды бастаймыз. І кедергі – «Билет». Өзінің аты айтып тұрғандай, қатысушылар ойынның бұл бөлімінде көрмеге кіру үшін билет сатып алады. Ол үшін қатысушыларымызға 4 сөзден тұратын анаграммалар беріледі. Сол сөздерді тауып, ішіндегі артығын алып тастайды. Анаграмма: 1. Терчесвин. Такедис. Акткомспдик. Сорецпрос. 2. Марамгроп. Кышма. Дакротре. Енюм.

Алғашқы кедергіден өткен соң қатысушылар көрменің бірінші бөлімін аралайды.

Көрмені аралап болсақ, ІІ кедергіміз «Есептеуіш техникасының даму тарихы» атты сөзжұмбақтарды шешуді бастаймыз. Оқушыларды бес-бестен екіге бөліп, оларға сөзжұмбақтар беріледі. Бірінші топтың сөзжұмбағының сұрақтары:

  1. Гректер мен Батыс Еуропалықтар есепшотты қалай атады?
  2. Жасы 2000-5000 жылдар шамасында ертедегі Қытай немесе Египет жерінде пайда болған есептеу құралы.
  3. 19 жасында дүние жүзінде бірінші рет қосу машинасын құрастырған адам.
  4. Лейбництің механикалық есептеу машинасы.
  5. Дүние жүзінде бірінші рет программа жазған адам.
  6. 1946 жылы шыққан бірінші ЭЕМ қалай аталады?
  7. Екінші буынның элементтік базасы.
  8. Логарифм түсінігін енгізіп, логарифм кестесін жариялаған шотландиялық математик.
  9. «Джон Фон Нейманның ЭЕМ архитектурасы» негізінде 1949 жылы құрастырылған машина қалай аталады?

Екінші топтың сөзжұмбағының сұрақтары:

  1. Жапондықтар есепшотты қалай атады?
  2. 1833 жылғы программа арқылы басқарылатын машина.
  3. 1761 жылы Д.Робертсон жасаған сызғыш.
  4. ХІХ ғасырдың соңында есепші-перфорациялық машина құрастырған адам.
  5. 1946 жылы ЭЕМ-нің жұмысы мен құрылымының принциптерін баяндаған адам.
  6. Программамен басқарылатын релелік және механикалық ЭЕМ-ге негізделген автоматты есептеуіш машина.
  7. Арифмометрді құрастырған адам.
  8. 1947-1948 жылдары С.А.Лебедевтің басшылығымен жасалған бірінші ЭЕМ.
  9. МЭСМ-нің жетілдірілген түрі.

Қатысушылар көрменің екінші бөлігін аралап жүргенде көрермендермен ойын жүргізіледі. Көрермендерге жұмбақтар қойылады. Жұмбақтарға көп әрі тез жауап берген ойыншылар марапатталады.

  1. Экранның бетінде оның тұрағы,

Қашан болса жыпылықтап тұрады. (Курсор немесе меңзер)

  1. Ұзын-тұра жалқаубек,

Тұрмай ылғи жатады. (Пробел немесе бос орын)

  1. Бұрқыратып қағазға,

Жазғаныңды басады.

Жұмысыңды көргенде,

Көңілің сенің тасады. (принтер)

  1. Ол – сенің көмекшің

Қаламың, әрі қағазың!

Керек емес демессің

Аздаға болса хабарың.

Үйрену керек бәрін де –

Ақпараттық заманның! (компьютер)

  1. Бұтақ орнында мың бір инесі,

Компьютер жаны оның мекені. (кактус)

  1. Компьютеріңіз ауырса,

Қызметі дайын үнемі.

Кірген зиян-залалды,

Күмәнсіз ол кетірер. (антивирус)

  1. Өрмекшінің өрмегі,

Ұқсас келіп өзіне.

Ерекше оның өрнегі,

Байланысар әлеммен. (интернет)

  1. Ақпараттар ағынын,

Есінде мол сақтайды.

