Мейірімділік – асыл қасиет

 

Тақырыбы:  Мейірімділік – асыл қасиет

Құндылық:  Сүйіспеншілік

Қасиеттер:  мейірімділік қайырымдылық, , қамқорлық, сыйластық,түсіністік

Мұғалiм: Азаматова Ботакөз   Алтынбекқызы    Оқушылар саны: 21

М  Мақсаты: Оқушыларға мейірімділіктің мәнін аша отырып

сүйіспеншілік құндылығын ұғындыру.

Міндеттері:

—         Өз жақындарының ішкі сезімдерін түсіне білуге, адамдарға тек мейірімділік  нұрын себе білуге тәрбиелеу.

—         Мейірімділіктің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру.

—         Оқушылардың бойында қайырымдылық, қамқорлық, сыйластық, түсіністік қасиеттерін  дамыту;  

Ресурстар: оқулық, оқушы дәптері,Ш.Құдайбердиевтің суреті,слайдтар.

 

 

 

 

Сабақ барысы:

1.     Ұйымдастыру кезеңi.  (Сабақтағы жағымды күйге келу)

Тыныштық сәтi: «Нұрға бөлену»

2.     Үй тапсырмасын тексеру

№ 23 сабақ   М. Төрежановтың «Сары тауық пен балапандары» әңгімесін түсініп оқып келу.

1.     Оқушылардың мейірімділік туралы пікірлері  әңгіме мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауаптары арқылы тыңдалады.

* Сары тауық өз балапандарын қандай жақсы қасиеттерге баулыды?

* Сары тауық өз аналық мейірімін қалай көрсете білді?

* «Күн ашылып,ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?

* Ал сендер мейірімділікті, қайырымдылықты кімдерден үйреніп жүрсіңдер?

* Сіздер айналаңа мейірімділік танытқан кезде қандай сезімге бөленесіңдер?

2. Оқушылардың жауаптары тыңдалады.

Ескертулер

 

 

 

3.      Дәйексөз : (Жағымды ой- пікір)

 

 

Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық,     адалдық ақ жүректен шығады.   Шәкәрім Құдайбердиев

Дәйексөздің мағынасын ашу. Хормен қайталату, дәптерге жазғызу.

Барлық нәрсенің дүниеге келуі үлкен мейірім мен шапағаттан пайда болады.Табиғаттың барлық жанға бірдей мейірімді болуы сондықтан.Адамдарға, айналаңа мейірімді болу жақсылық жасауға жетелейді.

4.     Әңгiмелеу : (Мұғалім сыйы)

                Мейірімді және ілтипатты бол!

       Өнеге: аудармалар /М.Кемел,Қ.Темірбаева – Астана: 2010

   Ұстазға жас жігіт келіп шәкірттікке қабылдауын сұрайды.

—         Ол саған не үшін керек ? деп сұрайды ұстаз.

—         Қайратты да қайсарлы  болғым келеді.

—         Енді болмайсың ба? Айналаңа  мейірімді, кішіпейіл  және ілтипатты  бол. Мейірім  мен ілтипат  арқасында  елдің  құрметін  аласың. Ішкі дүниең  тазарып  мейірімге толады, яғни, жігерлі  боласың. Ілтипаттың  арқасында  кішкентай да болса, өзгерістерді  байқайтын  боласың да, көптеген  қиындықтарды  алдын ала  болжай аласың, яғни, ұрыс – қақтығыстарға  кірмей  тұрып  оларды  жеңіп  шығасың. Талас – тартыстардың  алдын  көре  алатын  боласың, ешкім  жеңе алмайтын  қайратты  боласың.

—         Қалай сонда?

—         Иә, ешкім сені  жеңе  алмайтын  болады,  өйткені  ешкіммен егеспейсің. Жігіт  кетіп  қалады. Бірақ  бірнеше  жыл  өтіп,  ұстазға  қайтып келеді.

—         Не  іздедің? – деп  сұрайды  қария.

—         Сіздің  аман – саулығыңызды  және қандай да  бір  көмегім  керек  пе? – деп сұрайын  деп келдім…

Сол кезде  ұстаз  жас  жігітті шәкірттікке  алады.

Әңгіме желісі бойынша сұрақтар

* Жас жігіт ұстаздан  не себепті шәкірттікке қабылдауды сұрады?

* Ұстаз  жас жігітке   қандай  ақыл- кеңес  берді?

* Жас жігіттің ұстазға келгендегі мақсаты не деп ойлайсыңдар

*Айналаңа  мейірім  тарату  дегенді  қалай түсінесіздер ?

*  Мейірімділікті басқаларға   қалай көрсетер едің?

5.     Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.

1 топқа: «Мейірімділік» атты кестесін толтырады.Мұндағы бірінші бағанға –мейірімді істерді, екінші бағанға – мейірімді адамның қасиеттерінің тізімдемесін жасайды.

2 топқа: «Мейірімді жүрек» атты шағын әңгіме құрастырып жазу.

Тапсырманы орындап болған соң оқушылардың жауаптары тыңдалады.

6.      Топпен ән айту. « Бала тілегі»

Сөзін жазған С. Молдасанұлы

Әнін жазған  Ф.Лұқпанова

Бал – балалық , балдырған шақ сан арман,

Барлық бала армандауға жаралған.

Кел, достарым, әндетіндер, билендер,

Гүлденсін деп атамекен қара орман.

Болашақтың иесіміз бәріміз,

Туған жердің түрлендірер нәріміз.

Алтын бесік- ұлан байтақ елімді,

Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.

Қалықтаған көгершіні көгінде,

Мұңаймасын ешбір бала елімде.

Ата берген бата менен көркейсін,

Ұлы Отаным, тілегім сол менің де

 

7.     Үй тапсырмасы: Енгін Көсеоғлұның «Жан Ана» әңгімесін түсініп оқып келу.
8.     Соңғы тыныштық сәтi. Сабақтың қорытынды сәті

Бүгінгі сабақта не үйрендім?

—         Біз бүгінгі сабақта адамның жақсы қасиеттерінің бірі мейірімділік  туралы  білдік.  Адамдар бір – біріне жылы сезімін білдіріп, тек жақсылық ойлау, игі іс жасау арқылы мейірімділік танытады. Адамдардың бір- біріне деген мейірім шапағаты – әдептіліктің белгісі.

Бүгінгі сабақтан алған әдемі әсерлеріңізді жүректеріңізге сақтап алыңыздар.