«Ақ тілеудің белгісі – бата»

 

«Ақ тілеудің белгісі – бата»

Мазмұны:

I Кіріспе

Бата сөзінің шығу тарихына зер салу.

II Зерттеу бөлімі

Бата түрлерін ажырата білу және оның адам өміріне тигізер пайдасы мен зиянын білу.

III Қорытынды бөлім

«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер»

IV Пайдаланылған әдебиеттер.

 

 

Мақсаты: Бата сөздерінің сырын ашу, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру.

Міндеттері:

  1. Бата сөзінің шығу тарихына зер салу.
  2. Бата түрлерін ажырата білу.
  3. Адам өміріне батаның тигізер пайдасын түсіндіру.
  4. Бала тәрбиесіндегі батаның атқарар маңызына баға беру.

Озектілігі:

Бұрынғы ата-бабаларымыз батаны тәрбиенің қайнар көзі деп танып, оған үлкен мән берген. Ал қазіргі кезде сол жақсы дәстүрдің қадір-қасиеті жете бағаланбай жүр. Оның үлкен тәрбие құралы екені ескерілмей барады. Сондықтан, мен сол дәстүрді қайта жаңғыртып, оны өз құрбыларымның түсінгенін қаладым. Екіншіден, елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған. Сол бағдарламада және Елбасымыздың Жолдауында халқымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін дамыту көзделген. Мен соған өз үлесімді қосу үшін осы тақырыпты таңдадым.

 

 

Кіріспе

Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір – қасиеті айрықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды, ой-санымызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер – тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті – ғасырлар бойы мысқалдап жиналып, ақыл елегінен өткізіліп тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже – қағидасы іспеттес.

Халқымыздың өзі «Жаңбырменен жер көрегеді, батаменен ер көгереді» деп тегін айтпаса керек. «Жақсы сөз жарым ырыс» екеніне сенген халық батаны әрбір жақсылықтың бастауы деп есептейді. Оған терең мән береді.

Бата сөздер біздің күнделікті өмірімізде ісіміздің алға басуына, тұрмысымыздың оңалуына игі әсерін тигізіп қана қоймай, ол ұрпақ тәрбиесінде де айрықша рөл атқарып келеді. Ол – халықтық тәрбиенің қайнар көзі, ол – заман таңбасы, әр дәуірдегі тәрбиенің пәрменділігін арттыру үшін қолданылғын тәсіл деуге тиіспіз.

Бүгінгі таңда біз бата сөздердің мән-мағынасын жете түсініп, қасиетін пайымдап, ұлттық тәрбиеміздің ажырамас бір бөлігі, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың озық үлгісі ретінде қабылдап отырмыз. Соңдықтан, өскелең ұрпақты бата сөздерге мен берумен бірге бата алуға тырысуға үйретуіміз, баулуымыз қажет. Бата алу бақыт пен жақсылыққа жетудің ең ізгі жолы екеніне көздерін жеткізуіміз керек. Бұл жұмыстағы менің көздеген басты мақсатым да осы.

 

  1. Бата сөзінің шығу тарихына зер салу

 

«Бата» ұғымының тек-төркініне барлау жасар болсақ, Құранның бірінші сүресінің аты «фатихадан» туындаған тәрізді. «Фатиха» сөзі арабша «басы, кіріспе, алғы сөзі» деген мағынаны білдіреді. Мұнда Жаратушы мен оның елшісі Мұхаммедке мадақ сөз айтиылады. Сонымен бірге «Адамзатты адасушылардың жолына емес, тура, дұрыс жолда жүрушілердің жолына бастай гөр» деген құлшылық тілектер айтылады. Бұдан біз батаны бар жақсылықтың басы деп түсінуге тиіспіз. Өйткені, халықтың ұғымында бар жақсылық Аллаға құлшылық жасаудан, оны мадақтаудан басталады. Мәселен, бұрыңғы ата-бабаларымыздың бата сөзіне үңіліп көрсек, онда барлық бата-тілектің басы бір Алланың атымен басталады. Мысалы,

Әуелі Алла оңдасын,

Қыдыр баба қолдасын! – деп басталатын бата түрлері көп.

