Кешірім мен келісім.

Сабақтың тақырыбы:   Кешірім мен келісім.

 

Мақсаты:  Оқушылардың «достық»құндылығы және «татулық»,

«кешірімділік» адами қасиеттері туралы түсініктерін кеңейту.

 

Міндеттері: 

 

  • кешірімділік, татулық, бірліктің адами қарым – қатынастағы маңыздылығын түсіндіру;
  • мейірімділікке, қайырымдылыққа, достыққа тәрбиелеу.

 

Көрнекі құралдар: оқулық, түрлі түсті қағаздан жасалған гүл күлтелері,

қағаздан жасалған бұлт, үнтаспа т.б.

 

Шаттық шеңбері

Балалармен   бірге шаттық шеңберін құрып .  Бәрі бірге мына өлең жолдарын қайталайды:

 

Түсінісу

                                                                                                          Л.Тілеуова

 

               Бір үйдегі екі адам                               Сыры неде екі жайттың?

               Ұғыспайды бір – бірін.                        Білсең айтшы, қарағым,

               Кірсе, шықса, барлық істе                 Жауап тапсаң сұрағыма

               Келіспеуі тым қиын.                          Бәрекелді жарадың!

 

              Екінші үйде адамдар көп,                    Сәл ойланып тұрды бала

              Тату  — тәтті  тұрады.                       Жауап берді ойланып

              Бір – бірімен тайталаспай,                «Сыры мұның – түсінісу» —

              Қас  — қабақпен ұғады.                         Деп жауабын берді анық.

 

Мәтінмен жұмыс

 

Мұғалім сабақ тақырыбымен таныстырып, оның мәнін түсіндіру мақсатында әңгімелеу ұйымдастырады.

Әңгімені мұғалім айтып береді.

 

Мақтаншақ жолбарыс

Ертегі

 

Ертеде бір жолбарыс болыпты. Ол әрқашан: «Мен күштімін, ештеңеден қорықпаймын» , — деп мақтанады екен. Ол бір күні кетіп бара жатып, гүлге қонып сайрап отырған бұлбұлды көреді.

  • Кет қазір, менің бағымнан! – дейді жолбарыс қаһарланып.
  • Біраз сайрасам қайтеді? – депті бұлбұд жалынып. Жолбарыс:
  • Мен саған сайрағанды көрсетейін! – деп ұмтыла бергенде, бұлбұл пыр етіп ұша жөнеліпті. Сол мезетте жолбарыстың қолына гүлдің тікені кріп кетеді. Ол зар қағып, басын тауға да, тасқа да ұрыпты. Бір – екі күннен кейін қолы ісіп кетеді. Жанын қойарға жер таба алмай, көзінің жасын көл қылып жылап отырады.

Оны көрген қарға:

  • Жолбарыс аға, неге қапаланып отырсың? – деп сұрайды.
  • Қолыма тікен кіріп кетті. Суыра алмадым. Ой, жаным – ай ! – деп жолбарыс безілдеді. Қарғаның жаны ашып:
  • Жүріңіз мен сізді досымның үйіне алып барайын. Тікеніңізді инесімен оп – оңай суырып тастайды, — деп оын жайраның үйіне бастап келеді. Жайраға болған оқиғаны айтады.
  • Менің инелерім тікен шұқылау үшін емес, жауымнан қорғану үшін керек. Жүріңіздерші, мен сіздерді бір танысымның үйіне алып барайын. Ол тікен тұрмақ, етіне бойлаған найзаны да алып береді, — деп аюдың үйіне алып барады. Аю мән — жайға қаныққан соң:
  • Е мұндай майда нәрсе менің тісіме де, қолыма да ілікпейді. Енді не істесек екен? Айтпақшы, тікен де ағаш қой, солай емес пе? Ендеше, мен сіздерді сондай іспен шұғылданатын танысыма алып барайын.

Аю екі қонағын піл палуанның үйіне бастап барыпты. Болған оқиғаны айтып беріпті.

  • Жолбарыс батыр, қолыңа қада кіріп кетсе, суырып –ақ тастар едім. Тікенді алу үшін аса ептілік керек, — депті піл.

Піл бастап, барлығы тістері пышақтай қолтырауынға келеді. Оған мән – жайды түсіндіреді.

Қолтырауын:

  • Менің тісіме тікен ілікпейді. Аану бақта бұлбұл бар. Ол — өте мейірімді құс. Барып өтін, оп – оңай алып тастайды, — депті. Бәрі жиналып бұлбұлдың үйіне барыпты. Ол жолбарысқа ләм – мим демей, тұмсығымен тікенді алып тастапты.

Жолбарыс өзінің өткендегі өрескел ісіне қатты ұялып, бұлбұлдан кешіпім сұрайды. Бірге келген достарының бәріне ризалығын білдіреді. Олармен бірге ойын  — сауық жасады. Бұлбұл болса, өз жәрдеміне риза болып, ұзақ уақыт құйқылжыта сайрап ән салды.

 

Мұғалім балалардың пікірін білу үшін сұрақтар қояды. 

 

  • Жолбарыс пен бұлбұлдың әрекеттері туралы не айтар едіңдер?
  • Жолбарыс бұлбұлдан не үшін кешірім сұрады?
  • Сендерде де осындай жағдайлар болды ма? Естеріңе түсіріп айтып беріңдер.

