Менің сыныбым – менің ұжымым

 

Тақырыбы: Менің сыныбым менің ұжымым

 

 Ұжымда болу – бақыт.

                                                                                       Ә.Табылдиев

        

Мақсаты: Оқушылардың «ұжым», «достық» құндылықтары туралы түсінініктерін кеңейту.

Міндеттері:

– ұжымның адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;

–  өзара татулық, сыйластық қарым-қатынастарын дамыту;

– бірлікке, сыйластыққа, достыққа тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: оқулық, дәптер, музыкалық орталық

Шаттық шеңбері

 Оқушылармен сәлемдесу және оларды шаттық шеңберіне шақыру:

Балалар, шеңбер құрып, қол ұстасып тұрып «Дос болайық бәріміз!» әнін бірге шырқайық.

Дос болайық бәріміз!

   Сөзі: Х.Талғаровтікі

   Әні: И.Нүсіпбаевтікі

                      Әрқашан дос біргеміз,

Ажырамас іргеміз.

Ілгері жүріңдер,

Достық жырын біліңдер,

Ту ғып ұстап бірлікті!

Еңбекті сүйіңдер!

 

Қайырмасы:

Дос болайық, бәріміз,

Жарасып тұр әніміз.

Тыныштықты сақтаймыз,

Атсын күліп таңымыз.

 

Қайраттанып қарышта,

Озып шыққан жарыста.

Батыл бас,жас ұлан!

Самға биік,алысқа,

Жұлдыздарға,ғарышқа,

Бойда күш тасыған.

Қайырмасы.

 

«Ой қозғау»

Әңгімелесу

Оқушыларды сабақ тақырыбына тарту үшін әңгімелесу ұйымдастыру.

  • Бірлік, сыйластық, түсіністік, ұйымшылдық, ұжымшылдық деген ұғымдарды қалай түсінесіңдер?
  • Өз сыныбың несімен ұнайды?

 

     «Мағынаны тану»

Мәтінмен жұмыс

Оқушыларға сынып ұжымындағы қарым-қатынастар туралы түсінік беру мақсатында әңгіме оқу ұйымдастыру.

Күмән                                      

 Машқар Гумеров

Оқушылар соңғы сабаққа кіргенде, сыныптағы үлкен терезенің бір көзі сынғанын көрді. Кезекші Рақила болатын.

Терезені Боранбай сындырды. Өз көзіммен көрдім,–деп айқайға басты ол.                 

Боранбай танып әлек. У-шу ұлғайып бара жатқанда, мұғалім кірді де, жағдайды білген соң:

Сабақтан кейін сыныпта қалыңдар. Анықтаймыз. Ал қазір тынышталыңдар, сабақ бастаймыз,–деді.

Сынып ішіндегі мына у-шу сол айтыстың жалғасы еді. Мұғалім қағаздарын тастап, қайтып оралмақ. Істің ақиқатына жетудің орнына, салғыласа берсе, ұзақ отырып қалмай ма? Әтіргүлдің қарны ашты, үйіне қайтуға асықты. Тамағын кенеп, бар даусымен:

Балалар! – деді. Қазір апай келеді. Не айтамыз? Құр сарылып отыра береміз бе? Терезені кім сындырды? Айтсаңдаршы біреуің! Рақила, сен анық көрдің бе? Кім сындырды? Әйнек өз-өзінен сынбайды ғой.

Осы кезде көпшілік арасынан Дәуіт деген қара домалақ бала суырылып шығып:

Сындырған мен! – деді.

Сыныптағылар аң-таң. Дәуіт ең момын бала еді.

Өтірік! – деді Рақила қызараңдап.

Түк те өтірік емес. Рас. Мен сындырдым.

Ендеше неге бірден айтпадың? деді Әтіргүл. Жұртты осынша дауластырып қойғаның не?

Е,маған сөз тиді ме? Өздерің ғой шуылдасып…

Онысы рас. Жұрт шуылдасып жатқанда, бұның өмірі үні шықпайтын.

Дәуіт терезені қалай сындырғанын айтып берді. Терезеде қалбалақтап жүрген әдемі көбелекті ұстаймын деп, байқамай әйнекті сындырып алыпты да, сасқанынан сыртқа зып беріпті. Бұл кезде сыныпта ешкім жоқ екен.

Балалардың барлығы Рақилаға қарады.

Ау, кезекші! Бұл қалай? Боранбай сындырды деп ең? Оны қайдан көрдің? деді екі-үш бала.

Рақила қысылғаннан жұртқа тура қарай алмады. Есікке тұра ұмтылды.

Мән-жай анықталған соң балалар көңілденіп, парталарына жайғасып отырды.

Көрмегенді көрдім деу – ең жаман әдет, әрі-беріден соң ол жалақорлық.  Жиында басқасынан гөрі осы туралы көбірек сөз болды.