Немесе,

Құдайым жарылқасын,

Бақ қарасын,

Қыдыр дарысын! – деген сияқты бата сөздері бар.

Алдымен, Алланы еске алып, одан кейін күнделікті тірлігіне жарылқау тілеген халық, батасының тек кетпейтінің, одан қандай да бір жақсылық болатының білген, оған сенген, бар жақсылықтың кілті Алланы ауызға алудан бастаған батада деп ұққан. «Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Құдайға сенгеннің екі бүйірі шығады» деп бар жақсылықты Алладан тілеген. Бата сөзін Алладан бастаудың жөні сондықтан болса керек.

  1. Бата түрлерін ажырата білу және оның адам өміріне тигізер пайдасы мен зиянын түсіндіру

 

Бата беруді мақсатына қарай әр түрлі болып келеді. Халық арасында орның «ақ бата» және «теріс бата» деген екі түрі бар. Аты айтып тұрғандай біреуі жақсылыққа, екіншісі жамандыққа бастайтын жол іспетті.

Бата – алғыс, тілек, ризалық деген ұғымдардың жиынтығы. Әйгілі тілші ғалым, ақын, аудармашы әдебиет теоретигі Ахмет Байтұрсынов:»Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады», деп жазады.

Бұрынғы кезде батаға үлкен мен берген. «Баталы ер арымас, батасыз құл жарымас» деген қанатты сөздің қадір – қасиетін түсінген жастар үлкендерден бата алуға тырысқан. Оның ішінде ел – жұртқа даңқы шығып, абырой – атаққа бөлеген адамдардан, ел мен жерін жаудан қорғап, ерлік көрсеткен батыр – баһадүрлерден, сондай-ақ өнердің майталман жүйріктерін, би – шешендерден бата сұраған. Олар да батаны кез келген адамға бере бермеген. Адамды түр – түсінен, істеген, айтқан сөзінен танып барып, бата берген. Мысалы, Жидебай батырдың Қабанбай батырдан бата алуы ерекше құбылыс. Бірде Жидебай батырдың Алмұрат атасының ауылына Қабанбай батыр жолай соғып, қонақ болып жатады. Сол түні таңға жақын Жидебай батыр түс көреді. Түсінде үлкен атасы Дос батыр: «Балам орныңнан тұр. Қабанбай батырдан бата алып қал!» деп айтады. Сонда жас бала орнына ұшып түрегеліп, Алмұрат атасының үйіне жүгіре басып келеді. Сөйтсе, Қабанбай батыр атына мініп жүргелі жатыр екен дейді. Сонда жас бала тұрып Қабанбай батырдан бата сұрайды.

Қабанбай:

Жарайсың балам, жарайсың,

Дос батырдай болғайсың.

Төрт түрлі алмағайыптың,

Басым етіп бердім біреуін,

Қадір тұтып алғайсың – деп батасын береді.

Бұған  Алмұрат атасы қуанып: «балам, Алла тілегіңе жеткізеді екен, Дос атаңдай батыр болады екенсің. Төрт алмағайып деген батырға тән қасиеттер: біріншісі – қайтпас жүрек, екіншісі – қажымас білек, үшіншісі – алдын болжай алатын ақыл, төртіншісі – айлалы тәсіл. Осы қасиеттердің бірі сенде басым болады екен», — деп түсіндіріпті.

Бұл Қабанбай батырдың Жидебай батырға шын пейілімен, ықылас – ниетімен берген батасы, яғни бұл ақ бата. Осы батадан кейін Жидебай батырдың атақ-даңқы шығып, батырлығымен қоса шешендігі мен билігі де арта бастайды. Сөйтіп, үлкен дәрежеге жетеді.