 

Дәйексөз

Балалардың жауаптарын  мұғалім дәйексөзбен түйіндейді.

  • Адамдар абайсызда бірін – бірі ренжітіп алғанда кешірім сұрап татуласады. Ал татулық – адамдар, сыныптастар, достар арасындағы қарым – қатынастағы ең бір жақсы қасиет. Өйткені татулық бар жерде сыйластық, махаббат, бақыт, жақсы өмір бар. Сол үшін белгілі қазақ жазушысы М.Әуезов: «Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық» деп айтқан болатын.

 

 

 

Ойын – жаттығу

 

Тақтаға бұлттардың суреті ілінеді. Оқушыларға түрлі түсті қағаздан жаслаған гүл күлтелері таратылып беріледі. Олар досының көңілін көтеру үшін бұлтты алып орнына гүлдің күлтесіне оның  көңілін  көтеретіндей жазылған сөзді іледі.

Мұғалімнің балаларды 3 – 4 топқа бөлуіне болады. Әр топ күлтелерден бір түсті гүл құрайды. Сонда  3 – 4 гүл жасалынады. Әр топтың балалары жазған сөздерін дауыстап оқуына болады. Бұлттар алынып тасталады.

 

Жағдаяттарды талдау

 

  1. Қали  түнімен сақаларға қорғасын құйды. Ертесіне ол ойын үстінде Досанның асықтарын ұтып алды. Досан Қалиға ренжіп, кетіп қалды.

— Сендер Қалидың орнында болсаңдар не істер едіңдер?

  1. Жанар мектептен бүгін көңілсіз оралды. Ол құрбысы Мәдина мен тұңғыш рет  ренжісіп қалды. Үзіліс кезі болатын. Ең жақын досы Мәдина Жанардың айнасын сұрады. Досының көңілін қимай Жанар айнасын берген еді. Мәдина айнаға қарады да, шыр айналып билей бастады. Жанар:
    • Абайла, айна сынып қалмасын. Оны анам сыйлап еді. Ол мен үшін ең қымбат сыйлық, — деді. Сөйткенше болған жоқ, айна жерге түсіп кетіп, сынды да қалды. Жанардың көзі жасаурап кетті.
    • Ой, не болды сонша, айна деген арзан емес па?- деді Мәдина.

Жанар не дерін білмей, тұрып қалды.

  • Әңгіменің қалай аяқталғанын қалар едіңдер?
  • Мәдина мен Жанардың достығы қалай жалғасуы мүмкін?
  • Сендер мұндай жағдайда не істер едіңдер?

 

       Балалардың жауаптарын мұғалім толықтырады.

  • Адамдар арасында болатын түсініспеушіліктен туындаған ренішті ақылға жеңдіріп, кешірім сұрап, өзара тіл табысып, жарастыққа жетуді келісім дейді.

 

     Сергіту сәті

Оқушылардың денесін сергітіледі.

Бес топқа бөлінген балалар қол ұстасып бес шеңбер құрып еденге отырады. Мұғалімнің «Қане тұрайық!» деген сөзін естігенде бәрі бірдей қимылмен қолдарын  жібермей бірге тұру керек. Тұрған соң қол ұстасқан күйі артқа шалқайып, ашылып келе жатқан гүл шоғырын бейнелейді.

Жаттығуды толық меңгергенше қимылдарды бірнеше рет қайталауға болады.

 

Жаңа ақпарат

Мұғалім оқушыларды жаңа ақпаратпен таныстырады.

«Басқа адамның кемшілігін, қателігін кешіру және өз қатесін түсініп, мойындап кешірім сұрау адам бойындағы жақсы қасиет ».

 

 

 

 

 

Тапсырма

Сабақта оқушылардың білімдерін шыңдау үшін мынадай тапсырма беріледі:

«Сыныптастарыңмен келісімге келіп, кешіре білген кездеріңді естеріңе түсіріп айтыңдар».

 

Дәптермен жұмыс

Оқушылардың сабақтан түйген ойлары тапсырма арқылы бекітіле түседі.

— Дәптердегі жүрекшенің ішінде «Мен кешірім сұрай білемін…» айдарымен берілген бол жолдарға өз ойларыңды жазыңдар.

 

Қорытындылау

Мұғалім сабақты қорытындылайды:

— Адамдар арасында келіспеушілік болған кезде реніш, өкініш, ренжіту, өрескелдік байқалады. Әдепті адам татулықты жоғалтпау үшін кінәлі жағдайда алдымен кешірім сұрай білу керек. Шынайы дос кешіре біледі, достықты, досты қадірлейді.

 

Жүректен жүрекке

Мұғалім балалармен бірге шаттық шеңберін құрып дөңгелене тұрады.

А. Оразақынның «Татуласу» өлеңін бәрі бірге қосылып оқиды.

 

 

Татуласу

                                                                                                                        А.Оразақын

Әкел, досым, қолыңды,

Татуласқан орынды.

Өкпелесіп не керек,

Көрсет, қане соныңды.

 

Баққа бірге кірейік,

Қол ұстасып жүрейік.

Татулықтың белгісі,

Кел қосылып күлейік.