Шығарма Болашақ қуаты

Шығарма                Болашақ қуаты

Атом энергетика саласы… Естіген, зер салып қараған жанның көкейіне сан түрлі сұрақ ұялатар қандай қызғылықты тақырып десеңізші?! Бұл тақырып аясына оттан ыстық Отан да, табиғаттың баға жетпес байлығы да, туған жердің асыл қазынасы да, сыр тұнған тарих та, ғылымның сан қырлы саласы да, мақсатты болашақ та бойлаған екен. Осы тақырыпқа саяхат жасар болсам, алдымнан небір ғажайып белестер күтіп тұрғанын сезіп тұрғандаймын. Осы белестердің бірі – энергетика саласы.

Энергетика саласы… Соның ішінде Туған жеріміз – Қазақстанымыздың энергетика саласын электр энергиясы мен қуатын өндіру және электрмен жабдықтау жүйесі, ұлттық экономиканың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды сала әрі өнеркәсіптің басқа салаларын дамытудың басты базасы деп білемін.

Тарих тереңінен зерделер болсақ, алғашқы кезеңдерде электр энергетикасы қарыштап дамымаған болса, қазіргі күні бұл саланы кеудемді керіп, зор мақтанышпен айта аламын. Қазақстан өзінің электр қуаты жөніндегі мұқтаждарын толық қамтамасыз ететін, әрі оны өзге елдерге шығаратын ахуалға жетті. Оның нақты дәлелі – бүгінгі арайлап атқан таңда қарышты даму үстіндегі ҚазАтомӨнеркәсіп.

Бұл тақырып аясында сөз етерде ойыма небір ғажайып нәрселер белгісіз еніп, жүзіме жымыңдаған күлкі әкелгендей күй кешіп отырмын. Өзіммен бірге ақ парақ, көк сия да күлгендей кейіп танытады. Жадыраған жүзім мен ұшқырлана түскен ойым сан түрлі салаларға апарып соққандай. Әуелгі бастаған саяхатымның бір белесінде осы салалар тұрса, сол салаларға тоқталcам…

Ғылымның қай саласы болмасын қыр-сыры мол ғажайып емес пе?! Әрине, ғажайып. Ішіне енсең, ойлы-қырлы жолдарға, небір таңғажайып мекендерге кезіктірер ғажайып өлке. Мінеки, энергетика саласын да сондай өлкеге балаймын мен өзім. Іші сан түрлі сұрақтарға, сан қырлы қызықтарға  толған ғылымның бұл саласы – қызықты әрі таң қыларлық. Оның қызықтары мен қырларын келесі тақырыптарымның бірінде ашсам деймін.

Атомшы – абыройлы атақ. Атомшы болу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Ал қолынан келген адам – абыройлы адам. Ол адамның мерейі  асқақ, мәртебесі қашан да биік, жұлдызы жарық. Бұл жарық жұлдыз ешқашан да сөнбек емес. Әрдайым көк жүзінде жарқырап тұрар бір сәуле іспеттес. Себебі ол – абыройлы атақтың иесі.

Жоғарыдағы сөз етпек болған тақырыбыма қайта оралсам… ҚазАтомӨнеркәсіп –жұлдызы жоғары, мерейі үстем, өндірісі шыңға өрлеген Отанымыздағы ірі кәсіпорындардың бірі. Қазіргі таңда төбесі көкпен тірескен биік шың секілді. Осы шың сықылды дәрежеге жетуде небір-небір кезеңдерді бастан кешірді. Міне, сол кезеңдерден өтіп, қазіргі күні Қазақстан емес, шетелге де танымал кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Облысымызда осындай көкке құлаштай самғаған ірі кәсіпорын барын қалай ғана бақыт демеске! Осы бір сөздерді жазу кезінде көңілімде бір толқу. Бұл толқу – қуаныштың толқуы. Бұл толқу – той алды әзірліктің толқуы. Себебі, ҚазАтомӨнеркәсіп он бес жасқа толмақ. Осындай ұлы той алдында қалай ғана толқымасқа?

Ірі өнеркәсіптің он бес жыл ішіндегі атом энергетикасындағы жетістіктерін ауыз толтыра айта аламын. Барлық жетістіктерін жазсам, ақ парақтың беті цифрларға толып кетер ме еді? Ал қазір мен осы жылғы жетістіктерін және өндірген өнімдерін атағым келіп отыр.

ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК АҚ еншілес және тәуелді кәсіпорындардың қатысу үлесін ескергенде, 2012 жылдың 3 айында 2656 тонна уран өндіріпті, бұл 2011 жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіштен 4 пайыз жоғары. Компанияның шоғырландырылған кірісі 51 млрд. теңгені құрайды екен.

ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК АҚ-ның даму бағдарламасына сәйкес, бірінші тоқсанда ядролық отынды конверсиялау, байыту және өндіру саласындағы компания қызметінің стратегиялық бағыттары бойынша жұмыстар жалғасын тауыпты. Бұл көрсеткіштерді өз басым үлкен жетістік деп білемін. ҚазАтомӨнеркәсіп жайында сөз еткенде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК АҚ  Президенті етіп Владимир Школьникті қабылдағанын атап өткім келеді. Бұл да бір – абыройлы атақ.

Туған жерімізге, облысымызға, өлкемізге электр қуатын өндіріп, барша жанға зор қуаныш сыйлаған бұл компанияны болашақ қуаты деп бағалаймын. Қуатсыз, электр энергиясысыз қазіргі заманда қалайша өмір сүру болмақ? Әрине, мүмкін емес. Мінеки, болашақтың қуаты, электр энергиясының қайнар көзі деп осы кәсіпорынды қуанышпен айта аламын. Осы тақырыпты сөз ете келе электр тоғын үнемді жұмсайық, қадірін, қасиетін білейік дегім келеді. Себебі, бұл – адал еңбектің жемісі, абыройлы атақтың өрісі, қызғылықты саланың кірісі. Тоқ болсын, өндірілген өнім болсын бізге оңай жолмен келмейді. Бұл жолды ұлылар салады. Өйткені, халықты, бізді электр энергиясымен қамтамасыз ететін әр адам – ұлы адам. Осы ұлылар барда ҚазАтомӨнеркәсіп алып тауға асыққан қыранша қанатын жоғары қаға бермек, шың басына шыңдалған шынардай биіктерге аса бермек демекпін. Кәсіпорын басшыларына, сол кәсіпорынның жұмысшыларына үлкен алғыс айтамын. Қызметтеріңіз күн санап өсе бергей деп тілек білдіремін.

Балаң көңілім бүгінде осылай шаттанады. Менің бұл тақырыпқа саяхатым ғажайып өлкеге саяхат іспеттес болды. Ұлы саяхатымды лебізді тілекпен қорытындылағым келеді.

Сен көкпен тірескен шың іспеттессің, ҚазАтомӨнеркәсіп! Сені он бес жасыңмен шын жүректен құттықтаймын! Сен жассың, ал сені одан әрі көркейту, біздер, жастардың қолында. Біз жастар терең біліммен қаруланып, сенің сара жолыңды жалғастырар ұрпақ боламыз. Өндірісің шыңға өрлей бергей, ҚазАтомӨнеркәсіп!

Маңғыстау облысы,

Түпқараған ауданы,

Жалау Мыңбаев мектеп-

гимназиясының 10-сынып оқушысы

Ағатаева Балдырған