Ақ бата көптеген жағдайларда беріледі. Нәресте дүниеге келгенде, сүндетке отырғанда, меткепке барғанда, үйленіп келін түсіргенде, қыз ұзатқанда бата беру қалыптасқан дәстүр. Жолаушы жолға аттанарда, аңшы аңға шыққанда, адам қан майданға немесе қажылық сапарға аттанарда берілетін сәттілік пен жеңіс, табыс пен амандық тілеу баталары болған. Бие байлағанда шөп пен егін науқаны басталарда берілетні батаға ерекше көңіл аударған. Ал жаңа қонысқа көшкенде, автокөлік алғанда берілетін батаның жөні бір бөлек. Ұлыстың ұлы күнінде айтылатын бата ең үлкен бата деп есептелген. Бұдан басқа ас қайырғанда дастарханға бата жасау ырымы бар. Жақсы іс бастарда берілетін ықылас – ниет бата адамды шабынаттандырып, үлкен табысқа жетелейді. Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін, тілегін немесе аманатын орындағаны үшін алғыс түрінде бата береді. Ол көбінесе «Құдай алдыңнан жарылқасын», «көсегең көгерсін», «қатарыңның алды бол», «ғұмырың ұзақ болсын», «таудай бол» деген ризалық пейілмен айтылады.

Бұрынғы кезде аузы дуалы, айтқаны айдай адамдардан бата алуға тырысқан. Олардың берген батасы бос кетпей, қабыл болады деп ойлаған. Халел Досмұхамедовтың өз еңбегінде: «Өз ісінің әбден төселген, ысылған, тәжірибелі шебері, мәселен, би, ақын, бақсы, зергер және тағы басқалар өздерінің қасиетті өнерін ізбасар шәкірттеріне аманат етіп тапсырғанда ақ батасын береді» деп жазады. Бұл қазақта қалыптасқан ырым. Осы пікірде айтылғандай, тәжірибелі бақсы – тәуіптер, емшілер, би – шешендер өздерінің өнерін жалғастырушы ізбасарларына, дұрысын айтқанда сенімінен шыққан шәкірттеріне ақ баталарын берген. Мысалы, ел аузында сақталған аңыздың бірінді Шабанбай бидің Жанғұтты шешенге берген батасы жөнінде айтылады.

Жанқұтты он жеті жасында әкесінің айтуымен Сарым елінің беделді биі Шабанбайға бата алуға келеді. Би Жанқұттының жайын сұрап білгенен кейін: — Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:

Адал болсаң, судай бол!

Су арамды кетіреді.

Мықты болсаң, жердей бол!

Жер жаһанды көтереді, — деген екен.

Жауабына риза болған Шабанбай би бала Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:

Аллаға жағам десең – азанды бол,

Ағайына жағам десең – қазанды бол.

Халқыңа жағам десең – әділ бол,

Судай таза бол,

Жердей берік бол,

Өмірің ұзақ болсын, аймағын суат болсын.,

Сөзің халқына қуат болсын! – деп, ақ батасын беріп аттандырған екен.

Мұндай баталар талапты, халық сүйген ер – азаматтарға ғана берілген. Сондай- ақ бата халқы сыйлап, билік басына келген хан, патшаларға да беріледі. Оны құрметте әрі елге сыйлы ақсақал адамдар берген. Мәселен, Елбасымыз Нұрсултан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылы алғаш рет Президент болып сайланған кезде өзінің таққа отыру рәсімін өткізді. Сонда Елбасымыз үлкен ақсақалдың ақ батасын алып барып, ел басқару ісіне кірісті. Батаны бүкіл қазақтың данышпан ақыны болған, аты әлемге жайылған ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір Әбенов деген ақсақалдан алды. Шәкір Әбенов жай кісі емес, ол – қазақтың халық ақыны, сазгері, сөз білетін, жөн білетін дана ақсақалы еді. Осындай аузы дуалы ақсақалдан бата алғын Елбасымыз Қазақстанды үлкен биіктерге көтерді. Бұрын – соңды болмаған дәрежеге жеткізді. Ақсақалдың берген батасы елімізге құт болып, жақсылық болып келді.