Әтіргүл ұстаз үстелінің қасында жалғыз өзі тұр еді. Жолдастары алдында тауы шағылған Рақилаға жаны ашып, есіктен көзін алмады. «Ұят-ай! Бұрын да осындай ұсақ-түйек оқиғалар болған. Бұдан былай балалар Рақиланың шын сөзіне де сенбей, күмәнданатын шығар-ау. Жолдастарының сеніміне кіру үшін оған қанша уақыт қажет боларын кім білсін!.»

  • Әңгімедегі оқиғадан сынып оқушыларының қандай жақсы қасиеттерін көруге болады?
  • Олардың бойынан қандай жағымсыз қасиеттерді байқадыңдар? Одан қалай арылуға болады? Сендер не істеген болар едіңдер?
  • «Сенімге кіру үшін оған қанша уақыт қажет болады», – дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өз сыныптарыңда осыған ұқсас оқиғалар болды ма? Естеріңе түсіріп айтып беріңдер.

 

   «Түртіп алу»     Дәптермен жұмыс

Дәйексөз

Балалардың жауаптары дәйексөздің түсіндірілуімен түйіндеу:

Тақтада жазулы тұрған Ә.Табылдиевтің «Ұжымда болу – бақыт» деген нақыл сөздің  мәнін ашып түсіндіру:

– Жеке адамның жақсы мінез-құлқы ұжымда көпшіліктің ықпалының арқасында қалыптасады. Сынып ұжымындағы балалар бір-біріне көмек беру, сыныптастарын ренжітпеу, көпшіл болу, ұйымшыл болу, кешірімді болу сияқты қасиеттерді бойларына сіңіруге көп мүмкіндік алады. Бір-бірімен сырласады, достасады, қуаныштарын бірге бөліседі,  өздерін бақытты сезінеді.

 

Жаңа ақпарат

Оқушылардың сабақта алған білімдері жаңа ақпарат арқылы толықтыру. «Оқушылар бiрлесiп қоғамдық пайдалы iспен шұғылданса, бір-біріне көмектессе ұжымда бірлік, сыйластық  болады. Оларды біріктіретін ортақ мақсат, ол – білім алу, өнерге үйрену және өмірді түсіну».   

 

Тыныштық сәті

Ойлану жұмысының алдында  балалардың бір сәт денесі, ойы сергітіледі.

Балалар денелерін түзу ұстап, бастарын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады.  Көздерін  жұмуына да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстайды, айналадағы барлық тіршілік иесі оларды аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезінеді.  Тұла бойлары жақсылыққа, махаббатқа толғанын сезінуге ұмтылады. Осылайша екі минуттай отырады.

 

           «Ойланайық,  пікірлесейік»      Жағдаяттарды талдау

Оқушылардың сынып ұжымы туралы пікірлерін білу мақсатында жаттығу-ойлану жүргізу.

1-жағдаят: 

Сенің сыныптас құрбың спорттық жарыстан «бас жүлде» алып жеңіспен оралды. Қуанышында шек жоқ.

  • Оның қуанышын қалай бөлісер едіңдер?

2-жағдаят:

Сыныптасың «Білімнің биік шыңы» атты сайысқа қатысып жеңіліп қалды. Ол қатты ренжулі.

  • Оған қалай көмектесер едіңдер?

3-жағдаят:

Сынып балалары ылғи тәртіпсіздік жасайды. Осылары үшін кезекші сынып  оларды «Кірпі» газетіне шығарды.

  • Осыдан кейін қандай шешім қабылдар едіңдер?

Оқушылардың   ой-пікірлерін    тиянақтап,  қорыту.                   

                                                                                                                                                     

Шығармашылық  жұмыс.   Дәптермен жұмыс

Сабақта айтылған ойларды оқушылардың бекіте түсуі үшін тапсырма беру.

Тапсырма: Дәптерде берілген бос жолдарға өз сыныбыңның үлгі етерлік жақтарын жазыңдар.

 

Қорытындылау

Не  үйрендік, не білдік ?

 

Жүректен-жүрекке

Балалар кезектесіп сыныптастарына тілек айтады.

Мен сыныптас достарыма татулық тілеймін.

Мен сыныптастарыма бірлік тілеймін!  

Мен сыныптастардың сыйластықта болуына тілектеспін және т.б.    

           

Өлеңді түсініп оқып, ұнаса жаттап  алу.

 

 

Біздің сынып

                                                                    Аманжол Шамкенов

Жұп жазбастан жүреміз,

Біздің сынып – мақтаулы.

Өйткені біз сүйеміз

Дәйім тәртіп сақтауды.

Біздің сынып – мақтаулы.

 

Оқуда да алдамыз,

Біздің сынып – өнерлі.

Жақсы үйреніп алғанбыз

Талай би мен өлеңді.

Біздің сынып – өнерлі.

 

Еңбекке де қолы епті,

Ынтымақты дос ыңғай.

Біздің сынып – әдепті.

Біздің сынып осындай.

Біздің сынып осындай!