Оқушының сенімін,

Ол әр кез ақтайды. (процессор)

  1. Кішкене ғана саусаққа,

Ұқсайды ма білмеймін.

Сақтай алар өзіне,

Барлық қызық дүниені. (флешка)

  1. Әуез сазды беретін,

Ол да керек құрылғы.

Дыбыс шықса тосыннан,

Бәрің соған бұрылдың. (колонка)

  1. Жануарға ұқсас атым бар,

Бағдар көрсетер затым бар.

Ең қажетті құралмын,

Білсеңдер, қане айтыңдар! (тышқан немесе маус)

  1. Жоқ өзінде бас та, қас та, мойын да,

Ұзындығы жазулы тұр бойында. (сызғыш)

Келесі 3-кедергіміз «Суреттер сөйлейді» сайысы. 10 сан беріледі. Сандардың астында суреттер берілген, суреттерге түсініктеме беру керек. Әр оқушы бір суретке түсініктеме береді.

  1. Құлаққаптар, колонкалар – дыбыстық ақпаратты шығару құрылғысы.
  2. Жүйелік блок немесе прцессор – компьютердің ең басты бөлігі. Ол – компьютердің миы.
  3. Модем – компьютерлерге телефон желілері немесе байланыс желілері арқылы өзара мәлімет алмасуға мүмкіндік беретін құрылғы.
  4. Веб-камера – графикалық ақпаратты енгізу құрылғысы.
  5. Тышқан немесе маус – көрсеткіш (координатты) құрылғы. Аз батырмалы және компьютерге ақпарат енгізуші құрылғы.
  6. Принтер – ақпаратты қағазға басып шығаратын құрылғы.
  7. Сканер – компьютерге графикалық ақпаратты енгізетін құрылғы.
  8. Джойстик немесе терте – компьютер экранындағы жылжымалы объектілерді басқаруға арналған рычагты-манипулятор. Көрсеткіш құрылғы.
  9. Монитор – компьютердің экранына ақпаратты шығаратын құрылғы.
  10. Пернетақта – компьютерге ақпаратты енгізуге арналған құрылғы.

Қатысушылар ІІІ кедергіден өткен соң көрмені аралауды одан әрі жалғастырады. ІҮ кедергі «Ғажайып алаң» деп аталады. «Ғажайып алаңда» «Есептеуіш техниканың даму тарихы», «Компьютер құрылғылары», «Операциялық жүйе» атты тақырыптарда 4 сұрақтан келеді. 20, 30, 40, 50 санмен берілген ұяшықтарда сұрақтар жасырынған. Әр ойыншы өзінің қалаған ұяшықтарындағы сұрақтарға жауап бере алады.

Есептеуіш техниканың даму тарихы:

20 – Ең алғашқы есептеу құралын ата.

30 – Алғашқы программист.

40 – ІІІ буындағы ЭЕМ-нің элементтік базасы.

50 – АҚШ-тың Пенсильван университетінде жасалған бірінші электрондық есептеуіш машина қалай аталады, оның конструкторлары кім және ол қай жылы құрастырылды.

Компьютер құрылғылары:

20 – Компьютердің «миы».

30 – Қазіргі компьютердің негізгі құрылғыларын атаңдар.

40 – Қазіргі кезде ең көп тараған процессорлар қалай аталады?

50 – Бұл атау көп зарядты американдық винтовканың атынан алынған, өйткені винтовканың оқпанының диаметрі қатқыл дискінің шпинделінің диаметріне тең. Бұл құрылғы қалай аталады?

Операциялық жүйе:

20 – Windows-дің негізгі экраны.

30 – Қапшықтардың компьютерде белгілі тәртіппен орналасуы не деп аталады?

40 – Алмасу буфері дегеніміз не?

50 – Қапшықтар терезелерінің стандартты батырмаларын ата.

Қорытынды: Көрмені аралауға қатысқан оқушылардың арасындағы өзінің білімділігімен, алғырлығымен көзге түскен оқушылар марапатталады.