Батаның енді бір түрі кері бата. Ол адамшылыққа жатпайтын жат, оғаш, жан түршігерлік қылықтар үшін беріледі. Бұл «бата» деп айтылғаны болмаса қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.

Мысалы, халықтың ауыз әдебиетіндегі «Қыз Жібек» лирикалық эпосында теріс бата беру салты бар. Сонда Қыз Жібекті алып келемін деп Төлеген көктем шыға Сырлыбайдың ауылына бармақшы болады. Жібектің ауылына баруға ойы кетіп, мазасызданып жүрген баласының ниетін сезген Базарбай Төлегеннен: «Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?» — дейді. Сонда Төлеген байқамай «жарайды» деп қалады. «Олай болса, бір жыл күт, келесі жылға дейін Жібектің ауылына барма»  дейді Базарбай. Әке сөзін іштей ұнатпаған Төлеген еш жауап қатпастан үйден шығып кетеді. Ақылын тыңдамай кеткен баласына режіген Базарбай көп жұртына арыз қылып былай дейді.

— Әй, жараңдар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Қайда баратынын білгенің маған ұстап беріңдер. Егерде біреуің қошемет қылып соңынан ерсеңдер, мен тұзыма салып теріс батамды беремін.

Жұрт қарияның бұл сөзінен қорқып, Төлегеннің соңынан ермейді, әм көрсе оны ұстап бермекші болады. Соңынан ешкім ермеген Төлеген Жібектің ауылына өзі жалғыз кетеді. Сол сапарда жол тосып жатқан қарақшы батыр Бекежанның қолынан мерт болады.

Осындай оқиғалар ел ішінде көп болғандықтан, халық теріс батаның киесінен қорқатын болған. Бұған дәлел болатын мысалдар заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында да кездеседі. Онда Құнанбайдың қос қолын созып, алақанын сырт қаратып теріс бата бергені айтылады.

Жалпы, бұл ғылыми жұмыста мен батаның қадір-қасиетін түсіне білуге, ақ бата мен теріс батаны бір-бірінен ажырата білуге терең мән бердім. Бата сөздерін зерттей келе менің көңілге түйгенім және ұққаным, оның адам өмірінде алатын орнының маңызды екені, тәрбиелік мәнінің зор екені. Мен оның адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулитынына көз жеткіздім. Ол осы ұлы қасиеттерге бастаушы әрі оларды тудырушы рухани мұра деп түйін жасадым. Бата – халықтың рухани қуат алатын құдыретті сенім күші, бар жақсылықтың бастауы, қайнар көзі екенін түсіндім.

Бұл болашақ ұрпағынан зор үміт күтіп отырған халқымыз үшін өте маңызды. Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық дәстүрге, оның ішінде ақ батаға ерекше мән беруіміз керек. Жас балаларға жақсылыққа жетудің жолы үлкенді құрметтеу, солардың алғысы мен ақ батасын алу екенін түсіндіруіміз қажет. Өмір тәжірибесі көрсеткендей және жоғарыда келтірілген мысалдардан көргеніміздей, үлкеннің алғыс-батасын алу әрбір адам үшін жақсылыққа жетудің өмірлік жолдамасы екенін балалардың санасына құя бергеніміз жөн.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Зияда Аманбайұлы, «Әулет аралық естелік», Балқаш, «Гортипография» ААҚ, 2001
  2. Мәжит Кенжеұлы, «Әлтеке, Сапақ шежіресі», «Қарағанды Полиграфиясы» ААҚ, 2003
  3. Нысанбек Төрекұлов, Мұхтар Қазбеков, «Қазақтың би-шешендері», Алматы, «Жалын», 1993
  4. Сейіт Кенжеахметұлы, «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», Алматы, «Ана тілі», 1994
  5. Серік Негимов, Тортай Қазиұлы, «Ақ бата», Алматы, «Жазушы», 1992